Темір ауданының жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламентін бекіту туралы

Жаңартылған

Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 214 шешімі. Ақтөбе облысы Әділет департаментінің Темір аудандық Әділет басқармасында 2018 жылғы 2 мамырдағы № 3-10-191 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн–өзi басқару туралы" Заңының 6 бабына және 39–3 бабының 3-1 тармағына, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 тіркелген) сәйкес Темір аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Темір ауданының жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламенті бекітілсін.

      2. "Темір аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы шешімді Темір аудандық Әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы шешімді Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы шешімді Темір аудандық мәслихатының интернет – ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешім халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтер үшін 2018 жылғы 1 қаңтардан және халық саны екі мың адам және одан аз ауылдық округтер үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгізіледі.

      Темір аудандық
мәслихатының төрағасы
Б. АБДЫҒАЛИ
      Темір аудандық
мәслихатының хатшысы
Б. ІЗБАСОВ

  Темір аудандық мәслихатының 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 214 шешімімен бекітілген

Темір ауданының жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламенті
1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Темір ауданының жергілікті қоғамдастық жиналысының Регламенті (бұдан әрі – Регламент) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 39–3 бабының 3–1–тармағына, "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 болып тіркелген) сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 27.08.2021 № 85 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Осы Регламентте қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін–өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік–аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;

      2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге қатысуы;

      3) жергілікті маңызы бар мәселелер – реттелуі Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне сәйкес тиісті әкімшілік–аумақтық бөлініс тұрғындарының басым бөлігінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты аудандық маңызы бар қаланың, ауылдық округі қызметінің мәселелері;

      4) жергілікті өзін–өзі басқару – халық тікелей, сондай–ақ мәслихат және басқа да жергілікті өзін–өзі басқару органдары арқылы жүзеге асыратын Заңда, өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалған тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді өзінің жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет;

      5) жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшесі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелерді шешуге жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық өкілі.

      2–1. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын жергілікті қоғамдастық жиыны төрт жыл мерзімге айқындайды және жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген кандидаттар қатарынан құрылады.

      Бұл ретте, жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің (бұдан әрі – жиналыс мүшелері) саны аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ халқының жалпы санына байланысты айқындалады:

      1) 10 мың халыққа дейін – жиналыстың 5–10 мүшесі;

      2) 10–15 мың халық – жиналыстың 11–15 мүшесі;

      3) 15–20 мың халық – жиналыстың 16–20 мүшесі;

      4) 20 мыңнан астам халық – жиналыстың 21–25 мүшесі.

      Ескерту. Регламент 2-1 тармақпен толықтырылды - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 08.11.2021 № 109 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2–2. Жергілікті қоғамдастық жиналысының құрамын қалыптастыру кезінде бөлек жиындар өкілдерінің саны олардың халқының санына барабар айқындалады.

      Ескерту. Регламент 2-2 тармақпен толықтырылды - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 08.11.2021 № 109 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2–3. Бірнеше елді мекендерден тұратын әкімшілік–аумақтық бірлік үшін осы Регламенттің 2–2–тармағының ережелерін ескере отырып, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындары жіберген әрбір елді мекеннен кемінде бір өкіл қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. Регламент 2-3 тармақпен толықтырылды - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 08.11.2021 № 109 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2 тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шақыруын жүргізу тәртібі

      3. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:

      бағдарламалық құжаттардың, жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларының жобаларын талқылау және қарау;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;

      аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетін түзетуді келісу;

      аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аппаратының шешімдерін келісу;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;

      Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;

      жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;

      жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелерін талқылау.

      Ескерту. 3 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 24.04.2023 № 14 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Жиналысты аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері дербес не жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша, бірақ тоқсанына кемінде бір рет шақырылады және өткізіледі.

      Жиналыстың бастамашылары күн тәртібін көрсете отырып, әкімге еркін нысанда жазбаша өтініш жасайды.

      Әкім үш жұмыс күні ішінде жазбаша өтінішті қарайды және шақырылымның орны мен уақытын көрсете отырып, жиналысты шақыру туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 4 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 08.11.2021 № 109 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Заңның 39–3–бабы 3–тармағының 4–3) тармақшасында көзделген, жергілікті қоғамдастық жиналысының шақырылу уақыты, орны туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей хабардар етілетін жағдайды қоспағанда, жиналыстың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жиналыстың мүшелері жиналыс өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен хабардар етіледі.

      Әкім аппараты жиналыстың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды жазбаша түрде, электрондық құжат нысанында (электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған) немесе құжаттардың электрондық көшірмесін жиналысқа шақырғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жиналыстың мүшелеріне және әкімге ұсынады.

      Ескерту. 5 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 27.08.2021 № 85 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 08.11.2021 № 109 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      6. Жиналысты шақыру алдында ауылдық округ әкімі аппараты жиналысқа қатысушы мүшелерді тіркеуді өткізеді, оның нәтижелерін әкім немесе жиналысты шақыру басталғаннан бұрын ол уәкілеттік берген адам жариялайды және жиналыстың хаттамасына шақыруды өткізу орны мен уақытын көрсете отырып енгізеді.

      Жиналысты шақыру оған жиналыс мүшелерінің кемiнде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.

      7. Жиналысты шақыруды әкім немесе ол уәкілеттік берген адам ашады.

      Жиналысты шақыруды жүргізу үшін жиналыстың төрағасы мен хатшысы ашық дауыс беру тәсілімен сайланады.

      8. Жиналыстың күн тәртібін ауылдық округ әкімінің аппараты жиналыс мүшелері, тиісті аумақтың әкімі енгізген ұсыныстар негізінде қалыптастырады.

      Күн тәртібіне өткен жиналыстарды шақыруда қабылданған шешімдер барысы және (немесе) орындалуы туралы мәселелер қосылады.

      Жиналысты шақырудың күн тәртібі оны талқылау кезінде толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін.

      Жиналысты шақырудың күн тәртібі жиналыспен бекітіледі.

      Күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша дауыс беру жеке өткізіледі. Егер оған қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, мәселе күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.

      9. Жиналысты Темір ауданы (облыстық маңызы бар қала) әкімі аппаратының, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың, сондай–ақ мәселелері жиналысты шақыруда қаралатын жеке және заңды тұлғалардың өкілдері шақырылады. Сондай–ақ жиналысты шақыруға аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының депутаттары, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатыса алады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шақырылған адамдар жиналыстың мүшелері болып табылмайды және шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге қатыспайды.

      Ескерту. 9 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 08.11.2021 № 109 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10. Жиналысты шақыруларда баяндамалар, қосымша баяндамалар, жарыссөзде сөйлеу үшін және жиналысқа шақыруды өткізу тәртібі бойынша сөз сөйлеу регламенті төрағамен айқындалады. Баяндамашылар мен қосымша баяндамашыларға сұрақтарға жауап беру үшін уақыт бөлінеді. Егер сөз сөйлеуші бөлінген уақыттан асып кетсе, жиналыс төрағасы оның сөзін тоқтатады немесе шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілігінің келісімімен сөз сөйлеу уақытын ұзартады.

      Жиналыс мүшесі бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі жиналыс мүшелерінің сауалдары, түсініктеме және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеулері сөз сөйлеу деп есептелмейді. Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде қойылады. Жазбаша сұрақтар жиналыс төрағасына беріледі және жиналыс шақырылымында жарияланады.

      Жиналыс төрағасы өз бастамасы бойынша немесе жиналыс мүшелерінің дәлелді ұсынысы бойынша үзілістер жариялай алады.

      Жиналыстың соңында жиналыстың мүшелеріне қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз өткізілмейді.

3 тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімдерін қабылдау тәртібі

      11. Жиналыс өз өкілеттігі шеңберінде шақырылымға қатысып отырған жиналыс мүшелерінің көпшілік даусымен шешімдер қабылдайды.

      Дауыстар тең болған жағдайда жиналыстың төрағасы шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

      Жиналыстың шешімі хаттамамен ресімделеді, онда:

      1) жиналыстың өткізілген күні мен орны;

      2) жиналыс мүшелерінің саны және тізімі;

      3) өзге де қатысушылардың саны және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген тізім;

      4) жиналыс төрағасы мен хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      5) күн тәртібі, сөйлеген сөздердің қысқаша мазмұны және қабылданған шешімдер көрсетіледі.

      Хаттамаға жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және хаттама ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімін қамтитын жағдайларды қоспағанда, жиналыс өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ауылдық округ әкіміне беріледі.

      Ауылдық округ әкімінің өкілеттігін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасау туралы шешімі бар жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасына жиналыстың төрағасы мен хатшысы қол қояды және бес жұмыс күні ішінде Темір аудандық мәслихатының қарауына беріледі.

      Ескерту. 11 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 27.08.2021 № 85 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 08.11.2021 № 109 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      12. Жиналыс қабылдаған шешімдерді ауылдық округ әкімі қарайды және ауылдық округ әкімінің аппараты бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жиналыс мүшелеріне жеткізеді.

      Ескерту. 12 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 08.11.2021 № 109 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      13. Әкім жергілікті қоғамдастық жиналысының шешімімен келіспейтінін білдірген жағдайда, осы мәселелер осы Регламенттің 2–тарауында көзделген тәртіппен қайта талқылау арқылы шешіледі.

      Ауылдық округ әкімінің келіспеушілігін тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, мәселені Темір ауданы әкімі шешеді.

      Ауылдық округ әкімі екі жұмыс күні ішінде Темір ауданы әкімнің және Темір аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихатының атына жергілікті қоғамдастық жиналысының хаттамасын жергілікті қоғамдастық жиналысы келіспеушілік тудырған мәселелерді қайтадан талқылағаннан кейін жібереді.

      Бес жұмыс күні ішінде Заңның 11–бабында көзделген тәртіппен Темір аудандық (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының таяудағы отырысында алдын ала талқылаудан және оның шешімінен кейін Темір ауданы әкімі шешім қабылдайды.

      Ескерту. 13 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының 08.11.2021 № 109 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      14. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін–өзі басқару органдары, лауазымды тұлғалар өкілеттіктері шегінде жиналысты шақыруда қабылданған және ауылдық округ әкімі мақұлдаған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді.

      15. Жиналысты шақыруда қабылданған шешімдерді ауылдық округ әкімінің аппараты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен таратады.

4 тарау. Жергілікті қоғамдастық жиналысы шешімдерінің орындалуын бақылау

      16. Жиналыста жүйелі түрде жиналыстың шешімдерін орындауға жауапты тұлғалардың ақпараттары тыңдалады.

      17. Шешімдерді орындамаған немесе сапасыз орындаған жағдайда, тиісті ақпарат хаттамаға енгізіледі, оны жиналыстың төрағасы аудан әкіміне немесе жиналыстың шешімін орындауға жауапты лауазымды тұлғаның жоғары тұрған басшыларына жолдайды.

      Қабылданған шешімдер қайта орындалмаған немесе сапасыз орындалған жағдайда, жиналыс аудан әкімі немесе тиісті лауазымды тұлғалардың жоғары тұрған басшылары алдында лауазымды тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселеге бастамашылық жасайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады