"Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 6-3/597 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2018 жылғы 22 қазандағы № 429 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 8 желтоқсанда № 17902 болып тіркелді.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы №6-3/597 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12714 болып тіркелген, 2016 жылғы 13 қаңтарда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидалары осы бұйрыққа сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
Ө. Шөкеев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ақпарат және коммуникациялар

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика

      министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары –
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2018 жылғы 22 қазандағы
№429 бұйрығына қосымша
  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2015 жылғы 30 маусымдағы
№ 6-3/597 бұйрығымен
бекітілген

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 41) тармақшасына сәйкес әзірленді және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге (бұдан әрі – АШТӨ) су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жеке шот – тізілімде қамтылған, субсидиялауға арналған ұсыныстар мен өтінімдерді тіркеу және олар бойынша операцияларды есепке алу мақсатында тіркелген тұлғаны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін жазбалар жиынтығы;

      2) көрсетілетін қызметтерді жеткізуші – мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне қолжетімділікті және оны сүйемелдеуді қамтамасыз ететін, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың ауыл шаруашылығы басқармасы немесе Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы (бұдан әрі – Басқарма) айқындайтын тұлға;

      3) өтінім – АШТӨ-нің су беру жөніндегі көрсететін қызметтер құнын өтеуге субсидиялар алуына арналған электрондық өтінім;

      4) суаратын су беру бойынша көрсетілетін қызметтер – су көздерінен (өзен, бұлақ, суландыру жүйесі, сутаратқыш, субөлгіш) су алу жолымен су беру, сутартқыштар (каналдар, құбыр жолдар) арқылы тасымалдау мен бөлу және АШТӨ-ге су бөлу нүктелеріне су беру;

      5) су беруші – АШТӨ-ге су беруді жүзеге асыратын және су шаруашылығы жүйелері қызметтерін көрсету бойынша табиғи монополия субъектісі болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;

      6) субсидиялау – бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын, нақты субсидия алушыларды өтеусіз және қайтарымсыз негізде қаржыландыру;

      7) субсидиялаудың ақпараттық жүйесі – субсидиялау процестерін орындау жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған, субсидиялар алу өтінімін тіркеуге, сондай-ақ өтінімнің субсидиялау шарттарына сәйкестігін автоматты түрде тексеру арқылы оны өңдеуге мүмкіндік беретін ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырушылық ретке келтірілген жиынтығы;

      8) субсидиялаудың ақпараттық жүйесі веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал) – Интернет желісінде орналасқан, субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне қолжетімділік беретін интернет-ресурс;

      9) субсидиялауға арналған өтінімдердің электрондық тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға арналған өтінімдер, қаржы институттары туралы мәліметтердің жиынтығы және субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде көрсетілген өзге де мәліметтер;

      10) танаптың электрондық картасы – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінде орналасқан, бұрылыс нүктелерінің координаталарын, соңғы екі жылдағы ауыспалы егістер туралы ақпаратты және спутниктерден алынатын жерді қашықтықтан зондтау деректерін қамтитын танап туралы ақпарат;

      11) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық символдар жиынтығы.

      3. Субсидия алушылар су берушіден суаратын су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алған және оларға ақы төлеу бойынша шығын шеккен АШТӨ болып табылады.

      4. АШТӨ-ге жеткізілген су көлемі су бөлу нүктесінде анықталады.

      5. Жеткізілген судың бір текше метріне бөлінетін субсидиялар мөлшері Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тиісті аумақтық департаменті АШТӨ үшін "Табиғи монополиялар туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі № 272 Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Табиғи монополиялар туралы Заңы) сәйкес бекіткен тарифтерге пайыздық қатынаста, осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген сатып алынған суаратын судың 1 текше метріне (бұдан әрі – м3) арналған субсидиялар мөлшеріне сәйкес сараланып белгіленеді.

      АШТӨ субсидия алу үшін су берушіге қолданыстағы тариф пен тарифтің субсидияланатын бөлігі арасындағы айырманы төлейді, ал қалған айырманы су берушіге АШТӨ субсидия алғаннан кейін төлейді. Бұл ретте, субсидия төлеудің барлық талаптары су беруші мен АШТӨ арасындағы шартта жазылуы тиіс.

      АШТӨ шарт бойынша су берушіге тарифтің субсидияланбайтын бөлігін төлемеген жағдайда, АШТӨ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

      6. Басқарма жыл сайын, 1 ақпанға дейінгі мерзімде веб-порталға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің тиісті аумақтық депртаменті АШТӨ үшін бекіткен су беруге арналған тарифтерді орналастырады.

      7. Басқарма АШТӨ-ге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау жөніндегі ай сайынғы жеке қаржыландыру жоспарын (бұдан әрі – Қаржыландыру жоспары) бекіткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны веб-порталға орналастырады.

2-тарау. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау тәртібі

1-параграф. Субсидиялар алу талаптары

      8. Субсидиялар мынадай талаптар сақталған кезде төленеді:

      1) АШТӨ-нің осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы суаратын су беру бойынша көрсетілетін қызметтерге субсидиялар алуға өтінім беруі.

      "Электрондық үкімет" веб-порталы мен веб-порталының ақпараттық өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады;

      2) өтінімді субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тіркеу.

      Субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде АШТӨ-нің жеке шоты болған жағдайда, ол субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде өтінімді тіркеуді өздігінен жүзеге асыра алады, бұл жағдайда өтінімді беру талап етілмейді және ол мұндай тіркелген сәттен бастап берілген болып саналады;

      3) деректері субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің "Заңды тұлғалар" немесе "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорларымен ақпараттық өзара

      іс-қимылы нәтижесінде расталған ауыл субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде АШТӨ-нің жеке шотының болуы;

      4) субсидиялаудың ақпараттық жүйесі мен электрондық шот-фактураларды қабылдау мен өңдеу жөніндегі ақпараттық жүйенің ақпараттық өзара іс-қимылы нәтижесінде суаратын су алу бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жұмсалған шығындардың расталуы (су берушінің тиісті электрондық шот-фактурасының болуы);

      5) субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде АШТӨ-ге жер пайдалану және (немесе) жеке меншік құқығында тиесілі жер учаскелерінің бүкіл егістік алаңына арналған танаптардың электрондық карталарының тіркелуі.

2-параграф. Субсидияларды есептеу тәртібі

      9. Сатып алынған суаратын судың 1 м3-іне арналған субсидия мөлшері қосылған құн салығымен (бұдан әрі – ҚҚС) қоса күріш жүйелеріне арналған тарифтің 50%-ын құрайды.

      Басқа АШТӨ үшін жеткізілген судың 1 м3-іне (текше метріне) арналған субсидиялар суару тәсілдеріне қарамастан, тарифтерге пайыздық қатынаста сараланып белгіленеді және мыналарды құрайды:

0,40-тан 2,0 тг/м3-ге (текше метрге теңге) дейін

- 60%

2,01-ден 4,0 тг/м3-ге (текше метрге теңге) дейін

- 65%

4,01-ден 9,0 тг/м3-ге (текше метрге теңге) дейін

- 70%

9,01-ден 15,0 тг/м3-ге (текше метрге теңге) дейін

- 75%

15,01-ден 20,0 тг/м3-ге (теңге текше метрге) дейін

- 80%

20 тг/м3-ден жоғары (текше метрге теңге)

- 85%.

      Субсидиялар мөлшерін есептеу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің тиісті аумақтық департаменті Табиғи монополиялар туралы Заңына сәйкес бекіткен тариф пен су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтің ең төменгі (субсидияланбайтын) құны (0,40 тг/м3 (текше метрге теңге)) арасындағы айырма (тарифтың субсидияланатын бөлігі) алынады.

      Сатып алынған суаратын судың 1 м3-іне арналған субсидия мөлшері мынадай формула бойынша есептеледі:

      S = (T-Smin)*%-ға, тарифтерді бекітілген ң мөлшерлеріне сәйкес,

      мұнда:

      S – сатып алынған суаратын судың тг/м3-дегі (текше метрге теңге) субсидия мөлшері;

      T – бекітілген тариф, тг/м3 (ҚҚС-ны қоса алғанда) (текше метр теңге);

      Ескертпе: егер, су беруші ҚҚС төлеуші болып табылса және заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелген болса.

      Smin – су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтің ең төменгі (субсидияланбайтын) құны (0,40 тг/м3 текше метрге теңге));

      Күріш жүйелері үшін субсидиялау көрсетілетін қызметтердің ең төменгі (субсидияланбайтын) құны есепке алынбай көзделеді.

      10. Субсидияланатын суаратын судың көлемі 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Су кодексінің 82-бабына сәйкес бассейндер мен облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) бөлінісіндегі су пайдалану лимитінен аспауы тиіс.

3-параграф. Субсидияларды төлеу тәртібі

      11. Басқарма осы Қағидалар қолданысқа енгізілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде облыс, республикалық маңызы бар қала, астана қалалары әкімдігінің интернет-ресурсында және одан кейін тиісті жылдың 1 наурызынан кешіктірмей, бұқаралық ақпарат құралдарында, облыс әкімдігінің интернет-ресурсында суаратын су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге субсидиялар алуға арналған ай сайынғы өтінімдерді қабылдау кезеңі туралы хабарландыру орналастырады.

      12. Веб-портал арқылы тізілім деректеріне (бұдан әрі – Жеке кабинет) қолжетімділік беру үшін:

      1) АШТӨ-нің ақпараттық жүйеде өздігінен тіркелуі үшін ЭСҚ-сы болуы тиіс;

      2) Басқарма жыл сайын көрсетілетін қызметтерді жеткізушіге ЭСҚ-сы бар өз қызметкерлерінің өзектендірілген тізімдерін жолдайды.

      13. Жеке кабинетте тіркелу үшін АШТӨ мыналарды көрсетеді:

      1) жеке тұлғалар мен дарар кәсіпкерлер үшін: жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН), тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);

      2) заңды тұлғалар (оның ішінде шетелдік заңды тұлғалар) үшін: бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – БСН), шетелдік заңды тұлға филиалының немесе өкілдігінің БСН-сы – заңды тұлғада БСН болмаған жағдайда, толық атауы; бірінші басшының аты, әкесінің аты (бар болса), тегі және ЖСН-сы;

      3) байланыс деректері (пошталық мекенжай, телефон, е-mail);

      4) екінші деңгейдегі банктегі субсидиялар алуға арналған банктік шоттың деректемелері.

      АШТӨ жоғарыда көрсетілген деректерін өзгерткен жағдайда бір жұмыс күні ішінде Жеке кабинетке енгізілген жеке шот деректерін өзгертеді.

      14. АШТӨ-нің өтінімді қалыртастыруы мен тіркеуі Жеке кабинетте АШТӨ-нің тұрғылықты жері бойынша Басқарманың атына мынадай тәртіппен жүргізіледі:

      1) осы Қағиданың 8-тармағы талаптарын субсидиялаудың ақпараттық жүйесі тексеруі үшін қажетті мәліметтерді енгізе отырып өтінім қалыптастырылады;

      2) өтінім АШТӨ-нің ЭСҚ-сын қол қою жолымен субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тіркеледі және Басқарманың Жеке кабинетінде қолжетімді болады. Веб-порталда көрсетілген Басқарманың электрондық мекенжайына қарауға өтінім келіп түскен туралы электрондық хабарлама жолданады.

      15. АШТӨ веб-порталда өтінімін тіркеген сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде. Басқарма веб-порталда қалыптастырылған тиісті хабарламаға ЭСҚ пайлалана отырып қол қою жолымен оның қабылданғанын растауға міндетті. Өтінім веб-портал арқылы берілген жағдайда, бұл хабарлама АШТӨ-нің Жеке кабинетінде қолжетімді болады. Басқарма АШТӨ-нен өтінімді алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған өтінімнің толық болуын тексеруге міндетті.

      16. Басқарма осы Қағидалардың 15-тармағына сәйкес өтінімнің қабылданғанын растағаннан кейін екі жұмыс күні ішінде веб-порталда "Қазынашылық-Клиент" ақпараттық жүйесінде жүктелетін, субсидиялар төлеуге арналған төлем тапсырмаларын қалыптастырады.

3-тарау. Субсидиялау жөніндегі есептілік және тиімділікті бағалау

      17. Субсидиялау жөніндегі ақпарат Министрлікке онлайн-режимде субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне тиісінше қол жеткізу жолымен веб-портал арқылы беріледі.

      18. Қазақстан Республикасы аумағында су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтер құны субсидияларын алған тұлғаларға қатысты бақылау мен мониториг қолданыстағы заңнама аясында жүргізіледі.

  Ауыл шаруашылығы
тауарларын өндірушілерге су
беру бойынша көрсетілетін
қызметтердің құнын
субсидиялау қағидаларына
қосымша
  Облыстың (қаланың) ауыл
шаруашылығы басқармасының
Астана қаласының
Инвестициялар және
кәсіпкерлікті дамыту
басқармасының басшысы
____________________________
(аты, әкесінің аты (бар болса),
тегі)

20 __ жылғы ____________ айы үшін су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге субсидиялар алуға арналған өтінім

      1. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші

      ______________________________________________________________

                                    (атауы)

      2. Орналасқан жері: _____________________________________________

                              (облыс, аудан, кент, көше)

      3. Өтінім беруші туралы мәліметтер:

Деректер көзі

Қажетті мәліметтер

Деректер

1.

Заңды тұлға үшін – мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама (нөмірі, берілген күні мен орны)


бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН)


2.

Жеке тұлға үшін – жеке басын куәландыратын құжат

жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН)


3

Жеке тұлға үшін – дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарлама

жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН)


4.

Өтінім берушіге жер пайдалану немесе жеке меншік құқығында тиесілі жер учаскесіне сәйкестендіруші және (немесе) құқық белгілеуші құжат

кадастрлық нөмірі



5.

Су көзі

су көзінің атауы (өзен, бұлақ, суландыру жүйесі, сутаратқыш, субөлгіш)


су берушінің тарифі (теңгемен)


су берушімен жасалған су беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы шарттың нөмірі және күні


6.

Өңдеп өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының түрлері бойынша суаратын суды тұтыну көлемі

егілетін дақыл


егіс алаңы, гектар

су тұтыну көлемі, мың м3 (текше метр)

суару тәсілі

7.

Ағымдағы шотының бар-жоғы туралы ақпарат

екінші деңгейдегі банктегі субсидиялар алуға арналған банктік шоттың деректемелері:


бизнес-сәйкестендіру коды (БСК)


корреспонденттейтін шот (К/С)


бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН)


Бенефициар коды (Кбе)


8.

Алынған суаратын суға алғашқы төлем құжаттары

нөмірі


      Ұсынылған ақпараттың дұрыстығын растаймын және дұрыс емес мәліметтер ұсынғаным үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік туралы хабардармын.

      Өтінім беруші 20__ жылғы "__" ________ сағат 00:00 қол қойып, жіберді:

      ЭЦҚ-дан алынған деректер

      ЭЦҚ-ның қойылған күні мен уақыты

      Өтінімнің қабылданғаны туралы хабарлама:

      Облыс басқармасы 20__ жылғы "__" ________ сағат 00:00 қабылдады:

      ЭЦҚ-дан алынған деректер

      ЭЦҚ-ның қойылған күні мен уақыты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады