Қызылорда қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қызылорда қалалық мәслихатының 2016 жылғы 01 ақпандағы № 53/3 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 18 ақпанда № 5358 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Қызылорда қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса берілген Қызылорда қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережесі бекітілсін.
      2. Осы шешiм оның алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қызылорда қалалық мәслихаттың Қызылорда қалалық
      кезектен тыс ХХХХХІІI мәслихатының хатшысы
      сессиясының төрағасы
      М. БАЕКЕЕВ И. ҚҰТТЫҚОЖАЕВ

  Қызылорда қалалық мәслихатының
2016 жылғы 1 ақпандағы
№ 53/3 шешімімен бекітілген

Қызылорда қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - Қызылорда қалалық мәслихатының 01.11.2024 № 200-28/3 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен.

1-тарау. Жалпы ереже

      1. Осы Қызылорда қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже (бұдан әрi - Ереже) "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 12-3) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және Қызылорда қаласының Құрмет грамотасымен наградтау және оны тапсыру тәртібін реттейді.

      2. Қызылорда қаласының Құрмет грамотасы (бұдан әрi – Құрмет грамотасы) азаматтардың жемісті қызметін қоғамдық түрде мойындаудың көрінісі, маңызды моральдық ынталандыру құралдарының бірі болып табылады.

      3. Құрмет грамотасымен:

      1) халықтар арасындағы достықты, ынтымақтастықты және мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосқан;

      2) экономикадағы, әлеуметтiк саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегi, бiлiм берудегi, денсаулық сақтаудағы, әскери, қоғамдық және мемлекеттiк қызметтегi елеулi жетiстiктерi;

      3) белсенді қоғамдық-саяси және еңбек қызметі;

      4) қайырымдылық қызметпен айналысқан;

      5) өзге де сіңірген еңбектері үшін азаматтар наградталады.

      Сондай-ақ, еңбегі сіңген шетел азаматтары наградталуы мүмкін.

      4. Құрмет грамотасымен қайта наградтау жүргізілмейді.

      5. Құрмет грамотасы жоғалған жағдайда телнұсқа берілмейді.

      6. Құрмет грамотасымен:

      1) үмiткердi ұсыну сәтiнде заңнамамен белгiленген тәртiпте соттылық мерзiмi өтелмеген немесе алынбаған;

      2) сот арқылы iс-әрекетке қабiлетсiз немесе iс-әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;

      3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық iс-әрекеттерi үшiн жауапкершiлiкке тартылған азаматтар наградталмайды.

2-тарау. Құрмет грамотасымен наградтау тәртiбi

      7. Құрмет грамотасымен наградтау туралы ұсынымды еңбек, шығармашылық ұжымдары, қалалық өкілді және атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер атынан олардың басшылары енгізеді.

      8. Құрмет грамотасымен наградтау туралы өз кандидатураларын өз бетімен ұсынған азаматтардан келіп түскен өтініштер қаралмайды.

      9. Құрмет грамотасымен наградтауға байланысты құжаттамалық қамтамасыз ету шараларын, сондай-ақ наградталған азаматтардың есебiн "Қызылорда қаласы әкiмінің аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – қала әкімінің аппараты) жүргiзедi.

      10. Азаматты немесе шетел азаматын Құрмет грамотасымен наградтау туралы ұсыныстар Қызылорда қаласының әкімдігіне (бұдан әрі – қалалық әкімдік) мынадай мәліметтерді көрсете отырып жолданады:

      - тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда);

      -туған күні, айы, жылы;

      -білімі туралы мәліметтер;

      -жарғылық немесе құрылтай құжаттарына сәйкес ұйымның толық атауы;

      -өтініш берілген күнге атқаратын лауазымын толық көрсете отырып, жұмыс орны;

      - осы Ереженің 3-тармағына сәйкес еңбек қызметі, жетістіктері, құрметті атақтар, наградалары.

      11. Осы Ереженің 10-тармағында көрсетілген құжаттар қарау үшін наградтау күніне дейін 12 (он екі) жұмыс күннен кешіктірілмей қалалық әкімдікке ұсынылады.

      12. Құжаттардың уақтылы ұсынылмауы немесе ұсынылған құжаттардың осы Ереженің 10-тармағына сәйкес келмеуі өтінішхатты қараусыз қалдыру үшін негіз болып табылады.

      13. Құрмет грамотасымен наградтау туралы келіп түскен өтінішхат 3 (үш) жұмыс күні ішінде қала әкімінің аппаратымен осы Ереженің 10-тармағына сәйкестігі тексеріледі және құрамында Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары бар Қызылорда қаласы әкімінің жанындағы наградтау комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) қарауына жолданады.

      14. Комиссия Құрмет грамотасымен наградтауға ұсынылған құжаттарды 5 (бес) жұмыс күні ішінде қарайды және хаттамалық шешім (бұдан әрі – шешім) шығарады.

      15. Комиссия шешімімен Құрмет грамотасымен наградтауға келісім берілген ұсыныстар бойынша 2 (екі) жұмыс күні ішінде Қызылорда қаласының әкімі (бұдан әрі - қала әкімі) мен Қызылорда қалалық мәслихаты төрағасының (бұдан әрі - мәслихат төрағасы) Қызылорда қаласының Құрмет грамотасымен наградтау туралы бірлескен өкімі әзірленіп, оған қала әкімі мен мәслихат төрағасының қолдары қойылады.

      16. Қала әкімінің аппараты 2 (екі) жұмыс күні ішінде Комиссия шешімімен Құрмет грамотасымен наградтауға мақұлданбаған ұсыныс бастамашысын жазбаша хабардар етеді.

      17. Құрмет грамотасына 2 (екі) жұмыс күні ішінде қала әкімі және мәслихат төрағасының қолдары қойылады.

      18. Құрмет грамотасын тапсыру салтанатты түрде жүргiзiледi. Құрмет грамотасын қала әкiмi немесе қалалық мәслихаттың төрағасы немесе олардың уәкілетті ресми өкілдері табыс етеді.

3-тарау. Құрмет грамотасының сипаттамасы

      19. Құрмет грамотасы келесi сипаттамада болуы қажет:

      1) Құрмет грамотасы папкадан және жапсырмадан тұрады;

      2) папка қою көк түсті баладектен жасалады. Папканың мұқабасында Қазақстан Республикасының Елтаңбасы (бұдан әрі - Елтаңба) орналасқан. Елтаңбаның астында алтын түспен "ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ" және "ПОЧЕТНАЯ ГРАМОТА" деген жазулар бар.

      3) папканың ішкі жапсырмалары ақ түсті, жиектері ашық қоңыр түстес қазақ халқының өю-өрнегімен көмкерілген.

      4) жапсырманың көлемі биiктiгiнiң төрттен бiрiндей деңгейде ортасына қарай Елтаңба орналасқан. Сол жақ жапсырмадағы Елтаңбаның астына "ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫ", оң жақ жапсырмадағы Елтаңба астына "ПОЧЕТНАЯ ГРАМОТА" деген сөздер алтын түспен жазылған;

      5) жапсырмада наградтау мәтініне, қала әкімінің және мәслихат төрағасының қолдары мен мөріне орын қалдырылған.

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады