Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастырудың кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 19 қаңтардағы № 8 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 19 қаңтарда № 31721 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 464 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17379 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту туралы";

      бұйрықтың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары бекітілсін.";

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. "Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін анықтау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 465 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17380 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесін бекіту туралы";

      бұйрықтың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса берілген Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесі бекітілсін.";

      Студенттерді, магистранттарды және докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін анықтау әдістемесі осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2023 жылғы 19 қаңтардағы
№ 8 бұйрығына
1-қосымша
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушысының
2018 жылғы 14 қыркүйектегі
№ 464 бұйрығына
қосымша

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 43-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуетті өнім беруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), шарт жасасуға үміткер заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      2) уәкілетті орган – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      3) білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы (бұдан әрі – оператор) – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, білім беру саласындағы уәкілетті орган анықтайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      4) өнім беруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), онымен жасалған шартта тапсырыс берушінің контрагенті ретінде әрекет ететін заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      5) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін жатақханаларда жаңа орындарды енгізуді қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысымен байланысты қызметтерге арналған ақшалай төлемдер.

      3. Мемлекеттік тапсырыстың көлемі Заңның 5-бабының 2-4) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесіне (бұдан әрі – Әдістеме) сәйкес анықталады.

      4. Оператор жыл сайын ағымдағы қаржы жылының қаңтар айында жасалған мемлекеттік тапсырыс шарттарының (бұдан әрі – шарт) негізінде уәкілетті органға ағымдағы қаржы жылына арналған мемлекеттік тапсырыс мөлшерінің есептеулерін ұсынады.

      5. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мақсатында:

      1) салынып жатқан жатақханадағы немесе жатақхана етіп реконструкция жасалып жатқан ғимараттағы орындардың жалпы саны есепке алынады, ол облыс орталықтары, республикалық маңызы бар қалалар мен астана үшін кемінде жүз орынды, ал қалған елді мекендер үшін кемінде елу орынды құрайды.

      Реконструкция жасалатын жатақханадағы орындардың жалпы саны реконструкция жасалып жатқан жатақханада бұрын қолданылған орындардан басқа кемінде елу жаңа орынды құрайды. Бұл ретте мемлекеттік тапсырыс реконструкция жасалған жатақханадағы қосымша енгізілген жаңа орындар үшін орналастырылады;

      2) оператор техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының көмегімен өнім берушілердің дерекқорларын құру және жүргізу арқылы өнім берушінің жатақханаларда жаңа орындарды енгізуіне, сондай-ақ жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері нақты орналасқан жаңа орындарға мониторинг жүргізуді жүзеге асырады.

2-тарау. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібі

      6. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін жатақханаларда жаңа орындар енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсететін өнім берушілерге жүзеге асырылады.

      7. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін жатақханалардағы жаңа орындар 2018 жылғы 20 шілдеден кейін мына жолдармен пайдалануға берілген жатақхана орындары болып табылады:

      1) жапсаржай, қондырманы қоса алғанда, жаңа жатақхананы салу;

      2) жапсаржай, қондырманы қоспағанда, ғимаратты оның нысаналы мақсатын өзгертумен байланысты жатақхана етіп реконструкция жасау.

      8. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін жатақханаларда жаңа орындар енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсететін әлеуетті өнім беруші операторға төмендегі құжаттарды (қағаз көшірмелерде немесе электрондық нысанда) ұсына отырып, оператор бекіткен нысан бойынша электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған қағаз немесе электрондық нысанда өтініш береді:

      1) жаңа жатақхана салынған кезде:

      жатақхананы салу үшін пайдаланылатын жер учаскесіне (меншікті, жалға алынатын немесе жерді өтеусіз пайдалану құқығындағы) құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттары;

      2) жатақханаға немесе ғимаратқа оны жатақхана етіп реконструкция жасалған кезде:

      жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы қоса бере отырып, жатақханаға немесе жатақхана етіп реконструкция жасалатын ғимаратқа құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттары;

      3) егер әлеуетті өнім беруші жекеше әріптес болып табылған кезде:

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған, қажет болған кезде жекеше әріптестер үшін мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын, шығындарды өтеу және табыс алу көздерін көздейтін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты.

      9. Оператор әлеуетті өнім берушіден Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығына тексеру жүргізіп, тексерудің нәтижелері туралы қорытынды (бұдан әрі – қорытынды) шығарады.

      Әлеуетті өнім беруші Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар пакеті толық, дұрыс ресімделген өтінішті ұсынған кезде оператор қорытынды шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оператор бекіткен нысан бойынша уәкілетті орган, оператор және әлеуетті өнім беруші арасында әлеуетті өнім беруші соның шеңберінде жатақханалардағы жаңа орындарды пайдалануға енгізетін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы жаңадан енгізілген орындармен қамтамасыз ету жөніндегі алдын ала шартты (бұдан әрі – алдын ала шарт) жасасу рәсімін жүзеге асыру үшін әлеуетті өнім берушінің ұсынған құжаттары қоса тіркелген қорытындыны білім беру саласындағы уәкілетті органға жолдайды.

      Оператор әлеуетті өнім берушінің Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) дұрыс ресімделмеген өтінішті ұсыну фактісін анықтаған кезде, оператор қорытынды шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге алдын ала шартты жасасудан бас тарту туралы негізделген және дәлелді жауабын жолдайды.

      10. Уәкілетті орган оператордан Қағидалардың 9 және 13-тармақтарында көрсетілген қорытындылар келіп түскен күннен бастап қырық бес күнтізбелік күн ішінде тиісінше:

      1) алдын ала шартты жасасу рәсімін жүзеге асырады;

      2) уәкілетті орган, оператор және өнім беруші арасында шарт жасасу рәсімін жүзеге асырады.

      11. Шартты тапсырыс беруші "Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы № 12 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26502 болып тіркелді) бекітілген Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларына сәйкес қалыптастырады.

      12. Шарт бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде тіркелгеннен кейін күшіне енеді және ол бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін қолданыста болады.

      13. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін әлеуетті өнім беруші операторға жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы анықтама мен оның техникалық сипаттамасын қоса бере отырып, жатақханада жаңа орындардың пайдалануға енгізілгенін және жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығының тіркелгенін растайтын құжаттардың көшірмесін ұсынады.

      Оператор әлеуетті өнім берушіден Қағидалардың осы тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде қорытынды шығара отырып, олардың толықтығы мен дұрыстығына тексеру жүргізеді.

      Әлеуетті өнім беруші Қағидалардың осы тармағында көрсетілген құжаттарды дұрыс ресімдеп ұсынған кезде, оператор қорытынды шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушінің шартты жасасу рәсімін жүзеге асыру үшін ұсынған құжаттары қоса тіркелген қорытындыны уәкілетті органға жолдайды.

      Оператор әлеуетті өнім берушінің Қағидалардың осы тармағында көрсетілген құжаттардың дұрыс ресімделмеген түрде ұсыну фактісін анықтаған кезде, қорытынды шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге шарт жасасудан бас тарту туралы негізделген және дәлелді жауабын жолдайды.

      14. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі:

      1) жетпіс екі ай – пайдалануға қабылдау актісі 2023 жылғы 1 қаңтардан кейін құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуден өткен жаңа жатақхана салынған кезде;

      2) тоқсан алты ай – осы тармақтың 1) тармақшасында көзделмеген өзге де жағдайларда.

      Жатақхананың меншік иесі ауысқан кезде мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі жатақхананың алдыңғы меншік иесі кезінде орналастырылған мерзімнің осы тармақтың 1) – 2) тармақшаларында көрсетілген жатақхананың жаңа меншік иесінде орналастыру мерзіміне ара қатысы ескеріле отырып, қысқарады.

      15. Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасының талаптары сақталған кезде жатақхана пайдалануға енгізіліп, жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығы тіркелгеннен кейін толық айға жүзеге асырылады, бөліктерге бөлінбейді.

      Төлемді жүзеге асыру үшін өнім беруші 15 желтоқсандағы жағдай бойынша берілетін желтоқсан айына реестрді қоспағанда, ай сайын Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша айдың соңғы күніндегі жағдайға жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері нақты орналасқан орындар туралы мәліметтерді қамтитын тізілімді ұсынады.

      16. Егер оператор шарт жасалғанға дейін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің нақты тұратынын растаған кезде мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер Қағидалардың 15-тармағы сақталу шартымен өткен кезеңге жүзеге асырылады.

  Техникалық және кәсіптік,
орта білімнен кейінгі білім беру
ұйымдарының студенттерін
жатақханалардағы орындармен
қамтамасыз етуге мемлекеттік
тапсырысты орналастыру
қағидаларына қосымша
Нысан
__________________________
(оператордың атауы)

20___ жылғы "___"________ жағдай бойынша жатақханадағы адамдар нақты тұрып жатқан орындар туралы тізілім

Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

Жеке сәйкестендіру нөмірі

Оқитын жері (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымын көрсету)

Оқитын курсы

Оқу деңгейі













      Қолы

      Мөр орны (болған жағдайда) Күні

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2023 жылғы 19 қаңтардағы
№ 8 бұйрығына
2-қосымша
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушысының
2018 жылғы 14 қыркүйектегі
№ 465 бұйрығымен
бекітілген

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 2-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін есептеу алгоритмін айқындайды.

      2. Әдістемеде мынадай ұғым пайдаланылады:

      1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін жатақханаларда жаңа орындарды енгізуді қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысымен байланысты қызметтерге арналған ақшалай төлемдер.

2-тарау. Мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін анықтау алгоритмі

      3. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру шеңберіндегі қаржыландыру көлемі жатақханадағы орындардың саны мен жатақханадағы бір орынға өтемақы мөлшерінің көбейтіндісі ретінде анықталады. Бұл ретте мемлекеттік тапсырысты орналастырудың алғашқы күнтізбелік кезекті он екі айы ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер түзету коэфициентін ескере отырып, ал кейін жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері нақты орналасқан орындары үшін жүзеге асырылады. Егер төлем айы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің қысқы және жазғы каникулдар кезеңіне сәйкес келген жағдайда мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің қысқы немесе жазғы каникулдарының алдындағы соңғы оқу айындағы жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері нақты орналасқан орындар туралы ақпараттың негізінде жүзеге асырылады.

      4. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті аумақтарында төтенше жағдай және (немесе) шектеу шаралары, оның ішінде қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыруды көздейтін шаралар енгізілген кезеңде мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер жатақханадағы жалпы орындар туралы мәліметтердің негізінде жүзеге асырылады.

      5. Әдістеменің 3-тармағында көрсетілген алғашқы күнтізбелік кезекті он екі айы, мемлекеттік тапсырыстың ай сайынғы мөлшерін есептеу жатақхана салу және реконструкция жасау кезінде мынадай формулалар бойынша есептеледі:

      ҚОС = ЖНОО × ТК,

      мұнда:

      ҚОС - Әдістеменің 3-тармағында көрсетілген алғашқы күнтізбелік кезекті он екі айда қаржыландырылатын орындар саны, оның ең жоғарғы мөлшері жатақханадағы орындардың жалпы санынан аспайды;

      ЖНОО - жатақханадағы нақты орналасқан орындар;

      ТК - түзету коэффициенті, оның мөлшері екіге тең;

      АМТМ = МТЖМ × ҚОС / АС,

      мұндағы:

      АМТМ - Әдістеменің 3-тармағында көрсетілген алғашқы күнтізбелік кезекті он екі айдағы ай сайынғы мемлекеттік тапсырыстың мөлшері;

      МТЖМ - жатақханадағы бір орын үшін мемлекеттік тапсырыстың жылдық мөлшері:

      1) сейсмикалық қауіптілігі 9 және одан да көп балды құрайтын, сондай-ақ типіне және түріне қарамастан білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған жатақханалардағы орындар тапшылығы жалпы республикалық қажеттіліктің 20 пайызынан асатын республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда құрылыс салған жағдайда:

      республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 230 еселенген мөлшерін – пайдалануға қабылдау актісі 2023 жылғы 1 қаңтардан кейін құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуден өткен жаңа жатақхана салған жағдайда;

      республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 144 еселенген мөлшерін – өзге жағдайларда;

      2) астананы қосқанда, өзге елді мекендерде құрылыс салған жағдайда:

      республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 195 еселенген мөлшерін – пайдалануға қабылдау актісі 2023 жылғы 1 қаңтардан кейін құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуден өткен жаңа жатақхана салған жағдайда;

      республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 122 еселенген мөлшерін – өзге жағдайларда;

      3) типіне және түріне қарамастан білім беру ұйымдарының студенттеріне арналған жатақханалардағы орындар тапшылығы жалпы республикалық қажеттіліктің 20 процентінен асатын республикалық маңызы бар қалаларда және астанада реконструкция жасаған жағдайда – республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 92 еселенген мөлшерін;

      4) өзге елді мекендерде реконструкция жасаған жағдайда – республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 47 еселенген мөлшерін құрайды;

      АС - он екі айдан тұратын жылдағы айлар саны.

      6. Әдістеменің 3-тармағында көрсетілген алғашқы күнтізбелік кезекті он екі ай аяқталғаннан кейінгі ай сайынғы мемлекеттік тапсырыс мөлшерін есептеу мына формула бойынша жүзеге асырылады:

      АМТМ1 = АМТМ × ЖНОО / АС,

      мұнда:

      АМТМ1 - Әдістеменің 3-тармағында көрсетілген алғашқы күнтізбелік кезекті он екі ай аяқталғаннан кейінгі ай сайынғы мемлекеттік тапсырыстың мөлшері.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады