Шағын және орта кәсіпкерлік көрсеткіштерін есептеу әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Төрағасының 2017 жылғы 20 қыркүйектегі № 130 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 28 қыркүйекте № 15804 болып тіркелді

      "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңы 12-бабының 5) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 17-тармағының 258) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Шағын және орта кәсіпкерлік көрсеткіштерін есептеу әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Құрылымдық статистика басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде қағаз және электрондық түрдегі көшірмесінің ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Құрылымдық статистика басқармасы осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелеріне және аумақтық органдарына жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін жеткізсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (Г.М. Керімханова) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитетінің
төрағасы
Н. Айдапкелов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті
төрағасының
2017 жылғы 20 қыркүйектегі
№ 130 бұйрығымен бекітілді

Шағын және орта кәсіпкерлік көрсеткіштерін есептеу әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Шағын және орта кәсіпкерлік көрсеткіштерін есептеу әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңына сәйкес (бұдан әрі – Заң) бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.

      2. Әдістеме Қазақстан Республикасының экономикасына шағын және орта кәсіпкерлік секторының қосқан үлесін бағалауды жүзеге асыру мақсатында шағын және орта кәсіпкерлік қызметін сипаттайтын көрсеткіштерді есептеу үшін ресми статистикалық ақпаратты алу әдістері мен негізгі аспектілерін анықтайды.

      3. Осы Әдістеменің мақсаты Қазақстан Республикасындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды сипаттайтын ресми статистикалық ақпаратты қалыптастыру болып табылады.

      4. Әдістемені шағын және орта кәсіпкерлік көрсеткіштерін қалыптастыру барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті және оның аумақтық органдары қолданады.

      5. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің төрт типінің жиынтығы: шағын және орта кәсіпкерлікке жататын дара кәсіпкерлер, шаруа немесе фермер қожалықтары және заңды тұлғалар осы Әдістеменің объектісі болып табылады.

      6. Статистикалық қызметте субъектілерді шағын және орта кәсіпкерлікке (бұдан әрі – ШОК) жатқызу үшін Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес қызметкерлердің орташа жылдық санының өлшемшарты ғана пайдаланылады.

      7. Жылдық негізде ШОК көрсеткіштерін қалыптастыру барысында гендерлік аспектіні статистикалық есепке алу үшін ШОК кәсіпорыны басшысының жынысы өлшемшарт ретінде пайдаланылады.

      8. Шағын кәсіпорындардың қызметі туралы жалпымемлекеттік статистикалық байқаулар іріктемелі зерттеу әдісімен, орта кәсіпорындар – жаппай әдіспен жүргізіледі.

2-тарау. Ақпараттың дереккөздері

      9. ШОК статистикасы бойынша деректерді қалыптастыру үшін ақпараттық база:

      1) шағын және орта кәсіпкерлікке жататын заңды тұлғалар қызметі туралы жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың алғашқы статистикалық деректері;

      2) ауыл шаруашылығы статистикасы бойынша шаруа немесе фермер қожалықтары өнімдерінің жалпы шығаруылымы туралы ресми статистикалық ақпарат;

      3) Статистикалық бизнес-тіркелімнің деректері (бұдан әрі – СБТ);

      4) әкімшілік дереккөздерінің әкімшілік деректері;

      5) тұтыну бағаларының индекстері болып табылады.

3-тарау. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қызметінің көрсеткіштерін қалыптастыру

      10. ШОК субъектілері қызметін мониторингілеу үшін келесі көрсеткіштер қалыптастырылады:

      1) тіркелген ШОК субъектілерінің саны;

      2) жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны;

      3) жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілеріндегі қызметкерлердің саны;

      4) ШОК субъектілері өндірген өнімнің, орындаған жұмыстардың және көрсеткен қызметтердің көлемі;

      5) ШОК субъектілері өндірген өнімнің, орындаған жұмыстардың және көрсеткен қызметтердің нақты көлемінің индексі.

      11. ШОК субъектілерінің қызметін сипаттайтын көрсеткіштер облыстар (аудандар) және тоқсандық кезеңділікпен экономикалық қызмет түрлері бойынша қалыптастырылады.

      12. Жыл сайынғы негізде тіркелген және жұмыс істеп тұрған әйелдер басқаратын ШОК субъектілерінің саны мен қызметкерлердің саны (гендерлік статистиканы қалыптастыру үшін) туралы көрсеткіштер қалыптастырылады.

      13. "Тіркелген ШОК субъектілерінің саны" және "жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны" көрсеткіштері СБТ деректері бойынша қалыптастырылады.

      14. "Жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілеріндегі қызметкерлердің саны" көрсеткіші келесі формула бойынша айқындалады:

                              Чшок = Чшк + Чок + Чәлеум + Чдк + Чшфк,

      мұндағы:

      Чшок – жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілеріндегі қызметкерлердің саны;

      Чшк – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын (есепті тоқсан бойынша) шағын кәсіпорындардың қызметі туралы жалпымемлекеттік статистикалық байқаудың негізінде қалыптастырылатын шағын кәсіпкерлік кәсіпорындарындағы қызметкерлердің саны (саны 100 адамнан артық емес);

      Чок – кәсіпкерлік қызметті және еңбек статистикасы бойынша байқауды жүзеге асыратын (есепті тоқсан бойынша) орта кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметі туралы жалпымемлекеттік статистикалық байқаудың негізінде қалыптастырылатын орта кәсіпкерлік кәсіпорындарындағы қызметкерлердің саны (саны 101-ден 250 адамға дейін);

      Чәлеум – әлеуметтік статистиканың жалпымемлекеттік статистикалық байқауы негізінде білім беру және денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік (саны 250 адамға дейін) кәсіпорындарындағы қызметкерлердің саны (есепті тоқсан бойынша);

      Чдк – СБТ-дан қалыптастырылатын дара кәсіпкерлердегі қызметкерлер саны;

      Чшфқ – СБТ-дан қалыптастырылатын шаруа немесе фермер қожалықтарындағы қызметкерлердің саны.

      15. Дара кәсіпкерлерде Сдк қамтылғандар саны туралы деректер келесі формула бойынша анықталады:

                              Чдк = Чдк (қожайын) + Чдк (жалдамалылар),

      мұндағы:

      Чдк – дара кәсіпкерлерде қамтылғандар саны;

      Чдк (қожайын) – СБТ негізінде қалыптастырылатын жұмыс істеп тұрған дара кәсіпкерлер саны;

      Чдк (жалдамалылар) – СБТ негізінде қалыптастырылатын дара кәсіпкерлердегі жалдамалы қызметкерлер саны.

      16. "ШОК субъектілері өндірген өнімнің, орындаған жұмыстардың және көрсеткен қызметтердің көлемі" көрсеткіші келесі формула бойынша анықталады:

                        Вшок = Вшк + Вок + Вәлеум + Вдк + Вшфк,

      мұндағы:

      Вшок – ШОК субъектілері өндірген өнімнің, орындаған жұмыстардың және көрсеткен қызметтердің көлемі;

      Вшк – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын (есепті тоқсан бойынша) шағын кәсіпорындардың қызметі туралы жалпымемлекеттік статистикалық байқаудың негізінде қалыптастырылатын шағын кәсіпкерлік кәсіпорындары өндірген өнімнің, орындаған жұмыстардың және көрсеткен қызметтердің көлемі (саны 100 адамнан артық емес);

      Вок – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын (есепті тоқсан бойынша) орта кәсіпорындардың қаржы-шаруашылық қызметі туралы жалпымемлекеттік статистикалық байқаудың негізінде қалыптастырылатын орта кәсіпкерлік кәсіпорындары өндірген өнімнің, орындаған жұмыстардың және көрсеткен қызметтердің көлемі (саны 101-ден 250 адамға дейін);

      Вәлеум – әлеуметтік статистиканың жалпымемлекеттік статистикалық байқауы негізінде білім беру және денсаулық сақтау саласында қызметті жүзеге асыратын шағын және орта кәсіпкерлік (саны 250 адамға дейін) кәсіпорындары көрсеткен қызметтердің көлемі (есепті тоқсан бойынша);

      Вдк – дара кәсіпкерлер өндірген өнімнің, орындаған жұмыстардың және көрсеткен қызметтердің көлемі;

      Вшфқ – шаруа немесе фермер қожалықтары өндірген өнімнің көлемі.

      17. Дара кәсіпкерлер үшін өндірген өнімнің, орындаған жұмыстардың және көрсеткен қызметтердің көлемі мен салықтар арасындағы нақты ара қатынас 1:10 құрайды. Дара кәсіпкерлер өндірген өнім көлемін есептеудің негізіне әкімшілік дереккөз берген салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің нақты төленген сомасы туралы ақпарат алынады. Орташа салық жүктемесі 10% құрайды.

      18. "Дара кәсіпкерлер өндірген өнімнің, орындаған жұмыстардың және көрсеткен қызметтердің көлемі" Вдк көрсеткішін тоқсан сайын бағалау үшін салықтық түсімдер мен алымдар туралы алғашқы деректер пайдаланылады.

      Есептеу келесі формула бойынша жүзеге асырылады:

                                          Вдк =

(Н*10),

      мұндағы:

      Вдк – дара кәсіпкерлер өндірген өнімнің, орындаған жұмыстардың және көрсеткен қызметтердің көлемі;

      Н – соңғы есепті тоқсан бойынша барлық салықтар мен алымдар.

      19. Ауыл шаруашылығы статистикасының деректері негізінде қалыптастырылатын "Шаруа немесе фермер қожалықтары өндірген өнімнің көлемі" Вшфқ көрсеткіші.

      20. Өнім шығарылымының нақты көлем индексі (бұдан әрі - НКИ) өткен (базистік) кезеңмен салыстырғанда ағымдағы кезеңдегі шығарылым көлемінің өзгеруін сипаттайтын салыстырмалы көрсеткіш және бағалар әсерін есепке алмағандағы өнім шығарылымының нақты көлемінің өзгерісін сипаттайды.

      Өнім шығарылымының НКИ - ін есептеу үшін тұтыну бағаларының тиісті индекстерімен жалаң дефляторлау әдісі пайдаланылады. Өнім шығарылымын тұрақты бағаға қайта есептеу үшін тиісті өңірлердегі бағалардың өзгерісін сипаттайтын тұтыну бағаларының индекстері пайдаланылады.

      Өнім шығарылымының НКИ - ін есептеу келесі формула бойынша жүзеге асырылады:



      мұндағы:

      Iнқ – өнім шығарылымының нақты көлем индексі;

      В1 – есепті кезеңіне ағымдағы бағасымен өнім (тауарлар мен қызметтер) шығарылымы;

      В0 – базистік кезеңіне өнім (тауарлар мен қызметтер) шығарылымы.

      Iб – тұтыну бағасының индексі;

4-тарау. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері құрған жалпы қосылған құн үлесін есептеу

      21. ШОК субъектілері қызметінің жалпы ішкі өнімге (бұдан әрі – ЖІӨ) қосқан үлесін бағалау жылына бір рет жүргізіледі.

      22. ЖІӨ барлық резидент-өндірушілердің (институционалды секторлардың немесе салалардың) жалпы қосылған құнының және өнімдерге салынған салықтардың қосындысына тең болғандықтан, тиісінше бірінші кезеңде ШОК субъектілері бойынша ЖҚҚ-ны есептеу қажет.

      23. ЖҚҚ - өндіріс шотының теңгерімдеуші бабы болып табылады және аралық тұтынуға кеткен шығарылым мен шығыстар арасындағы айырмашылық ретінде анықталады.

      24. ЖІӨ-ге ШОК субъектілерінің қосқан үлесін бағалау үшін ақпараттық негіз болып табылатындар:

      1) шағын кәсіпкерлік кәсіпорындары бойынша:

      есепті жылдан кейінгі жылдың маусым айындағы шағын кәсіпорындардың жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың алғашқы статистикалық деректері негізінде шағын кәсіпкерлік (саны 100 адамнан артық емес) заңды тұлғаларының өндірген өнімі, орындаған жұмыстары және көрсеткен қызметтерінің көлемі бойынша жылдық деректер;

      2) Орта кәсіпкерлік кәсіпорындары бойынша:

      есепті жылдан кейінгі жылдың маусым айындағы орта кәсіпорындардың жалпымемлекеттік статистикалық байқаулардың алғашқы статистикалық деректері негізінде орта кәсіпкерлік (саны 101-ден 250 адамға дейін) заңды тұлғаларының өндірген өнімі, орындаған жұмыстары және көрсеткен қызметтерінің көлемі бойынша жылдық деректер;

      25. Дара кәсіпкерлер мен шаруа немесе фермер қожалықтары бойынша ШОК субъектілерінің ЖҚҚ бағалау үшін экономика бойынша тұтастай алғанда есепті жылы Қазақстан Республикасында қалыптасқан жалпы шығарылымдағы ЖІӨ-нің үлесі қабылданады.

      26. ШОК субъектілерінің ЖҚҚ келесі формула бойынша есептеледі:

                              Вшок = Вшк + Вок + Вдк + Вшфк,

      мұндағы:

      Вшок – ШОК субъектілерінің ЖҚҚ;

      Вшк – шағын кәсіпкерлік (заңды тұлғалар) кәсіпорындарының ЖҚҚ;

      Вок – орта кәсіпкерлік (заңды тұлғалар) кәсіпорындарының ЖҚҚ;

      Вдк – дара кәсіпкерлер құрған ЖҚҚ;

      Вшфк – шаруа немесе фермер қожалықтары құрған ЖҚҚ.

      27. ЖІӨ – дегі ШОК үлесі келесі формула бойынша бағаланады:



      мұндағы:

      D – ЖІӨ-дегі ШОК субъектілерінің ЖҚҚ үлесі;

      Вшок – ШОК субъектілерінің ЖҚҚ;

      ЖІӨ – жалпы ішкі өнім.

      28. Жалпы өңірлік өнім (бұдан әрі - ЖӨӨ) елдің ЖІӨ-ге ұқсас көрсеткіш болып табылады және осы өңірдің экономикалық бірліктері өндірген түпкілікті тауарлар мен көрсетілетін қызметтер құнын ұсынады.

      29. ШОК субъектілері салымын облыстық деңгейде жекелеген облыстардағы ШОК субъектілерінің ЖҚҚ бағалауды есепке ала отырып жүзеге асырылады. Статистикалық мақсатта есептік жылда қалыптасқан облыстың жалпы шығарылымындағы ЖӨӨ үлесі қолданылады.

      30. Жеке облыста құрылған ШОК субъектілерінің ЖҚҚ облыстың жалпы шығарылымындағы ЖӨӨ үлесінің деңгейінде есептеледі, ал облыстың экономикасына ШОК субъектілерінің үлесін бағалау үшін ЖӨӨ пайдаланылады.



      мұндағы:

      D – ЖӨӨ-дегі ШОК субъектілерінің ЖҚҚ үлесі;

      Вшок-обл – облыстың ШОК субъектілерінің ЖҚҚ;

      ЖӨӨn – n облысының жалпы өңірлік өнімі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады