Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің қосымша тәртібін бекіту туралы

Күшін жойған

Павлодар облысы Баянауыл аудандық мәслихатының 2016 жылғы 04 сәуірдегі № 12/02 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 05 сәуірде № 5049 болып тіркелді. Күші жойылды - Павлодар облысы Баянауыл аудандық мәслихатының 2020 жылғы 6 тамыздағы № 340/58 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Павлодар облысы Баянауыл аудандық мәслихатының 06.08.2020 № 340/58 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" Заңының 10-бабына сәйкес, Баянауыл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТЕДІ:

      1. Баянауыл ауданы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізудің қосымша тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Баянауыл аудандық мәслихатының 2015 жылғы 23 сәуірдегі (V сайланған кезекті XLV сессия) "Баянауыл ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша регламенттеу туралы" (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 22 мамырда № 4480 тіркелген, 2015 жылғы 05 маусымдағы № 23 "Баянтау" аудандық газетінде жарияланған) № 266/45 шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Баянауыл аудандық мәслихатының заңдылық, азаматтардың өтініш-шағымдарын қабылдау және аграрлық мәселелер мен экология жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы,
      аудандық мәслихатының хатшысы Т. Қасен

  Баянауыл аудандық
мәслихатының
(VІ сайланған кезектен тыс
ІІ сессия)
2016 жылғы 04 сәуірдегі
№ 12/02 шешімімен
бекітілді

Баянауыл ауданы аумағында бейбіт жиналыстар,
митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар
өткізудің қосымша тәртібі

      1. Баянауыл ауданы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің қосымша тәртібі (әрі қарай – Қосымша тәртіп) Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" Заңына сәйкес әзірленді.

      2. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу үшін "Баянауыл ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – Баянауыл ауданы әкімінің аппараты) өтініш беріледі.

      3. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткiзу туралы өтiнiштердi еңбек ұжымдарының, қоғамдық бірлестіктердің немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген топтарының он сегiз жасқа толған уәкiлдерi бередi.

      4. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткiзу туралы өтiнiш оны өткiзудiң белгiленген датасынан кемiнде он күн бұрын жазбаша нысанда берiледi. Өтiнiште шараны өткiзу мақсаты, нысаны, өткiзiлетiн жерi немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкiлдердiң (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртiптiң сақталуына жауапты адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, олардың тұратын және жұмыс iстейтiн (оқитын) жерi, өтiнiштiң берiлген датасы көрсетiледi. Өтiнiштiң берiлген мерзiмi Баянауыл ауданы әкімінің аппаратында тiркелген күнiнен бастап есептеледi.

      5. Баянауыл ауданы әкімінің аппараты өтінішті қарайды және өтініште көрсетілген шараның өткізілетін уақытынан кемінде бес күн бұрын уәкілдерге (ұйымдастырушыларға) қабылданған шешім туралы хабарлайды.

      6. Бейбіт жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрация өткiзу туралы өтініш беру барысында осы Қосымша тәртіптің 4-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда Баянауыл ауданы әкімінің аппараты осы бұзушылықтарды жаңа өтініш берген кезде жою туралы ресми түрде ұсыныс береді. Жаңа өтінішті қарау мерзімі өтініш түскен сәттен бастап саналады.

      7. Баянауыл ауданы әкімінің аппараты басқа азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің қалыпты жұмыс істеуін, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, қажет болған жағдайда, өтініш жасағандарға шараны өткізудің өзге уақыты мен жерін ұсынады.

      8. Егер, Баянауыл ауданы әкімінің аппараты митинг, жиналыс, шеру, пикет және демонстрациялардан бас тартатын болса немесе тыйым салу туралы шешім шығарылса, онда ұйымдастырушылар ықтимал қатысушыларға барлық дайындық жұмыстардың күші жойылғаны туралы шаралар қабылданғаның міндетті түрде хабарлауы қажет.

      9. Баянауыл ауданы аумағында митингілер мен жиналыстар өткізетін орындар болып келесі орындар белгіленсін:

      а) Баянауыл ауылы, Қ. Сәтбаев көшесі, С. Торайғыров атындағы аудандық мәдениет үйінің алдындағы алаң;

      б) Баянауыл ауылы, М. Ауезов көшесі, ҰОС құрбандарына арналған ескерткіш алдындағы алаң.

      10. Баянауыл ауданы аумағында шерулер мен демонстрацияларды өткізу үшін келесі бағыттар белгіленсін:

      а) Баянауыл ауылы, Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіштен бастап Қ. Сәтбаев көшесінің бойымен Қ.Сәтбаевтың мемориалдық мұражайына дейін;

      б) Баянауыл ауылы, Баянауыл аудандық қорғаныс істері бөлімінен бастап М. Ауезов көшесінің бойымен ҰОС құрбандарына арналған ескерткішке дейін.

      11. Жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар, сондай-ақ оларға қатысушылардың сөз сөйлеуi өтiнiште көрсетiлген мақсатқа сәйкес, белгiленген мерзiмде және келiсiлген жерде өткiзiледi.

      12. Жиналыстарды, митингiлерді, шерулердi, пикеттердi, демонстрацияларды өткiзу кезiнде уәкiлдер (ұйымдастырушылар), сондай-ақ басқа да қатысушылар қоғамдық тәртiптi сақтауға мiндеттi.

      13. Шараларды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың тыйым салынатын іс-шаралар:

      1) көлiктiң және жаяу жүргiншiлердiң қозғалысына бөгет жасауына;

      2) елдi мекеннiң инфрақұрылым объектiлерiнiң үздiксiз жұмыс iстеуiне кедергi келтiруiне;

      3) Баянауыл ауданы әкімінің аппараты рұқсатынсыз киiз үйлер, шатырлар, өзге де уақытша құрылыстар тұрғызуына;

      4) жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына залал келтiруiне;

      5) өзiмен бiрге суық қаруды, атыс және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмiрi мен денсаулығына қарсы, азаматтарға және заңды тұлғалардың меншiгiне материалдық залал келтiру үшiн пайдаланылуы мүмкiн арнайы жасалған немесе бейiмделген заттарды алып жүруiне;

      6) шараны өткiзу кезiнде қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етушi мемлекеттік органдар өкiлдерiнiң қызметiне кез келген нысанда араласуына тыйым салынады;

      7) алкогольдік және есерткілік масаңдық күйде қатысуына.

      14. Жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрацияларды өткізу орындарында алкогольді ішімдіктерді ішуге, есірткілік құралдарды, психотроптық заттарды және олардың аналогтары мен прекурсорларын қолдануға, транспаранттарды, ұрандарды және басқа да материалдарды (көрнекті, аудио және видео) пайдалануға, құрамында қоғамдық тәртіпті бұзуға, қылмыс жасауға үндейтін, сондай-ақ кімнің болса да атына тіл тигізетін сөздері бар мағынада көпшілік алдында сөйлеуге тыйым салынады.

      15. Пикеттер белгіленген кезендерде және өтініште көрсетілген нақты орнында міндеттеріне сәйкес жүргізілуі тиіс.

      16. Пикеттеу кезінде рұқсат етіледі:

      1) пикеттірілген объектіде тұру немесе отыру;

      2) көрнекті үгіт құралдарын пайдалану;

      3) пикет тақырыбына байланысты қысқа ұрандар айту.

      17. Пикетті өзге нысанға (митинг, жиналыс, шеру, демонстрацияға) өзгерткен жағдайда белгіленген тәртіппен Баянауыл ауданы әкімі аппаратынан рұқсат алу қажет.

      Баянауыл ауданы әкімінің аппараты бір күнде, бір уақытта және бір орында үшеуден аспайтын жеке дара пикетті өткізуге рұқсат беруі мүмкін.

      Түрлі жеке дара пикеттерге қатысушылар бір-бірінен 50 метрден кем емес қашықтықта орналасуы немесе бір-біріне айқын көрініп тұруы қажет.

      18. Егер жиналысты, митингiнi, шерудi, пикет қоюды немесе демонстрацияны өткiзудiң мақсаты нәсiлдiк, ұлттық, әлеуметтiк араздықты, дiни төзiмсiздiктi, тектiк астамшылықты қоздыру, республиканың конституциялық құрылысын күш қолданып құлату, аумақтық тұтастығына қол сұғу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік актілерінің басқа қағидаларын бұзу болса, немесе оларды өткiзу қоғамдық тәртiп пен азаматтардың қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн болса, Баянауыл ауданы әкімінің аппараты бұларды өткiзуге тыйым салады.

      19. Қорғаныс қауiпсiздiгiн және халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн ұйымдардың (сумен, электр қуатымен, жылумен және басқа энергия көздерiмен) денсаулық сақтау мен бiлiм беру мекемелерiнiң жанында бұқаралық шараларды өткiзуге тыйым салынады.

      20. Егер: өтініш берілмеген болса, тыйым салу туралы шешім шығарылса, олардың өткізу тәртібі бұзылса, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнетін, қоғамдық тәртіп бұзылатын жағдайда жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар Баянауыл ауданы әкімі аппараты өкілінің талап етуi бойынша сөзсiз тоқтатылуға тиiс.

      21. Баянауыл ауданы әкімі аппараты өкілінің талабын орындаудан бас тартылған жағдайда оның нұсқауы бойынша iшкi iстер органдары жиналысты, митингiнi, шерудi, пикет қоюды және демонстрацияны тоқтату жөнiнде қажетті шаралар қолданады.

      22. Жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзудiң белгiленген тәртiбiн бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.

      23. Жиналыстарды, митингiлердi, шерулердi, пикеттердi және демонстрацияларды өткiзу кезiнде оларға қатысушылардың азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге, мемлекетке келтiрген материалдық залалы үшiн заңда белгіленген тәртіп бойынша өтем жасалуға тиiс.

      24. Жиналыс, митинг, шеру, пикет, демонстрация өткiзiлетiн жерде қоғамдық тәртiптi сақтау, үй-жайлар беру, санитарлық тазарту, жарық беру және радиоландыру жөнiндегi туындаған барлық қосымша шығындары олардың ұйымдастырушыларымен өтіледi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады