Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХХI сессиясының 2017 жылғы 15 қыркүйектегі № 150 шешiмi. Алматы қаласы Әдiлет департаментінде 2017 жылғы 2 қазанда № 1409 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 2024 жылғы 29 наурыздағы № 95 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 29.03.2024 № 95 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 6 бабы 1 тармағының 15) тармақшасына және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Заңының 22-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, VI сайланған Алматы қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесі бекітілсін.

      2. V сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХLІV сессиясының 2015 жылғы 16 қазандағы № 377 "Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесін бекіту туралы" шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 1228 болып тіркелген, 2015 жылғы 24 қарашада "Алматы ақшамы" мен "Вечерний Алматы" газеттерінде және 2015 жылғы 20 қарашада "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Алматы қаласы мәслихатының аппараты осы шешімді әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді, оны кейіннен ресми және мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде және Алматы қаласы мәслихатының ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы қаласы мәслихатының кәсіпкерлік және коммуналдық шаруашылықты дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы К. Авершинге жүктелсін.

      5. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      VI сайланған
Алматы қаласы мәслихаты
XXI сессиясының төрағасы
М. Абдуллаев
      VI сайланған
Алматы қаласы мәслихатының
хатшысы
Қ. Қазанбаев

  VI сайланған
Алматы қаласы мәслихаты
XXI сессиясының
2017 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 150
шешімімен бекітілді

Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды
күтіп-ұстау Ережесі 1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Алматы қаласында инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау ережесі (бұдан әрі - Ереже) 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Жалпы бөліміне), 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөліміне), 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су кодексіне, 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне, 1998 жылғы 9 шiлдедегі "Табиғи монополиялар туралы", 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", 2004 жылғы 9 шілдедегі "Электр энергетикасы туралы", 2012 жылғы 9 қаңтардағы "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бекіту туралы" 2014 жылғы 5 тамыздағы № 906 қаулысына, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің "Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" 2014 жылғы 3 қарашадағы № 96 бұйрығына, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің "Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтынушы жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетудің үлгілік шарттарын бекіту туралы" 2014 жылғы 12 қарашадағы № 117 бұйрығына, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің "Жылу энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 211 бұйрығына, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің "Электр энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің "Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларын бекiту туралы" 2015 жылғы 28 ақпандағы № 163 бұйрығына, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің "Электр және жылу желiлерiн күзету, электр және жылу желілерінің күзету аймақтарында жұмыс жүргізу қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 20 наурыздағы № 231 бұйрығына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің "Елді мекендердің су бұру жүйелеріне ағынды суларды қабылдау қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 20 шілдедегі № 546 бұйрығына сәйкес әзірленді.

      Осы Ереже Алматы қаласында сумен қамтамасыз ету, су бұру, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау және электрмен жабдықтау жүйелерін пайдалану тәртібін белгілейді.

      2. Осы Ережеде төмендегі түсініктер қолданылады:

      1) бақылау құдығы - тұтынушының сарқынды суларының сынамасын іріктеуге және оның көлемін есепке алуға арналған оның су бұру жүйесіне қосылуы алдындағы тұтынушының су бұру желісіндегі соңғы құдық;

      2) газбен жабдықтау - тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және өткізу саласындағы қызмет;

      3) газбен жабдықтау жүйесі - тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын өндіруге, тасымалдауға (тасуға), сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған технологиялық өзара байланысты объектілер кешені;

      4) газ жабдығы - газ құбырларының құрамдас элементтері ретінде пайдаланылатын, толықтай зауытта дайындалатын техникалық бұйымдар (компенсаторлар, конденсат жинақтары, сақтандыру-ығыстыру арматурасы, құбыржолдық бекітпе арматура), сондай-ақ газ пайдаланушы қондырғылар (газ аспаптары, пештері мен плиталары);

      5) газ тарату жүйесі - газ құбырларынан (желілік бөліктен) және олармен ұштасып жатқан объектілерден тұратын, тауарлық газды магистральдық газ құбырынан газ тұтыну жүйелеріне дейін тасымалдауға арналған технологиялық өзара байланысты құрылыстар кешені;

      6) газ тұтыну жүйесі - газ тарату жүйесінен тауарлық газды немесе топтық резервуарлық қондырғыдан сұйытылған мұнай газын қабылдауға, сондай-ақ оларды отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалануға арналған газ құбырлары (желілік бөлік) мен газ жабдығы кешені;

      7) газ тарату ұйымы - тауарлық газды газ тарату жүйесі арқылы тасымалдауды, газ тарату жүйесін техникалық пайдалануды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қантардағы "Газ және газбен жабдықтау туралы" Заңында белгіленген шарттарда тауарлық газды көтерме және бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      8) есептік жылулық жүктемесі – сыртқы ауаның есептік температурасы кезінде бір сағат ішінде ғимараттағы микроклиматтың мөлшерленген параметрлерін ұстап тұру үшін талап етілетін жылу энергиясының мөлшері;

      9) жылу желісі – жылуды беруге, бөлуге арналған құрылғылар жиынтығы;

      10) жылу жүктемесі – уақыт бірлігі ішінде жылу тұтынатын қондырғысы қабылдайтын жылу энергиясының мөлшері;

      11) жылу жеткізгіш – жылу энергиясын беруге арналған жылумен жабдықтау жүйесінде пайдаланылатын зат (су, бу);

      12) жылу жеткізгіш шығысы – уақыт бірлігі ішінде құбырдың көлденең қиылысы арқылы өткен жылу жеткізгіш салмағы (көлемі);

      13) жылу тұтынатын қондырғы – жылу энергиясын қабылдауға және пайдалануға арналған техникалық құрылғы;

      14) жылу тұтыну жүйесі – бір немесе бірнеше жылу жүктемесі түрлерін тұтынуға арналған жылу тұтынатын қондырғылар кешені;

      15) жылу энергиясы – тұтыну кезінде жылу жеткізгіштің термодинамикалық параметрлері (температура, қысым) өзгеретін жылу жеткізгіш беретін энергия;

      16) жылу энергиясы үшін есептесу - тұтынылған жылу энергиясы үшін тұтынушының ақы төлеуі;

      17) жылу энергиясына арналған тариф – тұтынылған жылу энергиясы үшін ақы алынатын табиғи монополиялар салаларындағы бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган бекіткен жылу энергиясының бірлігі құнының ақшалай мәні;

      18) жылу энергиясының шығындалуын есепке алу нүктесі – коммерциялық есепке алу құралдарының көмегімен немесе есеп айырысу әдісімен, ол болмаған кезде жылу энергиясының шығындалуы анықталатын жылумен жабдықтау схемасының нүктесі;

      19) жылумен жабдықтау – жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті өндіру, беру, бөлу және тұтынушыларға сату бойынша қызметі;

      20) жылумен жабдықтау жүйесі – жылу өндіретін, жылу беретін және жылу тұтынатын қондырғылардан тұратын кешен;

      21) кондоминиум - үй-жай азаматтардың, заңды тұлғалардың, мемлекеттің дара (бөлек) меншігінде болатын, ал ортақ мүлік оларға ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болатын жағдайда, жылжымайтын мүлікке меншіктің нысаны;

      22) қызмет көрсетудi берушi - электрмен жабдықтаумен, жылумен жабдықтаумен, сумен жабдықтаумен, канализациялаумен (бұдан былай - энергиямен жабдықтайтын ұйым) айналысатын заңды және жеке тұлға, сондай-ақ қоқысты әкету мен лифт бойынша қызмет көрсету, абоненттерi мен кондоминиум объектiлерiне қызмет көрсету - жылу және электр энергиясын жеткiзу болып табылады;

      23) мамандандырылған ұйым - негізгі қызмет түрі газбен жабдықтау жүйелерін жобалауға, салуға және пайдалануға байланысты жұмыстарды орындау болып табылатын ұйым;

      24) сумен жабдықтау - суды жинауды, сақтауды, дайындауды, беруді және сумен жабдықтау жүйесі арқылы су тұтынушыларға таратуды қамтамасыз ететін іс-шаралар жиынтығы;

      25) су бұру - сарқынды суларды жинауды, тасымалдауды, тазартуды және су бұру жүйелері арқылы су объектілеріне және (немесе) жер бедеріне бұруды қамтамасыз ететін іс-шаралардың жиынтығы;

      26) сумен жабдықтау желілері - сумен жабдықтауға арналған құбырлар мен олардағы құрылыстардың жүйесі;

      27) су бұру желілері - су бұруға арналған құбыржолдар, коллекторлар, арналар және олардағы құрылыстар жүйесі;

      28) су құбырын енгізу - қосылу нүктесіндегі тиекті арматурасы бар құдықты қоса алғанда, ғимараттағы бірінші ысырмаға дейінгі сумен жабдықтаудың тарату желісіндегі құбыр;

      29) су бұру жүйесі - сарқынды суларды жинауға, тасымалдауға, тазартуға және бұруға бағытталған инженерлік желілер мен құрылыстардың кешені;

      30) сумен жабдықтау жүйесі - суды жинауға, сақтауға, дайындауға, беруге және оны тұтыну орындарына таратуға арналған инженерлік желілер мен құрылыстар кешені;

      31) тұтынушы - табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) пайдаланушы немесе пайдалануға ниеттенуші жеке немесе заңды тұлға;

      32) тауарлық газ - құрамында метаны басым көмірсутегілердің газ тәріздес күйде болатын, шикі газды өңдеу өнімі болып табылатын және құрамдастарының сапалық және сандық құрамы бойынша техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттардың талаптарына сай келетін көпқұрамдас қоспасы;

      33) таратушы газ құбыры - газ тұтынушыларға газбен жабдықтау көзінен бастапқы газ құбырларына дейін тауарлық газдың берілуін қамтамасыз ететін газ тарату жүйелерінің газ құбыры;

      34) электр желілері – электр энергиясын беруге арналған кіші станциялардың, тарату құрылғыларының және оларды жалғайтын электр беру желілерінің жиынтығы;

      35) электр желілерінің күзет аймағы - электр желілерін сақтауды қамтамасыз ету, пайдаланудың қалыпты жағдайларын жасау, олардың зақымдануының, сондай-ақ осы желілердің күзет аймағында қалған тұрғындар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында бөлінген жер учаскелері, су және әуе кеңістігі.

2 тарау. Сумен жабдықтау және су бұру бойынша
инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау тәртібі

      3. Қызмет көрсетуші мен тұтынушы сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қызмет көрсетеді және әрқайсысы өз пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы шегінде олардың қалыпты техникалық жағдайын қамтамасыз етеді.

      4. Пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы - тараптардың келісімімен белгіленетін міндеттер (оларды пайдалану жауапкершілігі) белгісі бойынша сумен жабдықтау және су бұру жүйелері элементтерінің бөлу сызығы. Мұндай келісім болмаған кезде пайдалану жауапкершілігінің шекарасы теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы бойынша белгіленеді.

      Теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы - меншіктік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару белгісі бойынша иеленушілер арасындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің элементтерін бөлу сызығы.

      5. Пайдалану жауапкершілігі:

      Қызмет көрсетуші үшін:

      жыл бойы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жоспарлы-ескерту жұмыстарын жүргізуді;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қысқы маусымға дайындау жөніндегі іс-шараларды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жөндеу және алдын алу жұмыстарын жүргізуді;

      аварияларды жою және судың жайылып кетуін жоюды;

      су бұру жүйелеріне ағызатын сарқынды сулардың сапасын бақылауды;

      аварияларды, техникалық шығындарды және суды ұтымсыз пайдалануды төмендету жөніндегі іс-шараларды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жүргізілген жұмыстардан кейінгі бұзылған тұрмысқа жайлылықты қалпына келтіруді;

      тұтынушы үшін:

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тиісті техникалық жағдайда ұстап тұруды қамтамасыз етуді;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тұтастығын қамтамасыз етуді;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қысқы маусымға дайындау жөніндегі іс-шараларды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде жүргізілген жұмыстардан кейінгі бұзылған тұрмысқа жайлылықты қалпына келтіруді қамтиды.

      Тұтынушы пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы шегінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің, өртке қарсы жүйелердің, жабдықтардың, арматураның және су өлшеу тораптарының қысқы кезеңге дайындығын қамтамасыз етеді және мынадай жұмыстарды:

      судың анық және жасырын жайылуын жоюды;

      құбырлар мен жабдықтардың авариялық учаскелерін жөндеуді немесе ауыстыруды;

      жазғы кезеңде орнатылған барлық уақытша сумен жабдықтау желілерін ағытып тастауды;

      есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін кедергісіз алу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, су өлшеу торабын қатып қалудан қорғауды;

      сумен жабдықтау және су бұру жүйелері орналасқан үй-жайлардың жеткілікті жылумен оқшаулануын қамтамасыз етуді;

      шатыр асты үй-жайларда төселген сукернеуіш бактарды және құбырларды жылытуды;

      қосарланған қақпақтардың орнатылуын қамтамасыз етуді немесе су өлшеуіш камералар мен өртке қарсы гидранттары бар құдықтардағы қақпақтарды жылытуды;

      ғимараттардың ішкі сумен жабдықтау және су бұру желілерінде құбырлардың жапсарларының герметикалығын тексеруді, олардың босаңдығын жоюды, тексерулер мен тазартуларды жабуды, үй-жайлардың және қоршаған ауаның кері температуралы учаскелерінде пайдаланылатын құбырларды жылытуды жүзеге асырады.

      6. Тұтынушы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тексеруге, есепке алу аспаптарын және айналмалы желі пломбаларын тексеруге, бақылау құдықтарынан сынама алу үшін, сондай-ақ тұтынушының аумағы арқылы өтетін сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тексеруге және пайдалану жұмыстарын жүргізуге қызмет көрсетушінің өкілдерінің кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      7. Мыналар:

      сумен жабдықтау бойынша - ғимаратқа су құбырын енгізудегі бірінші ысырманың бөлуші фланеці;

      су бұру бойынша - елді мекеннің су бұру желілеріне қосылатын жердегі құдық кондоминиум объектілерінде пайдалану жауапкершілігін бөлу шекарасы болып табылады.

      Мыналар:

      сумен жабдықтау бойынша - тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) сыртқы қабырғасы;

      су бұру бойынша - елді мекеннің су бұру желісіне құдықпен түйісу орнына шығаруы кондоминиум объектілерінде теңгерімдік тиесілілігін бөлу шекарасы болып табылады.

      8. Кондоминиумға қатысушылардың жалпы үлестік меншігі болып табылатын үйге ортақ желілерді тиісті техникалық жағдайда ұстауды және қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз етуді кондоминиумның басқару органы, кондоминиум тіркелмеген жағдайда жалпы үлестік меншік иелері жүзеге асырады.

      9. Кондоминиумның басқару органы (жалпы үлестік меншік иелері) қызмет көрсетуші пайдаланатын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің бір бөлігіне қызмет көрсету үшін қызмет көрсетушінің қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      10. Тұтынушылардың қызмет көрсетушінің техникалық шарттарын бұзу арқылы немесе олар болмаған кезде қосылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 163 бұйрығымен бекітілген Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларының 9-тармағында белгіленген шартты жасасу мерзімі аяқталғаннан кейін тұтынушы заңды тұлғалардың сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі қызметтерге шартсыз пайдаланылатын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалануға беруге жол берілмейді.

      11. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану кезінде мыналарға:

      сумен жабдықтау және су бұру желілерінің және олардың құрылыстардың үстіне әртүрлі материалдар мен заттарды қоюға, қоқыс жинауға;

      сумен жабдықтау және су бұру желілерінің және олардағы құрылыстардың үстіне тұрақты немесе уақытша құрылыстар тұрғызуға;

      қызмет көрсетушімен келіспей, сумен жабдықтау және су бұру желілерінде жұмыс істеуге;

      су төгіле тұрақты ағуы үшін ішкі су құбырының жүйесіндегі шүмекті ашуға;

      тіке ағатын схема бойынша жабдықты суыту үшін ауыз суды пайдалануға;

      су тарту құдықтарының жанында үй жануарларын суғаруға, кір жууға, автомашина мен тұрмыстық заттарды жууға, оларға құбырларды және шлангілерді қосуға, сондай-ақ Санитарлық қағидалардың талаптарына қайшы келетін басқа да іс-қимылдарды жүргізуге;

      су тарту бағандарына және өрт сөндіру гидранттарына уақытша су құбыры желілерін қосуға;

      су бұру желілеріне қар және мұз қиыршықтарын тастауға жол берілмейді.

      12. Қызмет көрсетуші тұтынушыға кемінде үш күнтізбелік күн ішінде хабарлай отырып, сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді мынадай жағдайларда:

      1) қызмет көрсетушінің тұтынушы қосылған сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне жоспарлы алдын ала жөндеу, қызмет көрсету, сумен жабдықтау желілерін залалсыздандыру жөніндегі жұмыстарды жүргізгенде, сондай-ақ жаңа сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қосу жөніндегі жұмыстарды жүргізгенде;

      2) тұтынушы заңды тұлғаның "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 9 шілдедегі Заңында белгіленген мерзімде сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі қызметтерге арналған шарт бойынша толық көлемде ақы төлемегенде;

      3) тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің техникалық жай-күйі қанағаттанарлықсыз болғанда және қызмет көрсетушінің анықталған ақауларды және бұзушылықтарды жою жөніндегі жазбаша талаптарын орындамағанда ішінара немесе толық тоқтатады.

      Осы тармақта көзделген негіздер бойынша сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді ішінара немесе толық тоқтату басқа тұтынушыларға қызметтер көрсету сапасына әсер етпейді.

      Осы тармақта көзделген негіздер бойынша сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсету қайта жаңғырту (көлемдерді қалпына келтіру) қызметтерді ішінара немесе толық тоқтатуға әкеп соққан бұзушылықтарды немесе жұмыстарды жойғаннан кейін жүргізіледі.

      13. Қызмет көрсетуші тұтынушыны ескертусіз, бірақ оны дереу хабарландыру арқылы мынадай жағдайларда сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді ішінара немесе толық тоқтатады:

      1) сумен жабдықтау және су бұру объектілерін энергиямен жабдықтау авариялық тоқтатылғанда;

      2) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінде авария болғанда.

      Осы тармақта көзделген негіздер бойынша сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызметтер көрсетуді толығымен тоқтату кезінде қызмет көрсетуші тұрақты режимде сумен жабдықтау және су бұру жөнінде қызмет көрсетуді қайта қалпына келтіру сәтіне дейін олардың коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін халықты уақытша сумен жабдықтауды ұйымдастыру (су әкелу) жөнінде шаралар қабылдайды.

3 тарау. Газбен жабдықтау бойынша
инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау тәртібі

      14. Әрбір кәсіпорында техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйесін қоса алғанда, газ тарату жүйесінің және газ тұтыну объектілерін жарамды күйде ұстауды және осы Талаптардың газ құбырларын, жабдығы мен газ тұтыну агрегаттарын пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі нормаларының сақталуын қамтамасыз ететін іс-шаралар кешені орындалады. Іс-шаралар кешенінің орындалуын қамтамасыз ету кәсіпорынның бірінші басшысына жүктеледі.

      15. Газ жабдығының сақталуын және жарамдылығын, теңгерімінде олар тұрған ұйымдар, меншік құқығындағы үйлер мен пәтерлерде - олардың иелері қамтамасыз етеді.

      16. Үйлерде, пәтерлерде тұрмыстық газ пайдаланушы қондырғыларды қауіпсіз пайдалануды және оларды тиісті жағдайда ұстауды тұрғын үй және тұрғын үй емес орынжайлардың меншік иелері немесе жазбаша жалға алу шарты негізінде тұрғын үйде тұратын адамдар қамтамасыз етеді.

      17. Тұтынушылардың газ тарату немесе газ желісі ұйымы пломбасының тұтастығын бұзуына жол берілмейді.

      18. Газды есепке алу схемасын өзгертуге немесе бұзуға байланысты жұмыстардың кез келген түрлерін жүргізген кезде тұтынушы жұмысты бастамас бұрын осы туралы жазбаша түрде газ тарату немесе газ желісі ұйымын хабардар етеді және тиісті рұқсат алады

      19. Қалалардағы, кенттердегі және ауылдық елді мекендердегі тұрғын үйлердің, мектептердің, ауруханалардың, қоғамдық және әкімшілік ғимараттардың, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ құбырлары мен газ жабдығына техникалық қызмет көрсету мен оларды жөндеуді өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында аттестатталған ұйымдар жүзеге асырады.

      20. Пайдаланылудағы, жүйелі бақылаудағы газ құбырлары техникалық жай-күйін тексеруге, ағымдағы және күрделі жөндеуге тартылады.

      21. Кәсіпорын аумағында жерасты газ құбыры трассасының бойынан ені 2 метр (бұдан әрі - м) жолақтар белгіленеді, олардың шегінде материалдар мен жабдықтарды қоймаға жинауға болмайды.

      22. Аумағында газ құбыры транзитпен төселген ұйымның басшылары аралап шығу, газ құбырына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу, авариялық жағдайларды оқшаулау мен жою үшін газ таратушы ұйым персоналының кіруін қамтамасыз етеді.

      23. Газ құбырынан 50 м радиуста төселген сабақтас жерасты коммуникациялардың иелері олардың газдалуын тексеру үшін құдықтар мен камералардың қақпақтарын ластанудан, қардан және мұз қатудан уақтылы тазартуды қамтамасыз етеді.

      24. Газ пайдалану қондырғыларын бөлшектеумен байланысты жөндеу кезінде, сондай-ақ үй-жайлар мен ғимараттарды күрделі жөндеу кезінде газ құбырлары мен газ жабдығы тығын орнатыла отырып және/немесе аспап алдындағы түсіргішке кранды пломбалау арқылы ажыратылады.

      Тұрақты түрде газ пайдалануды тоқтатумен байланысты тұрғын ғимаратты қайта жаңарту, қайта жоспарлау кезінде газ құбырлары және газ жабдықтары дәнекерлеуді қолдана отырып ажыратылады. Газ пайдалану жабдығын газбен жабдықтауға қоса отырып пайдалануға қайта енгізу газбен жабдықтау және/немесе қызмет көрсететін газ ұйымдарын тарта отырып жүргізіледі.

4 тарау. Жылумен жабдықтау бойынша
инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау тәртібі

      25. Энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желілеріне қосылғанына дейін тұтынушы мына әрекеттерді жүзеге асырады:

      1) жылу торабын салған соң, есепке алу құралдары мен жылумен жабдықтаудың ішкі жүйесін монтаждаған соң энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымының өкілін ары қарай акт ресімдеу үшін қайта жөнделген жабдықты жуу және тығыздау жөніндегі жұмыстардың орындалуын қабылдауға шақырады;

      2) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілдерімен бірге теңгерімдік тиесілік пен пайдалану жауапкершілігінің шекараларын бөлу актілерін ресімдейді;

      3) паспортты ресімдеп, дроссель құрылғыларының (шүмек, тығын) өлшемін алады. Дроссель құрылғыларын дайындау нормативтік-техникалық құжаттамаға және алынған есептерге сәйкес жүргізіледі. Дроссель құрылғыларын орнату кезінде энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымының өкілін пломбалау үшін шақырады;

      4) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға алдағы жылыту маусымдарына жылу тұтынатын құрылғылардың және жылу желілерінің техникалық дайындығына акті алу үшін жуу, сығымдау және жөндеу актілерін ұсынады.

      26. Жылумен жабдықтау шартын жасасқан соң, энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға жылумен жабдықтау жүйесіне қосуға өтінім беріледі.

      Қосу энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілі мен тұтынушының қатысуымен, қосуға ресімделген актіні ары қарай энергиямен жабдықтаушы ұйымға бір жұмыс күні мерзімінде тапсыру арқылы жүргізіледі.

      27. Жылуды тұтыну жүйелерінің жай-күйіне және қызмет көрсетуіне тұтынушылар мен энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйымдар арасындағы жауапкершілік шекарасы олардың теңгерімдік тиесілігінде немесе тараптардың келісімі бойынша анықталады.

      28. Сенімді жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында тұтынушы:

      1) тұтынылған жылу энергиясы үшін уақытылы ақы төлейді;

      2) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымдардың қызметкерлерін түсіру крандарын, арматураларды, жылу энергиясын есептеу желісіне дейін орналасқан бақылау-өлшеу құралдарын пломбалауды жүргізуі үшін жібереді және қойылған пломбалардың сақталуын қамтамасыз етеді, ал оларды алып тастауды энергиямен жабдықтаушы ұйымды хабарландыру арқылы жүргізеді;

      3) жылу тұтынудың тапсырылған режимдерін сақтайды;

      4) жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерін, энергия беруші (немесе энергиямен жабдықтаушы) және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлерін жылу желілерінің, жылу тұтыну қондырғылары мен коммерциялық есепке алу құралдарының техникалық жай-күйін тексеруге жібереді;

      5) әр жылыту маусымының алдында жылуды тұтынатын қондырғыларды қабылдау-тапсыру (техникалық дайындығы техникалық актіде қарастырылған техникалық) сынау және жылу тұтыну қондырғыларының жөндеуін өткізеді.

      29. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым мынадай жағдайларда:

      1) жылумен жабдықтау шартында белгіленген мерзімдерде пайдаланылған жылу энергиясы үшін төлем жүргізілмегенде, сондай-ақ толық төленбеген жағдайда;

      2) жылу желісіне жаңа қуаттар мен қосалқы тұтынушыларды өз бетімен қосқанда;

      3) жылу тұтыну жүйелерін коммерциялық есепке алу құралдарына дейін қосқанда;

      4) энергиямен жабдықтаушы ұйымның келісімінсіз шартта көрсетілген есептік жылу жүктемелері мен шарттық режимнен асыра қолданғанда;

      5) егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шартта көзделген конденсат көлемінің 30 %-ынан кемін қайтарғанда;

      6) жылу тұтыну жүйесіне қызмет көрсету үшін тиісті біліктілігімен персонал болмағанда (жылу энергиясын тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланатын тұтынушыларды есептемегенде);

      7) жергілікті атқарушы органдардың ұйғарымдарын белгіленген мерзімдерде орындамағанда;

      8) осы Қағидалардың техникалық талаптарын бұзғанда;

      9) жылу тұтынатын жүйелерге және (немесе) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу құралдарына жергілікті атқарушы органдар мен энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның өкілдерін жібермегенде;

      10) апаттық жағдайда;

      11) күзгі-қысқы кезең жұмысына тұтынушыны жылу желілері мен жылу тұтынушы қондырғыларға техникалық дайындығы актісі болмағанда энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желілеріне қосқанда тұтынушыға жылу энергиясын беруді толық немесе ішінара тоқтатады.

      Бұл ретте энергия беруші ұйым жылу энергиясын беруді толық немесе ішінара:

      осы тармақтың 1), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 11) тармақшаларында көрсетілгендей бұзушылық анықталған жағдайда, егер шартпен өзгеше көзделмесе, жылу энергиясын беруді тоқтатқанға немесе шектегенге дейін кемінде үш тәулік бұрын энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға жазбаша хабарлағаннан кейін (хабарлама ұсыну арқылы) немесе жылу энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланбайтын тұтынушыларға электрондық почтаға, факсқа хаттама жолдау арқылы тоқтатады;

      осы тармақтың 2), 3), 10) тармақшалары бойынша - ескертусіз дереу тоқтатады.

      30. Өз желісіндегі апаттың алдын алу немесе оны жою жөнінде шұғыл шаралар қолдану үшін энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым, апатты алдын алу және жою бойынша шұғыл шараларды қабылдауға, тұтынушыға энергиямен жабдықтаушы ұйым толық бермеген жылу үшін қайта есептеумен, оны міндетті ескертумен тұтынушының жылу тұтыну жүйесін уақытша ажыратады.

      31. Жабдықтың және инженерлiк желілердің техникалық жай-күйiне, сондай-ақ жылу энергиясын есепке алу аспаптарының сақталуына жауапкершілік оның меншiк иесiне жүктеледі және теңгерiмдiк тиесіліліктiң шекарасы бойынша айқындалады.

      32. Тұтынушының уәкілетті тұлғалары (кондоминиум объектісін басқару органы, пәтерлер меншік иелері кооперативі (бұдан әрі - ПМИК)) тиісті техникалық жай-күйді сақтайды және жалпы үйдің (үйдің ішіндегі) жылыту жүйесі мен ыстық сумен жабдықтаудың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, коммерциялық есепке алу құралдарының (үйге ортақ) және үйге ортақ меншікті құрайтын басқа жылу тұтынатын құрылғылардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      Кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын заңды тұлғалар жылу тұтынатын қондырғыларға қызмет көрсетуді дербес немесе шарт бойынша мамандандырылған ұйыммен жүргізеді.

      ПМИК немесе кондоминиум объектісін басқару органы басқаруындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердегі тұтынушы мен энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы жылу энергиясы көзі тарапынан басқару торабының кіру ысырмаларының бірінші бөлу ернемегі немесе дәнекерлі тігіс бойынша анықталады.

5 тарау. Электрмен жабдықтау бойынша
инженерлік коммуникацияларды күтіп-ұстау тәртібі

      33. Электр желілерінің күзет аймақтары жер учаскесі түрінде, шеткі сымдардың кескінінен жер бетінде тұрған (олардың ауытқымаған қалыбында) параллельді түзу қоршаулармен шектелген электр берудің әуе желісінің бойымен (ғимаратқа кіретін тармақтарды қосқанда) белгіленеді.

      34. Электр желілерінің күзет аймақтары кернеуі 1 киловольтқа (бұдан әрі – 1кВ) дейінгі желілер үшін:

      1) әр жағынан 2 м, оның ішінде сымдары жалаң әуе желілері және өздігінен оқшауланған сымдар үшін – 1 м;

      2) шеткі кабельден 1 м қашықта желінің екі жағы бойынша жер учаскесі түрінде тік жазықтықтармен қоршалған жерасты электр берудің кабель желілері бойымен, ал қалаларда аяқжолдан өтетін кабельді желілер үшін ғимарат пен құрылысқа қарай 0,6 м және көшенің жүргінші бөлігіне қарай 1 м;

      3) шеткі кабельден 100 м қашықтықта желілердің екі жағы бойынша тұрған тік жазықтықтармен шектелген су бетінен түбіне дейінгі су кеңістігі түрінде электр берудің су астындағы кабель желілері бойымен;

      4) шеткі сымдардан олардың ауытқымаған жағдайларында әр жағынан 2 м қашықтықта кеме жүзбейтін су қоймасы (өзен, арналар, көл және басқа) арқылы электр берудің әуе желілерінің өткелдері бойымен орнатылады.

      35. Кернеуі 1 кВ және одан жоғары электр берудің әуе желілері үшін электр желілерінің күзет аймағы келесі шамада орнатылады:

      1) 1-ден 20 кВ-ға дейін 10 м кем емес;

      2) 20-дан 35 кВ-ға дейін 15 м кем емес;

      3) 35-тен 110 кВ-ға дейін 20 м кем емес;

      4) 110-нан 220 кВ-ға дейін 25 м кем емес;

      5) 220-дан 500 кВ-ға дейін 30 м кем емес;

      6) 500-ден 1150 кВ-ға дейін 55 м кем емес.

      36. Жоғарыда көрсетілген жағдайларда электр желілерінің күзет аймағы:

      1) шеткі кабельден 1 м қашықтықта желінің екі жағы бойынша жер учаскесі түрінде тік жазықтықтармен қоршалған жерасты электр берудің кабель желілері бойымен;

      2) шеткі кабельден 100 м қашықтықта желілердің екі жағы бойынша тұрған тік жазықтықтармен шектелген су бетінен түбіне дейінгі су кеңістігі түрінде электр берудің су астындағы кабель желілері бойымен;

      3) электр берудің әуе желілерінің бойымен күзет аймақтарын орнату үшін қарастырылған қашықтықта кеме жүзетін су қоймасы үшін 100 м қашықтықта кеме жүзетін су қоймасы үшін олардың ауытқымаған жағдайларында шеткі сымдардан екі жағында тұрған жазықтықтармен шектелген су айдындарының су бетіндегі әуе кеңістігі түріндегі су қоймасы (өзен, арналар, көл және басқалар) арқылы электр берудің әуе желілерінің өткелдері бойымен орнатылады.

      37. Электр желілерінің қалыпты жұмысын бұзуы немесе оларды зақымдауға немесе жазатайым жағдайға әкелетін, материалдық залал келтіруі мүмкін қандай да бір әрекетті жүргізуге тыйым салынады, атап айтқанда:

      1) автожанармай станцияларын және өзге жанар-жағармай материалдары қоймаларын орналастыруға;

      2) бөгде адамдарға электр желілері құрылыстарының аймақтарында және үй-жайларында тұруына, электр желісі құрылыстарының есіктері мен люктерін ашуға, электр желілерінде ауыстыруды және қосуды жүргізуге;

      3) электр желілері объектілерінің кіре берістеріне тосқауыл қоюға;

      4) сымдарға тіреулерді лақтыруға және оған бөгде заттарды жақындатуға, тіреуіштерге шығуға, төмен орналасқан сымдарға жақындауға;

      5) әртүрлі қоқыс тастауларды және қоқыс тастайтын жерлерді ұйымдастыруға;

      6) жемдерді, тыңайтқыштарды, сабан, отын және басқа материалдарды жинауға, от жағуға, электр берудің әуе және кабель желілерінің күзет аймақтарында өсімдіктерді жағуға, күзету аймағында кез-келген мақсаттағы қойма ғимаратын орналастыруға;

      7) ойынға арналған спорт алаңдарын, стадиондар, базарлар, қоғамдық көліктің тоқтау пункттерін, барлық машиналар мен тетіктердің тұрақтарын салуға, электр берудің әуе желілерінің күзету аймақтарындағы жұмыстардың бекітілген тәртіпте рұқсат етілген жұмыстарды орындаумен айналыспайтын адамдардың көп шоғырымен байланысты кез-келген іс-шаралар жүргізуге;

      8) әуе ойыншықтарын, шарларды, ұшу аппараттарының спорттық модельдерін, оның ішінде басқарылмайтындарды ұшыруға, электр берудің әуе желілерінің күзет аймақтарында балықтарды қармақпен және спинингпен аулауды жүргізуге;

      9) электр берудің жерасты кабель желілерінің күзет аймақтарында жұмыстарды соқпалы тетіктермен жүргізуге, 5 тоннадан артық салмақты ауырлықты тастауға, улы және тот басатын заттарды және жанар-жағармай материалдарды тастауды және ағызуды жүргізуге;

      10) электр берудің әуе және кабель желілері жүретін немесе кірме және таратушы құрылғылар орнатылған жерлерде ғимараттарды, көпірлерді, үңгіжолдарды, теміржолдарды және тасжолдарды және басқа құрылыстарды электр желілерін пайдаланушы ұйымдармен келісу бойынша көрсетілген желілерді және құрылғыларды алдын-ала шығармай көшіруге немесе қалпына келтіруге;

      11) қандай да бір мәдени-бұқаралық немес басқа да іс-шаралар өткізуге, жарнамалау және насихаттау билбордтарын, плакаттар немесе басқа да бұқаралық ақпараттарды таратуға тыйым салынады.

      38. Электр желілерін күзету аймақтарында қарауында осы желілер бар ұйымның жазбаша келісімінсіз:

      1) жерді уақытша басумен байланысты жұмыстарды жүргізуге;

      2) кез-келген ғимаратты және құрылысты салу, күрделі жөндеу жұмыстарын, қалпына келтіру немесе бұзуды жүргізуге;

      3) әртүрлі тау-кендік, жүктеу-тиеу, түбін үңгу, топырақ шығару, жару, мелиориативті жұмыстарды жүзеге асыруға, ағаштар мен бұталарды егуге және шабуға, малды айдауға, сыммен қоршауға, жүзімдіктер мен бақтар үшін қатар салуға, сондай-ақ автокөлік жолына кедергі жасайтын ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруды жүргізуге;

      4) жер бетінен немесе жерден 4,5 м астам жалпы биіктікте жүкпен немесе жүксіз машиналар мен тетіктің жүруіне (әуе электр желілерінің күзет аймақтарында);

      0,3 м тереңдікте, ал жыртылған жерлерде – 0,45 м тереңдікте жердегі жұмыстарды, сондай-ақ топырақты жоспарлауды жүргізуге (электр берудің жерасты кабель желілерінің күзет аймақтарында) тыйым салынады.

      39. Электр желілерінің күзет аймақтарында көрсетілген жұмыстарды жүргізуге жазбаша келісім алған заңды және жеке тұлғалар жеке қаражаты есебінен желілердің сақталуын қамтамасыз ететін жағдайларды сақтай отырып, оларды орындайды.

      Электр желілерінің күзет аймақтарының жанында желілердің зақымдалуын тудыратын жұмыстарды жүргізетін жеке және заңды тұлғалар жұмыстардың басталуына дейін қүнтізбелік 12 күннен кем емес мерзімде, қарауында электр желілері бар ұйымдармен электр желілерінің сақталуын қамтамасыз ететін осы жұмыстарды жүргізудің талаптары және тәртібін келіседі және өз қаражаты есебінен тиісті шараларды қабылдайды.

      Электр желiлерiн қайта құру немесе оларды зақымданудан қорғау қажеттiлiгiн тудыратын жұмыстарды орындайтын жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен қарауында электр желілері бар ұйымдардың келісімі бойынша желілерді қайта құру және қорғау бойынша жұмыстарды орындайды.

      40. Егер тетіктегі не оның жылжымалы бөлігіндегі ауадан, сондай-ақ көтерілетін жүктің олардың кез-келген қалыбындағы (оның ішінде аса ауыр көтергенде немесе ұшқанда) жақын арадағы кернеуде тұрған сымға дейінгі қашықтық "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңның 5 бабы 17) тармақшасына сәйкес бекітілетін Электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы қағидалары талаптарына сәйкес келсе әртүрлі тетіктерді пайдалана отырып әуе электр беру желілерінің маңындағы жұмыстарды орындау жүзеге асырылады.

      41. Кабельден жер жұмыстарын жасайтын орынға дейінгі қашықтықты қарауында электр берудің желілері бар ұйым әр жеке жағдай бойынша анықтайды және жазбаша келісімде көрсетеді.

      42. Қарауында электр беру желілері орналасқан ұйымдар осы желілердің күзет аймақтарында электр желілерін жөндеуге және пайдалануға қажетті жер және өзге жұмыстарды жүргізеді.

      43. Электр желілерінде аварияларды болдырмау немесе олардың салдарларын жою бойынша жұмыстарды жылдың кез-келген уақытында жерді пайдаланушылар мен жер иеленушілерінің келісімінсіз, бірақ оларды жүргізілетін жұмыстар туралы хабардар ету арқылы жүргізіледі.

      44. Қазақстан Республикасының сәулет және қала құрылысы саласындағы заңнамамен бекітілген тәртіпте ресімделген электр беру желілерінің нақты жағдайының материалдары оларды жерді пайдаланушылардың тиісті картасына енгізу үшін жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

      45. Күзет аймағында жер жұмыстарын жүргізетін заңды және жеке тұлғалар жұмыс өндірісінің техникалық құжаттамасында көрсетілмеген кабельді анықтағанда, осы жұмыстарды дереу тоқтатып, кабельдің сақталуы мен тұтастығын қамтамасыз ету шараларын қабылдайды және бұл туралы иелігінде электр желілері орналасқан жақын энергия беру ұйымына немесе жергілікті атқарушы органдарға хабарлайды.
Электр желілерінің күзету аймақтарындағы заңды және жеке тұлғалар қарауында электр желілері орналасқан ұйымдардың электр желілерінің сақталуын және жазатайым жағдайлардың алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды орындайды. Қарауында электр желілері бар ұйымдар электр желілерінің күзет аймағында жеке және заңды тұлғалар жұмыстар жүргізу уақытында адам өміріне қауіп төнген кезде бұл қауіптің алдын-алғанға дейін жұмыстар тоқтатылады.

      Қарауында электр желілері бар ұйымның уәкілетті лауазымды тұлғалары осы Қағидалардың бұзылуын анықтаған жағдайда, дәлелдейтін фактілері бар материалдарын (фотосуреттер, түсініктемелер, электр беру желілерін өту схемалары, күзет аймағында жұмыс жүргізу рұқсаттары және басқа да қолда бар материалдар) қоса беріп, еркін нысанда акті жасалады. Қажеттілігіне қарай Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының қызметкерлерін шақырады.

      Жергілікті атқарушы органдар, ішкі істер органдары қарауында электр желілері бар ұйымдарға барлық заңды (олардың филиалдары мен өкілдіктерінің) және жеке тұлғалардың осы Қағидалардың талаптарын орындауын қамтамасыз етуде құзыреттілігі бойынша тиісті шараларды қабылдау:

      1) осы Қағидалардың талаптарын сақтау мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

      2) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейтін өзге тәсілдер жолымен көмек көрсетеді.

      Заңды және жеке тұлғалардың кінәсі бойынша зақымдалған желілердің орнын толтыру қарауында осы желілер бар ұйыммен құрылған авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын орындау шығындарының келісілген сметасы бойынша толық көлемде олардың есебінен жүргізіледі.

      46. Осы Ережеде қарастырылмаған инженерлік желілер қауіпсіздігі, күтіп-ұстау жөніндегі өзге де талаптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады