Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы әкімдігінің 12.04.2019 № 56 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңдарын басшылыққа ала отырып, аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды және ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарының жалпы санының бес пайызы мөлшерінде жұмыс орындарына квота белгіленсін.
2. Шыңғырлау ауданы әкімдігінің "Қылмыстық-атқару инспекциясы пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар үшін, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар үшін және интернаттық ұйымдарды бітіруші кәмелетке толмағандар үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы" 2013 жылғы 30 шілдедегі № 145 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3336 тіркелген, 2013 жылғы 7 қыркүйекте "Серпін" газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) және мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімі басшысы (А. М. Нурушев) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхамбетовке жүктелсін.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудан әкімі | А.Есалиев |