"Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 77-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ихтиологиялық байқаулар қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы |
Қ. Айтуғанов |
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі міндетін атқарушының 2017 жылғы 9 тамыздағы № 323 бұйрығымен бекітілген |
Ихтиологиялық байқаулар қағидалары
1. Осы Ихтиологиялық байқаулар қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 1-тармағының 77-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және балық шаруашылығы су айдындарында ихтиологиялық байқаулар жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ихтиологиялық байқаулар – балық шаруашылығы су айдыны ихтиофаунасының жай-күйі туралы деректерді жинау және зерделеу;
2) су объектілерін балық шаруашылық мелиорациялау – су айдындарының балық өнімділігін сақтауға және арттыруға, балық ресурстарының және басқа да су жануарларының мекендеу және көбею жағдайларын жақсартуға бағытталған іс-шаралар кешені;
3) ихтиофауна – қандай да бір су айдынындағы немесе оның бөлігіндегі балықтар және дөңгелек ауыздылар түрлерінің жиынтығы;
4) бақылау үшін аулау – ихтиофаунаның жай-күйін бақылау, балық ресурстарын және басқа да су жануарларының өсімін молайту тиімділігін, шабақтардың өнімділігін, су айдындарының балық өнімділігін айқындау мақсатында балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.
3. Ихтиологиялық байқауларды балық шаруашылығы су айдындарында жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) жыл бойы жүргізеді.
Ихтиологиялық байқаулар балық шаруашылығы су айдындарында ихтиофаунаның жай-күйін бақылау, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау, өсiмiн молайту және тиімді пайдалану мақсатында жүргізіледі.
4. Ихтиологиялық байқаулардың негізгі бағыттары:
1) балық шаруашылығы су айдындарының жай-күйін бақылау;
2) бақылау үшін аулауды жүргізу;
3) ихтиофаунаның жай-күйі туралы биологиялық материалдарды жинау;
4) өріс аудару жолдарын, уылдырық шашу мерзімдерін және су айдындарына кәсіпшілік жүктемені зерделеу;
5) балық шабақтарының аулануын, уылдырық шашатын орындарды және қыстау шұңқырларын айқындау;
6) гидрометеорологиялық жағдайларға қарай уылдырық шашу кезеңіндегі тыйым салу мерзімдерін ауыстыруды қоса алғанда, балық аулау режимін реттеу бойынша, балық аулау құралдары бойынша, балық өсіру-мелиорациялық жұмыстарды және су объектілерінің балық шаруашылығы мелиорациясын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
7) балықтың қырылу қаупі бар су айдындарын есепке алу және балықтардың қырылуының профилактикасы және оны жою жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
8) су тарту, ағызу құрылыстарын қарап-тексеру және балықтарды қорғау құрылғылары болмаған кезде балық ресурстары мен басқа да су жануарларына келтірілетін және келтірілген зиянды айқындау болып табылады.
5. Ихтиологиялық байқаулар жүргізу кезінде бақылау үшін аулауды аумақтық бөлімшелер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-04/148 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 10606 болып тіркелген) бекітілген Балық аулау қағидаларымен айқындалған тәртіпте жүзеге асырады.
6. Ихтиологиялық байқаулар жүргізу нәтижесінде ақпарат жасалады, ол мыналарды қамтиды:
1) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн есепке алу және олардың сипаттамасы, гидрологиялық және гидрохимиялық жай-күйі туралы деректер;
2) бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн және жануарлар дүниесін пайдаланушыларды есепке алу;
3) ихтиофаунаның жай-күйі, балықтардың және басқа да су жануарларының азықтық қоры туралы деректер;
4) кәсіпшілік су айдындарында және учаскелерінде балық аулау объектілерін аулауды есепке алу;
5) балық ресурстарының және балық аулау объектісіне жататын басқа да су жануарларының жалпы саны және түрлік құрамы туралы деректер;
6) құнды балық түрлерінің уылдырық шашу үшін өріс аударуын және уылдырық шашуын сипаттайтын мәліметтер;
7) уылдырық шашу орындарын, қыстау шұңқырын есепке алу;
8) кәсіпшілікте аулау құралдарын және аулаудың техникалық құрылғыларын, жүзу құралдарын пайдалану және балықшылардың қатысуы туралы деректер;
9) кәсіпшілік аудандар бойынша кәсіпшілік аулау құралдарымен аулану туралы мәліметтер және тиісінше қабылдаған шаралар;
10) су айдындарына балық жіберу тиімділігін және балық аулау объектісінің өсімін молайтуды сипаттайтын мәліметтер;
11) су жинау және ағызу құрылыстарындағы балықтарды қорғау құрылғыларын есепке алу;
12) балықтардың қырылуының профилактикасы және оларды жою бойынша қабылданған шаралар.
7. Ихтиологиялық байқаулардың деректері балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды ұйымдастыру жөнінде ұсынымдар дайындау үшін қолданылады.
8. Аумақтық бөлімшелер ихтиологиялық байқауларды жүзеге асырады және ихтиологиялық байқаулар туралы жартыжылдық ақпаратты 15 шілдеден кешіктірмей және жылдық ақпаратты 15 қаңтардан кешіктірмей жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi органның ведомствосына береді.