Талдықорған қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 2018 жылғы 28 наурыздағы № 167 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 17 сәуірде № 4644 болып тіркелді. Күші жойылды - Жетісу облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 2023 жылғы 15 қарашадағы № 11-68 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Жетісу облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 15.11.2023 № 11-68 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2-3-тармағына және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, Талдықорған қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Талдықорған қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Талдықорған қалалық мәслихатының "Талдықорған қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" 2016 жылғы 23 қыркүйектегі № 49 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3982 тіркелген, 2016 жылдың 28 қазанында Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау қалалық мәслихаттың "Әлеуметтік қорғау, заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтары және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Талдықорған қалалық
      мәслихатының сессия төрағасы Б. Оңғарбаев
      Талдықорған қалалық
      мәслихатының хатшысы Қ. Бұлдыбаев

  Талдықорған қалалық мәслихатының "Талдықорған қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2018 жылғы "28" наурыздағы № 167 шешімімен бекітілген қосымша

Талдықорған қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      1. Осы Талдықорған қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – Алматы облысының статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкiлеттi орган – жергiлiктi бюджет есебiнен қаржыландырылатын, әлеуметтiк көмек көрсетудi жүзеге асыратын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), қаладағы ауданның халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы атқарушы органы;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2 - тармақ жаңа редакцияда – Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 214 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 11.11.2019 № 329; 22.09.2020 № 428 шешімдерімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі).

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      4. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      Ескерту. 4 - тармақ жаңа редакцияда – Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 22.09.2020 № 428 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      6. Біржолғы әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндердің тізбесі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) алып тасталды - Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 22.09.2020 № 428 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);

      3) 9 мамыр – Жеңіс күні.

      4) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні.

      Ескерту. 6 - тармақ жаңа редакцияда – Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 214 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 22.09.2020 № 428 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Әлеуметтік көмек алушылардың санатының тізбесі және шекті мөлшерлері:

      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері – 400 айлық есептік көрсеткіш;

      2) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері – 52 айлық есептік көрсеткіш;

      3) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер – 52 айлық есептік көрсеткіш;

      4) жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдардың басқа да санаттары – 52 айлық есептік көрсеткіш;

      5) әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын азаматтарға отбасы табыстарын есепке алмай – 5 айлық есептік көрсеткіш, оның ішінде: адамның иммунитет тапшылығы вирусы бар балаларға - екі есе ең төменгі күнкөріс деңгейі;

      6) әлеуметтік көмек тағайындауға жүгінген, жан басына шаққандағы орташа табысы өтініш жасалған тоқсанның алдындағы облыс бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан аспайтын, отбасы құрамында Қазақстан Республикасының жоғары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімдерінде оқитын балалары бар аз қамтылған отбасылар, табыстарын есепке алмай Қазақстан Республикасының жоғары, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімдерінде оқитын жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 500 айлық есептік көрсеткіш, бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде;

      7) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілгенде – отбасына 200 айлық есептік көрсеткіш;

      8) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар –15 айлық есептік көрсеткіш;

      9) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар – 15 айлық есептік көрсеткіш;

      10) жан басына шаққандағы орташа табысы облыс бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінің жетпіс пайыздық қатынасынан аспайтын, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқылатын балалары бар отбасылар – 5 айлық есептік көрсеткіш;

      11) еңбек ардагерлері - 52 айлық есептік көрсеткіш.

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайынғы әлеуметтік көмек.

      Азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар негіздеме болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) осы Қағидалардың 7-тармағының 10) тармақшасын есептемегенде, облыс бойынша ең төмен күнкөріс деңгейіне бір еселік қатынас шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы.

      Арнайы комиссия әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесін басшылыққа алады.

      Ескерту. 7 - тармақ жаңа редакцияда – Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 214; 11.11.2019 № 329 шешімдерімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 22.09.2020 № 428 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 30.03.2022 № 137 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      8. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Алматы облысының жергілікті атқарушы органның келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

      9. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      10. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      11. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) алып тасталды - Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 22.09.2020 № 428 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);
      3) алып тасталды - Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 22.09.2020 № 428 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі);

      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.

      Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімі – үш ай.

      12. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары ұсынылады, содан кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      Ескерту. 12 - тармақ жаңа редакцияда – Алматы облысы Талдықорған қалалық мәслихатының 22.09.2020 № 428 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округ әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      14. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағиданың 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      15. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      16. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      17. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      18. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      19. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағиданың 15 және 16-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      20. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      21. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      22. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру жергілікті бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      23. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      24. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      25. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

      26. Осы Қағидалармен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады