БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Инфрақұрылымды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі |
Г. Бейсембаев |
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі 2025 жылғы 19 наурыздағы № 44 бұйрығымен бекітілген |
Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтардың тізбесі
1. "Студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 464 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17379 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту туралы";
көрсетілген бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 48) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларында:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 48) тармақшасына сәйкес әзірленді және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібін айқындайды.";
2) тармақша алып тасталсын;
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"3) білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы (бұдан әрі – оператор) – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;";
мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
"6) биометриялық сәйкестендіру – жеке тұлғаның физиологиялық және биологиялық өзгермейтін белгілері негізінде оның жеке басын анықтау рәсімі.";
4-тармақ алып тасталсын;
5 және 5-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мақсатында:
1) өңірдегі демографиялық ахуал мен көші-қон процестерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындардың үш жылдық кезеңге арналған болжамды тапшылығы ескеріледі;
2) салынып жатқан жатақханадағы немесе жатақхана етіп реконструкция жасалып жатқан ғимараттағы орындардың жалпы саны есепке алынады, ол облыс орталықтары, республикалық маңызы бар қалалар мен астана үшін кемінде жүз орынды, ал қалған елді мекендер үшін кемінде елу орынды құрайды.
Реконструкция жасалатын жатақханадағы орындардың жалпы саны реконструкция жасалып жатқан жатақханада бұрын қолданылған орындардан басқа кемінде елу жаңа орынды құрайды. Бұл жағдайда, мемлекеттік тапсырыс реконструкция жасалған жатақханадағы қосымша енгізілген жаңа орындар үшін орналастырылады;
3) оператор техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының көмегімен өнім берушілердің дерекқорларын құру және жүргізу арқылы өнім берушінің жатақханаларда жаңа орындарды енгізуіне, сондай-ақ жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері нақты орналасқан жаңа орындарға мониторинг жүргізуді жүзеге асырады.
5-1. Оператор жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері нақты қамтылған орындардың мониторингін мыналардан:
жатақханада тұратындарды техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері санатына жатқызуды растау бөлігінде "Ұлттық білім беру деректер қоры" ақпараттық жүйесінен;
шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоспағанда, жатақханада тұратын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері туралы, оның ішінде оларды тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы жаңартылған және анық мәліметтерді алу бөлігінде "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер қорынан;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің тиісті жатақханада тұруы туралы мәліметтерді алу бөлігінде адамдардың тиісті жатақханаға еркін өтуін (кіруін немесе шығуын) шектейтін құрылғымен (құрылғыларымен) интеграцияланған, операторға тиесілі "StudDom" ақпараттық жүйесінен мәліметтер алу жолымен жүзеге асырады. "StudDom" ақпараттық жүйесінде мұндай мәліметтер болмаған жағдайда, оператор олардың жатақханада тұруын растау мақсатында жатақханада тұратын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне қоңырау шалуды жүзеге асырады;
Адамдардың тиісті жатақханаға еркін өтуін (кіруін немесе шығуын) шектейтін бақылау және құрылғының қолжетімділігін басқару жүйесі карточкалық сәйкестендіруді немесе биометриялық сәйкестендіруді пайдалануды қамтамасыз етеді.";
8-тармақтың 1) тармақшасы мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
"пайдалануға берілген жаңа жатақханалар үшін – жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы мәліметті қоса бере отырып, жатақханаға құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаты;";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Оператор әлеуетті өнім берушіден Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығына тексеру жүргізеді.
Әлеуетті өнім беруші Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасымен тиісінше ресімделген өтінішті ұсынған кезде оператор осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім аяқталғаннан кейін келесі күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оператор бекіткен нысан бойынша әлеуетті өнім берушімен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы жаңадан енгізілетін орындармен қамтамасыз ету жөнінде алдын ала шарт жасасады (бұдан әрі – алдын ала шарт), оның шеңберінде әлеуетті өнім беруші жатақханалардағы жаңа орындарды пайдалануға береді.
Оператор әлеуетті өнім берушінің Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) дұрыс ресімделмеген өтінішті ұсыну фактісін анықтаған жағдайда, оператор осы құжаттар тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге алдын ала шартты жасасудан бас тарту туралы негізделген және дәлелді жауабын жолдайды.";
10-тармақ алып тасталсын;
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Шартты "Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы № 12 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26502 болып тіркелген) сәйкес білім саласындағы уәкілетті орган бекіткен бюджет қаражатының көлемі шегінде тапсырыс беруші жасайды.";
12-тармақ алып тасталсын;
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін әлеуетті өнім беруші операторға жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәлімет пен оның техникалық сипаттамасын қоса бере отырып, жатақханада жаңа орындардың пайдалануға енгізілгенін және жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығының тіркелгенін растайтын құжаттардың көшірмесін ұсынады.
Оператор әлеуетті өнім берушіден Қағидалардың осы тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығына тексеру жүргізеді.
Әлеуетті өнім беруші Қағидалардың осы тармағында көрсетілген құжаттарды дұрыс ресімдеп ұсынған кезде, оператор олар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде әлеуетті өнім берушімен Қағидалардың 11-тармағында көзделген шартты жасасады.
Оператор әлеуетті өнім берушінің Қағидалардың осы тармағында көрсетілген құжаттардың дұрыс ресімделмеген түрде ұсыну фактісін анықтаған жағдайда, осы құжаттар тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге шарт жасасудан бас тарту туралы негізделген және дәлелді жауабын жолдайды.";
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасының талаптары сақталған кезде жатақхана пайдалануға енгізіліп, жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығы тіркелгеннен кейін толық айға жүзеге асырылады, бөліктерге бөлінбейді.
Төлемді жүзеге асыру үшін өнім беруші 15 желтоқсандағы жағдай бойынша берілетін желтоқсан айына реестрді қоспағанда, ай сайын Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша айдың соңғы күніндегі жағдайға жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің нақты орналасқан орындары туралы мәліметтерді қамтитын реестрді ұсынады.
Оператор тізілімде көрсетілген мәліметтерді Қағидалардың 5-1-тармағында көрсетілген ақпараттық жүйелерге сәйкестігі тұрғысынан салыстырып тексеруді жүзеге асырады.
Оператор айдың соңғы күніндегі және 15 желтоқсандағы жағдай бойынша жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерімен нақты орналасқан орындарға мониторингті жүзеге асыру мақсатында тиісті кезеңде "StudDom" ақпараттық жүйесінен алынған мәліметтер негізінде бес жұмыс күні ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы кері байланыстарын көрсете отырып, олардың тиісті жатақханада тұратыны туралы хабардар етеді. Оператор хабарлама жібергеннен кейін үш жұмыс күні ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының студентінен қарсылық болмаған кезде, оның тиісті жатақханада әдепкі қалпы бойынша тұратынын растау болып есептеледі.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің жатақханада тұрмау фактісі расталған кезде, мемлекеттік тапсырыс бойынша төлем жүзеге асырылғаннан кейін оператор қорытынды ресімдейді, оның негізінде өнім берушіге осындай студенттің жатақханада тұрмаған бүкіл кезеңі үшін алынған қаражатты бюджетке қайтару туралы талапты жібереді.";
мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:
"15-1. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің жатақханада нақты орналасқан орындары "StudDom" ақпараттық жүйесі арқылы тиісті жатақханада техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының бір студентінің айына (желтоқсан айын қоспағанда) кемінде жетпіс екі сағат тұру сағатының санымен расталады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің жатақханада нақты орналасқан орындары "StudDom" ақпараттық жүйесі арқылы тиісті жатақханада техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының бір студентінің желтоқсан айына кемінде отыз алты сағат тұру сағатының санымен расталады.
Қағидалардың 15-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мерзімге дейін тиісті жатақханада алғаш рет тіркелген техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерінің жатақханада нақты орналасқан орындары "StudDom" ақпараттық жүйесі арқылы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының бір студентінің айына кемінде он екі сағат тұру сағатының санымен расталады.
Осы тармақтың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінің талаптары халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстар мен фестивальдерге, олимпиадаларға қатысатын, сондай-ақ басқа елді мекендерде кәсіптік практикадан өтетін, денсаулық жағдайы бойынша жатақханадан тыс емделіп жатқан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне қолданылмайды. Осы бөлімде көрсетілген студенттер өнім берушіге техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының іс-шараларға қатысу туралы, кәсіптік практикадан өту туралы құжаттарын, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымының еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы анықтаманы ұсынады.".
2. "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 465 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17380 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
4-тармақ алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
"5-1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының тиісті аумақтарында төтенше жағдайды және (немесе) шектеу шараларын енгізу кезеңіне, оның ішінде қашықтан оқыту бойынша оқу процесін ұйымдастыруды көздейтін мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер жатақханадағы орындардың жалпы саны туралы мәліметтер негізінде жүзеге асырылады және мынадай формула бойынша есептеледі:
ТЖжШШАМТМ = МТЖМ × ЖҚ / АС,
ТЖжШШАМТМ ≤ АМТМn,
ТЖжШШАМТМ ≤ АМТМ1n,
мұндағы:
ТЖжШШАМТМ – төтенше жағдай және (немесе) шектеу шараларын енгізу кезеңіне арналған ай сайынғы мемлекеттік тапсырыстың мөлшері;
АМТМn – Қазақстан Республикасының тиісті аумақтарында төтенше жағдай және (немесе) шектеу шаралары енгізілгенге дейін бір айда төленген, қатарынан күнтізбелік алғашқы он екі айдағы мемлекеттік тапсырыстың мөлшері;
АМТМ1n – Қазақстан Республикасының тиісті аумақтарында төтенше жағдай және (немесе) шектеу шаралары енгізілгенге дейін бір айда төленген, қатарынан күнтізбелік алғашқы он екі ай өткеннен кейін мемлекеттік тапсырыстың мөлшері;
ЖҚ – жатақхананың жобалық қуаты.".
3. "Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы № 12 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26502 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізу:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Бірыңғай сатып алу платформасы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Бірыңғай сатып алу платформасы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Бірыңғай сатып алу платформасы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 2-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік білім беру тапсырысына байланысты қызметтер көрсетуді көздейтін Бірыңғай сатып алу платформасы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу тәртібін белгілейді.";
2-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"2) мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтер шарты (бұдан әрі – шарт) – бірыңғай сатып алу платформасы арқылы тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған азаматтық-құқықтық шарт, оның ішінде қосылу шарты, оның талаптарын тапсырыс беруші стандартты нысандарда айқындайтын және өнім берушілер ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолымен ғана қабылдауы мүмкін;
3) бірыңғай сатып алу платформасы (бұдан әрі – мемлекеттік сатып алу веб-порталы) – "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын сатып алудың және мемлекеттік сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі;";
8-тармақтың 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"8) тапсырыс берушінің мемлекеттік сатып алу веб-порталында өнім беруші көрсеткен қызметтер үшін жүргізілген төлемді растауы.
Қағидалардың осы тармағының тәртібі Заңның 62-бабының 4-3-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысын, сондай-ақ Заңның 8-бабының 2-2-тармағына сәйкес студенттерді, магистранттар мен докторанттарды қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру шеңберінде мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы шарттар жасасуға қолданылмайды.";
9-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру шеңберінде білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы (бұдан әрі – оператор) жүзеге асыратын мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы шарттар жасасу тәртібі келесі бірізді іс-шаралардың орындалуын көздейді:".