Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 12.06.2023 № 115 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында отоларингологиялық және сурдологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық қызметтерді стандарттау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде баспа және электрондық түрде оның көшірмелерін бір данада мемлекеттік және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына және мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялауға жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Е.А. Біртановқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі |
Т. Дүйсенова |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 12 желтоқсандағы № 1054 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасында оториноларингологиялық және сурдологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасында оториноларингологиялық және сурдологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты (бұдан әрі – Стандарт) 2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 7- бабы 1- тармағы 6) тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. Осы Стандарт амбулаториялық-емханалық, стационарлық және стационарды алмастыратын деңгейлерде меншік нысанына және ведомстволық тиістілігіне қарамастан құлақ, тамақ және мұрын аурулары (бұдан әрі – ЛОР-ағзаларының аурулары) бар пациенттерге және есту қабілеті бұзылған пациенттерге медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруға қойылатын жалпы қағидаттар мен талаптарды белгілейді.
3. Осы Стандартта пайдаланылатын анықтамалар:
1) бейінді маман – жоғары медициналық білімі, "оториноларингология (сурдология) (ересектер және балалар)" мамандығы бойынша сертификаты бар медицина қызметкері;
2) динамикалық байқау – халық денсаулығының жай-күйін жүйелі түрде байқау, сондай-ақ осы байқау нәтижелері бойынша қажетті медициналық көмек көрсету;
3) естуді протездеу – адамның коммуникативтік мүмкіндіктерін есту аппараттары немесе электродты естуді протездеу арқылы дыбыс сигналдарын күшейту жолымен қалпына келтіру;
4) емдеуге жатқызу бюросы порталы (бұдан әрі – Портал) – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде пациенттерді стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу жолдамаларын электрондық тіркеудің, есепке алудың, өңдеу мен сақтаудың бірегей жүйесі;
5) оториноларингологиялық көмек – ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге диагностиканы, емдеуді, профилактиканы және медициналық оңалтуды қоса алғандағы медициналық көрсетілетін қызметтердің кешені;
6) пациент – медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушы болып табылатын жеке тұлға;
7) профилактика - аурулардың пайда болуының, олардың ерте сатыда өршуінің алдын алуға және орын алған асқынуларды, ағзалар мен тіндердің бүлінулерін бақылауға бағытталған медициналық және медициналық емес іс-шаралар кешені;
8) сурдологиялық көмек – есту қабілетінің бұзылуы бар тұлғалардың профилактикаға, уақтылы анықтауға, диагностикаға, емдеуге, есту мүшесін протездеуге және оңалтуға бағытталған медициналық, әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық көмек қызметтерінің кешені;
9) Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға көрсетілетін медициналық қызметтер көрсетудің тізбесі бойынша бірыңғай медициналық көмектің көлемі.
4. Қазақстан Республикасында оториноларингологиялық және сурдологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдар, сондай-ақ медициналық ұйымдардың құрамындағы құрылымдық бөлімшелер (бұдан әрі – МҰ) ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттердің диагностикасына, емдеуге және медициналық оңалтуға бағытталған іс-шараларды уақтылы жүргізу, сондай-ақ есту мүшесін протездеу, есту-сөйлеу оңалтуды және есту ағзаларының патологиясы бар тұлғаларға арнайы түзету-педагогикалық көмекті жүргізу мақсатында құрылады.
5. МҰ мынадай түрлерде ұйымдастырылады:
1) "Қазақстан Республикасының халқына сурдологиялық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрiнiң міндетін атқарушының 2010 жылғы 15 сәуірдегі № 263 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының халқына сурдологиялық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі шараларға сәйкес аудандық, қалалық емханалардың, медициналық ұйымдардың, ведомстволық медициналық ұйымдардың және жекеменшік нысандағы медициналық ұйымдардың құрылымында оториноларингологиялық кабинет;
2) консультациялық-диагностикалық орталықтың, амбулаториялық-емханалық ұйымдардың, стационарлардың, ведомстволық медициналық ұйымдардың және жекеменшік нысандағы медициналық ұйымдардың құрамындағы оториноларингологиялық амбулаториялық-емханалық бөлімше;
3) амбулаториялық-емханалық ұйымдардың, консультациялық-диагностикалық орталықтың (бөлімшелердің), ведомстволық медициналық ұйымдардың және жекеменшік нысандағы медициналық ұйымдардың мамандандырылған (фониатриялық, сурдологиялық) кабинеті;
4) оториноларингологиялық көмек орталығы бар, оның ішінде балалардың оториноларингологиялық стационарлық бөлімшесі.
2-тарау. Қазақстан Республикасында оториноларингологиялық және сурдологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру
6. ЛОР-ағзаларының аурулары бар халыққа және есту қабілетінің бұзылуы бар пациенттерге медициналық көмек "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысымен бекітілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне сәйкес ТМККК шеңберінде көрсетіледі.
7. МҰ штаттары "Денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 7 сәуірдегі № 238 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6173 болып тіркелген) денсаулық сақтау ұйымдарының үлгі штаттары мен штат нормативтеріне сәйкес белгіленеді.
8. Оториноларингологиялық және сурдологиялық көмек көрсету мынадай нысандарда жүзеге асырылады:
1) амбулаториялық–емханалық көмек, оның ішінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) және консультациялық-диагностикалық көмек (бұдан әрі – КДК);
2) стационарлық көмек;
3) стационарды алмастыратын көмек.
9. Оториноларингологиялық көмек көрсететін МҰ негізгі міндеттері мен функциялары, сондай-ақ оториноларингологиялық көмек көрсету және пациенттерге оториноларингологиялық көмек бойынша медициналық көрсетілетін қызметтердің кешені "Қазақстан Республикасының халқына оториноларингологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2012 жылғы 16 қарашадағы № 801 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8196 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының халқына оториноларингологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ережемен регламенттеледі.
10. Пациенттерге сурдологиялық көмек көрсету тәртібі және сурдологиялық көмек көрсету бойынша медициналық көрсетілетін қызметтердің кешені "Қазақстан Республикасының халқына сурдологиялық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 12 мамырдағы № 338 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11406 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының халқына сурдологиялық көмек көрсету қағидаларымен регламенттеледі, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының халқына сурдологиялық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 15 сәуірдегі № 263 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6231 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының халқына сурдологиялық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі шаралармен қамтамасыз етілген.
11. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге МСАК "Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларын және Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 281 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11268 болып тіркелген) Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларына және Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларына сәйкес ұсынылады.
12. Амбулаториялық-емханалық деңгейде оториноларингологиялық және сурдологиялық көмек көрсету:
1) профилактикалық ЛОР-қарап-тексерулер, оның ішінде (халықтың нысаналы топтарына), жаңа туылғандар мен ерте жастағы балалардың есту ағзаларына скринингтік қарап-тексеру ұйымдастыру және жүргізу;
2) диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулер;
3) емдеу іс-шаралары, оның ішінде шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек, ЛОР-ағзаларының ауруларын диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес емдеу манипуляциялары;
4) мамандандырылған медициналық көмек және жоғары технологиялық медициналық қызмет ұсыну үшін медициналық ұйымдарға ТМККК шеңберінде жоспарлы емдеуге жатқызуға іріктеу және жолдама беру "Стационарлық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 қыркүйектегі № 761 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12204 болып тіркелген) Стационарлық көмек көрсету қағидаларына сәйкес Портал арқылы жүзеге асырылады;
5) ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерді және есту қабілеті бұзылған пациенттерді динамикалық байқау;
6) ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерді және есту қабілеті бұзылған пациенттерді медициналық оңалту;
7) "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 907 бұйрық) бастапқы медициналық құжаттаманы ресімдеу және жүргізу.
8) "Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 183 бұйрығымен бекітілген Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын беру қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10964 болып тіркелген) сәйкес уақытша жұмысқа жарамсыздық сараптамасын жүргізу;
9) мүгедектікті және жұмысқа жарамдылықты жоғалту деңгейін белгілеу үшін ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерді және есту қабілеті бұзылған пациенттерді "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен (бұдан әрі – № 44 бұйрық) бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 10589 болып тіркелген) Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау;
10) Саламатты өмір салтын насихаттау.
13. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге және есту қабілеті бұзылған пациенттерге КДК "Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 28 шілдедегі № 626 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11958 болып тіркелген) Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
14. КДК оториноларинголог дәрігерлер және сурдолог дәрігерлер жүзеге асырады және ол мыналарды қамтиды:
1) ЛОР-ағзаларының аурулары бар және есту қабілеті бұзылған пациенттерге консультациялық, диагностикалық, емдеу және медициналық оңалту көмегін көрсету;
2) жедел медициналық әрекеттерді қажет ететін ЛОР-ағзаларының жіті жағдайлары және аурулары кезінде (жарақаттар, бөгде денелер, термиялық және химиялық күйіктер, жіті іріңді қабыну аурулары) кезінде шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету, ал стационарлық жағдайда медициналық көмек көрсетуді талап ететін пациенттерді оториноларингологиялық бөлімшеге жолдау, мұнда тәулік бойы кезек күттірмейтін медициналық көмек қамтамасыз етіледі;
3) халық арасында ЛОР-ағзаларының онкологиялық патологиясын анықтау;
4) дәрігердің бақылауымен медициналық ұйымның стационарлық бөлімшелерінен шығарылған, оның ішінде операциялық араласулардан кейінгі пациенттерге медициналық көмек көрсету, қажет болған жағдайда медициналық ұйым жағдайында бірнеше сағат бойы медициналық қызметкерлердің қадағалауын қажет ететін емдеу іс-шараларын жүргізу;
5) емдеу курстарын қайталап жүргізуді қажет ететін созылмалы аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсету;
6) пациенттерді хирургиялық емдеу;
7) пациенттерде қосалқы патология болған жағдайда аралас маман дәрігерлерді тарту;
8) ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерді және есту қабілеті бұзылған пациенттерді динамикалық және диспансерлік байқау;
9) бекітілген халықтың профилактикалық қарап-тексеруге қатысуы;
10) ЛОР-ағзаларының функционалдық жай-күйін қалпына келтіруге бағытталған медициналық оңалтуды жүргізу;
11) қалпына келтіру емін ұйымдастыру, бекітілген халық арасында кереңдік пен саңыраулықтың дамуының профилактикасына бағытталған іс-шараларды жүргізу;
12) № 44 бұйрықпен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес мүгедектікті және жұмысқа жарамдылықты жоғалту деңгейін белгілеу үшін ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерді және есту қабілеті бұзылған пациенттерді медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау;
13) № 907 бұйрыққа сәйкес бастапқы медициналық құжаттаманы ресімдеу және жүргізу.
15. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге және есту қабілеті бұзылған пациенттерге стационарлық көмек Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 қыркүйектегі № 761 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12204 болып тіркелген) Стационарлық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
16. Стационарлық оториноларингологиялық және сурдологиялық көмек мыналарды қамтиды:
1) ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге ЛОР-ағзаларының ауруларын диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес мамандандырылған медициналық көмек, оның ішінде жоғары технологиялы медициналық қызметтер, оториноларингологиялық және сурдологиялық көмек көрсету;
2) дәрігердің күн сайынғы қарап-тексеруі, емді түзетуі;
3) келіп түскен кезде және кейіннен – аптасына кемінде бір рет бөлімше меңгерушісінің қарап-тексеруі;
4) пациенттерге аралас мамандықтар дәрігерлерінің консультацияларын ұйымдастыру (көрсетілімдер болған кезде);
5) диагнозды сәйкестендіруде қиындықтар туындағанда, жүргізілген ем нәтиже бермегенде республикалық деңгейдегі консультантты қоса алғанда, білктілігі жоғарырақ немесе басқа бейіндегі мамандарды (кемінде үш) қатыстыра отырып, пациентті қосымша қарап-тексеру арқылы, емдеу тәсілін нақтылай және ауруды болжай отырып, консилиумдар ұйымдастыру;
6) перинаталдық орталықтарда (көпбейінді стационарлардың босандыру бөлімшелерінде) жаңа туған балалардың есту ағзасын тексеру, есту қабілетінің бұзылуын уақтылы анықтау, медициналық көмек көрсетудің барлық кезеңінде сабақтастықты сақтай отырып, ерте емдеуге және оңалтуға жолдау;
7) эпидемияға қарсы іс-шараларды және ауруханаішілік инфекциялардың профилактикасын жүргізу;
8) санитариялық-ағарту жұмыстарын жүргізу, халықты гигиеналық тәрбиелеу және салауатты өмір салтын насихаттау;
9) өз бейіні бойынша ауруларға талдау жүргізу және оларды азайту бойынша іс-шаралар әзірлеу;
10) № 907 бұйрыққа сәйкес медициналық құжаттамаларды рәсімдеу және жүргізу.
17. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге және есту қабілеті бұзылған пациенттерге стационарды алмастыратын көмек "Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 17 тамыздағы № 669 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12106 болып тіркелген) Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
18. ТМККК шеңберінде стационарды алмастыратын көмек күндізгі стационар жағдайында ұсынылады.
19. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге және есту қабілеті бұзылған пациенттерге көрсетілетін стационарды алмастыратын көмекке мыналар қосылады:
1) күндізгі стационар жағдайында емдеуге жататын (тәулік бойғы бақылауды қажет етпейтін) ЛОР ауруларының диагностикасы және оларды емдеу;
2) № 907 бұйрықпен бекітілген денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарына сәйкес бастапқы медициналық құжаттаманы ресімдеу.
20. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге жедел медициналық көмек көмек "Жедел медициналық көмек көрсету және санитариялық авиация нысанында медициналық көмек ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 269 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11263 болып тіркелген) Жедел медициналық көмек көрсету және санитариялық авиация нысанында медициналық көмек ұсыну қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
21. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге жедел медициналық көмек:
1) уақтылы медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда жағдайдың ауырлауына немесе өлімге алып келетін өмірге тікелей төнген қауіп;
2) өмірге тікелей қаупі жоқ, бірақ патологиялық жағдайға байланысты қауіпті кезең кез келген уақытта басталуы мүмкін;
3) пациенттің өміріне қаупі жоқ, бірақ қоршаған ортаға тікелей қауіп төндіретін жай-күй кезінде ұсынылады.
22. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге жедел медициналық көмекті "жедел медициналық көмек бригадаларының фельдшері" мамандығы бойынша даярлықтан өткен фельдшерлік көшпелі жедел медициналық көмек бригадалары;
дәрігерлік көшпелі жедел медициналық көмек бригадалары;
"жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек" мамандығы бойынша даярлықтан өткен оңалту бейінінің мамандандырылған көшпелі жедел медициналық көмек бригадалары жүзеге асырады.
23. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттер және есту қабілеті бұзылған пациенттер медициналық көрсетілімдер болған жағдайда оңалту іс-шараларын жүргізу үшін мамандандырылған медициналық және санаторийлік-курорттық ұйымдарға жіберіледі.
24. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерді және есту қабілеті бұзылған пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МҰ-да ТМККК шеңберінде "Денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларын әзірлеу және келісу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 23 қарашадағы № 762 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5900 болып тіркелген) Денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярын әзірлеу және келісу ережелеріне сәйкес әзірленген және бекітілген дәрілік формулярлар негізінде ұсынылады.
3-тарау. Оториноларингологиялық және сурдологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдар қызметінің негізгі бағыттары
25. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге және есту қабілеті бұзылған пациенттерге медициналық көмек ТМККК шеңберінде көрсетіледі.
26. МҰ қызметінің негізгі бағыттары:
1) ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге және есту қабілеті бұзылған пациенттерге білікті, мамандандырылған медициналық көмек және жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсету;
2) медициналық көмектің қолжетімділігін және медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ететін тиімді жүйе құру болып табылады.
27. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге білікті медициналық көмекті жоғары медициналық білімі бар медицина қызметкерлері диагностика, емдеу және медициналық оңалту бойынша мамандандырылған әдістерді қажет етпейтін аурулар кезінде "терапия" (бұдан әрі – терапевт), "педиатрия" (бұдан әрі – педиатр), "жалпы дәрігерлік тәжірибе" (бұдан әрі – ЖДТ), "жалпы хирургия" мамандығы бойынша дәрігерлер) көрсетеді.
28. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге және есту қабілеті бұзылған пациенттерге мамандандырылған медициналық көмекті бейінді мамандар көрсетеді және өзіне арнайы әдістер мен күрделі медициналық технологияларды пайдалануды, сондай-ақ медициналық оңалтуды талап ететін аурулар мен жағдайлардың профилактикасын, диагностикасын және емдеуді қамтиды.
29. Жоғары технологиялы медициналық көрсетілетін қызметтерді оториноларинголог дәрігерлер, сурдолог дәрігерлер көрсетеді және өзіне инновациялық, аз инвазивті және арнайы әдістер мен күрделі медициналық технологияларды пайдалануды, сондай-ақ медициналық оңалтуды қажет ететін аурулар мен жай-күйдің профилактикасын, диагностикасын және емдеуді қамтиды.
30. Оториноларинголог дәрігердің және сурдолог дәрігердің консультациясы МСАК мамандарының (терапевт, педиатр, ЖПД) жолдамасы бойынша болжамды (немесе қорытынды) диагнозды, қосалқы ауруларын, сондай-ақ қолда бар зертханалық және функционалдық зерттеулер деректерін көрсете отырып немесе МҰ-ға өздігінен жүгіну бойынша жүзеге асырылады.
31. Дауыс аппаратының аурулары анықталған кезде пациент диагностика, қажетті емдік және оңалту іс-шараларын жүргізу және динамикалық байқау үшін фониатриялық көмек көрсететін оториноларингологиялық кабинетке жіберіледі.
32. ЛОР-ағзаларының онкологиялық аурулары анықталған кезде отолриноларинголог дәрігер диагнозды растау және одан әрі пациентті қадағалап қарау тактикасын анықтау үшін пациентті онкологиялық диспансерге жолдайды. Пациентті одан әрі емдеу және байқау "онкология" (ересектер, балалар) мамандығы бойынша дәрігер мен оториноларинголог дәрігердің өзара іс-әрекетінде жүзеге асырылады.
33. Қосымша сараланған диагностика жүргізілуі тиіс ЛОР-ағзаларының спецификалық инфекциялары (туберкулез, сифилис, склерома, адамның иммун тапшылығының вирусы, папиллома вирусы және басқалары) анықталған жағдайда пациенттерді медициналық ұйымдардың мамандандырылған бөлімшелеріне жіберу қажет.
34. Сурдологиялық көмекті қажет ететін есту қабілетінің бұзылуы анықталған кезде, емдеу тактикасын анықтау, қажетті емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізу және динамикалық байқау үшін пациент сурдолог дәрігерге жіберіледі.
35. Есту ағзаларының патологиясы бар пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек немесе жоғары технологиялы медициналық қызметтер көрсететін МҰ кохлеарлық имплантация бойынша операцияларға жататын пациенттерді кейіннен іріктеу арқылы, бейінді мамандардың қатысуымен алдын ала консультациялар жүргізеді.
36. Стационарлық жағдайда мамандандырылған көмек немесе жоғары технологиялы медициналық қызметтер көрсету аяқталғаннан кейін № 907 бұйрықпен бекітілген № 027/е нысаны бойынша пациентке амбулаториялық, стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді көшірме беріледі және жүргізілген зерттеп-қарау және емдеу нәтижелерімен амбулаториялық-емханалық деңгейде пациентті одан әрі қадағалап қарау тактикасы бойынша ұсыныстармен пациентте белсенді түрде динамикалық байқауға көрсетілімдер болған кезде ол туралы ақпарат бекітілген жері бойынша МСАК ұйымына жіберіледі.
37. Пациентті МҰ-ның стационарлық бөлімшесіне емдеуге жатқызу:
1) МСАК мамандарының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша жоспарлы тәртіпте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 қыркүйектегі № 761 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12204 болып тіркелген) Стационарлық көмек көрсету қағидаларына сәйкес пациенттің МҰ еркін таңдау құқығы ескеріліп, Портал арқылы ТМККК шеңберінде емдеуге жатқызу жағдайларының жоспарланған санының шеңберінде;
2) меншік нысанына қарамастан МҰ жолдамасы бойынша жоспарлы тәртіпте;
3) шұғыл көрсетілімдер бойынша жолдаманың болу-болмауына қарамастан жүзеге асырылады.
38. Медициналық көрсетілімдер бойынша негізгі емдеу курсынан кейін пациент амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың жағдайларында жүргізілетін қалпына келтіру еміне жіберіледі.
39. МҰ-ның стационарлық бөлімшесінен шығарылатын кезде пациентке № 907 бұйрықпен бекітілген № 027/е нысаны бойынша амбулаториялық, стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді көшірме беріледі, онда толық клиникалық диагнозы, жүргізілген зерттеп-қараулардың, емнің көлемдері және нәтижелері (операциялар техникасының ерекшеліктері көрсетіледі – болған жағдайда) және оны одан әрі байқау бойынша ұсынымдар беріледі.
40. Кезек күттірмейтін оториноларингологиялық көмек көрсетілгеннен кейін пациенттер тұрғылықты мекенжайы бойынша оториноларинголог дәрігерге амбулаториялық емге жіберіледі, емдеуге жатқызуды қажет ететін адамдар – МҰ-ның стационарлық бөлімшесіне жіберіледі.
41. Меншік нысаны мен ведомстволық тиістілігіне қарамастан МҰ-да медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу "Медициналық көрсетілетін қызметтер сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 173 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10880 болып тіркелген) Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
42. Оториноларингологиялық және сурдологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымы бөлімшелерінің өзінің процестері мен емшараларын бағалау, денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды енгізу, ішкі индикаторларды және сыртқы индикаторларды қолдану бойынша қызмет тиімділігін талдау динамикадағы индикаторлардың шекті мәндерінің сәйкестігін бағалау арқылы жүзеге асырылады.
43. ЛОР-ағзаларының аурулары бар пациенттерге және есту қабілеті бұзылған пациенттерге ақылы медициналық көрсетілетін қызметтерді "Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 304 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11341 болып тіркелген) Денсаулық сақтау ұйымдарында ақылы қызметтер көрсету қағидалары мен шарттарына сәйкес мемлекеттік және медициналық ұйымдар көрсетеді.