Номиналды ұстаушылардың электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 27 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 ақпанда № 13310 болып тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрық 01.04.2016 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Номиналды ұстаушылардың электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бекітілсін.

      2. Бағалы қағаздар нарығының субъектілерін қадағалау департаменті (Хаджиева М.Ж.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2016 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 28 қаңтардағы
№ 27 қаулысымен
бекітілген

Номиналды ұстаушылардың электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Номиналды ұстаушылардың электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және бағалы қағаздарды номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығына ие брокерлердің және (немесе) дилерлердің (бұдан әрі – брокер) электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібі мен талаптарын айқындайды және электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынатын брокерлерге қолданылады.

      Кастодиандық қызметті жүзеге асыратын банктер және орталық депозитарий Қазақстан Республикасының банктік қызмет туралы, бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында, сондай-ақ олардың ішкі құжаттарында айқындалған тәртіппен және талаптарда электрондық көрсетілетін қызметтерді көрсетеді.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық операция – номиналды ұстауды есепке алу жүйесіндегі операция, мыналар бойынша:

      клиенттің жеке шотынан үзінді-көшірме беру;

      жүргізілген операциялар туралы есеп беру;

      клиенттің сұратуы бойынша басқа есептер дайындау және беру;

      2) аутентификация – брокер белгілеген қауіпсіздік рәсімін пайдалану жолымен клиенттің жеке басын, электрондық құжат жасаудың түпнұсқалылығын және дұрыстығын растау;

      3) биометриялық сәйкестендіру – "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын ескере отырып, клиенттің физиологиялық және биологиялық ерекшеліктері негізінде электрондық көрсетілетін қызметтерді алуға құқықтарын бір мәнді растау мақсатында оның жеке басын анықтау рәсімі;

      4) брокердің сауда платформасы – қор биржасының сауда жүйесінде және (немесе) халықаралық бағалы қағаздар нарығында қаржы құралдарымен операциялар туралы, қор биржасының сауда жүйесінде шетел валютасымен операциялар (қолма-қол емес шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға қатысты), клиенттің бағалы қағаздарының портфелі және өзге де қаржы құралдары туралы ақпарат, өзге де ақпарат алуды, сондай-ақ клиентке электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелерін қоса алғанда, брокердің бағдарламалық және техникалық құралдарының жиынтығы;

      5) брокердің ішкі қағидалары – брокердің электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну ерекшеліктері белгіленетін, брокердің электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібі мен талаптары, қауіпсіздік рәсімдерінің сипаттамасы, ұйымдастыру шаралары және брокердің электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдар қамтылатын брокердің қағидалары;

      6) бір реттік (біржолғы) код – клиенттің сұратуы бойынша бағдарламалық-аппараттық құралдар арқылы жасалатын және клиентке брокердің электрондық көрсетілетін қызметтеріне қолжетімділікті ұсыну кезінде біржолғы пайдалануға арналған электрондық цифрлық символдардың бірегей жүйелілігі;

      7) жеке кабинет – ол арқылы клиент брокерге электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынуға тапсырма жіберетін, электрондық көрсетілетін қызметтерді алатын брокердің сауда платформасындағы интерактивті сервис;

      8) жеке шот бойынша операция – номиналды ұстауды есепке алу жүйесіндегі операция, мыналар бойынша:

      жеке тұлғаға жеке шот ашу;

      клиент туралы мәліметтерді (эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша міндеттемелері бойынша талап ету құқығын) өзгерту;

      клиенттің шоттарынан (шоттарына) бағалы қағаздарды есептен шығару (есепке алу);

      клиенттің жеке шоттарынан (шоттарына) эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша міндеттемелері бойынша талап ету құқығын есептен шығару (есепке алу);

      бағалы қағаздарға (эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша міндеттемелері бойынша талап ету құқығына) ауыртпалық салу және ауыртпалықты алу;

      сенімгерлік басқарушы туралы жазбаларды енгізу және сенімгерлік басқарушы туралы жазбаларды жою;

      9) клиент – брокермен электрондық көрсетілетін қызметтердің талаптары мен тәртібін қамтитын брокерлік қызмет ұсыну туралы шартты жасаған жеке немесе заңды тұлға;

      10) клиентті динамикалық сәйкестендіру – бір реттік (бір жолғы) немесе көп реттік кодты пайдалану арқылы оның электрондық көрсетілетін қызметтерді алу құқығын бірыңғай растау мақсатында клиенттің жеке басын растауды белгілейтін рәсім;

      11) клиенттің тапсырмасы - электрондық құжат нысанында немесе өзге электрондық цифрлық нысанда жасалған, клиентті серпінді және (немесе) биометриялық сәйкестендіру арқылы куәландырылған клиенттің брокерге электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынуға нұсқаулығы;

      12) көп реттік код – клиенттің сұратуы бойынша бағдарламалық-аппараттық құралдар арқылы жасалатын және клиентке брокердің электрондық көрсетілетін қызметтеріне қолжетімділікті ұсыну кезінде белгілі бір уақыт кезеңі ішінде көп реттік пайдалануға арналған электрондық цифрлық символдардың бірегей жүйелілігі;

      13) қауіпсіздік рәсімі – клиенттің электрондық көрсетілетін қызметтерді алу құқығын белгілеу және клиенттің берілетін және алынатын тапсырмаларының мазмұнындағы қателерді және (немесе) өзгерістерді анықтау мақсатында клиенттің тапсырмаларын жасау, беру және алу кезінде клиентті сәйкестендіруге арналған ұйымдастыру шараларының және бағдарламалық-техникалық ақпарат қорғау құралдарының кешені;

      14) қор биржасының сауда жүйесі – осы қор биржасының мүшелері арасында эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен оларды пайдалана отырып мәмілелер жасалатын, қор биржасының материалдық-техникалық құралдарының, ішкі құжаттарының және өзге қажетті активтер мен рәсімдердің кешені;

      15) сауда операциясы - брокер клиенттің тапсырмасына сәйкес мыналар бойынша жүзеге асыратын операция:

      қор биржасының сауда жүйесінде және (немесе) халықаралық бағалы қағаздар нарығында брокердің сауда платформасы арқылы жүзеге асырылатын қаржы құралдарын сатып алу немесе сату;

      қаржы құралын сатушы мен сатып алушы арасында "төлемге қарай жеткізу" қағидаты бойынша есеп айырысуды көздейтін ұйымдастырылмаған нарықта қаржы құралын сатып алу немесе сату;

      қор биржасының сауда жүйесінде брокердің сауда платформасы арқылы жүзеге асырылатын қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу немесе сату;

      клиенттің шотынан (шотына) ақшаны және (немесе) бағалы қағаздарды есептен шығару (есепке алу);

      16) сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы (бұдан әрі – СДАО) – клиенттерді сәйкестендіру рәсімдерін жүргізу үшін қолжетімді көздерден клиенттердің деректерімен алмасу бойынша брокерлермен және (немесе) дилерлермен өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін банкаралық ақша аударымдары жүйесінің операциялық орталығы;

      17) электрондық көрсетілетін қызметтер – брокер сауда операцияларын, жеке шот бойынша операцияларды және (немесе) ақпараттық операцияларды жүзеге асыру бойынша клиентке брокердің сауда платформасы арқылы ұсынатын қызметтер, сондай-ақ брокер Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына және брокердің ішкі қағидаларына сәйкес ұсынатын өзге де қызметтер.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 21.09.2020 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2. Брокерлердің клиенттерге электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну талаптары

      3. Брокер Қағидалардың талаптарын орындаған кезде және электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну мүмкіндігі электрондық қызметтерді көрсету талаптары және тәртібінен тұратын клиенттің брокермен жасаған брокерлік қызмет көрсету туралы шартта (бұдан әрі – шарт) көзделген жағдайда электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынады.

      4. Брокер электрондық көрсетілетін қызметтерді клиентке Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында және (немесе) халықаралық бағалы қағаздар нарығында мәмілелер жасауға арналған қор биржасының сауда жүйесімен және (немесе) өзге де сауда (ақпараттық) жүйесімен интеграцияланған брокердің сауда платформасындағы клиенттің жеке кабинеті арқылы ұсынады.

      5. Клиент жеке кабинетке кіру үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны не брокердің ішкі қағидаларында және (немесе) шартта көзделген өзге де аутентификация құралдарын пайдаланады.

      6. Брокер электрондық көрсетілетін қызметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін арнайы қосымшаларды (бағдарламаларды) пайдалана отырып, дербес және планшеттік компьютерлер, мобильді телефондар арқылы байланыс арналары бойынша қашықтықтан ұсынады.

      7. Брокер электрондық көрсетілетін қызметтерді клиентке ұсынған кезде сауда операцияларын, жеке шот бойынша операцияларды және ақпараттық операцияларды жүзеге асыру клиенттің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, клиенттің тапсырмасы негізінде және (немесе) клиентті серпінді және (немесе) биометриялық сәйкестендіру арқылы жүргізіледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 21.09.2020 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      8. Алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 21.09.2020 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8-1. Жеке тұлға болып табылатын клиентті қашықтан сәйкестендіру құралдарын пайдалана отырып сәйкестендіру кезінде СДАО және (немесе) мемлекет қатысатын кредиттік бюро қызметтерін пайдалануға рұқсат етіледі.

      Клиентті биометриялық сәйкестендіру құралы ретінде мобильдік құрылғылар (смартфондар) функцияларын немесе клиенттің физиологиялық және биологиялық ерекшеліктерін салыстыруға мүмкіндік беретін қосымшаларды пайдалану физиологиялық және биологиялық ерекшеліктер деректерін СДАО-мен және (немесе) мемлекет қатысатын кредиттік бюромен салыстыруды жүргізбей клиенттің жеке басын растау болып табылмайды.

      Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 21.09.2020 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну және клиентке жеке кабинетке рұқсат беру тәртібі мен талаптары Қағидаларда, шартта және брокердің ішкі қағидаларында реттеледі.

      Брокерге егер ол шартта және (немесе) брокердің ішкі қағидаларында көзделген болса, клиентке бірнеше электрондық көрсетілетін қызметті ұсынуға рұқсат беріледі.

      10. Брокердің сауда платформасы:

      1) сауда операцияларын, жеке шот бойынша операцияларды және (немесе) ақпараттық операцияларды жүзеге асыруды;

      2) сауда операцияларын жүзеге асыру кезінде мазмұны Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9249 тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 9 қаулысымен бекітілген Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидаларымен, брокердің және (немесе) дилердің банк операцияларын жүргізу тәртібімен (бұдан әрі - № 9 Қағидалар) белгіленген деректемелерден тұратын клиенттік тапсырмаларды қалыптастыруды;

      3) клиенттік тапсырмалардың орындалуы туралы есептерді қалыптастыру;

      4) мазмұны Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9876 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 22 қазандағы № 210 қаулысымен (бұдан әрі – № 210 қағидалар) бекітілген Эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмілелерді, эмиссиялық бағалы қағаздар жөніндегі эмитенттердің міндеттемелері бойынша талап ету құқықтарын беруді орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тіркеу, орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде және (немесе) номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде тіркелген тұлғаның жеке шотынан үзінді көшірмені беру және номиналды ұстаушының номиналды ұстауындағы бағалы қағаздары бар клиенттер туралы ақпаратты орталық депозитарийдің және эмитенттің талап етуі бойынша табыс ету қағидаларында ақпаратты қамтитын клиенттің бұйрықтарын қалыптастыру;

      5) № 210 қағидалардың 49-бабымен белгіленген мәліметтерден тұратын клиенттің жеке шотынан үзінді-көшірмені қалыптастыруды;

      6) жүргізілген операциялар туралы есептер және клиенттің сұратуы бойынша басқа есептерді қалыптастыруды;

      7) Бағалы қағаздар нарығы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда клиенттің тапсырмасын орындаудан бас тартуды қалыптастыруды;

      8) өзгертілетін деректердің сақталуы және клиентті іздеу, оның ішінде бұрынғы деректер бойынша; барлық сауда операциялары, брокер клиенттің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) немесе толық атауы өзгерген кезде бүкіл кезең үшін жеке шот бойынша операциялар және (немесе) ақпараттық операциялар бойынша ақпараттың сақталуын;

      9) ақпаратты жеке сұрату бойынша және кез келген критерийлер бойынша сұратуды сақтаумен іздеу, сондай-ақ кез келген параметрлер бойынша ақпаратты іріктеу және алдыңғы күн үшін ақпаратты қарау мүмкіндігін;

      10) барлық операция бойынша ақпаратты өңдеу және қысқартусыз күндер бойынша сақтауды көздейді.

      Брокердің ішкі қағидаларымен және (немесе) шартпен брокер сауда платформасы арқылы ұсынатын қосымша электрондық көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ осындай қызметтерді беру талаптары және тәртібі белгіленуі тиіс.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 21.09.2020 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Брокердің мыналарды жүзеге асыру бойынша электрондық қызметтерді көрсеткен жағдайда:

      1) сауда операциялары:

      брокердің сауда платформасына қатысты Қағидалардың 10-тармағының 4) және 5) тармақшаларымен көзделген талаптары қолданылмайды;

      брокердің сауда платформасы № 210 қағидалардың 31-тармағының екінші бөлігінде белгіленген талаптарды ескереді;

      2) жеке шот бойынша операциялар:

      брокердің сауда платформасына қатысты Қағидалардың 10-тармағының 5) тармақшасының талаптары қолданылмайды;

      сенімгерлік басқарушы туралы жазбаны енгізу және сенімгерлік басқарушы туралы жазбаларды енгізу бөлігінде, брокердің сауда платформасы № 210 қағидалардың 43-тармағының бірінші, екінші және үшінші бөлігінде белгіленген осы операцияларды жүзеге асыру тәртібін, талаптарын және ерекшеліктерін ескереді;

      3) брокердің сауда платформасына қатысты ақпараттық операциялар Қағидалардың 10-тармағының 4) тармақшасының талаптары қолданылмайды.

      12. Қор биржасының сауда жүйесімен интеграцияланған брокердің сауда платформасы қаржы құралдары және олардың бағалары, қор биржасының және (немесе) бағалы қағаздардың халықаралық нарығындағы сауда-саттықтың барысы және нәтижелері туралы ақпаратты хабарлайды.

      Клиенттерге нақты уақыт режимінде хабарланатын ақпаратқа рұқсат беру тәртібі және талаптары, шартпен және брокердің ішкі ережелерімен белгіленеді.

      13. Брокер клиентке шартпен және (немесе) брокердің ішкі ережелерімен белгіленген тәртіпте электрондық көрсетілетін қызметтерді, жеке кабинетті және сауда платформасын пайдаланудың толық нұсқаулықтарын ұсынады.

      14. Сауда операциясын, жеке шот бойынша операцияларын орындау кезінде брокердің сауда платформасы клиентке Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында көзделген негіздемелер бойынша осы операцияларды жасаудан бас тарту туралы хабарлама, оның ішінде мынадай талаптар орын алған кезде:

      1) жеке шоттан есептен шығарылуы тиіс бағалы қағаздар саны, олар бойынша есеп айырысулар оларды жасасқан күні жүзеге асырылатын бағалы қағаздармен мәмілелер бойынша осы шоттағы бағалы қағаздардың санынан артады;

      2) клиенттің шотындағы ақша сомасы олар бойынша есеп айырысулар оларды жасасқан күні жүзеге асырылатын бағалы қағаздармен мәмілелер бойынша сауда операцияларын жасау үшін жеткіліксіз;

      3) есептен шығарылуы тиіс бағалы қағаздар, ауыртпалық түсірілген және (немесе) оқшауланған;

      4) қор биржасының сауда жүйесінде қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу немесе сату жөніндегі мәмілелер № 9 Қағидалардың 63-4-тармағында көзделген сатып алынатын қолма-қол емес шетел валютасымен толық алдын ала ақы төлеу немесе сатылатын қолма-қол емес шетел валютасымен алдын ала жеткізу талаптарына сәйкес келмейді;

      5) қор биржасының сауда жүйесінде қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу немесе сату лимиттері № 9 Қағидалардың 63-5-тармағында белгіленген лимиттерге сәйкес келмейді;

      6) шартта көзделген өзге талаптар кезінде бас тарту туралы хабарлама береді.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.01.2019 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. Брокер сауда платформасын ашу кезінде электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін, брокер сауда платформасын ашудан 5 (бес) жұмыс күн бұрын бұл туралы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды (бұдан әрі – уәкілетті орган) хабардар етеді.

      16. Уәкілетті органға жіберетін хабарламада:

      1) брокердің сауда платформасы арқылы берілетін не оларды беру мүмкіндігі бар электрондық көрсетілетін қызметтер тізбесі;

      2) брокерде растайтын құжаттарды қоса берумен, электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде ақпарат қауіпсіздігі және оған рұқсатсыз қол жеткізуден қорғаудың бекітілген ресімдерінің болуы туралы ақпарат болады.

      17. Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген хабарламадағы ақпаратты өзгерткен жағдайда, брокер осындай өзгерістерді жүзеге асырғаннан кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органды хабардар етеді.

      18. Брокер шараларды, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді (заңдастыру) және терроризмді қаржыландыру сызбасында электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынудың қолданыстағы және енгізілетін әдістері мен технологияларының пайдаланылуына жол бермеу бойынша қажетті рәсімдерді әзірлейді және қабылдайды.

3. Брокер мен дилердің арасындағы шарттық қатынастар

      19. Электрондық көрсетілетін қызметтер клиентке Қағидалардың, сондай-ақ шарттың және электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну шарты мен тәртібін қамтитын брокердің ішкі ережелерінің негізінде ұсынылады.

      20. Брокер электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде шарт мынадай талаптарды:

      1) брокердің сауда платформасы арқылы ұсынылатын электрондық көрсетілетін қызметтердің тізбесін;

      2) электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну және оған кіруге рұқсатты алу тәсілдерін;

      3) брокер электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде туындайтын тараптардың құқықтары мен міндеттерін;

      4) аутентификацияның және клиенттің динамикалық сәйкестендіру, электрондық көрсетілетін қызметтерді алуға клиенттің құқығын растау тәртібін;

      5) брокер электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде туындайтын өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тараптардың жауапкершілігін;

      6) клиенттің алдын ала хабарламасымен электрондық көрсетілетін қызметтерді тоқтата тұру және тоқтату негіздемесін;

      7) брокер электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынған кезде туындайтын даулы жағдайларды шешу тәсілдерін;

      8) электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезде брокердің клиенттен алынған ақпаратты жарияламау туралы талабын;

      9) тараптармен келісілген және Қазақстан Республикасы заңнамасына қарама-қайшы келмейтін өзге де талаптарды қамтиды.

      21. Шартқа электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынудың жеке талаптары брокердің интернет-ресурсында орналастырылған және осындай шарттың талаптары бар электрондық құжатқа сілтеме арқылы қосуға рұқсат беріледі. Бұл жағдайда, брокер клиентке шарттың қолданылу мерзімі ішінде осы электрондық құжатқа кедергісіз қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

4. Қауіпсіздік рәсімдері

      22. Брокердің электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну брокердің белгіленген ішкі ережелерімен және шартпен қауіпсіздік рәсімдеріне сәйкес жүргізіледі.

      23. Қауіпсіздік рәсімдер мыналарды:

      1) клиенттің дәйекті аутентификациясын;

      2) енгізілетін деректердің толықтығын бақылауды (функцияларды немесе барлық жолдарды толық толтырмай операциясын орындаған жағдайда бағдарлама тиісті хабарлама береді);

      3) бағалы қағаздар нарығында коммерциялық құпиясын құрайтын ақпаратқа рұқсат етілмеген қол жеткізуді қорғауды және клиенттің дербес деректерін;

      4) мынадай:

      кез келген уақытта бағдарламалық қамтамасыз етудің кез келген бөлігінде электр қуатын толығымен немесе ішінара өшіру;

      желілердің, телекоммуникациялардың апаты, белгіленген физикалық және виртуалды қосылуларды ажырату кезінде электрондық мұрағатта және деректер базасында ақпараттың тұтастығын және толық сақталуын қамтамасыз етуді қамтиды.

      Ақпараттың сақталуы деректер базасының резервтік көшірмелерін және қосымша серверде транзакциялардың жүйелі журналын кезең-кезеңмен сақтау арқылы қамтамасыз етіледі;

      5) брокердің сауда платформасына және клиенттің жеке кабинетіне рұқсат етілмеген қол жеткізуді болдырмауын қамтиды.

      24. Электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну түпнұсқалығы клиенттің белгіленген ішкі ережелерімен және шартпен қауіпсіздік рәсімдерін орындау нәтижесінде белгіленеді.

      25. Клиент белгіленген ішкі ережелерімен және шартпен қауіпсіздік рәсімдерін орындамаған жағдайда, брокер электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсынбайды.

      26. Бағалы қағаздар нарығында коммерциялық құпиясын құрайтын ақпаратқа және клиенттің дербес деректері рұқсат етілмеген қол жеткізуді, олардың рұқсат етілмеген өзгерістерді анықтаған, рұқсат етілмеген сауда операцияларды, жеке шоты бойынша операцияларды және брокер электрондық қызметтерді ұсынған кезде туындайтын ақпараттық операцияларды жүзеге асырған жағдайда, брокер бұл жөнінде клиентке оларды анықтағаннан кейін келесі жұмыс күннен кешіктірмей хабардар етеді.

      27. Қағидалардың 26-тармағында көрсетілген рұқсат етілмеген іс-әрекеттер туындаған жағдайда, брокер олардың себептерін жою үшін барлық қажетті шараларды дереу қабылдайды.

      28. Брокердің сауда платформасында мыналардың:

      1) белгіленген функцияларды және оларды орындаудың белгіленген тәртібінің бұзылуымен операцияларды орындауға мүмкіндік беретін құралдарының бар болуы;

      2) қалыптастырылған қорытынды есептеріне өзгерістерді тікелей енгізуге мүмкіндік беретін функциялардың болуы;

      3) арнайы осындай операцияларды (функцияларды) қоспағанда, жүргізілген операциялар және жеке шоттардың жай-күйі туралы деректерді өзгерту (жою);

      4) қорытынды нысандарды, оның ішінде клиенттің тапсырысын, клиенттің бұйрығын, клиенттің жүргізілген операциялар туралы есепті, клиенттің жеке шотынан үзінді-көшірмесін форматтауға (өзгертуге) көзделмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады