Тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 24 маусымдағы № 284 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 27 шілдеде № 13998 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 27 қазандағы № ҚР ДСМ-160/2020 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 27.10.2020 № ҚР ДСМ-160/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 18-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін баспа және электрондық түрде ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ұлттық экономика министрі

Қ. Бишімбаев


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2016 жылғы 24 маусымдағы
№ 284 бұйрығымен бекітілген

Тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалауды жүзеге
асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 18-бабына, "Жарнама туралы" 2003 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғым пайдаланылады:

      тағамға биологиялық активті қоспалар (бұдан әрі - ББҚ) – табиғи жолмен алынған немесе жасанды жолмен алынған заттармен бірдей тағам және (немесе) биологиялық активті заттарды (олардың концентраттарын), сондай-ақ адам рационын оңтайландыру мақсатында тамақпен бірге жеуге арналған және тамақтың немесе диеталық тамақтанудың жалғыз көзі болып табылмайтын пребиотикалық құрамдауыштар мен пробиотикалық микроорганизмдерді қамтитын өнімдер.

      3. Қазақстан Республикасында тағамға биологиялық активті қоспалар жарнамасын бақылауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның тағамға биологиялық активті қоспалардың жарнамасын жүзеге асыратын ведомтствосы және оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.

2-тарау. Тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалауды
жүзеге асыру тәртібі

      4. Тағамға биологиялық активті қоспалар жарнамасын орналастыру ол денсаулық сақтау және жарнама саласындағы заңнамаларға сәйкес келген кезде жүзеге асырылады.

      5. Биологиялық активті қоспалар жарнамасы:

      1) мерзімді баспасөз басылымдарын қоспағанда, қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады;

      2) аудио жарнаманың жарнамалық мәтіндерін қоспағанда, жеңіл оқылатын, түсінікті және анық қаріппен басылады;

      3) дәрілік заттармен салыстыруға болмайды;

      4) емдік қасиеттерінің болуы туралы мәліметтерді қамтуға болмайды;

      5) дұрыс және түсінікті болып табылады (арнайы білімді қолданбай немесе арнайы құралдарды қолданбай);

      6) тұтынушыларды олардың сенімін асыра пайдалану арқылы, оның ішінде сипаттамаларына, құрамына, тұтынушылық қасиеттеріне, құнына (бағасына), қолданылуының болжамды нәтижелеріне, зерттеулер мен сынақтар нәтижелеріне қатысты жаңылыстырмайды;

      7) ұтымды қолданылуына ықпал етеді;

      8) мазмұнында жарнамаланатын тағамға биологиялық активті қоспаларды басқа жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларымен салыстыру, сондай-ақ олардың абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтіретін сөздер, бейнелер болмайды;

      9) жарнамада өзінің танымалдығына байланысты биологиялық активті қоспаларды қолдануды және (немесе) тағайындауды көтермелеуі мүмкін ғалымдардың, денсаулық сақтау мамандарының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының ұсынымдарына сілтеме жасауға болмайды.

      6. Тағамға биологиялық активті қоспаларға жарнама мынадай ақпаратты:

      1) сауда атауын;

      2) құрамына кіретін активті құрамдауыштар туралы мәліметтерді;

      3) қолдануға берілетін негізгі ұсынымдарды;

      4) қолдану тәсілі мен дозасын;

      5) негізгі жанама әсерлерін;

      6) негізгі қарсы айғақтарын;

      7) балаларға, жүкті әйелдерге қатысты, сондай-ақ емізу кезеңіндегі айрықша нұсқауларды;

      8) сату шарттарын;

      9) қолдануға көрнекі және түсінікті ұсынымды;

      10) өндірушінің атауын, мекенжайын және Қазақстан Республикасында наразылықтарды қабылдауға өндіруші уәкілеттік берген тұлғаның атын;

      11) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нөмірін, берілген күнін қамтуы тиіс.

      Теле- және радиоарналарына, интернет-ресурстарға арналған жарнама осы тармақтың 1), 7), 9) және 11) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты қамтиды.

      7. Мыналарға:

      1) Қазақстан Республикасында және Еуразиялық экономикалық одағында тіркелмеген тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалауға;

      2) қоғамдық көлікте, тағамға биологиялық активті қоспалардың тағайындалуына, пайдаланылуына және босатылуына қатысы жоқ ұйымдарда олардың жарнамасын таратуға және орналастыруға;

      3) тағамға биологиялық активті қоспаларды бірегей, барынша тиімді және қауіпсіз етіп жарнамада көрсетуге;

      4) жарнамаланатын тағамға биологиялық активті қоспамен емдеудің тиімділігі кепілдендірілген болып табылады, оны қолдану жанама әсерлердің дамуымен ұштаспайды деген болжам туғызуға тыйым салынады.

      8. Биологиялық активті қоспаларды жарнамалау әрбір жағдайда жарнамалау объектісі дәрілік зат болып табылмайтыны туралы ескертумен ілесе жүреді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады