Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен операцияларды жүргізуі қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 19 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 ақпанда № 13252 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 19 қарашадағы № 196 қаулысымен

      Ескерту. Қаулының күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.11.2019 № 196 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен операцияларды жүргізуі қағидалары бекітілсін.

      2. Монетарлық операциялар және активтерді басқару департаменті (Молдабекова Ә.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О. Пірматовқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 1 ақпаннан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Д. Ақышев


  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 28 қаңтардағы
№ 19 қаулысымен бекітілді

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел
валютасымен операцияларды жүргізуі қағидалары

      Осы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен операцияларды жүргізуі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы және "Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы" 2005 жылғы 13 маусымдағы (бұдан әрі – Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) қолма-қол шетел валютасымен операцияларды жүргізу тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Қағидаларда Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы заңда көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) банкаралық нарық – ұйымдастырылмаған нарықта қолма-қол шетел валютасын сатып алу және (немесе) сату бойынша операцияларды жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастардың жиынтығы;

      2) валюталау күні – жасалған мәміле бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру күні;

      3) есеп айырысу бөлімшесі – қолма-қол шетел валютасын және Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын сатып алу (сату) операциялары бойынша есеп айырысуды жүзеге асыратын Ұлттық Банк бөлімшесі;

      4) жұмыс күні – Қазақстан Республикасының қаржы ұйымдары қолма-қол шетел валютасымен операциялар жүргізу үшін ашық болатын уақыт кезеңі;

      5) комиссиялық сыйақы – жеткізу мен сақтандыруды қоса алғанда, қолма-қол ақшаға айналдырғаны үшін алынатын ақы және өзге шығыстар;

      6) қаржылық автоматтандырылған ақпарат тасымалдау жүйесі (бұдан әрі – ҚААТЖ) – жіберілетін құжаттаманы санкцияланбаған қол жеткізуден қорғай алатын арнайы байланыс арнасы;

      7) қарсы әріптес – қолма-қол шетел валютасымен операциялар бойынша Ұлттық Банкпен жасалатын мәмілеге қатысушы;

      8) қызметкер – Ұлттық Банктің, Орталықтың не Ұлттық Банктің аумақтық филиалының (бұдан әрі – Ұлттық Банк филиалы) қолма-қол шетел валютасымен операцияларды жүргізуге уәкілетті сауда, есеп айырысу бөлімшесінің жауапты қызметкері;

      9) қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу бөлімшесі – қолма-қол шетел валютасын тасымалдауды және сақтауды үйлестіруді жүзеге асыратын Ұлттық Банк бөлімшесі;

      10) қолма-қол шетел валютасымен операциялар – мәміле жасасу арқылы қолма-қол шетел валютасын сатып алу (сату);

      11) мәміле күні – Ұлттық Банк пен қарсы әріптес арасында мәміле жасалған нақты күн;

      12) Мәмілелер жасау туралы келісім – Ұлттық Банк пен қарсы әріптес арасында жасалатын келісім;

      13) мәміле паспорты (трейд-тикет) – Қағидаларда белгіленген, өзінде көрсетілген өлшемдерге сәйкес мәміленің жасалғанын растайтын құжат;

      14) операциялық күн – Ұлттық Банктің қолма-қол шетел валютасымен операцияларды жүзеге асыратын уақыт кезеңі;

      15) Орталық – Ұлттық Банктің Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығы (филиалы);

      16) сауда бөлімшесі – қолма-қол шетел валютасын сатып алу (сату) операцияларын жүзеге асыруға жауапты Ұлттық Банк бөлімшесі;

      17) тасымалдаушы – Ұлттық Банк жүк тасымалдау жөніндегі қызметтерді алу туралы шарт жасасқан Қазақстан Республикасының бейрезидент-ұйымы;

      18) Ұлттық Банк басшылығы – Ұлттық Банк Төрағасы, Ұлттық Банк Төрағасының орынбасарлары;

      19) Bloomberg, Reuters Dealing жүйелері – мәмілеледі жасау мақсатында пайдаланушылары арасында байланысты жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етулер мен жабдықтар кешендері;

      20) СIP (Cost, Insurance, Paid to) – сатушы тасымалдау шартын жасасуға және тауарды келісілген жеткізу орнына жеткізу үшін қажетті тасымалдау шығыстарын көтеруге міндетті болатын талаптар. Сатушы тауардың тасымалдау кезінде жоғалу немесе бүліну тәуекелін өтейтін сақтандыру шартын да жасасады;

      21) ISO – стандарттарды шығарумен айналысатын Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым;

      22) SWIFT – ақпарат берудің халықаралық банкаралық жүйесі (Дүниежүзілік банкаралық қаржылық телекоммуникациялар қоғамы).

      2. Cатып алынатын (сатылатын) қолма-қол шетел валютасы мынадай сипаттамаларға сәйкес келеді:

      1) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10204 тіркелген "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жеке және заңды тұлғалармен кассалық операциялар жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 247 қаулысына (бұдан әрі – № 247 қаулы) сәйкес не эмиссиялық орауға оралған, айналысқа жіберуге жарамды сатып алынатын қолма-қол шетел валютасының банкноттары;

      2) № 247 қаулыға сәйкес Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының орауына не эмиссиялық орауға оралған, айналысқа жіберуге жарамды, сатылатын қолма-қол шетел валютасының банкноттары.

      3. Айналыстан алынатын тозған, бүлінген, күмәнді банкноттар мен қолма-қол шетел валютасының банкноттарын, сондай-ақ ақау белгілері бар орауларды Ұлттық Банк қабылдамайды.

2. Ұлттық Банктің қолма-қол шетел валютасын сатып
алу (сату) жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібі
1-параграф. Жалпы ережелер

      4. Қолма-қол шетел валютасын сатып алу (сату) жөніндегі операцияларды Қағидалардың осы тарауына және Мәмілелерді жасау туралы келісімге сәйкес сауда бөлімшесі жасайды.

      5. Ұлттық Банк қолма-қол шетел валютасын қолма-қол ақшасыз шетел валютасына немесе Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына сатып алу (сату) жөніндегі операцияларды Bloomberg, Reuters Dealing жүйелері не SWIFT хабарлары арқылы банкаралық нарықта жүзеге асырады. Қарсы әріптесте мұндай жүйелер болмаған кезде мәміле паспортын (трейд-тикетті) міндетті түрде алмаса отырып, мәмілені жазып алатын телефонмен жасауға жол беріледі.

      6. Қолма-қол шетел валютасын сатып алу (сату) кезінде мәміле паспортында (трейд-тикетте) тараптар мынадай өлшемдерді келіседі:

      1) мәміле көлемі;

      2) шетел валютасының атауы не ISO бойынша әріппен белгіленген коды;

      3) бағасы және (немесе) комиссиялық сыйақы;

      4) валюталау күні;

      5) жеткізілетін күні;

      6) мәміле күні;

      7) жеткізілетін орны;

      8) номиналы;

      9) шетел валютасын не Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын есептеуге арналған тараптардың банктік деректемелері;

      10) қарсы әріптестің атауы.

      7. Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының қызметкерлері қолма-қол шетел валютасын қабылдауды және оның мәміле паспортына (трейд-тикетке) сәйкестігін бастапқы тексеруді жүзеге асырады.

      8. Сауда бөлімшесінің қызметкері әрбір жасалған мәмілеге мәміле паспортын (трейд-тикетті) оны кейіннен есеп айырысу бөлімшесіне бере отырып, қолма-қол шетел валютасы қабылданған (берілген күні) Астана қаласының уақытымен сағат 11:30-ға дейін, егер қолма-қол шетел валютасы қабылданған (берілген) күн мәміле күнінен кейінгі жұмыс күніне сәйкес келсе, Астана қаласының уақытымен сағат 16:30-ға дейін ресімдейді.

      Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының қызметкерлері қолма-қол шетел валютасын қабылдауды есеп айырысу бөлімшесінен ҚААТЖ бойынша алынған мәміле паспорты (трейд-тикет) негізінде жүзеге асырады.

      Орталық немесе Ұлттық Банк филиалы қызметкерлерінің қолма-қол шетел валютасын қабылдауы бумалар мен түбіртектер бойынша және бумалар орауының тұтастығын тексере отырып, банкноттардың номиналы бойынша жүргізіледі. Қолма-қол шетел валютасының банкноттарын біртіндеп санау қолма-қол шетел валютасы қарсы әріптестен қабылданған күннен бастап 45 (қырық бес) жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Эмиссиялық ораудағы қолма-қол шетел валютасы қайта саналмайды.

      9. Қолма-қол шетел валютасының банкноттарын біртіндеп санау кезінде кем шығу, артық шығу, ақау белгілері бар банкноттар анықталған жағдайда Орталық немесе Ұлттық Банк филиалы кассасының қызметкерлері № 247 қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде жеке және заңды тұлғалармен кассалық операциялар жүргізу қағидаларына 11-қосымшада белгіленген нысан бойынша кем шығу (артық шығу) туралы акті жасайды. Кем шығу (артық шығу) туралы актінің бір данасы кем шыққан, артық шыққан, ақаулы банкноттарды өтеу, ауыстыру жөнінде шаралар қабылдау үшін сауда бөлімшесіне жіберіледі.

      10. Егер қолма-қол шетел валютасы қайтарылатын жағдайда, Орталық немесе Ұлттық Банктің филиалы қолма-қол шетел валютасын қайтару жөнінде шаралар қабылдау үшін сауда бөлімшесіне бұл факті туралы хабарлайды.

      11. Қолма-қол шетел валютасының тозған, айналысқа жіберуге жарамсыз және ақау белгілері бар банкноттарын айырбастау Ұлттық Банк пен қарсы әріптес арасындағы келісім бойынша мәміле паспорты (трейд-тикет) негізінде жүргізіледі.

      12. Орталықты немесе Ұлттық Банк филиалдарын қолма-қол шетел валютасымен нығайту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу бөлімшесі сауда бөлімшесінің нығайту туралы нұсқауына сәйкес жүзеге асырады.

2-параграф. Қарсы әріптестермен-Қазақстан Республикасының
резиденттерімен жұмыс жүргізу тәртібі

      13. Қарсы әріптеспен-Қазақстан Республикасының резидентімен мәміле жасалған жағдайда Ұлттық Банктің қолма-қол шетел валютасын сатып алу (сату) жөніндегі операциялары мынадай талаптармен жүзеге асырылады:

      1) қолма-қол шетел валютасының сатып алынғаны және сатылғаны үшін комиссиялық сыйақы Мәмілелер жасау туралы келісімге сәйкес алынады;

      2) қарсы әріптес-Қазақстан Республикасының резиденті, егер мәміле паспортында (трейд-тикетте) өзгеше келісілмесе, қолма-қол шетел валютасын Орталықтан (Орталыққа) немесе Ұлттық Банктің филиалынан (филиалына) өзі әкетуді (жеткізуді) жүзеге асырады;

      3) Астана қаласының уақытымен сағат 11:00-ге дейін жасалған мәмілелер бойынша қолма-қол шетел валютасын Орталық немесе Ұлттық Банктің филиалдары мәміле жасалған күні не келесі жұмыс күні береді;

      4) Астана қаласының уақытымен сағат 11:00-ден 16:00-ге дейін жасалған мәмілелер бойынша қолма-қол шетел валютасын Орталық немесе Ұлттық Банктің филиалдары келесі жұмыс күні береді;

      5) Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының қолма-қол шетел валютасын қабылдауы Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының операциялық күнінің кестесіне сәйкес жүргізіледі.

      14. Сауда бөлімшесінің уәкілетті қызметкері қол қойған мәміле паспортын (трейд-тикет) есеп айырысу бөлімшесі Орталыққа немесе Ұлттық Банктің филиалына қолма-қол шетел валютасы қабылданған (берілген) күні Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-ге дейін, егер қолма-қол шетел валютасы қабылданған (берілген) күн мәміле күнінен кейінгі жұмыс күніне сәйкес келсе, Астана қаласының уақытымен сағат 17:00-ге дейін беріледі.

      15. Орталық немесе Ұлттық Банктің филиалы есеп айырысу бөлімшесінен алынған мәміле паспортының (трейд-тикеттің) негізінде және қарсы әріптес-Қазақстан Республикасы резиденті уәкілетті адамының атына берілген сенімхат негізінде қолма-қол шетел валютасын қабылдауды (қарсы әріптес-Қазақстан Республикасының резидентіне беруді) жүргізеді.

      Есеп айырысу бөлімшесі Орталыққа немесе Ұлттық Банктің филиалына мәміле паспортына (трейд-тикетке) қол қою құқығы бар сауда бөлімшесі қызметкерлерінің қол қою үлгілері бар құжатты ұсынады.

      Мәміле паспортына (трейд-тикетке) қол қою құқығы бар қызметкерлердің қол қою үлгілері бар құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу сауда бөлімшесінің уәкілетті қызметкері ауысқан жағдайда жүзеге асырылады.

      16. Қолма-қол шетел валютасын Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының қызметкері Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының операциялық күнінің кестесіне сәйкес толық бумалармен береді.

      Қолма-қол шетел валютасын қарсы әріптестің-Қазақстан Республикасы резидентінің уәкілетті адамы кассадан алыстамай, Орталық немесе Ұлттық Банк филиалы қызметкерінің қатысуымен қайта санайды және бумалар мен түбіртектер бойынша тексереді.

      Егер қолма-қол шетел валютасын қарсы әріптес-Қазақстан Республикасының резиденті Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының арнайы бөлінген орнында емес, басқа жерде қайта санаса, қарсы әріптестің-Қазақстан Республикасы резидентінің өтініші қаралмайды және қолма-қол шетел валютасын қайта санау, қалыптастыру, орау және беру жөніндегі шағымдарын Орталық немесе Ұлттық Банк филиалы қабылдамайды.

3-параграф. Қарсы әріптестермен-Қазақстан Республикасының
бейрезиденттерімен жұмыс жүргізу тәртібі

      17. Қарсы әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезидентімен қолма-қол шетел валютасын сатып алу (сату) жөнінде мәміле жасалған жағдайда сауда бөлімшесі мәміле паспортына (трейд-тикетке) төмендегі құжаттардың бірін:

      1) мәміле жасалатын қарсы әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезидентімен әңгіменің мәтінін;

      2) мәміле жасалатын қарсы әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезидентіне SWIFТ хабарлары арқылы жіберу үшін хабар мәтінін қоса береді.

      18. Қолма-қол шетел валютасын қарсы әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезидентінен қолма-қол ақшасыз шетел валютасына сатып алу мынадай талаптармен жүзеге асырылады:

      1) қолма-қол шетел валютасын жеткізу тараптардың келісімі бойынша Алматы қаласының әуежайына дейін немесе Орталықтың есіктеріне дейін не Ұлттық Банк филиалының есіктеріне дейін СІР (Cost, Insurance, Paid to) талаптарымен жүзеге асырылады;

      2) қолма-қол шетел валютасының сипаттамалары және өлшемдері тараптардың келісімі бойынша айқындалады.

      19. Қолма-қол шетел валютасы қарсы әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезидентіне қолма-қол ақшасыз шетел валютасына сатылған кезде қолма-қол шетел валютасын Ұлттық Банк қарсы әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезидентіне Орталықтың есіктерінен береді.

      20. Қарсы әріптес-Қазақстан Республикасы бейрезидентінің және (немесе) тасымалдаушының қолма-қол шетел валютасын жеткізуі тараптардың келісімі бойынша халықаралық рейстердің кестесіне сәйкес Алматы қаласының әуежайына дейін не Орталықтың есіктеріне дейін не Ұлттық Банк филиалының есіктеріне дейін жүзеге асырылады. Жеткізілетін қолма-қол шетел валютасы (түсірілген күні, келген күні, рейс нөмірі, әуе жүк құжатының нөмірі, орын саны, салмағы, банкноттардың номиналы) туралы ақпарат қолма-қол шетел валютасын Орталыққа жеткізу рәсімдерін жүзеге асыру үшін сауда бөлімшесі және Орталық қызметкерлерінің рұқсат бары бар электрондық поштаға жүк келген күнге дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын жіберіледі.

      Қарсы әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезиденті немесе тасымалдаушы жүкті жеткізу талаптарын (қолма-қол шетел валютасының сомасы мен қабылданған күнін, әуе рейсінің нөмірін, әуе компаниясын) өзгерткен жағдайда сауда бөлімшесінің қызметкерлері бұл туралы факс, ҚААТЖ немесе электрондық пошта бойынша Орталыққа хабарлайды.

      21. Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының қызметкерлері банкноттарды бумалары мен түбіртектері бойынша және бумалар орауының тұтастығын тексере отырып, номиналы бойынша қабылдауды жүзеге асырады. Орауының тұтастығының бұзылғандығы анықталған жағдайда қолма-қол шетел валютасы Орталықтың инкассаторлар бригадасының қызметкерлері мүшелерінің бірінің қатысуымен (банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялауға Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11772 тіркелген "Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялауға лицензия беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 25 ақпандағы № 22 қаулысына сәйкес Ұлттық Банк берген лицензия негізінде іс-қимыл жасайтын, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым тартылған жағдайда, қолма-қол шетел валютасын біртіндеп қайта санау үшін Орталық немесе Ұлттық Банк филиалы қызметкерлерінен тұратын комиссия құрылады) біртіндеп қайта саналуға жатады.

      22. Қолма-қол шетел валютасын Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының қызметкері Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының операциялық күнінің кестесіне сәйкес толық бумалармен береді. Қолма-қол шетел валютасын қарсы әріптестің-Қазақстан Республикасы бейрезидентінің уәкілетті адамы кассадан алыстамай, Орталық немесе Ұлттық Банк филиалы қызметкерінің қатысуымен қайта санайды және бумалар мен түбіртектер бойынша тексереді.

      Егер қолма-қол шетел валютасын қарсы әріптес-Қазақстан Республикасының бейрезиденті Орталықтың немесе Ұлттық Банк филиалының арнайы бөлінген орнында емес, басқа жерде қайта санаса, қарсы әріптестің-Қазақстан Республикасы бейрезидентінің өтініші қаралмайды және қолма-қол шетел валютасын қайта санау, қалыптастыру, орау және беру жөніндегі шағымдарын Орталық немесе Ұлттық Банк филиалы қабылдамайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады