Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы әлеуметтік мониторинг жүргізудің қағидалары мен әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 1 маусымдағы № 74 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 19 маусымда № 17093 болып тіркелді

      "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 54-1-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы әлеуметтік мониторинг жүргізудің қағидалары мен әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Кадрлық дамыту департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз тасымалдағышта және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсында осы бұйрықты орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Кадрлық дамыту департаментіне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Қ.Қожамжаров

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2018 жылғы 1 маусымдағы
№ 74 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің қағидалары мен әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің қағидалары мен әдістемесі (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасы прокуратура органдары жүйесіндегі бөлімшелерінде (бұдан әрі – прокуратура органдары) моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:

      1) басшылық ету стилі – басқарушылық функцияларды тиімді және сапалы орындау мақсатында басшының ұжымға ықпал ету тәсілдерінің, әдістерінің тұтас және тұрақты жүйесінің жеке-типтік ерекшеліктері;

      2) іріктеу көлемі – прокуратура органдары жеке құрамының жалпы санынан қажетті адамдар саны (бұдан әрі - іріктеу);

      3) кәсіби жану – кәсіби қызметін табысты орындау үшін қажетті психологиялық-физиологиялық ресурстардың тауысылуы түрінде көрінетін, жұмыспен байланысты қызметкерлердің жағымсыз күйзелістерінің жиынтығы;

      4) қызмет жағдайымен қанағаттанушылығы – өндірістік орта мен еңбек процесінің әртүрлі факторларына бағалау қатынасын көрсететін сипаттама (қанағаттанушылықтың жоғары, орта, төмен деңгейлері);

      5) мониторинг жүргізу әдістемесі – зерттеу кезеңдерін жүйелі және дәйекті жүзеге асырудың әртүрлі әдістері, тәсілдері мен амалдарының жиынтығы, деректерді алу, қолдану және алынған деректерді талдап түсіндіру тәртібі (бұдан әрі - әдістеме);

      6) моральдық-психологиялық ахуал – жедел қызметтік міндеттерді дұрыс түсінілуін сипаттайтын психологиялық жағдай;

      7) өндірістік орта мен еңбек процесінің факторлары – қызметкерлердің қызмет өткеру жағдайына қанағаттанушылық деңгейіне ықпал ететін көрсеткіштер (еңбекті материалдық және материалдық емес ынталандыру, әлеуметтік қорғау, еңбекті ұйымдастыру және жағдайы, кәсіби және тұлғалық өсуі);

      8) социологиялық сауалнама (бұдан әрі - сауалнама) – сұрақ-сауалнамада қойылған сұрақтарға берілген жауаптар түрінде ақпаратты жинаудың социологиялық әдісі;

      9) сұрақ-сауалнама – олардың әрқайсысы мониторингтің негізгі міндеттерімен қисынды байланыста болатын сұрақтар жиыны; 

      10) прокуратура органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйін социологиялық мониторингтеу (бұдан әрі - мониторинг) – прокуратура органдарындағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі туралы ақпаратты алуға бағытталған әлеуметтік процестер мен құбылыстарды кешенді зерттеу.

      3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының кадр қызметі мониторинг жүргізуді жалпы үйлестіру және әдістемелік басшылық етуді жүзеге асырады.

2-тарау. Мониторинг жүргізу тәртібі мен әдістемесі

      4. Мониторинг жыл сайын күнтізбелік жылдың төртінші тоқсанында жүргізіледі. Мониторингке қатысушылар мониторинг тақырыбы мен міндеттеріне байланысты айқындалады.

      5. Қажеттілігіне қарай (қызметкердің шағымы бойынша, жанжалды жағдайда, кадрлардың тұрақсыздығы жоғары болғанда, еңбек көрсеткіштері төмен болғанда) прокуратура органы басшысының не прокуратура органы уәкілетті басшысының шешімі бойынша мониторинг қосымша жүргізілуі мүмкін.

      6. Мониторинг ерікті негізде, құпия, осы Әдістемеге қатаң сәйкес және қызметкерге сауалнама жүргізудің мақсатын алдын ала түсіндіре отырып, қазақ не орыс тілдерінде жүргізіледі.

      Сауалнама жүргізу ұзақтығы алпыс минуттан аспауы тиіс.

      7. Мониторинг нәтижелерін объективті бағалау үшін қызметкерлердің нақты санынан кемінде жетпіс пайыз қатысуы қажет.

      8. Мониторинг мынадай факторлар бойынша сұрақтардан тұрады:

      1) еңбекті материалдық және материалдық емес ынталандыру;

      2) еңбекті ұйымдастыру және жағдайы;

      3) кәсіби және лауазымдық өсуі;

      4) басшылықпен қарым-қатынасы;

      5) әріптестерімен қарым-қатынасы;

      6) психологиялық ахуал.

      9. Моральдық-психологиялық ахуалды бағалаудың негізгі өлшемдері:

      1) кәсіби қызметке, сондай-ақ өндірістік орта факторлары мен еңбек процесіне қанағаттану деңгейі;

      2) ұйымшылдық және пікірлер үйлесімділігінің деңгейі;

      3) басшылар мен қызметкерлердің өзара қарым-қатынасы

      4) қызметкерлердің арасындағы өзара қарым-қатынасы;

      5) ұжым ішіндегі қызметкерлердің шағымдану және өтініш жасау деректері болып табылады.

      10. Моральдық-психологиялық ахуалды бағалаудың жанама өлшемдері:

      1) қызметкерлердің кәсіби қызметіне деген құлшынысының өзгеруімен байланысты кадрлардың тұрақсыздығы;

      2) қызметкерлердің көші-қондық көңіл-күй;

      3) кәсіби жану болып табылады..

      11. Мониторинг жүргізу мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) дайындаушы – зерттеудің міндеттерін қою және мәнін таңдау, құралдарды өндеу, мониторинг жүргізуді дайындау және ұйымдастыру;

      2) негізгі – қатысушыларға нұсқаулық жүргізу, сауалнаманы тікелей жүргізу, толтырылған сауалнамаларды жинау.

      Мониторинг автоматтандырылған ақпараттық жүйені пайдалану немесе қағаз тасымалдағышта сауалнама жүргізу арқылы жүргізіледі.

      Сауалнама қағаз тасымалдағышта жүргізілген жағдайда, қызметкер өзі толтырған сауалды өзінің қолымен мөр басылған құтыға (контейнерге) салады.

      Сауал аяқталғаннан кейін мөр басылған құты (контейнер) сауалнамалардың мазмұнымен таныстырмастан комиссия құрамында ашылады.

      Комиссияның құрамы кадр қызметінің басшысымен айқындалады.

      Прокуратура органының бөлімшесі орналасқан жердегі жұмыс орнында қызметкерлерге сауал жүргіз ұйымдастырылады және психологиялық және полиграфологиялық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын қызметкер жүргізеді.

      Сауал қызметкерлер орналасқан жерлерге бару арқылы, сондай-ақ бейне-конференцбайланыс, электрондық мекенжай арқылы жүргізілуі мүмкін.

      3) қорытынды – өңдеуге бастапқы ақпаратты дайындау (толтыру толықтығы мен сапасын тексеру, сапасыз толтырылған сауалнамалардың жарамсыздығын шығару), деректерді статистикалық талдау және мониторинг нәтижелерін талдап түсіндіру, еркін нысанда талдамалы анықтаманы (онда мониторинг мақсаты мен міндеттері, талдама нәтижелері, моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі туралы қорытынды (жағымды, қанағаттанарлық, жағымсыз) және ұсыныстар көрсетілген нәтижелерді ресімдеу.

      Мониторинг жүргізу рәсімін, нәтижелерін өңдеуді және талдауды прокуратура органының психологиялық және полиграфологиялық қамсыздандыруды жүзеге асыратын қызметкер жүргізеді.

      Анықтама түрінде қорытылған ақпарат прокуратура органының басшысына не прокуратура органының уәкілетті басшысына ұсынылады

      12. Бас прокуратураның кадр қызметі мониторингке талдау жасайды және нәтижелерді қорытады, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қорытынды анықтаманы ұсынады.

      13. Іріктеу жеткіліксіз болған не мониторинг нәтижелері бойынша "жағымсыз моральдық-психологиялық ахуал" туралы қорытынды шығарылған жағдайда мониторинг қайтадан алты айдан кейін жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады