Мемлекеттік архивтердегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 15 маусымдағы № 165 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 шілдеде № 14042 болып тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Тиісті уәкілетті органдардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілердің қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1182 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік архивтердегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Мемлекеттік мұрағаттардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 2 мамырдағы № 93 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8499 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2013 жылғы 25 маусымдағы № 155 (28094) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Мұрағаттық іс және құжаттама департаменті (Д.С. Мұқатаев) заңнамада белгiленген тәртiпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған қағаз және электрондық түрдегі осы бұйрықтың көшірмелерін ресми жариялау үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне, Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілуін;

      3) ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы тармақпен қарастырылған іс-шаралар орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәлімет беруді қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрiне жүктелсiн.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрі
А. Мұхамедиұлы

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрі

      ____________Т. Дүйсенова

      2016 жылғы 21 маусым

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрі

      ____________Қ. Бишімбаева

      2016 жылғы 30 маусым

  Қазақстан Республикасы
  Мәдениет және спорт министрінің
  2016 жылғы 15 маусымдағы
  № 165 бұйрығымен бекітілген

Мемлекеттік архивтердегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары

      Ескерту. Талаптардың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік архивтердегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары (бұдан әрі – Талаптар) еңбек қызметі барысында мемлекеттік архив жұмыскерлерінің (бұдан әрі – жұмыскерлер) өмірі мен денсаулығының сақталуына бағытталған тәртіпті, процедураларды және нормативтерді белгілейді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Талаптарда келесі ұғымдар пайдаланады:

      1) архив – архив құжаттарының жиынтығы, сондай-ақ архив мекемесі немесе мекеменің, ұйымның немесе кәсіпорынның пайдаланушылар мүдделері үшін архив құжаттарын қабылдау мен сақтауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;

      2) архив қоймасы – архив құжаттарын сақтау үшін арнайы жабдықталған үй-жай;

      3) жұмыскер – жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Еңбек қауіпсіздігінің жалпы талаптары

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбына орыс тілінде өзгеріс енгізілді, қазақ тілінде өзгермейді – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мақсатында мынадай іс-шаралар:

      1) жұмыскерлермен өздерінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік архивтің (бұдан әрі – архив) ғимаратын тиісті түрде ұсталуын және өндірістік құрал-жабдықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар архивте еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша мониторинг жүргізу;

      2) Нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12743 болып тіркелген "Өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша міндетті мерзімдік аттестаттау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1057 бұйрығына сәйкес жұмыс жағдайлары бойынша өндірістік объектілеріне аттестаттау өткізу, соның қорытындысы бойынша денсаулыққа зиянды және қауіпті факторларды жою шараларын жүзеге асыру;

      3) архив ғимаратында апатты жағдайлардың дамуын және жұмыскерлеріне зиянды факторлардың әсер етуін болдырмау үшін іс-шаралар қабылдау;

      4) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21443 болып тіркелген "Міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді, зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін және "Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулерден өткізу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушысының 2020 жылғы 15 қазандағы № ҚР ДСМ-131/2020 бұйрығына сәйкес жұмыскерлерді міндетті алдын ала (жұмысқа қабылдану кезінде) және мерзімдік (еңбек қызметі барысында) медициналық тексеруден өткізу және кәсіптік ауруға шалдығу белгілері танылған кезінде іс-шаралар қабылдау;

      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 қазандағы № 1077 қаулысымен бекітілген Өрт қауіпсіздігі қағидаларына (бұдан әрі – Өрт қауіпсіздігі қағидалары) және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 17 тамыздағы № 405 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24045 тіркелген) бекітілген "Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар" техникалық регламентіне (бұдан әрі – Техникалық регламент) сәйкес өрт қауіпсіздігі жүйесіне, ауаны желдету және кондиционерлеу жүйесіне, қорғау жүйесіне және жылыту жүйелеріне тиісті техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыскерлеріне өртке қарсы нұсқаулық жүргізу жүзеге асырылады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2021 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.04.2022 № 93 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

3-тарау. Жұмыс басталар алдындағы еңбек қауіпсіздігінің талаптары

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Жұмысты бастар алдында жұмыскер өзінің жұмыс орнын қарап шығады және жұмыс құрал-жабдықтарының (көшірме жасайтын машина және айқындау машинасы) жарамдығын тексереді.

      5. Адамдар үшін қауіп төндіретін құрал-жабдықтың жарамсыздығын тауып алған жұмыскер, жарамсыз құрал-жабдықты желіден дереу сөндіру бойынша шара қабылдайды және бұл туралы тікелей архивтің құрылымдық бөлімшесінің бастығына, ал ол болмағанда – архив мекемесінің басшысына немесе оның міндетін атқарушы тұлғаға хабарлайды.

4-тарау. Жұмыс уақытындағы еңбек қауіпсіздігінің талаптары

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Архивтердегі жұмыс уақытында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жұмыскерлердің өмірін, денсаулығын және еңбекке жарамдылығын сақтауға бағытталған ұйымдастыру, санитарлық-гигиеналық және емдеу-алдын алу іс-шараларын жүргізу жолымен қамтамасыз етіледі.

      7. Архивте еңбек тәртібі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Еңбек кодексі) сәйкес сақталады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 28.12.2021 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Жұмыс кезінде жұмыскер электр құралдарының, сөндіргіштердің, штепсельдік розеткалардың, сондай-ақ жеке компьютерлердің, принтерлердің, сканерлердің, көшіру аппараттарының, факстардың, тұрмыстық электр құралдары мен жарық құралдарының жарамдылығын тексереді.

5-тарау. Авариялық жағдайлардағы еңбек қауіпсіздігінің талаптары

      Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. От шыққан немесе өрт болған жағдайда архивтің жұмыскерлері дереу жұмысты тоқтатады, жеке компьютерді, электр құралдарын, жұмыс жабдықтарын сөндіреді, өртке қарсы қызметтің қызметкерлерін шақырады және мемлекеттік архивтің басшысына немесе оның міндетін атқарушы тұлғаға хабарлайды.

      10. Апаттық жағдайларда архивтің басшысы немесе оның міндетін атқарушы тұлға Өрт қауіпсіздігі қағидаларына және Техникалық регламентке сәйкес адамдар мен ғимараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылдайды.

      11. Архивтің әр қабатында көрінетін, қол жетімді жерде алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек қобдишасы қарастырылады.

6-тарау. Жұмыс соңындағы еңбек қауіпсіздігінің талаптары

      Ескерту. 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Жұмыс аяқталғаннан кейін жұмыскерлер электр құралдарын, ұйымдастыру техникасын, оның ішінде дербес компьютерлерді, принтерлерді, сканерлерді, көшіру аппараттарын, факстарды, жарық беру құралдарын және өзге де құрал-жабдықты сөндіреді және тоқтан ажыратады.

      13. Ауысым жұмысы кезінде жұмыскер жұмыс орнын жұмысқа жарамды күйінде тапсырады.

7-тарау. Өндірістік процестерге қойылатын талаптар

      Ескерту. 7-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Архив жұмыскерлері өндірістік процестер уақытында Нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12743 болып тіркелген "Жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықты әзірлеу, бекіту және қайта қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 927 бұйрығына сәйкес әзірленген Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау нұсқаулығын басшылыққа алады.

      15. Жазатайым оқиғалар кезінде дереу медициналық көмек шақырылады және зардап шеккен жұмыскерге алғашқы медициналық көмек көрсету шаралары қабылданады.

      16. Жұмыс процесінде жұмыскерлермен жазатайым оқиға болған жағдайда оларға Нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12521 болып тіркелген "Еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 907 бұйрығына сәйкес әлеуметтiк жәрдемақы тағайындалады және төленеді.

8-тарау. Өндірістік орын-жайларға қойылатын талаптар

      Ескерту. 8-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Архив өртке қатысты қауіпті нысандардан (мұнай сақтайтын орындар, бензоколонкалар, автотұрақтар, гараждар) және өндірістік нысандардан алшақ орналасқан арнайы немесе бейімделген ғимаратта орналасады.

      18. Өрт құрал-сайманы мен жабдығына қол жеткiзу, сондай-ақ ғимараттар мен өрт сөндiретiн су көздерiне өту жолдары мен кiреберiстер әрқашан ашық болады.

      19. Архив ғимараты архивтік құжаттарды қабылдау, сақтау, өңдеу, пайдалану бойынша міндеттерді және әкімшілік-шаруашылық, техникалық, тұрмыстық сипаттағы міндеттерді орындауға арналған, негізгі және қосымша орын-жайлардың кешені болып табылады. Орын-жайлардың тиімді жоспарлануы күзет, өрт сигнализациясы құралдарымен жабдықталады және төменгі қабаттағы терезелерде сыртқа қарай ашылатын металл торлармен қорғалады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      20. Архивтің ғимараты орталық сумен жабдықтау жүйесі арқылы шаруашылық-ауыз су, санитарлық-гигиеналық, технологиялық және өртке қарсы қажеттіліктер үшін суық және ыстық сумен қамтамасыз етіледі.

      21. Архив ғимараттарында бумен, сумен және ауамен жылыту жүйелері қолданылады. Жылыту жүйесі үшін температурасы 100оС артық емес су, температурасы 100оС артық емес су буы, 45-70оС дейін қыздырылған ауа қолданылады. Архивтің жылыту жүйесі елді мекеннің орталық жылыту жүйесіне қосылады немесе автономды жылыту жүйесі болады.

      22. Архив ғимараты орналасқан ауданда, атмосфералық ауадағы зиянды қоспалардың тәулік бойындағы орташа шоғырлануы мынадай гигиеналық нормалардан аспайды:

      1) күкірт қышқылы – 0,1 мг/м3;

      2) күкіртті газ – 0,05 мг/м3;

      3) азот оксиді – 0,06 мг/м3;

      4) хлор – 0,03 мг/м3;

      5) күкіртсутегі – 0,008 мг/м3.

9-тарау. Өндірістік құрал-жабдықтарға қойылатын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар

      23. Жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігі мен еңбек қорғау бойынша кіріспе нұсқаулықтан өткен соң міндеттерін орындауға рұқсат етіледі. Нұсқаулық жүргізу және білімдерін тексеру туралы жазба нұсқаулықты тіркеу журналына енгізіледі (ерікті түрде).

      24. Архивте құрал-жабдықтардың техникалық жағдайының журналы жүргізілді (ерікті түрде).

      25. Жұмыскер, өндірістік құрал-жабдықпен жұмысқа кіріскенде, құрал-жабдық пен жұмыс орнын қарап шығады, құрал-жабдықтың, қосылатын құралдардың дұрыстығын, қоршаулардың бекітілуінің болуы мен беріктігін, сақтандырғыш құрылғылардың, бұғаттағыштардың жұмысын, қорғағыш жерлендірудің болуын тексереді. Құрал-жабдықтарда ақаулар анықталған жағдайда жұмыскер жұмысқа оларды реттеуші немесе электрик түзеткеннен кейін кіріседі. Ақаулар түзетілгеннен кейін құрал-жабдықтардың техникалық жағдайының журналына реттеуші немесе электрик оларды түзету туралы жазба енгізеді.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 28.12.2021 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Құрал-жабдықтарды жөндеген және алдын-алу жұмыстарын жүргізген кезде реттеуші немесе электрик құрал-жабдықтардың техникалық жағдайының журналына жазба енгізеді.

      27. Жұмыс аяқталғанда жұмыскер құрал-жабдықтарды, жалпы енгізгіш сөндіргішті сөндіреді, жинайды, жұмыс орнын ретке келтіреді және құрал-жабдықтардың техникалық жағдайының журналына жазба енгізеді.

10-тарау. Өндірістік құрал-жабдықтарды орналастыру және жұмыс орындарын ұйымдастыру жөніндегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптары

      28. Әр жұмыскерге орналастыру нормасы бойынша үй-жайдың жалпы көлемінен 7,5 шаршы метр жұмыс алаңы бөлінеді.

      29. Архив қоймалары мен үй-жайлары негізгі сақтау құралдарымен (стационарлық және жылжымалы металлды сөрелермен) жабдықталады. Архив қоймаларында оттан қорғайтын қоспалармен өңделген, стационарлық ағаш сөрелерін пайдалануға болады. Қосымша немесе арнайы жабдықтар ретінде металл шкафтарды, сейфтерді, сөре- шкафтарды қолдануға болады. Архив қоймаларында от шығуын болдырмау мақсатында, архив құжаттарын сақтауға арналған сөрелерді жылу көздеріне тым жақын орналастыруға рұқсат берілмейді.

      30. Архив қоймаларында стационарлық сөрелер мен шкафтарды орналастыру мынадай нормативтерге сәйкес келеді:

      1) сөрелер қатарларының арасындағы ара қашықтық (басты өту жолы) – 120 сантиметрден кем емес;

      2) сөрелер арасындағы ара қашықтық (өту жолы) – 75 сантиметрден кем емес;

      3) ғимараттың сыртқы қабырғасы мен сөрелер, параллельді қабырғалар арасындағы ара қашықтық – 75 сантиметрден кем емес.

      31. Архив ғимаратында көлемі, салмағы немесе нысаны қол күшімен жылжытуға мүмкіндік бермейтін болса, архивтік құжаттардың орнын ауыстыру үшін лифт құрал-жабдықтары орнатылады.

11-тарау. Архивтік құжаттарды сақтау және тасымалдау тәсілдеріне қойылатын еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету талаптары

      32. Құжаттарды кез келген жеткізгіштерде ұзақ уақыт сақтау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 қыркүйектегі № 576 қаулысымен бекітілген Ұлттық архив қорының құжаттарын және басқа да архив құжаттарын мемлекеттік және арнаулы мемлекеттік архивтердің толықтыруы, сақтауы, есепке алуы мен пайдалануы қағидаларының 109-тармағына сәйкес ауаның температуралық-ылғалдылық параметрлері қолданылады.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 28.12.2021 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      33. Архив қоймаларында желдетілмейтін тұрақты микроклимат аймағының қалыптасуын болдырмайтын, ерікті ауа айналымы қамтамасыз етілетін ауаны табиғи немесе жасанды түрде желдету қарастырылады.

      34. Қала, аудан (елді мекен) шегінде архивтік құжаттарды жеткізу бірге баратын архив жұмыскері үшін қауіпсіз отыратын орны бар жабық автокөлікте жүзеге асырылады.

      35. Жүкті тиеу және түсіру жұмыстары архивтің қатты және тегіс жамылғысы бар арнайы бөлінген аумағында жүзеге асырылады.

      36. Салмағы 20 килограммнан асатын жүктер үшін, сондай-ақ жүктерді 3 метрден астам биіктікке көтерген жағдайда тиеу және түсіру жұмыстарының механикаландырылған тәсілі міндетті болып табылады.

      37. Ауыр салмақты қолмен көтеруге және орын ауыстыруға рұқсат етілетін шекті жүк нормасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 944 бұйрығымен бекітілген Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салынатын жұмыстардың тізімін, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің ауыр заттарды тасуы мен қозғалтуының шекті нормаларын және әйелдердің ауыр заттарды қолмен көтеруінің және жылжытуының шекті нормаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12597 тіркелген) сәйкес анықталады.

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 12.04.2022 № 93 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

12-тарау. Архив жұмыскерлерінің еңбек және демалыс режимі

      38. Архив жұмыскерлерінің жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі Еңбек кодексіне сәйкес белгіленеді.

      39. Күнделікті жұмыстың басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзілістер уақыты Еңбек кодексімен, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен белгіленген тәртіпте жасалатын еңбек және ұжымдық шарттармен анықталады.

      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 28.12.2021 № 405 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

13-тарау. Архив жұмыскерлерін кәсіптік іріктеуге және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі білімін тексеруге қойылатын талаптар

      40. Жұмысқа қабылданған тұлғалар алдын-ала оқытудан өтіп, кейiннен еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерi бойынша оның бiлiмiн тексеру жүргiзiледi.

      41. Еңбек кодексінің 16-бабының 16-1) тармағына сәйкес еңбек қарым-қатынастарын реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бекітілетін Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығын, жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларын, Басшылар, мамандар және басқа да қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына сәйкес архивтің штаттық кестесінде кәсіби инженерлік-техникалық бөлім қарастырылады.

      42. Архивтің инженерлік-техникалық бөлімімен жұмыс істейтін электр сымдарына, электр желілеріне, электр құралдарына қызмет көрсетіледі және оларды жедел ауыстырып қосу, жөндеу, құрастыру және дұрыстау жұмыстары жүзеге асырылады.

14-тарау. Архив жұмыскерлерін арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету жөніндегі талаптар

      43. Архив жұмыскерлеріне арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру Нормативтік құқықтық кесімдерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12627 болып тіркелген "Алуан түрлі экономикалық қызмет ұйымдарының жұмыскерлеріне арнайы киім және басқа да жеке қорғаныш құралдарын беру нормаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы № 943 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

15-тарау. Архив жұмыскерлерін санитарлық тұрмыстық үй-жайлармен қамтамасыз ету жөніндегі талаптар

      44. Архивті санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен жабдықтау Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17769 тіркелген "Әкімшілік және тұрғын ғимараттарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 26 қазандағы № ҚР ДСМ-29 бұйрығымен бекітілген "Әкімшілік және тұрғын ғимараттарға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 15.11.2019 № 301 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      45. Архивте тазалауға арналған инвентарьды, жуу және дезинфекциялау заттарын сақтау үшін арнайы үй-жайлар бөлінеді.

      46. Өндірістік үй-жайлар мен архив қоймаларында қабырғаларды, төбелерді, терезелерді шаңнан тазарта отырып толық тазалау жұмысы айына бір рет жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады