"Төлем карточкаларын шығару және пайдалану нұсқаулығын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 33 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 ақпанда № 13229 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 205 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.08.2016 № 205 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Төлем карточкаларын шығару және пайдалану нұсқаулығын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 24 тамыздағы № 331 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1260 тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Төлем карточкаларын шығару қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілетін операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды бекіту туралы»;
      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қоса беріліп отырған Төлем карточкаларын шығару қағидалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілетін операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптар (бұдан әрі - Қағидалар) бекітілсін және Қағидалар қолданысқа енгізілген күннен бастап үш ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 35-тармағын қоспағанда, олар Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап екі апталық мерзім өткен соң қолданысқа енгізілсін.»;
      2-тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
      «1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны және Қағидаларды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап екі апталық мерзімде осы қаулыны және Қағидаларды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне және аумақтық филиалдарына жіберсін.»;
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдары осы қаулыны және Қағидаларды екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жіберсін.»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Төлем карточкаларын шығару және пайдалану нұсқаулығында:
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Төлем карточкаларын шығару қағидалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілетін операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптар»;
      1, 2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Осы Төлем карточкаларын шығару қағидалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілетін операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптар (бұдан әрі - Қағидалар) төлемдерді төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асыру кезінде төлем карточкаларын шығару тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында оларды пайдалана отырып жүргізілетін операцияларға қызмет көрсету бойынша қызметке қойылатын талаптарды айқындайды.
      2. Қағидалар заңды тұлғаның қызметкерлеріне ғана қызмет көрсетуге арналған осы заңды тұлғаның төлем карточкалары жүйелеріне қолданылмайды.
      3. Қағидаларда «Ақша төлемі мен аударымы туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Төлем туралы заң) 3-бабында, «Байланыс туралы» 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) авторизация - эмитенттің төлемді төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асыруға рұқсат беруі. Авторизацияны алу рәсімі төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарға сәйкес белгіленеді;
      2) алдын ала төленген төлем карточкасы - ұстаушысына бастапқы ұстаушысы алдын ала енгізген және эмитенттің шоғырландырылған шотында есептелетін ақша сомасы шегінде төлемдерді жүзеге асыру және/немесе қолма-қол ақшаны алу мүмкіндігін беретін төлем карточкасы. Алдын ала төленген төлем карточкаларына микропроцессорлық карточка немесе осындай карточканың немесе арнайы электрондық құралдың ұстаушысына төлемдерді және өзге операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қолжетімді ақша сомасы туралы ақпарат сақталатын өзге арнайы электрондық құрал жатпайды. Алдын ала төленген төлем карточкасында оның ұстаушысын сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелер болмайды;
      3) алдын ала төленген төлем карточкасын толықтыру - эмитентке төлемдерді жүзеге асыру және/немесе қолма-қол ақшаны алу үшін бұрын шығарылған (қолданыстағы) алдын ала төленген төлем карточкасын пайдалану көзделетін шекте ақша сомасын алдын ала төленген төлем карточкасын шығарумен байланысты емес қосымша енгізу;
      4) байланыссыз төлем карточкасы - ұстаушысына төлемдерді операция жүргізу сәтінде төлем карточкасының және электрондық терминалдардың немесе өзге қондырғылардың нақты тиюін талап етпейтін, сымсыз байланыс технологиясын пайдалану негізінде байланыссыз тәсілмен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін төлем карточкасы;
      5) банкомат - төлем карточкаларын ұстаушыларға қолма-қол ақшаны алуға және төлем карточкаларын пайдалана отырып эмитенттің басқа да қызметтерін пайдалануға мүмкіндік беретін электронды-механикалық құрылғы;
      6) дебеттік карточка - ұстаушысына клиенттің банк шотындағы ақша сомасы шегінде төлем жасауға мүмкіндік беретін төлем карточкасы. Дебеттік карточкасын ұстаушыға эмитент берген банктік қарыз сомасы шегінде төлемдерді жүзеге асыруына мүмкіндік беруге болады;
      7) дербес сәйкестендіру нөмірі - төлем карточкасын ұстаушыға берілетін және төлем карточкасын ұстаушыны сәйкестендіруге арналған құпия код;
      8) кәсіпкер - өзі жеткізетін тауарлардың және/немесе қызметтерді төлеу бойынша қолма-қол ақшасыз төлемді жүзеге асыру үшін төлем карточкаларын қабылдайтын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
      9) клиент - эмитентпен төлем карточкасын беру туралы шарт жасасқан және банк шотының иесі болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
      10) корпоративтік төлем карточкасы - заңды тұлғаның уәкілетті өкіліне эмитент пен заңды тұлға-банк шоты иесінің арасында жасалған төлем карточкасын беру туралы шарт негізінде берілетін төлем карточкасы. Корпоративтік төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасау заңды тұлғаның банк шотындағы ақша сомасы және/немесе осы заңды тұлғаға берілген банктік қарыз сомасы шегінде жүзеге асырылады. Корпоративтік төлем карточкасын ұстаушы заңды тұлғаның-банк-шоты иесінің уәкілетті өкілі болып табылады;
      11) кредиттік карточка - ұстаушыға эмитент пен клиент арасында жасалған банктік қарыз шартының талаптарымен эмитент берген банктік қарыз сомасы шегінде төлемді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін төлем карточкасы;
      12) процессинг - төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді және басқа да операцияларды жүзеге асырған кезде қалыптасатын ақпаратты жинауға, өңдеуге және беруге байланысты қызмет;
      13) процессинг ұйымы - процессингті, сондай-ақ төлем карточкалары жүйесіне қатысушылармен жасалған шарттарда көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыратын төлем карточкалары жүйесіне қатысушы;
      14) сауда чегі - төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асыру фактісін растайтын құжат;
      15) слип - кәсіпкердің немесе эквайердің төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асыру кезінде қағаз тасымалдағышта жасалатын төлем құжаты;
      16) төлемдік емес қосымшалар - төлемдерді жүзеге асырумен, қолма-қол ақша берумен және төлем карточкасында орналастырылатын/іске асырылатын банктік қызмет көрсетулердің өзге түрлерін көрсетумен байланысты емес қосалқы қосымшалар/функциялар;
      17) төлем карточкалары жүйесіне қатысушы - жасалған шарттарға сәйкес белгілі бір төлем карточкалары жүйесінің төлем карточкасын пайдалана отырып ақы төлеу кезінде жасалған төлем құжатын беру, өңдеу және/немесе орындау бойынша міндеттемелер туындайтын жеке немесе заңды тұлға;
      18) төлем карточкаларын беру - төлем карточкасын ұстаушыға эмитенттің төлем карточкаларын және олардың дербес сәйкестендіру нөмірлерін беру процесі немесе төлем карточкасын ұстаушыға эмитенттің оның деректемелері туралы ақпаратты беруі;
      19) төлем карточкаларын шығару - ұстаушыларына төлем карточкасын беру туралы шарт негізінде не алдын ала төленген төлем карточкаларын беру кезінде мұндай шарт жасамай-ақ төлем карточкаларын беруді көздейтін операция;
      20) төлем карточкаларының жүйесі - төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдардың, құжаттаманың және ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың жиынтығы;
      21) төлем карточкасы - электрондық терминалдар немесе өзге құрылғылар арқылы ақшаға қол жеткізу құралы, онда төлем карточкасын ұстаушыға төлемді жүзеге асыруға, қолма-қол ақша алуға, валюталарды айырбастауға және төлем карточкасының эмитенті белгілеген әрі соның талаптарымен басқа операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін ақпарат болады. Төлем карточкасы дебеттік карточка және кредиттік карточка болып бөлінеді;
      22) төлем карточкасын беру туралы шарт - төлем карточкасы беруге негіз болатын эмитент пен жеке немесе заңды тұлға арасында жасалатын шарт;
      23) төлем карточкасын бұғаттау - төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыруға толық немесе уақытша тыйым салу;
      24) төлем карточкасын пайдалану - төлем карточкасын ұстаушысының ол не оның деректемелері арқылы төлемдер жасаумен, қолма-қол ақшаны алумен, валюталарды айырбастаумен байланысты операцияларды және төлем карточкасының эмитенті айқындаған және оның талаптарымен басқа операцияларды жүзеге асыруы;
      25) төлем карточкасын ұстаушы - төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес төлем карточкасын пайдалануға құқығы бар немесе егер төлем карточкасы алдын-ала төленген болса, оған тікелей иелік етуші жеке тұлға;
      26) төлем карточкасының деректемелері - төлем карточкасының оның ұстаушысына және/немесе эмитентіне және төлем карточкаларының жүйесіне тиесілігін белгілеуге мүмкіндік беретін төлем карточкасындағы және/немесе эмитенттің ақпараттық жүйесінде сақталатын төлем карточкаларының нөмірін, қолданылу мерзімін, жүйесінің атауын қамтитын ақпарат;
      27) эквайер - төлемді төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырған кезде кәсіпкермен жасалған шарт талаптарына және/немесе кәсіпкерде жасалған төлем құжатының талаптарына сәйкес кәсіпкердің пайдасына келіп түскен ақшаны қабылдауға және/немесе кәсіпкермен жасалған шартта көзделген өзге де іс-әрекеттерді орындауға тиісті банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі - банк). Қолма-қол ақшаны беруді және/немесе осы банктің клиенттері болып табылмайтын төлем карточкаларын ұстаушыларға төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру жөніндегі өзге қызметтерді жүзеге асыратын банк те эквайер болып табылады;
      28) эмитент - төлем карточкаларын шығаруды жүзеге асыратын банк, бас банк немесе еншілес банк, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төлем карточкаларын шығаруды жүзеге асырған банктің активтері мен міндеттемелері оған берілген жағдайда иеленуші банк;
      29) эмитенттің шоғырландырылған шоты - эмитент ашқан және алдын ала төленген төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылатын операцияларды есепке алуға арналған ішкі шот.»;
      6-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «6-2. Эмитенттер алдын ала төленген төлем карточкаларын шығаруды, таратуды және қызмет көрсетуді Қағидаларға сәйкес өздері әзірлеген және бекіткен ішкі құжаттарының негізінде жүзеге асырады. Эмитент алдын ала төленген төлем карточкаларын ұстаушылардың ақшасын есепке алу үшін эмитенттің шоғырландырылған шотын ашады.»;
      6-4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «6-4. Эмитент белгіленген сомаға алдын ала төленген төлем карточкасын Қағидалардың 6-3-тармағында айқындалған мөлшер шегінде шығарады, оны алдын ала төленген төлем карточкасында көрсетуге болады. Белгіленген номиналы бар алдын ала төленген төлем карточкасы толықтырылуға жатпайды.»;
      мынадай мазмұндағы 6-7-тармақпен толықтырылсын:
      «6-7. Бір төлемді оны бөлу/бөлшектеу арқылы ішінара не екі және одан астам төлем карточкасын пайдалана отырып толық жүзеге асыруға болмайды.»;
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Төлем карточкасын беру туралы шартта мына талаптар:
      1) төлем карточкасын беру талаптары, оның ішінде эмитенттің төлем карточкасын ұстаушыға немесе оның уәкілетті адамына төлем карточкасын және дербес сәйкестендіру нөмірін беру талаптары болады. Дербес сәйкестендіру нөмірін беру жөніндегі талап шығарылуы эмитенттің төлем карточкасын ұстаушыға оның деректемелері туралы ақпаратты ұсынуы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылатын төлем карточкасына қолданылмайды;
      2) төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыру талаптары;
      3) төлемдерді банк шотының валютасынан ерекшеленетін валютадағы төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырған кезде қолданылатын шетел валюталарын айырбастау бағамын белгілеу тәртібі;
      4) төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдер және өзге де операциялар туралы үзінді-көшірмені ұсыну тәртібі;
      5) қосымша төлем карточкалары берілетін адамдардың тізімі немесе адамдар тізіміне сілтеме (төлем карточкасын беру туралы шарттың негізінде түрлі ұстаушыларға бірнеше төлем карточкасын берген кезде);
      6) төлем карточкасын алудың, бұғаттаудың және қайта шығарудың тәртібі мен талаптары;
      7) төлем карточкасының және/немесе төлем карточкасын беру туралы шарттың қолданылу мерзімі;
      8) клиенттің өтінішін қарау және клиентке төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған рұқсат етілмеген төлем бойынша зиянды өтінішті қарау және зиянды өтеу мерзімдерін көрсете отырып өтеу тәртібі;
      9) өтініштерді қарау және ықтимал зиянды өтеу мерзімдерін көрсете отырып, клиенттердің өтініштерін қарау тәртібі;
      10) тараптардың құқықтары мен міндеттері;
      11) тараптардың жауапкершілігі;
      12) клиенттерге төлем карточкасын беру туралы шартқа енгізілетін өзгерістер және/немесе толықтырулар туралы хабарлау тәсілі және қызмет көрсету комиссиясының мөлшері болады.
      Эмитент төлем карточкасын беру туралы шартты оның мазмұнын тікелей оқуды және оны төлем карточкаларын ұстаушылар үшін эмитенттің қолжетімді орнында және/немесе эмитенттің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз ететін нысанда баяндауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ олардың талабы бойынша қағаз немесе электрондық нысанда ұсынады.
      Эмитент клиентке төлем карточкасын беру туралы шартта белгіленген тәсілмен, оның ішінде ақпаратты эмитенттің ресми интернет-ресурсында орналастыру және/немесе клиент көрсеткен электрондық поштаның мекенжайына, ұялы байланыс құрылғысына қысқа мәтіндік және/немесе мультимедиялық хабарлар жіберу арқылы хабарлайды, төлем карточкасын беру туралы шартқа енгізілетін өзгерістер және/немесе толықтырулар және қызмет көрсету комиссиясының мөлшері туралы төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес олар күшіне енгізілген күнге дейін күнтізбелік он бес күн бұрын кешіктірмей хабарлайды.
      Эмитент хабарламада клиенттің төлем карточкасын беру туралы шартқа енгізілетін өзгерістер және/немесе толықтырулар қолданылатын күнге дейін төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес шартты бұзғаны үшін қосымша комиссияны төлеусіз оны бұзу мүмкіндігі туралы көрсетеді. Эмитент клиенттің өтініштерін, оның ішінде төлем карточкасын пайдаланумен байланысты даулы жағдайлар туындаған кезде төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес белгіленген мерзімдерде, бірақ осындай өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қарайды.
      Операцияны төлем карточкасын пайдалана отырып Қазақстан Республикасының бейрезидент банкінің желісінде жасаған жағдайда, клиенттің өтінішін қарау мерзімдерінің эмитент осындай өтініштерді алған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен асуына, бірақ күнтізбелік отыз күннен астам мерзімге аспауына рұқсат беріледі, бұл туралы клиенттің өтінішін қарау мерзімі ұзартылған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде клиентке жазбаша нысанда хабарланады.»;
      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «8. Эмитент төлем карточкасын берген кезде төлем карточкасын ұстаушыны төлем карточкасын пайдаланудың ішкі құжаттарымен таныстырады.»;
      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «12. Эмитент айналыстағы төлем карточкаларының нөмірлері және өзге де деректемелері бар өзі берген төлем карточкаларының тізілімін жүргізеді. Эмитент берілген карточкалардың тізілімінде қосымша ақпараттың болуын және осы тізілімді жүргізу нысанын дербес айқындайды.»;
      мынадай мазмұндағы 12-1-тармақпен толықтырылсын:
      «12-1. Эмитент клиентке оның төлем карточкасының қолданылу мерзімінің аяқталғаны жөнінде ол аяқталған күнге дейін күнтізбелік он күн бұрын төлем карточкасын беру туралы шартта белгіленген тәсілмен хабарлайды.»;
      4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Төлем құжаттарын жасауға қойылатын талаптар»;
      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «24. Төлем құжаты төлем карточкалары жүйесінің қатысушылары арасында электрондық түрде және/немесе қағаз тасымалдағышта жасалады және беріледі. Қағаз тасымалдағыштағы төлем құжатының негізінде жасалған электрондық төлем құжатында қағаз тасымалдағышта жасалған құжаттар үшін ғана міндетті болып табылатын деректемелерді қоспағанда, қағаз тасымалдағышта жасалған төлем құжатында көрсетілген барлық деректемелер болады.»;
      27 және 28-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «27. Төлем құжатында мына деректемелер:
      1) төлем құжатының нөмірі, оны жазу күні, айы және жылы;
      2) кәсіпкердің және/немесе эквайердің толық атауы (коды);
      3) төлем карточкасының деректемелері;
      4) төлем сомасы;
      5) төлем валютасы;
      6) төлем карточкасын ұстаушының қолы (қағаз тасымалдағышта жасалған төлем құжаттары үшін);
      7) кәсіпкердің немесе эквайердің уәкілетті адамының қолы (кағаз тасымалдағышта жасалған төлем құжаттары үшін);
      8) төлем мақсатының коды болады.
      28. Кәсіпкердің пайдасына төлемді жүзеге асыру үшін төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасалғанын растайтын төлем құжаттары эквайер және кәсіпкер арасындағы шартта белгіленген тәртіпте эквайерге беріледі.
      Төлем құжатында төлем карточкалары жүйесіне катысушылар арасында жасалған шарттарда белгіленген қосымша деректемелер болуына жол беріледі.»;
      5-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді жүзеге асыруға қойылатын талаптар»;
      34-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «34-1. Төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылатын барлық төлемдер, алдын ала төленген төлем карточкаларын қоспағанда (клиенттің банк шотындағы ақша сомасы шегінде, сондай-ақ эмитент ұсынған заем сомасы шегінде) клиенттердің банк шоттарында көрсетіледі. Алдын ала төленген төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылатын төлемдер эмитенттің шоғырландырылған шотында көрсетіледі.
      Эмитент және клиент арасында жасалған төлем карточкасын беру туралы шарттың негізінде берілген төлем карточкаларының бір немесе түрлі жүйелерінде бірнеше төлем карточкаларын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдерді бір банк шотында көрсетуге рұқсат беріледі.
      Банк шотының валютасынан ерекшеленетін валютада төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асырған кезде эмитент төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асыру кезінде жасалған эмитентке төлем құжаты келіп түскен күні мен уақытында эмитенттің қолданыстағы шетел валютасын айырбастау бағамын қолдана отырып клиенттің банк шоты бойынша көрсетуді жүзеге асырады.»;
      35-4 және 36-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «35-4. Процессинг ұйымына эквайермен және кәсіпкерлермен жасалған шарттардың талаптарына сәйкес төлем карточкаларына қызмет көрсетудің меншікті желілерін құруына жол беріледі.
      36. Төлем құжатын орындау үшін оны беру және ұсыну тәртібі 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім), Төлем туралы заңның талаптарына және төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарға сәйкес белгіленеді. Қағидалардың 36-1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, эквайерден басқа, алушы банктің төлем құжатын орындауы оны алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі.»;
      38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «38. Егер бұл талап эмитент пен клиент арасында жасалған төлем карточкасын беру туралы шартта көзделсе, эмитент авторизация сомасына банк шотындағы ақшаны бұғаттайды. Бұл жағдайда төлем карточкасын беру туралы шартта банк шотында ақшаны бұғаттау талаптары мен мерзімдері болады.
      Төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарға сәйкес эмитентке төлем құжаттары келіп түскен кезде эмитент шығарған төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған операция бойынша эквайерге ақшаны өтеу үшін авторизация нәтижелері бойынша эмитенттің ақша сомасын төлеу бойынша міндеттемесі туындайды. Авторизация төлем карточкалары жүйесінің ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылмайды.
      Эмитентке клиенттің банк шотынан төлемдерді және ақша аударымдарын төлем карточкасын пайдаланубай жүзеге асыруға нұсқаулар келіп түскен кезде клиенттің банк шотынан клиенттің нұсқауларын орындау авторизация жүргізілген және банк шотында ақша бұғатталған операциялардың сомаларын шегере отырып, банк шотындағы ақша қалдығы шегінде жүзеге асырылады.
      Уәкілетті мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар клиенттің банк шотындағы ақшаға тыйым салған немесе өндіріп алуды қолданған, сондай-ақ клиенттің банк шотындағы ақшаға тыйым салуға немесе өндіріп алуға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тиісті шешімдері, сондай-ақ банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдері негізінде банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрған кезде, эмитентке уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың ақшаға тыйым салу немесе өндіріп алу туралы шешімдері келіп түскен күнге және уақытына дейін авторизация жүргізілген төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлем, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың ақшаға тыйым салу немесе өндіріп алу туралы шешімдері, сондай-ақ банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдері келіп түскен күнге және уақытына дейін жасалған, авторизацияны жүргізбей төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлемдер клиенттің банк шоты бойынша көрсетілуге жатады.»;
      40-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «40. Клиент өзінің банк шотында төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асырған кезінде жасалған төлем құжатын орындау үшін қажетті ақша сомасын қамтамасыз етеді. Қажетті ақша сомасын қамтамасыз ету, егер бұл олардың арасында жасалған шартта көзделса, эмитенттің клиентке берген банктік қарызы есебінен де жүзеге асырылады.»;
      45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «45. Сауда чегінде мынадай міндетті деректемелер:
      1) құжат нөмірі, оны жазған күні, айы, жылы;
      2) кәсіпкердің немесе эквайердің атауы (коды);
      3) төлем сомасы;
      4) төлем валютасы;
      5) төлемді төлем карточкалары жүйесінде сәйкестендіретін авторизация коды немесе басқа код;
      6) төлем жүргізу уақыты;
      7) төлем карточкасының деректемелері қамтылады.
      Сауда чегіне қосымша деректемелерді енгізуге жол беріледі.»;
      45-1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «45-1. Салықты немесе бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді банкоматтар не өзге де электрондық терминалдар арқылы жүзеге асырған кезде төлем карточкасының ұстаушысына берілетін сауда чегінде Қағидалардың 45-тармағында көрсетілген деректемелерден басқа мынадай қосымша деректемелер қамтылады:»;
      мынадай мазмұндағы 45-2-тармақпен толықтырылсын:
      «45-2. Егер төлем карточкасын ұстаушы аталған төлемді Төлем туралы заңның талаптарына сәйкес, оның ішінде дербес сәйкестендіру нөмірінің көмегімен санкциялаған кезде немесе егер өзгеше эквайермен жасалған шартта белгіленбеген жағдайда, кәсіпкер төлем карточкасын ұстаушының сауда чегіне қол қоюын талап етпейді.
      Кәсіпкер клиент төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасаған кезде егер осы талап кәсіпкер мен эквайер арасында жасалған шартта көзделсе, оның жеке басын куәландыратын құжатты одан талап етеді.
      Кәсіпкер мен эквайер арасындағы шартта кәсіпкер өзінің қызметін жүзеге асыратын орындарда клиент төлем карточкасын пайдалана отырып төлем жасаған кезде оның жеке басын куәландыратын құжатты кәсіпкерге беру талаптары туралы клиентке арналған ақпаратты орналастыруды қамтамасыз ететін талап қамтылады.»;
      46-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «46. Төлем карточкасын пайдалана отырып жасалатын валюталық операциялар банк шоттары бойынша валюталық операцияларды жүргізуге «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7701 тіркелген «Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 154 қаулысында белгіленген талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.»;
      5-тарау мынадай мазмұндағы 47-1-тармақпен толықтырылсын:
      «47-1. Эквайер нақты уақыт режімінде өзіне тиесілі банкоматтар желісінің жұмысына мониторинг жүргізеді және оларды жұмыс жағдайында және іске қосылған күйінде ұстап тұруды қамтамасыз етеді.
      Нақты уақыт режимінде банкоматтар желісінің жұмысына мониторинг жүргізу мына іс-шараларды қамтиды:
      1) арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдана отырып, банкоматтардың жұмысын бақылау;
      2) банкоматтардың жұмысындағы іркілістерді (техникалық ақауларды) және оларды пайдалану процесінде туындайтын өзге де проблемалық ахуалдарды жедел анықтау;
      3) банкоматтардың жұмысындағы іркілістердің (техникалық ақаулардың) және өзге де проблемалық ахуалдардың (техникалық құралдар мен бағдарламалық қамтамасыз етудің қосылмауы, байланыс арнасының бұзылуы, қолма-қол ақшаның, шығыс материалдарының (журналдық және чек таспасының) болмауы) себептеріне талдау жасау;
      4) банкоматтардың жұмысындағы іркілістердің (техникалық ақаулардың) және өзге сипаттағы проблемалардың уақтылы жойылуына мониторинг;
      5) банкоматтардағы қолма-қол ақшаның болуына және ақша қалдығына және олардың қолма-қол ақшамен уақтылы толтырылуына мониторинг;
      6) банкоматтардың жұмысындағы іркілістерді (техникалық ақауларды) анықтаған жағдайда эквайер банкоматтардың жұмыс істеу қабілеттілігін қалпына келтіру және банкоматтардың жұмысындағы техникалық ақауларды немесе өзге сипаттағы проблеманы тудырған себептерді жою бойынша шұғыл шаралар қабылдайды.
      Эквайер банкоматтардың жұмысында орын алған іркілістердің (техникалық ақаулардың) барлық фактілерінің жэне оларды анықтау және жою күні мен уақытын көрсете отырып, оларды жою әдістерінің (тәсілдерінің) есебін жүргізеді.
      Эквайерге тиесілі банкоматтарға мынадай талаптар қойылады:
      1) банкоматтарда дербес сәйкестендіру нөмірін қауіпсіз (жасырын) теруге арналған жабдық орнатылады;
      2) банкоматтарда клиенттің түрін анық тіркеуге мүмкіндік беретін кемінде бір камера орнатылады. Камера тіркеген бейнелер кемінде күнтізбелік алпыс күн сақталады;
      3) банкоматтың ішкі бағдарламалық қамтамасыз етуі вирусқа қарсы бағдарламамен қорғалады.»;
      48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «48. Төлем карточкасын пайдалана отырып төлемді жүзеге асырған жағдайда жасалған төлем құжаты мынадай жағдайларда:
      1) төлем құжаты Қағидаларда белгіленген талаптарды және/немесе төлем құжаттарын жасау және ұсыну тәртібіне арналған шарттардың талаптарын бұза отырып жасалса;
      2) төлем құжатының жалған құжат белгісі болса;
      3) төлем заңсыз болса;
      4) төлем заңды бола тұрып, бірақ төлем құжаты эмитентке төлем карточкалары жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда белгіленген талаптар бұзыла отырып берілсе, орындауға қабылданбайды.»;
      мынадай мазмұндағы 52-1-тармақпен толықтырылсын:
      «52-1. Эмитент клиент төлем карточкасын пайдалана отырып операцияларды жүзеге асырмаған және эмитентке аталған факт туралы хабарлаған клиенттің банк шотынан/банк шотына ақшаны қате алған немесе есептеген кезде қате анықталғаннан кейін жиырма төрт сағат ішінде клиенттің банк шотындағы ақша қалдығын ақша қате алынар немесе есептелер алдындағы жағдайға дейін қалпына келтіреді.»;
      56-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «56. Төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлемдер бойынша кәсіпкердің пайдасына келіп түскен ақшаны эквайердің есептеу талаптары мен мерзімдері олардың арасында жасалған шартта белгіленеді. Егер осы шартта кәсіпкерге ақша есептеу талаптары мен мерзімдері көзделмесе, эквайер кәсіпкердің пайдасына ақша түскеннен және/немесе кәсіпкердің пайдасына ақша түскені туралы үзінді-көшірмені алғаннан кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей ақшаны кәсіпкердің шотына есептейді.»;
      60-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «60. Төлем карточкасының жоғалғаны, ұрланғаны немесе санкцияланбай пайдаланылғаны туралы хабар күшіне енгеннен кейін санкцияланбаған төлем жасалған жағдайда эмитент клиентке олардың арасында жасалған шартта көзделген тәртіппен санкцияланбаған төлем жасауға байланысты шығындарды өтейді.»;
      мынадай мазмұндағы 63-1-тармақпен толықтырылсын:
      «63-1. Эмитент төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалатын операциялар бойынша тиісті бағдарламалық қамтамасыз етудің көмегімен не эмитенттің ішкі құжаттарында көзделген өзге де тәсілмен төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған санкцияланбаған операцияларды анықтау бойынша мониторинг жүргізеді. Эмитенттің процессинг ұйымына олардың арасында жасалған шарттың негізінде мониторинг жүргізуді тапсыруына жол беріледі.»;
      67-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «67. Эмитент мынадай жағдайларда:
      1) төлем карточкасының қолданылу мерзімі аяқталғанда;
      2) төлем карточкасын ұстаушының төлем карточкасын беру туралы шартта көзделген өз міндеттемелерін орындамағанда;
      3) төлем карточкасын ұстаушы төлем карточкасын пайдаланудан бас тартқанда;
      4) төлем карточкасын беру туралы шартты бұзғанда төлем карточкасын ұстаушыдан алып қоюына жол беріледі.»;
      68 және 69-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «68. Төлемдерді төлем карточкасын пайдалана отырып клиенттің банк шоты бойынша жүзеге асыруды растайтын құжат сауда чегі немесе ұсыну тәртібі төлем карточкасын беру туралы шартта айқындалатын клиенттің банк шоты бойынша үзінді-көшірме болып табылады.
      Эмитент клиенттің талап етуі бойынша клиент көрсеткен уақыт кезеңі үшін төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес оған берілген төлем карточкасын пайдалана отырып жасалған төлемдер туралы ақпаратты қамтитын үзінді-көшірмені оған береді. Үзінді-көшірме қағаз тасымалдағышта немесе электрондық тәсілмен ұсынылады және онда мынадай ақпарат:
      1) төлем карточкасының нөмірі қамтылады. Төлем карточкалары жүйелерінің және жасалған шарттардың талаптарына сәйкес төлем карточкасының нөмірін толық көрсетпеуге жол беріледі;
      2) есепті кезеңнің бастапқы және соңғы күні;
      3) әрбір төлемді төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асыру сомасы мен күні;
      4) төлем карточкасын пайдалана отырып төлемдерді жасағаны үшін клиенттен ұсталған комиссиялардың мөлшері қамтылады.
      Үзінді-көшірмеде эмитент пен клиент арасында жасалған шартта белгіленген қосымша ақпараттың қамтылуына жол беріледі.
      Клиентке үзінді-көшірме төлем карточкасын беру туралы шартқа сәйкес айына бір рет өтеусіз беріледі.
      69. Клиентке берілетін үзінді-көшірмелерде эмитентті де айқындайтын деректемелер қамтылады.»;
      70-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «70. Белгілі бір жүйенің төлем карточкаларын немесе жаңа үлгідегі төлем карточкаларын шығаруды бастау немесе аяқтау күнінен бастап он жұмыс күні ішінде эмитент бұл туралы Ұлттық Банкті жазбаша түрде хабардар етеді. Хабарда мыналар көрсетіледі:
      1) төлем карточкаларын шығарудың басталған немесе аяқталған күні;
      2) төлем карточкалары жүйесінің атауы;
      3) төлем карточкасының түрі (магниттік жолақпен, интегралды микросызбамен, аралас немесе басқа).».
      2. Төлем жүйелерін дамыту және басқару департаменті (Мұсаев Р.Н.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Сарсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы қаулыны «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына;
      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;
      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;
      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О. Пірматовқа жүктелсін.
      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                           Д.Ақышев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады