Пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2017 жылғы 3 сәуірдегі № 119 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 27 сәуірде № 15055 болып тіркелді.

      "Пошта туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 9 сәуірдегі Заңының 17-бабының 2-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс департаменті (З. Худайбергенова):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қағаз және электрондық түрдегі қазақ және орыс тілдеріндегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ақпарат және коммуникациялар министрі
Д. Абаев

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің
2017 жылғы 3 сәуірдегі
№ 119 бұйрығымен
бекітілген

Пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне қойылатын талаптар

      1. Осы пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне қойылатын талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Пошта туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 9 сәуірдегі Заңының 17-бабының 2-тармағына және Дүниежүзілік пошта одағының (бұдан әрі – ДПО) актілеріне сәйкес әзірленді және пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне қойылатын талаптарды айқындайды.

      2. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілеріне пошта маркалары, блоктар, маркіленген хат қалталар және (немесе) пошта карталары, франкирлеу машиналарының баспа-таңбасы, Ұлттық пошта операторы қызметінің төленуін растайтын уәкілетті органның айналымға енгізген электрондық және басқа да белгілері жатады.

      3. Пошта маркаларында, блоктарда, маркіленген хат қалталарда және (немесе) пошта карталарында мынадай жазбалар қамтылады:

      1) мемлекеттік тілде және латын әріптерімен жазылған мемлекеттің атауы;

      2) пошта төлемінің электрондық белгілерін қоспағанда, араб сандарымен не латын әріптерімен жазылған, Қазақстан Республикасының ресми валютасында көрсетілген номинал құны;

      3) пошта төлемінің электрондық белгілерін қоспағанда, араб сандарымен жазылған шығарылым жылы.

      4. Қажет болған жағдайда, пошта маркаларында, блоктарда, маркіленген хат қалталарда және (немесе) пошта карточкаларында:

      1) мемлекеттік тілде немесе латын әріптерімен жазылған "пошта" сөзін;

      2) мемлекеттік тілде жазылған сюжеттің атауын көрсетуге жол беріледі.

      5. Пошта маркаларының, блоктардың, маркіленген хат қалталардың және (немесе) пошта карточкаларының номиналды құнын белгілеген жағдайда, мынадай латын әріптері пайдаланылады:

      "А" - заңды тұлғалар үшін Қазақстан Республикасының шегінде- 20 грамға дейінгі салмақта тіркелмейтін хатты жіберу тарифіне сәйкес келеді;

      "В" - Қазақстан Республикасының шегінен тыс елдерге жер үсті көлігімен 50 грамға дейінгі салмақта тіркелмейтін хатты жіберу тарифіне сәйкес келеді;

      "С" - Қазақстан Республикасының шегінде 50 грамға дейінгі салмақта арнаулы хатты жіберу тарифіне сәйкес келеді;

      "N" - Қазақстан Республикасының шегінен тыс жер үсті көлігімен 10 грамға дейінгі салмақта тіркелмейтін пошталық карточканы жіберу тарифіне сәйкес келеді;

      "М" - Қазақстан Республикасы шегінде жер үсті көлігімен салмағы 10 грамға дейінгі арнаулы пошталық карточканы жіберу тарифіне сәйкес келеді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 07.02.2019 № 51 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілері, олардың тік немесе көлденең мөлшерлері 15 мм-ден кем болмау шартымен кез келген нысанда болуы мүмкін.

      7. Компостермен жасалған кез келген ерекше ойықтар немесе зерленген бедерлі ізтаңбалар осы Талаптардың 3, 4 және 5-тармақтарында көрсетілген пошта төлемінің мемлекеттік белгілерін белгілеу айқындылығына кедергі келтірмеуі тиіс.

      8. Франкирлеу машинасы арқылы қойылатын баспа-таңбасы ашық қызыл түсті болуы тиіс.

      9. Франкирлеу машинасының баспа-таңбасында мынадай жазбалар орналасуы тиіс:

      1) мемлекеттік тілде жазылған мемлекеттің, жөнелтім қаланың атауы;

      2) араб сандарымен жазылған, Қазақстан Республикасының ресми валютасынада көрсетілген жөнелтім құны.

      10. Ұлттық пошта операторы қызметінің төлемін растайтын, уәкілетті органның айналымға енгізген электрондық және басқа да белгілер мемлекеттік тілде және латын әріптерімен жазылған мемлекеттің атауынан тұрады.

      11. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінде орналасқан қызметтік жазбалар оңай оқылуы тиіс.

      12. Пошта төлемінің мемлекеттік белгілерінің орналасуы сюжеттің композициялық шешіміне сәйкес болуы тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады