Ақжайық ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы

Күшін жойған

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық мәслихатының 2016 жылғы 15 сәуірдегі № 2-5 шешімі. Батыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 26 сәуірде № 4352 болып тіркелді. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық мәслихатының 2020 жылғы 14 ақпандағы № 42-2 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық мәслихатының 14.02.2020 № 42-2 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 1995 жылғы 17 наурыздағы "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" Заңдарына сәйкес, Ақжайық аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Ақжайық ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізу тәртібі қосымша реттелсін.
      2. Аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы (Т. А. Горбунова) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Б. Кухаев
      Аудандық мәслихат хатшысы С. Сиражев

  Ақжайық аудандық
мәслихатының
2016 жылғы 15 сәуірдегі
№ 2-5 шешіміне
қосымша

Ақжайық ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен
демонстрациялар өткізу бойынша қосымша реттелген тәртібі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар өткізу бойынша қосымша реттелген тәртібі "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы Заңына (одан әрі – Заң) сәйкес әзірленген, Ақжайық ауданында жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің тәртібін қосымша реттейді.
      2. Заңдарда жиналыстар, митингілер, шерулер және демонстрациялар деп аталатын қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен қарсылық білдірудің нысандары ретінде, сонымен қатар қоғамдық орындарда аштық жариялауды, киіз үйлер, шатырлар, өзге де құрылыстар тұрғызуды және пикет қоюды түсіну керек.

2. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар
өткізу тәртібін қосымша реттеу

      3. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы Ақжайық ауданының әкімдігіне (одан әрі – Әкімдік) өтініш беріледі.
      4. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтініш, оны өткізу белгіленген мерзімінен кемінде он күн бұрын жазбаша нысанда беріледі. Өтініште шараны өткізу мақсаты, нысаны, өткізілетін орны немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкілдердің (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртіптің сақталуына жауапты тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты, олардың тұратын және жұмыс істейтін (оқитын) жері, өтініштің берілген күні көрсетіледі. Өтініштің берілген мерзімі Әкімдікте тіркелген күннен бастап есептеледі.
      5. Әкімдік өтінішті қарайды және өтініште көрсетілген шараның өткізілетін уақытынан кемінде бес күн бұрын уәкілдерге (ұйымдастырушыларға) қабылдаған шешім туралы хабарлайды.
      6. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу туралы өтініш беру кезінде осы тәртіптің 4-тармағының талаптары орындалмаған жағдайда (яғни рәсімдеу талаптары), ол жиналыстар, митингтер, шерулер, пикеттер және демонстрацияларды өткізуден бас тартуға негіз бола алмайды.
      Мұндай жағдайда Әкімдікпен жол берілген кемшілікті жаңа өтініш беру жолымен жоюды ұсына отырып, түсіндіру мазмұнындағы ресми жауап қайтарады. Жаңа өтінішті қарау мерзімі оның келіп түскен күнінен бастап есептеледі.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық мәслихатының 18.05.2016 № 3-12 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      7. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді, демонстрацияларды өткізу кезінде уәкілдер (ұйымдастырушылар), сондай-ақ басқа да қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті.
      8. Шараларға ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың:
      1) көліктің және жаяу жүргіншілердің қозғалысына бөгет жасауына;
      2) елді мекендегі инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуіне кедергі келтіруіне;
      3) Әкімдіктің келісімінсіз киіз үйлер, шатырлар өзге де уақытша құрылыстар тұрғызуына;
      4) жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына залал келтіруіне;
      5) заңды тұлғалардың жеке меншіктеріне және азаматтарға материалдық шығын келтіретін, адамдардың денсаулығы мен өміріне қарсы қолданылатын, сондай-ақ басқа да арнайы дайындалған немесе бейімделген заттар, суық, ату және басқа да қарулардың болуына;
      6) алкогольдік ішімдік ішкен және есірткі қабылдаған жағдайда жиналысқа, митингке, шеруге, пикетке немесе демонстрацияға қатысуға;
      7) қоғамдық тәртіпті бұзуға, қылмыс жасауға, нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік араздықты, діни төзімсіздікті, тектік астамшылықты қоздыру, конституциялық құрылысын күш қолданып құлату, республиканың аумақтық тұтастығына қол сұғуға бағытталған транспаранттарды, ұрандар және басқа да материалдарды (визуалды, аудио, видео) қолдануға, сондай-ақ көпшілік алдында сөз сөйлеуге;
      8) алкогольдік ішімдіктер ішуге, есірткі заттарды қолдануға, психотропты заттарды, соған ұқсас заттарды және прекурсорларды пайдалануға;
      9) шараны өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуші мемлекеттік органдар өкілдерінің қызметіне кез келген нысанда араласуына тыйым салынады.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық мәслихатының 18.05.2016 № 3-12 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      9. Ақжайық ауданында митингтер мен жиналыстарды өткізу орындары Чапаев ауылының Д. Қонаев атындағы көшесінің орталық алаңы, "Даңқ" саябағы белгіленсін.
      10. Ақжайық ауданында шеру және демонстрация өткізетін орындардың маршруттары болып Чапаев ауылы, Д. Қонаев атындағы көшенің орталық алаңынан бастап "Жастар" спорт алаңына дейін, "Даңқ" саябағынан В. И. Чапаев атындағы тарихи-өлкетану музейіне дейін белгіленсін.
      11. Әкімдікпен белгіленген жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу орындары видео бақылау камераларымен, орындықтармен, жарықпен және күл-қоқыс салатын жәшіктермен жабдықталады.
      12. Пикеттер өтініште көрсетілген мақсаттарға сәйкес, белгілі уақытта және келісілген орында жүргізілуі тиіс.
      13. Пикеттің басқа формаға (митинг, жиналыс, шеру, демонстрация) өзгеруіне Әкімдіктен белгіленген тәртіпке сәйкес рұқсат алуы қажет.
      14. Әкімдік бір уақытта, бір күнде және бір орында кемінде 3 жекелеген пикет өткізуге рұқсат етуі мүмкін.
      Әртүрлі жекелеген пикеттердің қатысушылары бір-бірінен 50 метрден кем емес қашықтықта тұруы керек.

3. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды
өткізу бойынша қосымша реттелген тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік

      15. Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткізудің белгіленген тәртібін бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап береді.
      Жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттерді және демонстрацияларды өткізу кезінде оларға қатысушылардың азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге, мемлекетке келтірген материалдық залалы үшін заңда белгіленген тәртіп бойынша өтем жасалуға тиіс.
      Жиналыс, митинг, шеру, пикет және демонстрация өткізілетін жерде қоғамдық тәртіпті сақтау, үй-жайлар беру, санитарлық тазарту, жарық беру және радиоландыру жөніндегі туындаған барлық қосымша шығындарды оларды ұйымдастырушылар өтейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады