Қарасай ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережесін бекіту туралы

Жаңа

Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының 2018 жылғы 6 наурыздағы № 26-6 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2018 жылы 29 наурызда № 4614 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағының 12-3) тармақшасына сәйкес, Қарасай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қарасай ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережесі осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Қарасай аудандық мәслихатының "Заңдылықты сақтау, құқықтық тәртіп және азаматтардың құқығын қорғау жөніндегі" тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      3. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қарасай ауданы мәслихаты сессиясының төрағасы Д. Клышпаева
      Қарасай аудандық мәслихатының хатшысы А. Көшкімбаев

  Қарасай аудандық мәслихатының "Қарасай ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ережесін бекіту туралы" 2018 жылғы "6" наурыздағы № 26-6 шешімімен бекітілген қосымша

Қарасай ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қарасай ауданының Құрмет грамотасымен наградтау туралы ереже "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және Қарасай ауданының Құрмет грамотасымен наградтау тәртібін айқындайды.

      2. Қарасай ауданының Құрмет грамотасы (бұдан әрі - Құрмет грамотасы) маңызды моральдық ынталандырма, азаматтардың жемісті қызметін қоғамның мойындауын білдіру болып табылады.

      3. Құрмет грамотасымен қызмет саласында кем дегенде 5 жыл қызмет өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтары экономикадағы, әлеуметтiк саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегi, бiлiм берудегi, денсаулық сақтаудағы, әскери және мемлекеттiк қызметтегi, қоғамдық, мемлекеттiк, қайырымдылық қызметтегi елеулi жетiстiктерi үшiн наградталады.

2. Құрмет грамотасымен наградтау тәртібі

      4. Қарасай ауданы әкіміне наградтауға ұсынысты жергілікті өкілді және атқарушы органдар, шығармашылық одақтар, еңбек ұжымдары және басқа да ұйымдар енгізеді.

      5. Құрмет грамотасымен наградтау туралы қолдау хат тегін, атын, әкесінің атын (болған жағдайда), туылған күнін, жұмыс орнын (жарғылық құжаттарына сәйкес ұйымның толық атауын және қолдау хат енгізілген күндегі атқаратын лауазымының толық атауын көрсете отырып), білімі туралы мәліметтерді, еңбек қызметі туралы, наградалары мен құрметті атақтары туралы мәліметтерді көрсете отырып мемлекеттік және орыс тілдерінде рәсімделеді.

      6. Дұрыс рәсімделмеген және наградтауға дейін он жұмыс күннен кем мерзімде келіп түскен қолдау хат Қарасай ауданы әкімінің қарауына қабылданбайды.

      7. Кезекті наградаға ұсыну алдыңғы наградттау күнінен бастап бес жыл өткен соң ғана мүмкін.

      8. Құрмет грамотасын тапсыру салтанатты түрде жүргізіледі.

      Құрмет грамотасын Қарасай ауданының әкімі тапсырады, сондай-ақ Қарасай ауданы әкімінің атынан және оның тапсыруы бойынша Құрмет грамотасын қалалық және ауылдық округ әкімдері және Қарасай ауданының әкімі уәкілдік берген басқа да тұлғалар тапсыра алады.

      9. Құрмет грамотасына Қарасай ауданы әкімінің қолы қойылады.

      10. Құжаттарды жүргізуді және есепке алуды Қарасай ауданы әкімінің аппараты жүзеге асырады.

      11. Құрмет грамотасының тапсырылғаны туралы тапсыру хаттамасы жасалады, награданы тапсырған тұлғанын қолы қойылады және награданы тапсырған органның мөрімен бекітіледі және үш жұмыс күні ішінде Қарасай ауданы әкімі аппаратына жолданады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады