Қамтылымсыз кредит (бланкілік кредит) беру критерийлерін белгілеу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 қаңтардағы № 22 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 15 наурызда № 14902 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Банктер туралы заңның 35-бабы 3-тармағының мақсаттары үшін бір мезгілде мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін:

      1) кредиттің мөлшері банктің Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15886 тіркелген, "Банктің пруденциялық нормативтерінің және сақталуы міндетті өзге де нормалары мен лимиттерінің нормативтік мәндері мен оларды есептеу әдістемелерін, капиталының мөлшерін және Ашық валюталық позицияны есептеу қағидалары мен оның лимиттерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 13 қыркүйектегі № 170 қаулысының (бұдан әрі – № 170 қаулы) талаптарына сәйкес есептелген меншікті капиталының өлшемінен 0,02 (нөл бүтін жүзден екі) пайызынан асатын, кредиттің мөлшері Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22213 болып тіркелген "Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының (оның ішінде Қазақстан Республикасы бейрезидент-ислам банктері филиалдарының) резерв ретінде қабылданатын активтерін қалыптастыру тәртібін және олардың ең төмен мөлшерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары (оның ішінде Қазақстан Республикасы бейрезидент-ислам банктерінің филиалдары) үшін пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2021 жылғы 12 ақпандағы № 23 қаулысының (бұдан әрі – № 23 қаулы) талаптарына сәйкес есептелген Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының резерв ретінде қабылданатын активтері шамасының 0,02 (нөл бүтін жүзден екі) пайызынан асады;

      2) тұрақсыздық айыбын қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қамтамасыз ету жиынтығында қарыз алушының берілген кредит бойынша міндеттемелерінің 50 (елу) пайызынан аз жабады не жоқ болатын кредит қамтылымсыз кредит (бланкілік кредит) болып танылатыны белгіленсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 21.02.2022 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулының 1-тармағында белгіленген критерийлерге сәйкес келетін, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын бас банктің еншілес ұйымға берген кредит қамтылымсыз кредит (бланкілік кредит) болып танылмайды.

      3. Осы қаулының 1-тармағында белгіленген қамтылымсыз кредиттің (бланкілік кредиттің) критерийлері № 170 және № 23 қаулыларға қолданылмайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.02.2021 № 43 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. "Қамтамасыз етілмеген кредиттің (бланкілік кредиттің) критерийлерін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 26 қарашадағы № 336 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8255 тіркелген, 2013 жылғы 18 мамырда "Егемен Қазақстан" газетінде № 129 (28068) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      5. Банктерді қадағалау департаменті (Қизатов О.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаздағы және электрондық түрдегі көшірмелерін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      6. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      8. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.


      Ұлттық Банк
      Төрағасы Д. Ақышев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады