Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Солтүстік Қазақстан облысы мәслихатының 2017 жылғы 29 тамыздағы № 15/7 шешімі. Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2017 жылғы 15 қыркүйекте № 4311 болып тіркелді. Күші жойылды - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 18 қазандағы № 7/10 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 18.10.2023 № 7/10 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабы 2-6-тармағына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихат ШЕШТІ:

      1. Қоса берілген Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Солтүстік Қазақстан
      облыстық мәслихаттың
      ХV сессиясының төрағасы Е. Алпысов
      Солтүстік Қазақстан
      облыстық мәслихаттың
      хатшысы В. Бубенко

  Солтүстік Қазақстан облыстық
  мәслихаттың 2017 жылғы 29 тамыздағы № 15/7 шешімімен бекітілді

Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон процестерін реттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының "Халықтың көші-қоны туралы", "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңдарына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 25 мамырдағы № 296 қаулысымен бекітілген Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидаларына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ халықтың көші-қоны мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және келісімдерге сәйкес әзірленді және Солтүстік Қазақстан облысындағы (әрі қарай - облыс) көші-қон процестерін реттеудің үлгілік тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1- тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 09.08.2021 № 6/2 (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      2. Осы қағидаларды облыстың жергілікті өкілді органдары бекітеді.

      3. Көші-қон процестерін реттеу:

      адамның тұрғылықты жерді еркін таңдау, еңбек ету еркіндігін және қызмет түрі мен кәсібін өз қалауынша таңдауға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге;

      кету және орын ауыстыру бостандығына;

      шығу тегі, әлеуметтік және мүліктік жағдайы немесе өзге де мән-жайлар бойынша кемсітушілікке жол бермеуге негізделеді.

      4. Осы үлгілік қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) қоныс аударушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушы;

      2) қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қоныс аударушылардың немесе қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелерінің шекті саны;

      3) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге тұрақты тұру үшін келетін, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушыларға көзделген мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілетін қандастардың немесе қандастардың және олардың отбасы мүшелерінің шекті саны.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 27.11.2018 № 26/8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.08.2021 № 6/2 (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

2-тарау. Көші-қон процестерін реттеу тәртібі

      5. Облыстағы көші-қон процестерін мониторингтеу, олардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуының жай-күйіне, экологиялық ахуалына әсері ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Облыстағы көші-қон процестерінің ерекшеліктеріне халықтың тығыздығы, көшіп келу, эмиграция, еңбек көші-қоны, ішкі көші-қон ағыны, урбандалу процесі, өңірдің экологиялық және діни жағдайы, халықтың ұлттық құрамы, өңірлік еңбек нарығының теңгерімділігі жатады.

      6. Өңірдегі көші-қон процестерін реттеу үшін жергілікті атқарушы органдар халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға:

      қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірдің тиісті аумағын жатқызуға (алып тастауға);

      шетелдік жұмыс күшін, оның ішінде этникалық қазақтар мен бұрынғы отандастар қатарынан тартуға квотаны ұлғайтуға (қысқартуға);

      қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың орта мерзімді кезеңге немесе алдағы жылға арналған өңірлік квоталарын ұлғайтуға (қысқартуға) қатысты ұсыныстар енгізеді.

      Ескерту. 6- тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 09.08.2021 № 6/2 (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      7. Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квоталарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 7- тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 09.08.2021 № 6/2 (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      8. Халықтың кетуі халықтың көбею қарқынынан асып кеткен кезде көші-қон процестерін реттеу, оның ішінде білікті жұмыс күшін тартуға және оларға жедел әлеуметтік бейімделуге жәрдем көрсетуге, қандастарды, әсіресе жастарды кәсіптік оқытуға және қайта даярлауға бағытталған іс-шараларды әзірлеу арқылы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 8- тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 09.08.2021 № 6/2 (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      9. Мониторингті қамтамасыз ету және көші-қон жағдайының дамуын болжау, жұмыспен қамту, мектептер, балабақшалар және медициналық мекемелер салу мәселелерін шешу, әлеуметтік-экономикалық дамытуды жоспарлау мақсатында халықты тіркеу есебі жүзеге асырылады.

      10. Қазақстан Республикасының азаматтарын, Қазақстан Республикасында уақытша болатын немесе тұрғылықты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тұрғылықты және (немесе) уақытша болатын (тұратын) жеріне тіркеу және есепке алу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      11. Жергілікті атқарушы органдар жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен өздеріне жүктелетін көші-қон процестерін реттеу саласында өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады