Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы қаласы мәслихатының 2015 жылғы 16 қазандағы № 377 шешімі. Алматы қаласының Әділет департаментінде 2015 жылғы 17 қарашада № 1228 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 150 шешiмiмен

      Ескерту. Күші жойылды - VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХХI сессиясының 15.09.2017 № 150 шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі. Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңының 22-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, V сайланған Алматы қаласының мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесі бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) ІV сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХІ сессиясының 2008 жылғы 2 шілдедегі № 120 "Алматы қаласында сумен қамту және канализацияның инженерлік коммуникация жүйелерін күтіп ұстау ережесін бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 784 болып тіркелген, 2008 жылғы 4 тамызда "Алматы ақшамы" газетінде және 2008 жылғы 28 тамызда "Вечерний Алматы" газетінде жарияланған);

      2) ІV сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХХVІІ сессиясының 2010 жылғы 12 сәуірдегі № 318 " ІV сайланған Алматы қаласы мәслихатының 2008 жылғы 2 шілдедегі ХІ сессиясының Алматы қаласында сумен қамту және канализацияның инженерлік коммуникация жүйелерін күтіп ұстау ережесін бекіту туралы № 120 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 845 болып тіркелген, 2010 жылғы 27 мамырда "Вечерний Алматы" және "Алматы ақшамы" газеттерінде жарияланған).

      3. Алматы қаласы мәслихатының аппараты осы шешімді интернет-ресурста орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы қаласы мәслихатының қала құрылысы, көріктендіру және коммуналдық меншік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Б. Шинге және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е. Әукеновқа (келісім бойынша) жүктелсін.

      5. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

V сайланған


Алматы қаласы мәслихаты


ХІІV сессиясының төрағасы

В. Бөлекбаев

V сайланған


Алматы қаласы мәслихатының


хатшысы

Қ. Қазанбаев


  V сайланған Алматы қаласы
мәслихаты XІIV сессиясының
2015 жылғы 16 қазандағы
№ 377
шешімімен бекітілді

Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды
күтіп-ұстау Ережесі
1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының Су кодексіне, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне, Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шiлдедегі "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы "Әкімшілік рәсімдер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Елді мекендердің су бұру жүйелеріне сарқынды суларды қабылдау ережесін бекіту туралы" 2009 жылғы 28 мамырдағы № 788 қаулысына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің "Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларын бекiту туралы" 2015 жылғы 28 ақпандағы № 163 бұйрығына сәйкес әзірленді.

      Осы Ереже Алматы қаласында сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерін пайдалануды реттейді.

      2. Осы Ережеде төмендегі түсініктер қолданылады:

      1) тұтынушы - меншігінде немесе өзге де заңды негізде сумен жабдықтау және су бұру жүйелері бар, сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосылған және қызмет көрсетушінің сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі қызметтерін шарт негізінде пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;

      2) авария - сумен жабдықтау және су бұру жөнінде көрсетілетін қызметтерді тоқтатуға не көлемін, ауыз су сапасын айтарлықтай азайтуға және халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға әрі жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне зиян келтіруге әкеп соққан сумен жабдықтау және су буру жүйелерінің немесе жекелеген құрылыстардың, жабдықтардың, құрылғылардың бұзылуы немесе істен шығуы;

      3) сумен жабдықтау - суды жинауды, сақтауды, дайындауды, беруді және сумен жабдықтау жүйесі арқылы су тұтынушыларға таратуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;

      4) су бұру - сарқынды суларды жинауды, тасымалдауды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне және (немесе) жер бедеріне бұруды қамтамасыз ететін іс-шаралардың жиынтығы;

      5) сумен жабдықтау желілері - сумен жабдықтауға арналған құбырлар мен олардағы құрылыстардың жүйесі;

      6) су бұру желілері - су бұруға арналған құбыржолдар, коллекторлар, арналар және олардағы құрылыстар жүйесі;

      7) су құбырын енгізу - қосылу нүктесіндегі тиекті арматурасы бар құдықты қоса алғанда, ғимараттағы бірінші ысырмаға дейінгі сумен жабдықтаудың тарату желісіндегі құбыр;

      8) теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы - меншіктік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару белгісі бойынша иеленушілер арасындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін бөлу сызығы;

      9) пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы - тараптардың келісімімен белгіленетін міндеттер (оларды пайдалану жауапкершілігі) белгісі бойынша сумен жабдықтау және су бұру жүйелері элементтерінің бөлу сызығы. Мұндай келісім болмаған кезде пайдалану жауапкершілігінің шекарасы теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы бойынша белгіленеді;

      10) бақылау құдығы - тұтынушының (қосалқы тұтынушының) сарқынды суларының сынамасын іріктеуге және оның көлемін есепке алуға арналған оның су бұру жүйесіне қосылуы алдындағы тұтынушының су бұру желісіндегі соңғы құдық;

      11) бақылау сынамасы - су бұру жүйесіне бұрылатын өнеркәсіптік сарқынды сулардың құрамын анықтау мақсатында (зиянды заттардың және олардың шоғырлануының болуы) бақылау құдығынан алынған өнеркәсіптік сарқынды сулардың сынамасы;

      12) кондоминиум - үй-жай азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттің дара (бөлек) меншігінде болатын, ал ортақ мүлік оларға ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болатын жағдайда, жылжымайтын мүлікке меншіктің нысаны;

      13) жергілікті тазарту құрылыстары - тұтынушының ауыз суын дайындауға немесе өзінің сарқынды суларын елді мекеннің су бұру жүйесіне ағызу алдында оларды тазартуға арналған құрылыстары мен құрылғыларының жиынтығы;

      14) су тұтыну нормасы - нақты елді мекендегі бір адамның, жеке қосалқы шаруашылық жануарларының тәуліктік қажеттілігін қанағаттандыруға немесе суармалы ауданның бір бірлігіне арналған судың есептік мөлшері;

      15) қызмет көрсетуші - сумен жабдықтау мен су бұрудың толық технологиялық үдерісін жүзеге асыратын және тұтынушыларға сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсету мақсатында елді мекеннің сумен жабдықтау және су бұру жүйесін пайдаланатын, сондай-ақ тұтынушылардың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйіне техникалық қадағалауды жүзеге асыратын, тұтастай алғанда елді мекеннің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің дамуын реттейтін және бақылайтын су шаруашылығы ұйымы (сумен жабдықтау және су бұру кәсіпорны);

      16) ауыз су - сапасы бойынша белгіленген ұлттық стандарттарға және гигиеналық нормативтерге сай келетін, халықтың ауызсу және шаруашылық-ауызсу мұқтаждарына арналған табиғи күйіндегі немесе өңделгеннен кейінгі су;

      17) есепке алу аспабы - нормаланған метрологиялық сипаттамасы бар, белгілі бір уақыт аралығы ішінде физикалық шама бірлігін жаңғыртатын және сақтайтын әрі "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 маусымдағы Заңында белгіленген тәртіппен коммерциялық есепке алу үшін қолдануға рұқсат етілген су көлемін өлшеуге арналған техникалық құрал;

      18) есепке алу аспаптарын тексеру - есепке алу аспаптарының жай-күйін тексеру, оның техникалық талаптарға сәйкестігін анықтау және растау, көрсеткіштерін алу, сондай-ақ су өлшеу торабындағы пломбалардың бар-жоғын және тұтастығын анықтау үшін қызмет көрсетушінің өкілі орындайтын операциялар жиынтығы;

      19) су құбырының толық өткізу қабілеттілігі - 1,0 d (d - құбырдың ішкі диаметрі) тең толған кезде және оның тәулігіне құбыр бойынша 24 сағат бойы су қозғалысының жылдамдығы секундына екі метр кезіндегі су шығыны;

      20) өзі ағатын су құбырының толық өткізу қабілеттілігі - бар еңістігі мен 1,0 d (d - құбырдың ішкі диаметрі) тең толған кезде және оның тәулігіне құбыр бойынша 24 сағат бойы су қозғалысының жылдамдығы секундына бір метр кезінде құбыр бойынша бұрылатын сарқынды су шығыны;

      21) зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануы (бұдан әрі - ЗЗЖБШ) - тұтынушының су бұру жүйелеріне ағызатын өнеркәсіптік сарқынды суларының құрамындағы зиянды заттардың жол берілетін шамасы;

      22) суды тұтыну (су бұру) лимиті - белгілі уақыт кезеңінде тұтынушыға белгіленген су тұтынудың (су бұрудың) ең жоғарғы көлемі;

      23) субтұтынушы - тұтынушымен шарт бойынша су құбыры желілерінен су алатын және (немесе) сарқынды суларды су шаруашылығы ұйымдары тұтынушының су бұру желілеріне ағызатын тұтынушы;

      24) сумен жабдықтау жүйесі - суды жинауға, сақтауға, дайындауға, беруге және оны тұтыну орындарына таратуға арналған инженерлік желілер мен құрылыстар кешені;

      25) су бұру жүйесі - сарқынды суларды жинауға, тасымалдауға, тазартуға және бұруға бағытталған инженерлік желілер мен құрылыстардың кешені.

      3. Тұтынушыларға сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсету үзіліссіз жүзеге асырылады. Сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсету режимін шектеу және реттеу Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      4. Ауыз сумен жабдықтау жөнінде қызметтер көрсету кезінде халықты қажетті мөлшерде және кепілдендірілген сапада ауыз сумен қамтамасыз ету басымдылығы белгіленеді.

      5. Тұтынушылардың қызмет көрсетушінің техникалық шарттарын бұзу арқылы немесе олар болмаған кезде қосылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, сондай-ақ осы Ереженің 18-тармағында белгіленген шартты жасасу мерзімі аяқталғаннан кейін тұтынушы заңды тұлғалардың сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі қызметтерге шартсыз пайдаланылатын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалануға беруге жол берілмейді.

      6. Тұтынушыларға сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі көрсетілген қызметтердің көлемін анықтау Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7257 тіркелген Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының бұйрығымен бекітілген сумен жабдықтау және су бұру жөнінде көрсетілген қызметтердің көлемін есептеу әдістемесі бойынша жүзеге асырылады.

2 тарау. Инженерлік коммуникацияларды
қабылдауды ұйымдастыру

      7. Сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі қызметтер "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 8) тармақшасына сәйкес бекітілген сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған үлгі шартқа сәйкес қызмет көрсетуші мен тұтынушы арасында жасалған шарт негізінде көрсетіледі.

      8. Жаңадан салынған сумен жабдықтау жүйелерін, сондай-ақ жөндеу жұмыстары жүргізілген сумен жабдықтау жүйелерін шаю және дезинфекциялау жүргізілгеннен кейін пайдалануға жол беріледі.

      9. Ауыз суды жасыл желектерді суаруға, аумақтарға, жолдарға, тротуарлар мен өтпе жолдарға себуге, көшелерді және алаңдарды жууға пайдалану кезінде арнайы су пайдалануға рұқсатқа сәйкес суару уақытын, тұтынушы орнататын арнайы суару құрылғыларын қосу немесе су алу пункттерінің орнын қызмет көрсетуші белгілейді.

      Бұл ретте суару үшін су жеткізетін желілер сумен жабдықтау желілеріне қосылатын жерде есепке алу аспаптарымен және жабу вентилімен жарақтандырылады.

      10. Суды коммуналдық-тұрмыстық тұтыну үшін пайдаланатын

      тұтынушылардан сарқынды суларды қабылдау шектеусіз жүргізіледі.

      Су бұру жүйесіне өнеркәсіптік сарқынды суларды қабылдау:

      өнеркәсіптік сарқынды суларды қабылдау үшін су бұру жүйесінің жеткілікті қуаттылығы;

      өнеркәсіптік сарқынды суларды тазарту технологиясымен қамтамасыз ету ағып келетін ластануларды шекті жол берілетін ағызудың (бұдан әрі - ШЖБА) нормативтік талаптарына дейін жою;

      қызмет көрсетушінің техникалық шарттарының талаптарын орындау;

      тұтынушының өнеркәсіптік сарқынды суларының оларда ЗЗЖБШ-ның болу талаптарына сәйкестігі жағдайлары кезінде жол беріледі.

      11. Мыналар:

      сумен жабдықтау бойынша - ғимаратқа су құбырын енгізудегі бірінші ысырманың бөлуші фланеці;

      су бұру бойынша - елді мекеннің су бұру желілеріне қосылатын жердегі құдық кондоминиум объектілерінде пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы болып табылады.

      12. Мыналар:

      сумен жабдықтау бойынша - тұрғын үйдің (тұруға арналған ғимаратының) сыртқы қабырғасы;

      су бұру бойынша - елді мекеннің су бұру желісіне құдықпен түйісу орнына шығаруы кондоминиум объектілерінде теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы болып табылады.

      13. Кондоминиумға қатысушылардың жалпы үлестік меншігі болып табылатын үйге ортақ желілерді тиісті техникалық жағдайда ұстауды және қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз етуді кондоминиумның басқару органы, кондоминиум тіркелмеген жағдайда жалпы үлестік меншік иелері жүзеге асырады.

      14. Сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, құрылыстарға, жеке және үйге ортақ есепке алу аспаптарына қызмет көрсетуге арналған шарттарды тұтынушылар немесе кондоминиумның басқару органдары қызмет көрсетушімен немесе қызметтің осы түрін жүзеге асыруға тиісті лицензиялары бар басқа да тұлғалармен жасасады.

      15. Кондоминиумның басқару органы (жалпы үлестік меншік иелері) қызмет көрсетуші пайдаланатын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің бір бөлігіне қызмет көрсету үшін қызмет көрсетушінің қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

3 тарау. Қызмет көрсетуші мен
тұтынушылардың арасындағы қарым-қатынастар

      16. Шарт техникалық шарттарды орындау кезiнде сумен жабдықтау және (немесе) су бұру желiлерiне қосылған қажеттi жабдық тұтынушыда болған кезде онымен жеке тәртiппен жасалады.

      17. Тұтынушы жеке тұлғамен жасалған сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуге арналған шарт - ол сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне алғаш қосылған сәттен бастап жасалған болып саналады.

      18. Тұтынушы заңды тұлғамен жасалған сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуге арналған шарт тұтынушының қызмет көрсетушінің техникалық шарттарының талаптарына жауап беретін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалануға берген сәттен бастап он күнтізбелік күн ішінде жасалады.

      19. Тұтынушы заңды тұлғамен жасалған сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуге арналған шарттың қолданылуы пайдалануға берілген сәттен бастап сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін нақты пайдаланатын бүкіл мерзімге таралады.

      20. Қызмет көрсетушімен сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуге арналған шартты жасасу үшін тұтынушы заңды тұлға:

      жергілікті атқарушы органдары орындаған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің сыртқы желілері мен құрылыстарының орындаушы түсірілімін;

      тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасын көрсету схемасын;

      қосылатын объектіні пайдалануға беру туралы мемлекеттік актіні;

      қосалқы тұтынушылар мен олардың сумен жабдықтау және су бұру объектілері туралы деректерді (олар болған жағдайда);

      қосалқы тұтынушылардың су тұтыну және су бұру көлемдері туралы мәліметтерді (олар болған жағдайда);

      су тұтынуды және су бұру көлемдерін есептеу үшін негіз болып табылатын деректерді ұсынады.

      Өнімінің құрамына сумен жабдықтау жүйесінің суы кіретін, суды кәсіпорынның технологиялық мұқтаждықтары үшін пайдаланатын, оқшау тазарту құрылыстары бар кәсіпорындар осы тармақта көрсетілген талаптармен қатар қызмет көрсетушіге:

      жергілікті атқарушы органдары орындаған елді мекеннің су бұру жүйесіне шығарулары көрсетілген су бұру желісінің ішкі алаңдық орындаушы түсірілімін;

      оқшау тазарту құрылыстарының оларды салуды жүзеге асырған ұйым жасаған орындаушы түсірілімін;

      ластаушы заттардың орташа және жоғарғы көлемі бойынша су бұру жүйесіне шығарулардағы оқшау тазарту құрылыстарынан өткенге дейінгі және одан кейінгі сарқынды сулардағы зиянды заттардың жол берілетін шоғырлануының жобалық шамасын;

      пайдаланатын судың және ағызатын сарқынды судың қажетті мөлшері мен сапасы негізделген түсіндірме жазбаны ұсынады.

      21. Тұтынушы заңды тұлғамен шарт жасасқан кезде қызмет көрсетуші оған мынадай қосымшаларды толтырады:

      екі жақта қол қоятын қызмет көрсетуші мен тұтынушының пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы актісін;

      тұтынушының объектілерін тексеру деректері негізінде жасалған су тұтыну көлемінің есебін;

      су бұру жүйелеріне ағызуға жол берілетін су бұру көлемінің есебін;

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің және Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 9 шілдедегі Су кодексінің талаптарына сәйкес есептелген тұтынушының су бұру жүйесіне ағызуға жататын сарқынды сулардың сапалық құрамын.

      Объект жаңа иеге көшкен кезде тұтынушы сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарт жасасу үшін меншік құқығын мемлекеттік тіркеген сәттен бастап он күнтізбелік күн ішінде қызмет көрсетушіге жүгінеді.

4 тарау. Су құбыры жүйесінен жіберілген су және
су бұру жүйесіне қабылданған сарқынды
судың көлемін есептеу

      22. Қызмет көрсетушінің рұқсаты бойынша кезекті тексеруге, жөндеуге немесе ауыстыруға байланысты есептеу құралы уақытша болмаған жағдайда, көрсетілген сумен жабдықтау қызметінің көлемі есептеу құралы болмаған кезең ішінде, бірақ бір айдан артық емес, есептеу құралының көрсеткіштеріне сәйкес алдағы үш айдың орташа шығыны бойынша анықталады. Аталған мерзім өткен соң есептеу құралы болмаған кезде көрсетілген сумен жабдықтау қызметінің көлемі су тұтынуды пайдалану нормасы бойынша есептеу арқылы анықталады.

      23. Тұтынушы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тексеруге, есепке алу аспаптарын және айналмалы желі пломбаларын тексеруге, бақылау құдықтарынан сынама алу үшін, сондай-ақ тұтынушының аумағы арқылы өтетін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тексеруге және пайдалану жұмыстарын жүргізуге қызмет көрсетушінің өкілдерінің кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      24. Есепке алу аспабы:

      салыстырып тексеруаралық интервалын түзету кажет болған;

      есепке алу аспабының қолдануға жарамдылығын растау қажет болған;

      салыстырып тексеру таңбасының, өзі жабысатын лейблдің, пластикалық пломбаның бедері зақымданған және есепке алу аспаптарының бастапқы немесе мерзімді салыстырып тексеруден, оның ішінде олардың сақталуы кезінде өткенін растайтын құжат жоғалған;

      есепке алу аспабын немесе есепке алу аспаптары бар бұйымдарды консервациялауға қойылатын талаптарға байланысты есепке алу аспаптарына мерзімді салыстырып тексеру жүргізілмеген болса, сақтаудан кейінгі есепке алу аспаптарын қолданысқа енгізген;

      есепке алу аспаптарын, сондай-ақ есепке алу аспаптары жиынтығымен қолданылатын бұйымдарды қайта консервациялаған;

      есепке алу аспаптарын салыстырып тексеруаралық интервалының жартысы өткеннен кейін ұзақ сақтауға берген;

      есепке алу аспаптарын салыстырып тексеруаралық интервал жартылай аяқталған соң әзірлеуші сатпаған есепке алу аспабын тұтынушыға жіберген жағдайларда кезектен тыс салыстырып тексерілуі тиіс.

      25. Қызмет көрсетуші үш айда кемінде бір рет тұтынушылардың есепке алу аспаптары көрсеткіштерінің дұрыс алынғандығын бақылайды.

      26. Бұзушылықтар анықталған кезде сумен жабдықтау қызметінің көрсетілген көлемін есептеу:

      1) есептеу құралының көрсеткіштерін бұрмалаушы бұйымдарды айқындаған жағдайда - соңғы тексеру жүргізген уақыттан бастап анықталған күнге дейін кірме су құбырының толық өткізу қабілеттілігі бойынша жүргізіледі, бірақ екі айдан артық емес;

      2) тұтынушының сумен жабдықтау жүйесінен ысырап анықталған кезде, кірмеде есептеу құралының болмауы немесе оның ақаулары болғанда - жойған күнге дейін нақты уақыт бойы кірме су құбырының толық өткізу қабілеттілігі бойынша жүргізіледі. Егер ысырап басталған күнді анықтау мүмкін болмаса - соңғы тексеру жүргізген уақыттан бастап, бірақ екі айдан артық емес;

      3) есептеу құралын тексеру үшін қызмет көрсетушінің лауазымды адамын тұтынушы (оның өкілдері) жібермеген кезде - соңғы тексеру жүргізген уақыттан бастап жібергенге дейін есептеу құралы орнатылған су құбырының толық өткізу қабілеттілігі бойынша жүргізіледі;

      4) тұтынушының есептеу құралында және/немесе су өлшеуіш торабының айналма сызығында (жапқыш жабдықта), өрт сөндіру гидранттарында пломбалардың жұлынуы анықталғанда - су өлшеуіш торабын немесе су өлшеуіш торабын соңғы тексеру жүргізген уақыттан бастап қызмет көрсетушінің өкілі қайта пломбалағанға дейін кірме су құбырының толық өткізу қабілеттілігі бойынша жүргізіледі, бірақ екі айдан артық емес;

      5) тұтынушы немесе оның өкілі есептеу құралын орнатуға негізсіз кедергі келтіргенде - бөгет болған сәттен бастап қызмет көрсетушінің өкілі пломбалағанға дейін есептеу құралы орнатылған су құбырының толық өткізу қабілеттілігі бойынша жүргізіледі.

      Тұтынушы немесе оның өкілі есептеу құралын орнатуға негізсіз кедергі келтіргені туралы қызмет көрсетушінің өкілі тиісті акті жасайды, оған екі тарап қол қояды. Тұтынушы немесе оның өкілі қол қоюдан бас тартқан жағдайда, актіге қызмет көрсетушінің өкілі және су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласында өңірлік органының өкілі не қоршаған ортаны қорғау саласында аумақтық органының өкілі, не мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органының өкілі, не кондоминиум объектісін басқару органының өкілі қол қояды;

      6) қызмет көрсетушіге есептеу құралының ақаулары туралы хабарламаған кезде - соңғы тексеру жүргізген уақыттан бастап ақаулар анықталған кезге дейін су құбырының толық өткізу қабілеттілігі бойынша жүргізіледі, бірақ екі айдан артық емес;

      7) сумен жабдықтау және су бұру қызметін көрсету жөнінде қызмет көрсетушімен шарт жасаспай Алматы қаласының (қызмет көрсетушінің) сумен жабдықтау желілерінен су пайдалану фактісі анықталғанда - кірмеге өз бетімен қосылып, нақты пайдаланған уақыттан бастап анықталған кезге дейін су құбырының толық өткізу қабілеттілігі бойынша жүргізіледі, бірақ үш айдан артық емес;

      8) өрт сөндіру жағдайларынан басқа, өртке қарсы жүйелерінен су пайдалану фактісі анықталғанда - өз бетімен пайдаланған уақыттан бастап анықталған кезге дейін өз бетімен пайдалану жүзеге асырылған өрт краны немесе гидрант алдындағы дейінгі су құбырының толық өткізу қабілеттілігі бойынша жүргізіледі, бірақ екі айдан артық емес;

      9) тұтынушының сумен жабдықтау жүйесіне қосылған су құбыры арқылы суару фактісі анықталғанда, кірмеде есептеу құралының болмауы немесе оның ақаулары болғанда - соңғы тексеру жүргізген уақыттан бастап мұндай су құбырының толық өткізу қабілеттілігі бойынша жүргізіледі, бірақ бір айдан артық емес;

      10) судың төгіле тұрақты ағу фактісі анықталғанда, кірмеде есептеу құралының болмауы немесе оның ақаулары болғанда - соңғы тексеру жүргізген уақыттан бастап су жеткізетін құбырдың толық өткізу қабілеттілігі бойынша жүргізіледі, бірақ бір айдан артық емес.

      Осы Ереженің 26-тармағында көрсетілген бұзушылықтар анықталған кезде су бұру қызметінің көлемін есептеу, 26-тармақтың 2) және 9)тармақшаларынан басқа, егер су бұру қызметінің көлемі есептелмесе, сумен жабдықтау қызметінің есептелген көлеміне тең қабылданады.

      27. Тұрғын үй қорында өрт сөндіруден басқа жағдайларда, оның кiмге тиесiлi екенiне және меншік нысанына қарамастан, тұтынушыда және тұтынушы болып табылмайтын объектіде өрт сөндіруге, өрт-тактикалық оқуларға және гидранттарды тексеруге Алматы қаласының сумен жабдықтау жүйесінің су шығынын тұтынушы мен объект иесі төлеуге тиіс.

      28. Коммерциялық есепке алуға қабылданған ағынды сарқынды суды есептеу құралы тұтынушыда болған кезде көрсетілген су бұру қызметінің көлемі осы есептеу құралының көрсеткіші бойынша анықталады.

      29. Алматы қаласының сумен жабдықтау жүйесіне қосылмаған, сондай-ақ Алматы қаласының су бұру жүйесіне сарқынды суды бұратын әртүрлі сумен жабдықтау көздері бар тұтынушыларда сарқынды суды есептеу құралы болмаған жағдайда, оларға көрсетілген су бұру қызметінің көлемі есептеу құралының көрсеткіші бойынша немесе су тұтынуды пайдалану нормасы бойынша есептеу арқылы анықталады.

      30. Қызмет көрсетушінің сумен жабдықтау жүйесіне қосылмаған тұтынушы су бұру жүйесіне ағызатын сарқынды су көлемін есептеуге қажетті деректер ұсынбаған жағдайда, көрсетілген су бұру қызметінің көлемі нақты пайдаланған уақыт кезеңі үшін Алматы қаласының су бұру жүйесіне қосылған жерде өзі ағатын су құбырының толық өткізу қабілеттілігі бойынша анықталады.

      31. Есептеу құралы жоқ тұтынушыларға - заңды тұлғаларға көрсетілген қызметтің көлемі сумен жабдықтау және су бұру қызметін көрсетуге шарт жасасу кезінде құрастырылған су тұтынуды есептеу көлемі бойынша анықталады.

      32. Тұтынушылар - заңды тұлғалар үшін су бұру қызметінің көлемі:

      1) сумен жабдықтау және су бұру қызметін көрсету шартын жасасқан кезде қызмет көрсетушімен келісілген су көлемі шығарылатын өнімнің құрамына кірген;

      2) қызмет көрсетушімен техникалық сипаты мен көлемдері келісілген айналмалы және қайталама сумен жабдықтау жүйесін қолданған;

      3) сумен жабдықтау және су бұру қызметін көрсету шартына сәйкес жасыл желектерді суаруға суды пайдаланған жағдайларда біржола шығындалған су көлеміне азаяды.

      33. Тұтынушыларға - кондоминиум қатысушыларына сумен жабдықтау қызметінің көрсетілген көлемі мынадай тәртіпте анықталады:

      1) жеке және үйге ортақ есептеу құралы болмағанда - су тұтынуды пайдалану нормалары бойынша;

      2) жеке есептеу құралы ішінара орналастырылғанда және үйге ортақ есептеу құралы болмағанда - жеке есептеу құралының көрсеткіштері және су тұтынуды пайдалану нормалары бойынша;

      3) жеке есептеу құралы ішінара орналастырылғанда және үйге ортақ есептеу құралы болғанда:

      есептеу құралы болғанда - жеке есептеу құралы бойынша;

      есептеу құралы болмағанда - су тұтынуды пайдалану нормалары бойынша.

      Үйге ортақ есептеу құралының көрсеткіштері мен жеке есептеу құралының жиынтық көрсеткіштері және су тұтынуды пайдалану нормалары бойынша есептелген көлемдер арасындағы айырмашылықты пәтерлер, қоса салынған және жапсарлас тұрғын емес үй-жайларының иелері (кондоминиум қатысушылары) тұтынған су көлеміне тепе-тең мөлшерде төлейді;

      4) 100 % жеке есептеу құралы және үйге ортақ есептеу құралы болмағанда - жеке есептеу құралының көрсеткіштері бойынша;

      5) 100 % жеке есептеу құралы және үйге ортақ есептеу құралы болғанда - жеке есептеу құралының көрсеткіштері бойынша. Үйге ортақ есептеу құралының көрсеткіштері мен жеке есептеу құралының сомалық көрсеткіштері арасындағы айырмашылықты пәтерлер, қоса салынған және жапсарлас тұруға арналмаған үй-жайларының иелері (кондоминиум қатысушылары) тұтынған су көлеміне тепе-тең мөлшерде төлейді;

      6) Алматы қаласының су бұру жүйесіне қосылған тұтынушылардың сарқынды су көлемі жіберілген су көлеміне тең қабылданады.

      34. Сумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйесінен бөлек дербес кірмесі бар тұтынушылар - кондоминиумға қатысушылар үшін көрсетілген сумен жабдықтау қызметінің көлемі жалпы тәртіпте анықталады.

      35. Кондоминиум объектісін басқару органы оның қатысушыларының жалпы жиналысының шешімімен үйге ортақ есептеу құралының көрсеткіштері мен оның қатысушыларының жеке есептеу құралдарының жиынтық көрсеткіштері арасындағы айырмашылықты қызмет көрсетушіге өз бетінше төлеуге құқылы.

      36. Кондоминиум объектісін басқару органы кондоминиум объектісіне қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі негізінде тиісті құқығы болғанда үйге ортақ есептеу құралы көрсеткіштерінің негізінде қызмет көрсетушімен көрсетілген сумен жабдықтау және су бұру қызметі үшін есептесу жүргізеді және қызмет көрсетушімен жасалған шарт негізінде өз бетінше кондоминиум қатысушыларынан төлем жарналарын жинайды.

      37. Ыстық сумен жабдықтау - бір немесе бірнеше кәсіпорын көрсететін суық сумен жабдықтау және суды қыздыру - әртүрлі екі қызметтен тұратын күрделі қызмет.

      38. Көп пәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен жабдықтаудың ашық жүйесі кезінде ыстық су ыстық сумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйесінен келіп түседі. Бұл ретте, үйге ортақ суды есептеу құралы ыстық және суық сумен жабдықтаудың кірмелеріндегі пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасында орнатылады.

      39. Ыстық сумен жабдықтаудың жабық жүйесі кезінде тұтынушыға суық су ауыз сумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйесінен келіп түседі және ғимаратта екі құбырға бөлінеді: біреуі - суық сумен жабдықтаудың үй ішіндегі тарату желісіне, екіншісі - жергілікті су ысытқыш арқылы ыстық сумен жабдықтаудың үй ішіндегі тарату желісіне ағады. Бұл ретте, үйге ортақ есептеу құралы суық сумен жабдықтаудың кірмесіндегі пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасында орнатылады.

      40. Қызмет көрсетуші, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, өзі көрсететін қызмет үшін ғана ақы алуды жүргізеді.

5 тарау. Тұтынушылардың су құбыры және су бұру
жүйелерін пайдалануын тоқтату шарттары

      41. Қызмет көрсетуші тұтынушыға кемінде үш күнтізбелік күн ішінде хабарлай отырып, сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді мынадай жағдайларда:

      1) қызмет көрсетушінің тұтынушы қосылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне жоспарлы алдын ала жөндеу, қызмет көрсету, сумен жабдықтау желілерін залалсыздандыру жөніндегі жұмыстарды жүргізгенде, сондай-ақ жаңа сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қосу жөніндегі жұмыстарды жүргізгенде;

      2) тұтынушы заңды тұлғаның "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңында белгіленген мерзімде сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі қызметтерге арналған шарт бойынша толық көлемде ақы төлемегенде;

      3) тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің техникалық жай-күйі қанағаттанарлықсыз болғанда және қызмет көрсетушінің анықталған ақауларды және бұзушылықтарды жою жөніндегі жазбаша талаптарын орындамағанда ішінара немесе толық тоқтатады.

      Осы тармақта көзделген негіздер бойынша сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді ішінара немесе толық тоқтату басқа тұтынушыларға қызметтер көрсету сапасына әсер етпейді.

      Осы тармақта көзделген негіздер бойынша сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсету қайта жаңғырту (көлемдерді қалпына келтіру) қызметтерді ішінара немесе толық тоқтатуға әкеп соққан бұзушылықтарды немесе жұмыстарды жойғаннан кейін жүргізіледі.

      42. Қызмет көрсетуші тұтынушыны ескертусіз, бірақ оны дереу хабарландыру арқылы мынадай жағдайларда сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді ішінара немесе толық тоқтатады:

      1) сумен жабдықтау және су бұру объектілерін энергиямен жабдықтау авариялық тоқтатылғанда;

      2) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде авария болғанда.

      Осы тармақта көзделген негіздер бойынша сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді толығымен тоқтату кезінде қызмет көрсетуші тұрақты режимде сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызмет көрсетуді қайта қалпына келтіру сәтіне дейін олардың коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін халықты уақытша сумен жабдықтауды ұйымдастыру (су әкелу) жөнінде шаралар қабылдайды.

6 тарау. Ішкі су құбыры жүйелерін күтіп ұстау

      43. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану кезінде мыналарға:

      сумен жабдықтау және су бұру желілерінің және олардың құрылыстардың үстіне әртүрлі материалдар мен заттарды қоюға, қоқыс жинауға;

      сумен жабдықтау және су бұру желілерінің және олардағы құрылыстардың үстіне тұрақты немесе уақытша құрылыстар тұрғызуға;

      қызмет көрсетушімен келіспей, сумен жабдықтау және су бұру желілерінде жұмыс істеуге;

      су төгіле тұрақты ағуы үшін ішкі су құбырының жүйесіндегі шүмекті ашуға;

      тіке ағатын схема бойынша жабдықты суыту үшін ауыз суды пайдалануға;

      су тарту құдықтарының жанында үй жануарларын суғаруға, кір жууға, автомашина мен тұрмыстық заттарды жууға, оларға құбырларды және шлангілерді қосуға, сондай-ақ "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің 144-бабының 6-тармағына сәйкес "Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға, суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық қағидалардың талаптарына қайшы келетін басқа да іс-қимылдарды жүргізуге;

      су тарту бағандарына және өрт сөндіру гидранттарына уақытша су құбыры желілерін қосуға;

      су бұру желілеріне қар және мұз қиыршықтарын тастауға жол берілмейді.

7 тарау. Су құбыры мен су бұру жүйелерін
пайдалану және жөндеу

      44. Қызмет көрсетуші мен тұтынушы сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қызмет көрсетеді және әрқайсысы өз пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы шегінде олардың қалыпты техникалық жағдайын қамтамасыз етеді.

      45. Пайдалану жауапкершілігі:

      Қызмет көрсетуші үшін:

      жыл бойы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жоспарлы-ескерту жұмыстарын жүргізуді;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қысқы маусымға дайындау жөніндегі іс-шараларды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жөндеу және алдын алу жұмыстарын жүргізуді;

      аварияларды жою және судың жайылып кетуін жоюды;

      су бұру жүйелеріне ағызатын сарқынды сулардың сапасын бақылауды;

      аварияларды, техникалық шығындарды және суды ұтымсыз пайдалануды төмендету жөніндегі іс-шараларды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жүргізілген жұмыстардан кейінгі бұзылған тұрмысқа жайлылықты қалпына келтіруді;

      тұтынушы үшін:

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тиісті техникалық жағдайда ұстап тұруды қамтамасыз етуді;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тұтастығын қамтамасыз етуді;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қысқы маусымға дайындау жөніндегі іс-шараларды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жүргізілген жұмыстардан кейінгі бұзылған тұрмысқа жайлылықты қалпына келтіруді қамтиды.

      46. Тұтынушы пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы шегінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің, өртке қарсы жүйелердің, жабдықтардың, арматураның және су өлшеу тораптарының қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етеді және мынадай жұмыстарды:

      судың анық және жасырын жайылуын жоюды;

      құбырлар мен жабдықтардың авариялық учаскелерін жөндеуді немесе ауыстыруды;

      жазғы кезеңде орнатылған барлық уақытша сумен жабдықтау желілерін ағытып тастауды;

      есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін кедергісіз алу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, су өлшеу торабын қатып қалудан қорғауды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелері орналасқан үй-жайлардың жеткілікті жылумен оқшаулануын қамтамасыз етуді;

      шатыр асты үй-жайларда төселген сукернеуіш бактарды және құбырларды жылытуды;

      қосарланған қақпақтардың орнатылуын қамтамасыз етуді немесе су өлшеуіш камералар мен өртке қарсы гидранттары бар құдықтардағы қақпақтарды жылытуды;

      ғимараттардың ішкі сумен жабдықтау және су бұру желілерінде құбырлардың жапсарларының герметикалығын тексеруді, олардың босаңдығын жоюды, тексерулер мен тазартуларды жабуды, үй-жайлардың және қоршаған ауаның кері температуралы учаскелерінде пайдаланылатын құбырларды жылытуды жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады