Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарының қызмет қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 30 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 26 ақпанда № 13270 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 11 қыркүйектегі 517 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қорғаныс министрінің 11.09.2017 № 517 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарының қызметі қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаментінің бастығы:

      1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жолдасын;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде ресми жариялау үшін мерзімді баспасөз басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жолдасын;

      3) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастырсын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Т.С. Мұхтаровқа жүктелсін.

      4. Бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Қорғаныс министрі

И. Тасмағамбетов


  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2016 жылғы 22 қаңтардағы
№ 30 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарының қызметі қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарының қызметі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне (бұдан әрі – ҚР ҚМ) ведомстволық бағынысты әскери оқу орындарының қызметі тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай түсініктер қолданылады:

      1) әскери оқу орнының әкімшілік кеңесі – әскери оқу орнының (бұдан әрі – ӘОО) күнделікті тіршілік әрекетін ұйымдастыру мәселелері жөніндегі консультациялық-кеңесші орган;

      2) кредиттік оқыту технологиясы – өзіндік білім алу деңгейін арттыруға және оқу материалын даралау және меңгерілген оқу материалының көлемін кредит түрінде есепке алу негізінде білімді меңгеруге бағытталған білім беру технологиясы;

      3) үлгілік оқу жоспары – жоғары әскери оқу орындарында жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары бойынша мамандықтар мен біліктіліктер тізбесінің және "Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар негізінде әзірленетін оқу жоспары, онда міндетті құрамдас бөлігі оқу пәндерінің тізбесі, жоғары оқу орны құрамдас бөлігінің барынша аз көлемі мен олардың еңбек қажеттілігі айқындалады;

      4) үлгілік оқу бағдарламасы – зерделенетін материалдың мазмұнын, көлемі мен ұсынылатын әдебиетті айқындайтын үлгілік оқу жоспарының міндетті құрамдас бөлігі пәндерінің оқу бағдарламасы;

      5) жұмыстық оқу жоспары – мамандықтың үлгілік оқу жоспары негізінде әзірленетін және оқу-әдістемелік кеңестің шешімі негізінде әскери оқу орнының бастығы бекітетін оқу жоспары, онда міндетті және жоғары оқу орындарының құрамдас бөліктері оқу пәндерінің тізбесі, олардың кредит түріндегі еңбек қажеттілігі, зерделеу жүйелілігі, бақылау нысандары айқындалады;

      6) жұмыстық оқу бағдарламасы – жұмыстық оқу жоспарының барлық пәндері бойынша пәндердің оқу бағдарламасы, онда зерделенетін материалдың көлемі және оқу пәнінің әдістемелік құрылымы айқындалады;

      7) қашықтықтан білім беру технологиясы – оқу процесіне тән барлық құрамдас бөліктерді (оқыту мақсатын, мазмұнын, әдістерін, ұйымдық нысандарын, құралдарын) көрсететін және Интернет-технологиялар құралдарымен немесе интерактивтілікті көздейтін басқа да құралдармен іске асырылатын оқытушы мен білім алушының арақашықтықтағы өзара іс-қимылы;

      8) ғылыми-зерттеу жұмысы – ғылыми ізденіспен, бар білімін кеңейту және жаңа білім алу, ғылыми гипотезаларды тексеру, табиғат пен қоғамда байқалатын заңдылықтарды анықтау, ғылыми қорытындылар жасау, жобаларды ғылыми негіздеу мақсатында зерттеулер, эксперименттер жүргізумен байланысты ғылыми сипаттағы жұмыс;

      9) ғылыми-зерттеу институты – ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді жүргізу үшін құрылған ӘОО-ның құрылымдық бөлімшесі;

      10) ғылыми-зерттеу зертханасы – ғалымдар мен ізденушілердің эксперименттері мен ғылыми зерттеулерін жүргізуге арналған ӘОО немесе ғылыми-зерттеу институты жанындағы зертхана;

      11) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар – жаңа білім алуға және жаңа бұйымды немесе технологияны құру кезінде практикада қолдануға бағытталған жұмыстар жиынтығы;

      12) әскери-ғылыми қоғам – басым мақсаты білім алушылардың әдіснамалық дайындығын арттыру, олардың шығармашылық ойлауы мен зерттеу жұмысы дағдыларын дамыту, әскери-ғылыми зерттеулер әдістемесінің негіздерін зерделеуге, әскери-ғылыми жұмысты ұйымдастыру мен жүргізуге ықпал ету болып табылатын ерікті ұйым;

      13) оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингілік жүйесі (бұдан әрі – БРЖ) – халықаралық практикада қабылданған әріптік жүйеге сәйкес келетін және білім алушылардың рейтингісін белгілеуге мүмкіндік беретін балл түріндегі білім деңгейін бағалау жүйесі;

      14) біліктілік сипаттамасы – мамандығы және сәйкес біліктілігі бойынша ӘОО-ны бітірушілердің әскери-кәсіптік арналуын және оларға қойылатын біліктілік талаптарын айқындайтын нормативтік құжат;

      15) сын тұрғысынан ойлау – идеялар таңдау еркіндігі, өз шешімдеріне жауаптылығы негізінде ақпаратты сыни тұрғыдан талдау қабілеті;

      16) тапсырыс беруші – оның мүддесінде маман даярлау жүзеге асырылатын ҚР ҚМ, Қазақстан Республикасы Бас штабы мен Қарулы Күштерінің (бұдан әрі – ҚР ҚК) құрылымдық бөлімшесі;

      17) ӘОО-ның оқу-әдістемелік кеңесі – оқу-әдістемелік қызмет мәселелері жөніндегі консультациялық-кеңесші орган;

      18) ӘОО-ның ғылыми кеңесі – ғылыми-зерттеу жұмысының, әскери ғылыми бірлестіктердің (бұдан әрі – ӘҒБ), монографиялар мен ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтарын басып шығару мәселелерін шешетін консультациялық-кеңесші орган.

      3. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары ҚР ҚМ Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусында іске асырылады.

      4. Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары ҚР ҚМ әскери институттарында іске асырылады.

      5. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінде (бұдан әрі – Ұлттық қорғаныс университеті) іске асырылады.

2. ӘОО қызметінің тәртібі

      6. ӘОО-ны басқару осы Қағидаларға, сондай-ақ ӘОО-ның Жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. ӘОО-ларда алқалық басқару органдары құрылады. Алқалық басқару органдарына әкімшілік, оқу-әдістемелік және ғылыми кеңестер, сондай-ақ міндеттерді тиімді шешу және ӘОО-ның функциясын орындау мақсатында ӘОО-ның жарғысына сәйкес құрылатын органдар жатады.

      8. Алқалық басқару органдарының құрамын және мүшелерінің санын, қызметін ӘОО айқындайды.

      9. ӘОО-ның құрамына мынадай құрылымдық бөлімшелер: факультеттер (институттар), кафедралар, бөлімдер, қызметтер, сондай-ақ орталықтар, зертханалар, бөлімшелер кіреді.

      10. ӘОО-ның құрылымдық бөлімшелері өз қызметін осы Қағидалар, ӘОО жарғысы, ӘОО-ның тиісті құрылымдық бөлімшелері туралы ережелер, оқу жылына әзірленетін жылдық жұмыс жоспары негізінде жүзеге асырады.

      11. ӘОО-ның бастығы онда олардың қызметінің негізгі бағыттары айқындалатын құрылымдық бөлімшелер туралы ережелерді және ҚР ҚК әскери қызметшілері мен қызметшілерінің лауазымдық міндеттерін бекітеді.

      12. ӘОО-ның әкімшілік кеңесі ӘОО-ның күнделікті тіршілік әрекетін ұйымдастыру мәселелерін шешеді. ӘОО бастығы ӘОО әкімшілік кеңесінің төрағасы болып табылады. Әкімшілік кеңесі құрамына ӘОО бастығының орынбасарлары, факультет бастықтары, бөлімдер бастықтары кіреді. Әкімшілік кеңесі аптасына 1 реттен сиретпей отырыс өткізеді. Саптық бөлімнің бастығы әкімшілік кеңестің хатшысы болып табылады. Әкімшілік кеңестің хатшысы отырыстардың хаттамаларын рәсімдейді және олардың орындалуын бақылайды. Онда ӘОО қызметінің негізгі іс-шаралары көрсетілетін әкімшілік кеңес отырыстарының жоспары академиялық кезеңге арналып әзірленеді және оны ӘОО бастығы бекітеді. Әкімшілік кеңестің хаттамасы отырысқа оның тізімдік құрамының кемінде 2/3 бөлігі қатысқан және қабылданған шешімге қатысушылардың 50 %-дан астамы дауыс берген жағдайда заңды болады.

      13. Оқу-әдістемелік кеңес ӘОО-ның оқу-әдістемелік қызметі мәселелерін шешеді. ӘОО бастығының оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары (Ұлттық қорғаныс университетінде – бастықтың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары) оқу-әдістемелік кеңестің төрағасы болып табылады. Оқу-әдістемелік кеңестің құрамына оқу бөлімінің (оқу-әдістемелік басқарманың) бастығы, факультеттер бастықтары, кафедралар (циклдер) бастықтары (меңгерушілері), кафедралар бастықтарының орынбасарлары, факультет профессорлары мен доценттері, факультет батальондарының командирлері кіреді. ӘОО бастығының бұйрығымен тағайындалатын оқу бөлімінің әдіскері оқу-әдістемелік кеңестің хатшысы болып табылады. Оқу-әдістемелік кеңестің хатшысы отырыстардың хаттамаларын ресімдейді, оларды тігеді және шешімдердің орындалуын бақылайды. Оқу-әдістемелік кеңес 2 айда 1 реттен сиретпей отырыс өткізеді. Оқу-әдістемелік кеңестің жұмыс жоспарын оқу бөлімі (оқу-әдістемелік басқармасы) оқу жылына арнап әзірлейді және оны ӘОО-ның бастығы бекітеді. Оқу-әдістемелік кеңестің шешімі отырысқа оның тізімдік құрамының кемінде 2/3 бөлігі қатысқан және қабылданған шешімге қатысушылардың 50 %-дан астамы дауыс берген жағдайда заңды болады.

      14. Ғылыми кеңес ғылыми-зерттеу жұмысының, ӘҒБ, монографиялар мен ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтарын басып шығару мәселелерін шешеді. ӘОО бастығының оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары (Ұлттық қорғаныс университетінде – бастықтың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары) ғылыми кеңестің төрағасы болып табылады. Ғылыми кеңестің құрамына ғылыми бөлімнің бастығы, кафедра бастықтары, кафедралардың (ғылыми-зерттеу институтының) профессорлары мен доценттері, ғылыми дәрежелері бар адамдар кіреді. Ғылыми кеңестің хатшысы ғылыми бөлімнің (ғылыми-зерттеу институтының) ғылыми қызметкерлерінің қатарынан ӘОО бастығының бұйрығымен тағайындалады. Ғылыми кеңестің хатшысы хаттамаларды ресімдейді, оларды тігеді және шешімдердің орындалуын бақылайды. Ғылыми кеңес 3 айда 1 реттен сиретпей отырыс өткізеді. Ғылыми кеңестің жұмыс жоспарын ғылыми бөлім әзірлейді және оны ӘОО бастығы бекітеді. Ғылыми кеңестің хаттамасы отырысқа оның тізімдік құрамының кемінде 2/3 бөлігі қатысқан және қабылданған шешімге қатысушылардың 50 %-дан астамы дауыс берген жағдайда заңды болады.

      15. Бірінші курста оқитын білім алушылардың сандық құрамы жыл сайын ҚР ҚМ ӘОО-лар мамандықтар мен тиісті біліктіліктер бойынша әскери кадрларды даярлауға қабылдау жоспарына сәйкес айқындалады. Қабылдау жоспары ӘОО-ларға оқуға түсетін жылғы 1 наурыздан кешіктірілмей жеткізіледі.

3. ӘОО-лардағы оқу-тәрбие қызметінің тәртібі

      16. Оқу процесі ӘОО-лар қызметінің негізгі түрі болып табылады және оқу сабақтарының барлық түрлерін, ағымдағы, аралық және қорытынды аттестаттауды, білім алушылардың оқу материалын меңгеруін жоспарлауды, ұйымдастыруды және жүргізуді қамтиды.

      17. "Білім туралы" Заңның 55-бабына сәйкес білім сапасын басқару мақсатында жыл сайын тәрбиеленушілердің оқу жетістіктерін бағалау, денсаулық жағдайын тексеру және кәсіби-психологиялық тестілеу жүргізу үшін комиссия құрылады.

      18. Тәрбиеленушілерді оныншы сыныптан кейін жалпы білім беретін мектептерге ауыстыруға мыналар:

      1) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысына байланысты білім алушыны денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз немесе шектеулі жарамды деп тану;

      2) "Бастапқы әскери дайындық" және (немесе) "Дене шынықтыру" пәндері бойынша "жақсы" деген бағадан төмен бағалардың болуы;

      3) кәсіби-психологиялық тестілеу нәтижелері бойынша "ұсынылмайды" деген қорытындыны болуы негіз болып табылады.

      19. ӘОО-ларда кадрларды даярлау техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады.

      20. Жоғары білім беру бағдарламалары бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін кредиттік оқыту технологиясы қолданылады. Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін кредиттік оқыту технологиясы және қашықтықтан білім беру технологиясы қолданылады.

      21. Оқу процесін қажетті оқу-материалдық базамен қамтамасыз ету мақсатында ӘОО-ларда оқу және мамандандырылған дәрісханалар мен зертханалар көзделеді. Практикалық сабақтарды пысықтау үшін ӘОО-ларда оқу-жаттығу орталықтары, полигондар мен әуеайлақтар жабдықталады.

      22. ӘОО-да мынадай:

      1) білім алушылардың білімін бағалаудың балдық-рейтингілік жүйесі туралы;

      2) жұмыстық оқу бағдарламаларының нысаны, құрылымы, оны әзірлеу және бекіту тәртібі туралы;

      3) оқу-әдістемелік кабинет туралы;

      4) оқу процесінің, оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қызметтің құжаттамасын жүргізу туралы ережелер әзірленеді және оларды бастық бекітеді.

      23. ӘОО-ларда оқытушылар мен кафедралардың рейтингісі әзірленеді.

      24. ӘОО-да сабақтар академиялық лектер, взводтар, топтар мен шағын топтар құрамында өткізіледі.

      25. ӘОО-лардың тәрбие қызметі оқу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады.

      26. ӘОО-лардың тәрбие қызметі ӘОО бастығы бекіткен ӘОО-ның тәрбие және идеологиялық жұмыс жоспары негізінде жүзеге асырылады. Тәрбие және идеологиялық жұмыс жоспарын тәрбие және идеологиялық жұмыс бөлімі оқу жылына әзірлейді, оны БҒД бастығымен келіседі және оқу жылы басталғанға дейін екі апта бұрын ӘОО бастығы бекітеді.

      27. Тәрбие және идеологиялық жұмыс жоспары мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) әскери-патриоттық жұмыс;

      2) көшбасшылық қасиеттерін тәрбиелеу;

      3) әскери этика рухында тәрбиелеу;

      4) идеологиялық жұмыс және ақпараттық қарсы іс-қимыл;

      5) мәдени-бос уақыт жұмысы;

      6) психологиялық жұмыс;

      7) имидждік жұмыс және қоғаммен байланыс.

      28. Тәрбие және идеологиялық жұмыс жоспарына мынадай бөлімдер енгізіледі:

      1) әскери-патриоттық жұмыс – білім алушыларда патриотизмді, Қазақстан Республикасына адалдықты, мемлекет мүддесінде өзін құрбан етуге әзір тұруды қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру, сондай-ақ білім беру ұйымдарында, қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарда білім алушылардың қатысуымен және қоғамда әскери-патриоттық рухты қалыптастыру мақсатында әскери патриоттық іс-шараларды жүргізу;

      2) көшбасшылық қасиеттерін тәрбиелеу мыналар:

      танымал тұлғалармен кездесулер ұйымдастыру, жастар ұйымдарын құру, пікірталас клубтарын, әскери-ғылыми қоғамдар, көңілділер мен тапқырлар клубының командаларын құру арқылы білім алушылардың көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыру жөніндегі;

      әскери-спорттық ойындар, эстафеталар өткізу, спорт командаларын құру арқылы салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру жөніндегі;

      өзін-өзі бақылау, өзін-өзі дамыту қабілеттерін, табандылықты, күш-жігерлік қасиеттерін тәрбиелеу, ұрыста қорқынышты жеңе білуді, өзін бір нәрседен шектей білуге дағдыландыру арқылы мінезін және жеке басының тәртібін қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      3) әскери этика рухында тәрбиелеу – білім алушыларда мыналарды:

      патриот азаматтың, әскери кәсіпқойдың, сенімді отан қорғаушының адамгершілік қасиеттерін;

      әскери борыш, әскери жолдастық, әскери намыс, батылдық, ерлік және т.б. сияқты әскери-этикалық санаттарды насихаттау арқылы әскери моральды;

      білімділікке, жоғары мәдениеттілікке және зиялылыққа бағытталған қазіргі заманғы офицер этикасын қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      4) идеологиялық жұмыс және ақпараттық қарсы іс-қимыл – қазақстандық мемлекеттілік негіздерін, саяси жүйені және әлеуметтік-экономикалық модельді, ұлттық және жауынгерлік дәстүрлерді насихаттау жөніндегі іс-шараларды, мемлекетке, оның конституциялық құрылымына қарсы және Қазақстан Республикасының азаматтары арасында араздықты қоздыруға және діни экстремистік мазмұндағы басқа да құрылымды бұзатын идеяларға бағытталған насихатқа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      5) мәдени-бос уақыт жұмысы – білім алушылардың жалпы мәдениетін тәрбиелеу, әлемдік және қазақстандық өнерге баулу, шығармашылық қабілеттерін дамыту, мәдени ой-өрісін кеңейту, рухани мәнді бос уақыты мен демалысын ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      6) психологиялық жұмыс – білім алушылардың психикалық денсаулығын сақтау, жағдайдың кез келген шарттарында міндеттерді орындау кезінде қажетті моральдық-психологиялық қасиеттерді қалыптастыру, дамыту және сақтау, жеке құрамға теріс ақпараттық-психологиялық ықпал етуге қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      7) имидждік жұмыс және қоғаммен байланыс – Қарулы Күштердің және ӘОО-ның имиджін, әскери кәсіптің беделін арттыру, бітірушілер қауымдастығын құру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру.

      29. ӘОО-ның тәрбие және идеологиялық жұмыс жоспарында конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер мен тренингтер өткізу жоспарланады.

      Тренингтерді ӘОО-ның (факультеттің) қолбасшылығы, кафедралар бастықтары, олардың орынбасарлары, профессорлар, доценттер мен аға оқытушылар тәрбие және идеологиялық жұмыстың бағыттары бойынша өткізеді. Әскери және адамгершілік тәрбие беру жөніндегі тренингтерді Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің басшылық құрамы өткізеді. Жекелеген тренингтерді өткізу үшін басқа жоғары оқу орындарынан, ұйымдардан, мекемелерден ғалымдар мен профессорлар шақырылатын болады.

      30. ӘОО-да интернет-ресурс жұмыс істейді, онда ӘОО-ны дамыту стратегиясы, оқу процесі, ӘОО-ның мәдени өмірі көрсетіледі. Сайттың мазмұны мен оны толықтыру үшін ӘОО бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары жауапты болып табылады. Интернет-ресурсты жаңарту айына бір реттен сиретпей жүзеге асырылады. Интернет-ресурстың мазмұны мен оны толықтыру БҒД-мен келісіледі.

      31. ӘОО-ның интернет-ресурсы мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) байланысу ақпараты бар негізгі парақша;

      2) ӘОО-ға оқуға түсу қағидалары;

      3) басшылық туралы мәліметтер;

      4) тарихи анықтама;

      5) бейнематериалдар;

      6) оқу процесі;

      7) шығармашылық және басқа да жетістіктер.

      32. ӘОО-да айына бір реттен сиретпей кезеңділікпен ішкі газетті шығару жөніндегі жұмыс жүзеге асырылады. Газеттің мазмұны мен оны толықтыруға ӘОО бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары жауапты болып табылады. Газеттің әр нөмірі БҒД бастығының және басқа да ӘОО-лардың мекенжайына жолданады.

      33. Тәрбие және идеологиялық жұмыс процесінің құрамдас бөлігі, білім алушылардың санасына, күш-жігері мен сезіміне ықпал ету құралы ретінде ӘОО-да мынадай тәрбиелеу әдістері қолданылады:

      1) жеке (тікелей) ықпал ету әдістері;

      2) ұжымдық (ұжым арқылы жанама) ықпал ету әдістері;

      3) ынталандыру әдістері;

      4) бағалау және түзету әдістері.

      34. ӘОО-дағы тәрбие және идеологиялық жұмыс Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы, Әскери этика, Логика, Саясаттану және геосаясат, Философия, Көшбасшылық және басқару стилі, Ақпараттық қауіпсіздік, Дінтану, Әскери құқық негіздері сияқты пәндерді оқыту арқылы оқу процесінде жүргізілуге тиіс.

      35. ӘОО-да тәрбие жұмысы әскери тәртіп пен құқық тәртібін нығайту жөніндегі іс-шаралар кешені сияқты, соның ішінде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың профилактикасы ретінде оқу уақытынан тыс уақытта жүргізіледі.

5. ӘОО-лардың ғылыми-зерттеу қызметінің тәртібі

      36. ӘОО-ның құрылымдық бөлімшелерінде іргелі, ізденістік, қолданбалы, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен инновациялық қызметті ұйымдастыру және жүргізу жүзеге асырылады.

      37. ӘОО-ның ғылыми-зерттеу жұмысын үйлестіруді ӘОО бастығының оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары (ұлттық университетте – бастықтың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары) және ғылыми бөлім (ғылыми-зерттеу институты) (бұдан әрі – ғылыми бөлім) жүзеге асырады.

      38. Ғылыми бөлім ӘОО-дағы ғылыми жұмысты жоспарлауды және ұйымдастыруды, ғылыми-педагогикалық және ғылыми кадрларды дайындауды жүзеге асырады. Оған мыналар:

      1) ӘОО-ның ғылыми жұмыс жоспарын әзірлеу және оның орындалуын бақылау;

      2) ғылыми зерттеу жұмысын ұйымдастыру және олардың нәтижелерінің енгізілуін есепке алу;

      3) ғылыми жұмысқа бөлінетін қаражаттың пайдаланылуын бақылау;

      4) ғылыми мекемелермен, басқа да ӘОО-лармен, әскерлермен және кәсіпорындармен ғылыми байланыстарды ұйымдастыру және жүзеге асыру;

      5) ӘОО-лар арасында және ӘОО-лардың конференциялары мен семинарларын ұйымдастыру және өткізу;

      6) әскери-ғылыми қоғамдардың жұмысын ұйымдастыру және бақылау;

      7) өнертапқыштық жұмысты жоспарлау және ұйымдастыру жүктеледі.

      39. Ғылыми бөлім мынадай құжаттарды:

      1) ӘОО-ның жылдық ғылыми жұмыс жоспарын және есеп берулерді;

      2) әскери-ғылыми қоғам туралы ережені, олардың жұмыс жоспарлары мен есеп берулерді;

      3) ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жоспарын және есеп берулерді;

      4) ғылыми кеңес отырыстарының жоспарын және отырыстар хаттамаларын;

      5) ӘОО-ның редакциялық баспа жұмысы жоспарын және есеп берулерді әзірлейді және жүргізеді.

      40. Ғылыми бөлім факультеттермен, кафедралармен, бөлімдермен және қызметтермен бірлесіп, ӘОО-ның ғылыми жұмыс жоспарын әзірлеуді жүзеге асырады. ӘОО-ның оқу жылына арналған ғылыми жұмыс жоспары ғылыми кеңестің отырысында қаралады, оны ҚР ҚМ Білім және ғылым департаментінің (бұдан әрі – БҒД) бастығы келіседі және оқу жылы басталғанға дейін 1 ай бұрын кешіктірмей ӘОО бастығы бекітеді. ӘОО-ның ғылыми жұмыс жоспарының орындалу барысы ғылыми кеңестің әрбір отырысында талқыланады.

      41. Жылдық ғылыми жұмыс жоспары мынадай міндетті бөлімдерден тұрады:

      1) түсіндірме жазба;

      2) ғылыми-зерттеу жұмыстарының тізбесі;

      3) жедел (жауынгерлік) және жұмылдыру дайындығы іс-шараларындағы зерттеулер;

      4) ғылыми конференциялар (семинарлар, дөңгелек үстелдер, форумдар);

      5) әскери-ғылыми қоғамның қызметі.

      ӘОО-ның ғылыми жұмысымен байланысты басқа да бөлімдерді қосуға жол беріледі.

      42. Профессорлық-оқытушылар құрамы ғылыми-зерттеу жұмыстарын негізгі қызмет және жұмыс уақытында жеке жұмыс жоспарына сәйкес орындайды. Әрбір кафедра жылына кемінде бір ғылыми-зерттеу жұмысын орындауға тиіс.

      43. Магистрлік және докторлық диссертациялардың тақырыптарын тақырыпқа тапсырыс берушілерді көрсете отырып, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы бекітеді.

      Магистрлік және докторлық диссертациялардың, дипломдық жұмыстардың тақырыптары жыл сайын кемінде 50 %-ға жаңартылады. Дипломдық жұмыстардың тақырыптарын тапсырыс беруші келіседі және ӘОО-ның бастығы бекітеді.

      44. ӘОО-лар ғылыми-педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және дайындау бойынша ұдайы жұмыс жүргізеді. ӘОО-ларда ғылыми-педагогикалық және ғылыми кадрларды дайындау, соның ішінде қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша ұйымдастырылады және жүргізіледі.

      45. Қашықтықтан білім беру технологиясы бойынша оқытылатын магистранттар мен докторанттар магистрлік және докторлық диссертациялар жазу жоспарларын, диссертациялар бойынша зерттеулер нәтижелерін ұсынады және ӘОО-ның ғылыми кеңесі алдында ғылыми кеңестің әрбір отырысында атқарылған жұмыс туралы есеп береді.

      46. Ұлттық қорғаныс университетінің ғылыми бөлімі жыл сайын магистрлік және докторлық диссертациялар жинағын жасайды және электрондық және/немесе баспа түрінде басып шығарады, ӘОО-ларға, ҚР ҚМ, ҚР ҚК Бас штабының құрылымдық бөлімшелеріне таратады. Магистрлік және докторлық диссертациялар негізінде электрондық және/немесе баспа түрінде монографиялар, оқу басылымдары басып шығарылады.

      47. Әскери-ғылыми қоғам құжаттары ӘОО-ның әскери-ғылыми қоғамы туралы ереже негізінде әзірленеді. Әскери-ғылыми қоғамдар мамандарды даярлау бейіндері мен тиісті біліктіліктер бойынша ӘОО-да кемінде үш қоғам санында құрылады. Әскери-ғылыми қоғамның жұмысына жалпы басшылық жасау ӘОО бастығының оқу және ғылыми жұмыстар (ғылыми жұмыс) жөніндегі орынбасарына жүктеледі және ол оны ғылыми бөлім, тиісті факультеттер мен кафедра бастықтары арқылы жүзеге асырады. Әскери-ғылыми қоғамның жұмысы ӘОО ауқымында ұйымдастырылады, тікелей ӘОО-ның кафедралары мен ғылыми бөлімшелерінде жүргізіледі.

      48. Әскери-ғылыми қоғам қызметінің негізгі бағыттары мыналар:

      1) әскери-ғылыми шығармашылыққа қызығушылықты қалыптастыру, ғылыми-техникалық міндеттерді дербес шешу әдістемесіне және тәсілдеріне және ғылыми ұжымдарда жұмыс істеу дағдыларына үйрету;

      2) шығармашылық ойлау мен дербестікті дамыту, оқыту кезінде алған білімдерін тереңдету және бекіту;

      3) анағұрлым дарынды және талантты білім алушыларды анықтау, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін әскери ғылымның өзекті міндеттерін шешу үшін пайдалану;

      4) жеке құрамды оқыту, қару-жарақты, әскери техника мен оқу-материалдық базаны жетілдіру саласындағы инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу;

      5) анағұрлым қабілетті және үлгерімі жоғары білім алушылар қатарынан ғылыми-педагогикалық және ғылыми кадрлар резервін даярлау;

      6) әскери-ғылыми және әскери-техникалық білімді танымал ету, әскери-патриоттық жұмысты жүргізу болып табылады.

      49. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау нәтижелері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау бойынша күнтізбелік жоспарда көзделген аралық және қорытынды есеп берулер дайындалады. Ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша есеп берулер монографиялар мен оқу құралдары түрінде басылып шығарылады.

      50. Ғылыми бөлім оқу жылында кемінде екі ғылыми-практикалық және/немесе ғылыми-теориялық конференциялар өткізеді. Конференция аяқталғаннан кейін материалдар жинақ түрінде басылып шығарылады, даналары БҒД-ға, ӘОО-ларға, ҚР ҚМ, ҚР ҚК Бас штабының құрылымдық бөлімшелеріне беріледі.

      51. ӘОО-ларда ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми-зерттеу зертханалары құрылады.

      52. Ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы ғылыми-зерттеу институты қызметінің негізгі міндеттері мен бағыттары мыналар:

      мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әскери өнер, құрылыс, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін даярлау және қолдану саласындағы іргелі және ғылыми-қолданбалы зерттеулерді жүргізу;

      әскери салада ғылыми-техникалық прогрестің дамуын талдау және қамтамасыз ету, әскери ғылымның рөлін күшейту, қару-жарақ пен техниканы жасау және жетілдіру жобаларын әзірлеу, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде ақпараттық технологияларды дамыту;

      әскери ғылым теориясы мен жалпы негіздерін және қарулы күрес заңдылықтарын дамыту;

      оқу-жаттығуларда, білім алушылардың тағылымдамалардан өту кезінде, сондай-ақ әскерлердің күнделікті қызметінде алынған ғылыми ақпаратты жинау және жинақтау;

      әскери өнер тарихын, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы мен дамуын, олардың жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетін арттыруды, әскери теорияның, практиканың және қарулы күрес құралдары мен тәсілдерін дамыту перспективаларын ескере отырып, әскери экономиканың проблемаларын жан-жақты зерделеу;

      әскери педагогика мен психологияны, оқыту мен тәрбиелеу әдістемесін, оқу процесін жоспарлау мен ұйымдастыруды, оқу-материалдық базаны дамытуды жетілдіру және әскери білім берудің басқа да өзекті мәселелері;

      қорғаныс пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған өнімді құру, жаңғырту бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу;

      мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде қару-жарақ пен әскери техниканы, телекоммуникациялар мен байланысты, ақпараттық технологияларды дамыту мен жетілдіру перспективаларын негіздеу;

      жаңа білімдерді құру негіздері ретінде әскери саладағы іргелі зерттеулерді дамыту;

      жаңа технологияларды игеру, әскери ғылым мен техниканы дамытудың маңызды бағыттарында ғылыми мектептер мен жетекші ғылыми-педагогикалық ұжымдарды құру мен дамыту;

      әскери қауіпсіздікті, әскери құрылысты қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану мәселелерін зерттеу;

      жоғары әскери білім беруді қалыптастыру мен дамытудың теориялық және әдістемелік негіздерін зерттеу және әзірлеу, әскери ғылымның білім беру мен тәрбие міндеттерін шешуге, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған ғылымның базистік, айқындаушы сипатын сақтауға және нығайтуға ықпал етуді күшейту;

      қару-жарақ пен әскери техниканы жаңартудың және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды жүргізудің басым міндеттерін шешуге арналған ҚР ҚМ ғылыми мекемелерінің ғылыми-техникалық әлеуетін тиімді пайдалану;

      маңызды ғылыми-техникалық міндеттерді бірлесіп шешу, жоғары технологиялар құру және әскери оқу орындарының әзірлемелерін өндірісте қолдануды кеңейту мақсатында ғылыми, жобалау-конструкторлық, технологиялық ұйымдармен және өнеркәсіп кәсіпорындарымен ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың жаңа, прогрессивті нысандарын дамыту;

      ғылыми-техникалық және өндірістік-технологиялық салалардың, өнімді, көрсетілетін қызметтерді және өндірісті жаңартуды ұйымдастыру мен басқаруды жетілдіретін өнімнің, технологиялық процестің, көрсетілетін қызметтің немесе жаңа шешімнің жаңа немесе жетілдірілген түрлерін құру және игеру мақсатында инновациялық қызметті дамыту;

      ғылым теориясын және ғылыми-педагогикалық жұмыскерлер мен білім алушылардың шығармашылық қызметін дамыту;

      ғылыми-зерттеу институтында ғылыми-техникалық прогрестің жаңа жетістіктері негізінде білікті мамандарды және жоғары білікті ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауды қамтамасыз ету;

      әлемдік ғылым және білім беру жүйесіне кіру және ғылыми-техникалық өнімді бірлесіп әзірлеу мақсатында шет елдердің оқу орындарымен және фирмаларымен халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту;

      сапалы жаңа эксперименттік-өндірістік базаны құру;

      оқытудың интерактивті әдістерін, қолданбалы компьютерлік бағдарламаларды енгізу, электрондық оқу басылымдарын әзірлеу;

      ғылыми конференциялар, көрмелер, семинарлар, кеңестер, форумдар, симпозиумдар, тренингтер мен басқа да ғылыми іс-шараларды жүргізу болып табылады.

      53. Ғылыми-зерттеу зертханасы ӘОО-ның даярлау бағыттары бойынша құрылымдық бөлімше түрінде құрылады және ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың озық деңгейіне қол жеткізу, сондай-ақ зертхананың материалдық-техникалық және кадр әлеуетін тиімді қолдану мақсатында жұмыс істейді.

      Ғылыми-зерттеу зертханасы мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге қатысады;

      2) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу жөніндегі әдістемелер мен бағдарламаларды, нормативтік және технологиялық құжаттарды әзірлейді және жетілдіреді;

      3) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, маркетингтік зерттеулерді, машиналардың, жабдықтардың, аспаптардың, бұйымдардың, материалдардың жаңа үлгілерін тәжірибелік тексеруді және технологиялық процестерді жүргізуде әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді;

      4) жүргізілетін жұмыстардың жоғары тиімділігін қамтамасыз етеді, ғылыми-зерттеу жұмыстарының бекітілген тапсырмалар мен бағдарламаларға сәйкес уақтылы әрі сапалы орындалуына бақылауды жүзеге асырады;

      5) орындалған және орындалатын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар туралы ақпаратты жинауды, сақтауды және жүйелеуді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген зияткерлік меншік құқығын қорғау, мемлекеттік және коммерциялық құпияларды қорғау туралы талаптарды сақтай отырып жүзеге асырады;

      6) ғылыми-зерттеу зертханасы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды, сондай-ақ кадрларды даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асырады.

4. Басшылық және профессорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру тәртібі

      54. ӘОО штабы ӘОО-ның ішкі қызметін, жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін жоспарлауды, ұйымдастыру мен бақылауды, ӘОО лауазымды адамдарының (бөлімшелерінің) мемлекеттік құпияларды қорғау, метрологиялық камтамасыз ету, заңнаманың, берілген және алынған бұйрықтардың орындалуын бақылау және профессорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыруды жоспарлау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру мен бақылауды жүзеге асырады.

      55. Басшылық және профессорлық-оқытушылар құрамы лауазымдарына тікелей әскерлерден ӘОО-ға тағайындалатын офицерлерді даярлау педагогикалық шеберлік курстарында жүзеге асырылады. Оларды оқу және оқытушылық қызметке жіберу осы курстарда оқытылғаннан кейін жүргізіледі.

      Педагогикалық шеберлік курстарының бағдарламасын БҒД бекітеді және ӘОО ұйымдастырады.

      56. Профессорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру мынадай курстарда:

      оқытушы-әскери қызметшілер – ӘОО-лар мен БҒД ұйымдастыратын ұзақтығы кемінде 72 академиялық сағат болатын біліктілікті арттыру курстарында;

      оқытушы-қызметшілер – оқу орындарында ұзақтығы кемінде 72 академиялық сағат болатын біліктілікті арттыру курстарында жүзеге асырылады.

      57. Профессорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты ӘОО-ның кадрлар органы жылдық біліктілікті арттыру перспективалық және жоспарлары негізінде ұйымдастырады.

      58. Профессорлық-оқытушылар құрамын біліктілікті арттыру курстарында оқыту бес жылда бір реттен сиретпей жүргізіледі.

      Профессорлық-оқытушылар құрамының әскерлерде тағылымдамадан өтуі кемінде үш жылда бір рет кезеңділікпен ұзақтығы кемінде отыз тәулік болып жүргізіледі.

      59. Профессорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру мақсатында ӘОО-ның штабы ғылыми және оқу бөлімдерімен бірлесіп мыналарды:

      1) оқу-әдістемелік жиындарды;

      2) шешендік шеберлік бойынша тренингтер мен шеберлік сыныптарын;

      3) көшбасшылық қасиеттерге қол жеткізу жөніндегі семинарларды өткізеді.

      Осы іс-шараларды жүргізу кезеңділігі кемінде екі айда бір рет не оқу жылы ішінде кемінде төрт рет болады.

      Профессорлық-оқытушылар құрамының әрқайсысы оқу-әдістемелік жиыннан, тренингтер мен семинарлардан өтеді және жылына кемінде бір сертификат алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады