Алматы қаласының жасыл екпелерін күтіп-ұстаудың және қорғаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының ХХXIII сессиясының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 260 шешiмi. Алматы қаласы Әдiлет департаментінде 2018 жылғы 16 қазанда № 1504 болып тіркелді. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 211 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы қаласы мәслихатының 17.01.2023 № 211 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 4-2) тармақшасына сәйкес, VІ сайланған Алматы қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес Алматы қаласының жасыл екпелерін күтіп-ұстаудың және қорғаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес Алматы қаласы мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Алматы қаласы Мәслихатының аппараты осы шешімді әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді, кейіннен ресми мерзімді баспа басылымдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкінде және ресми интернет-ресурста жариялауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешімнің орындалуын бақылау Алматы қаласы мәслихатының кәсіпкерлікті және коммуналдық шаруашылықты дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы К.В. Авершинге жүктелсін.

      5. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      VІ сайланған Алматы
қаласы мәслихатының XXXІІІ
сессиясының төрағасы
Б. Садықов
      VІ сайланған Алматы
қаласы мәслихатының
хатшысы
Қ. Қазанбаев

  Алматы қаласы мәслихатының
2018 жылғы 14 қыркүйектегі
№ 260 шешіміне
1 қосымша

Алматы қаласының жасыл екпелерін күтіп-ұстаудың және
қорғаудың қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Алматы қаласының жасыл екпелерін күтіп-ұстаудың және қорғаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне, 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне, Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 1 шілдедегі "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы", 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", 2014 жылғы 16 мамырдағы "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 235 "Жасыл екпелерді күтіп-ұстаудың және қорғаудың үлгілік қағидаларын, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2015 жылғы 29 сәуірде № 10886 болып тіркелген) сәйкес әзірленді.

      Қағидалар бұрыннан бар жеке тұрғын үй, азаматтардың саяжай учаскелеріне және мемлекеттік орман қоры учаскелеріне және республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қолданылмайды.

      2. Қағидалар Алматы қаласының жасыл екпелерін күтіп-ұстау және қорғау саласындағы тәртіпті айқындайды және қатынастарды реттейді.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) абаттандыру - сол немесе өзге аумақты құрылыс және мақсаты бойынша қалыпты пайдалану үшін жарамды жағдайға келтіру, халықтың дені сау, жайлы және мәдениетті өмір сүру жағдайын жасау мақсатында жүзеге асырылатын жұмыстардың (аумақтарды инженерлік дайындау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдарды салу, коммуникациялық желілерді және сумен жабдықтау, кәріз, энергиямен жабдықтау құрылыстарын, жабындар құрылғыларын дамыту, монументті өнердің шағын сәулеттік нысандары мен объектілерін орналастыру, көгалдандыруды жобалау, шу деңгейін азайту, микроклиматты жақсарту, ауа бассейнін, ашық су айдындары мен топырақты ластанудан қорғау бойынша) және көрсетілетін қызмет (аумақтарды құрғатуға және көгалдандыруға тазалау, жинау, санитариялық тазалау бойынша) жиынтығы;

      2) ағаштарды кесу – "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Рұқсаттар туралы Заң) 2–қосымшасының 159–тармағына сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылатын ағаштарды кесу (қайта отырғызу) бойынша жұмыс;

      3) дендрологиялық жоспар – құрылыс салу аймағын ескере отырып көкжелектердің, алаңқайлардың, жолдардың, су айдындарының ашық учаскелерімен үйлесімділікте өсіп тұрған және отырғызылуы жоспарланып отырған ағаш-бұтақ өсімдіктерінің жасыл екпелерінің сандық және түрлік құрамы көрсетілген жасыл екпелерді отырғызу жоспары;

      4) жалпыға ортақ жерлер – алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, жолдар, жағалаулар, саябақтар, скверлер, қала ормандары, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың мұқтаждықтарын қанағаттандыруға арналған өзге де объектілер (жалпыға ортақ инженерлік жүйелер) орналасқан және оларға арналған жерлер;

      5) жасыл екпелер – азаматтық заңнамаға сәйкес жылжымайтын мүлік болып табылатын және қаланың бірыңғай жасыл қорын құрайтын табиғи өскен және жасанды егілген ағаш бұтақты және шөпті өсімдіктер;

      6) жасыл алқап – түрлік құрамына қарамастан кемінде 0,125 га аумақта кемінде 50 дана ағашы бар көгалдандырылған аумақ;

      7) жасыл екпелерді түгендеу (тал басын санау) – қөгалдандыру объектілерінің сандық және сапалық сипаттамаларын толық көрсете отырып, оларды есепке алу жөніндегі іс–шаралар кешені, сондай-ақ жоспарлы негізде әрбір көгалдандыру элементін графикалық бейнелеу;

      8) жеке тұрғын үй – үй маңындағы учаскеде орналасқан және шаруашылық пен басқа да құрылыстармен және жасыл екпелермен бiрге азаматтың меншiгiндегi жеке (отбасымен) тұруға арналған үй;

      9) өтемдiк отырғызу – уәкілетті орган дендрологиялық жоспарға сәйкес айқындаған арнайы учаскелерде кесілген ағаштардың орнына отырғызу;

      10) жасыл екпелерді орман-патологиялық зерттеу зиянкестердің (жәндіктердің) болуын арнайы зерттеу, ауру белгілері мен ошақтарының болуын, діңдерде, тамыр жүйесі мен ұшарбаста зең ауруларымен (паразиттермен) зақымдану белгілерінің болуын анықтау. Егер екпелердің 50 (елу) %-дан астамы аурулардан зақымданған болса, олар міндетті түрде кесілуі тиіс.

      11) шағын сәулеттік нысандар – декоративтік сипаттағы және іс жүзінде пайдаланылатын объектілер (мүсiндер, субұрқақтар, барельефтер, гүл құмыралары, павильондар, күркелер, отырғыштар, құтылар, балалар ойындары және ересектердiң демалысына арналған жабдықтар мен конструкциялар);

      12) жасарту – қаңқалы және жартылай қаңқалы бұтақтарды қатты қысқарту, өркендерді сирету және реттеу, бас жағы мен бұталардың құрғау салдарынан өзінің декоративтік сапасын жоғалтқан, сау діңді және сүңгекті жасарту үшін жарамды ересек ағаштардың кемінде 3,5 метр биіктіктегі діңдерін кесу;

      13) көгалдандырылған аумақ – табиғи жолмен өнiп шыққан өсiмдiктер орналасқан, жасанды жолмен жасалған бау-саябақ кешендерi және объектiлер, бульварлар, скверлер, көгалдар, гүлдер орналасқан жер учаскесі;

      14) ұйым – жасыл желектерді күтіп-ұстау және қорғау саласында маманданып жүрген жеке немесе заңды тұлға;

      15) іргелес аумақ – ғимараттар, құрылыстар, қоршаулар, құрылыс алаңшаларының, сауда, жарнама объектілеріне және заңды немесе жеке тұлғалардың балансындағы, меншігіндегі, иелігіндегі, жалға алуындағы басқа объектілер шекараларына тікелей (периметрі бойынша 5 метр шекарадағы) жанасып жатқан аумақ;

      16) өтпе жол – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорындарға, шағын аудандар, орамдар, елді мекендер ішіндегі құрылыс объектілеріне көлік құралдарының кіруін қамтамасыз ететін жол элементі;

      17) өтемдік отырғызу жоспары – отырғызудың сандық бөлігін, тұқымдық құрамын, көлемін, күнтізбелік мерзімін, сонымен қатар жоспарлы негізге орайластырылған отырғызуды орналастырудың графикалық схемасын қамтитын кесуге, санитариялық кесуге ұшыраған ағаштарды отырғызу жоспары;

      18) жасыл екпелер тізілімі – жасыл екпелердің типтері, түрлік құрамы, алаңының көлемі, жай-күйі және орналасуы туралы деректер жиынтығы;

      19) жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау – жасыл екпелерді, көгалдандырылған аумақтар мен жасыл алқаптарды құруға, сақтауға және өсіруге (оның ішінде кесілген жасыл екпелерді өтемдік қалпына келтіруге) бағытталған құқықтық, әкімшілік, ұйымдастырушылық және экономикалық шаралар жүйесі;

      20) жасыл екпелерді сақтау – абаттандыру және құрылыс жұмыстарының нүктесіне түсетін, аса құнды екпелердің тұқымдарын сақтауға бағытталған іс-шаралар кешені;

      21) санитариялық кесу – авариялық жағдай туғызатын (электр беру желілерінде, газ құбырларында жатқан, ғимараттардың жамылғысын зақымдайтын, жол қозғалысының қауіпсіздігіне қатер төндіретін), ауырған, құрғай бастаған, құрғақ және зақымданған бұтақтарды кесу;

      22) тротуар – жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған, жолдың жүру бөлігімен шектесетін немесе одан көгалмен немесе арық жүйесімен бөлінген жолдың элементі;

      23) уәкілетті орган - жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау мәселелерін реттеу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      24) күтіп-баптау – өсімдіктердің жерасты бөлігін және топырағын күтіп-баптау (қоректендіру, суару, қопсыту және өзге де іс-әрекеттер);

      25) жасыл екпелерді жою – жасыл екпелердің өсуінің тоқтауына әкелетін зақымдану;

      26) ұшарбасты қалыптастыру – белгілі бір эстетиқалық түр беру және жасыл екпелерді жасарту мақсатында олардың солып қалуына әкеп соқтырмайтын, пішіндеуге келетін бұтақтар мен өркендерді, жекелеген ағаштарды, бұталарды және жолдағы екпелерді кесу.

2. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау 1-параграф. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау шаралары

      4. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерінде және республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, жеке тұрғын үй және жеке меншік қосалқы шаруашылық аумақтарында, азаматтардың саяжай учаскелерінде және коммуналдық қызметтерге қарасты зират учаскелерінде өсетін жасыл екпелерді қоспағанда, барлық жасыл екпелер қорғалуы тиіс Алматы қаласының бiрыңғай жасыл қорын құрайды. 

      5. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің көгалдандырылған аумақтарын дамыту дендрологиялық жоспарға сәйкес жүргізіледі.

      6. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында көзделген аумақтардағы көгалдандыру жөніндегі барлық жұмыс түрлерi бекітілген жобалар бойынша орындалады. Аталған жұмыс түрлері Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Осы Қағидаларға сәйкес жеке және заңды тұлғалар, меншік иелері немесе пайдаланушылар жасыл екпелерді сақтау бойынша шараларды жүзеге асыруы, жасыл екпелердің бүлінуіне немесе жойылуына алып келетін заңсыз әрекеттерге немесе әрекетсіздіктерге жол берілмеуі керек.

      Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

      8. Қаланың аумағы шегіндегі жалпы пайдаланудағы аумақтарда орналасқан жасыл алқаптар белгіленген тәртіпте келісілген қаланы дамытудың бас жоспарына және оны нақтылауға жататын жер учаскілерін есептемегенде құрылыс жүргізілмейді.

      9. Жобалық, құрылыс және шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Қағидаларда белгіленген жасыл желектерді қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, жүзеге асырылады.

      10. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау мыналарды қамтиды:

      1) жасыл екпелерді отырғызу;

      2) ағаштардың діңгек қуысын орнатумен қыртыстарды қопсыту, жасыл қоршамды қию, ағаштардың діңін көтеру, ағаш өскіндерін жою;

      3) гүлзарлар, көгалдарды орналастыру, арамшөптерді отау, шөптерді шабу, қысқы кезеңде раушан гүлдерін жауып ұстау;

      4) бүкіл вегетациялық кезең бойы жасыл екпелерді суару;

      5) авариялық, құрғаған, жасамыс ағаштарды және бұталарды санитариялық кесу, ұшарбасты қалыптастыру;

      6) тыңайтқыштар салу;

      7) жасыл екпелердің зиянкестерінен және ауруларынан қорғау.

      11. Жасыл екпелерді қайта отырғызу арнайы технологияларды сақтай отырып, күз түскен кезеңнен бастап көктемнің бас кезіне дейін жүргізіледі.

      12. Ағаштарды жасарту және қалың өскен ағаштарды сирету іс-шаралар вегетация басталғанға дейін немесе күздің соңында жүргізіледі.

      13. Құрылыс және шаруашылық қызметтің өзге де түрлерін жүргізу кезінде осы учаскіде сақтауға жататын барлық екпелер механикалық және басқа да зақымдардан, олардың қорғалуын тиімді қамтамасыз ететін арнайы қорғау қоршауларымен сақталады.

      14. Құрылыс салуға немесе басқа да жұмыстар жүргiзуге бөлiнетін учаскелерде жасыл екпелерді сақтау мүмкiн болмаған жағдайда, Рұқсаттар туралы заңға сәйкес ағаштарды кесу (қайта отырғызу) уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүргізіледі.

      15. Қоршаған ортаны қорғау және қалпына келтіруді 2007 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес азаматтар, лауазымды және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

      16. Жасыл екпелердің барлық түрі есепке алынады.

      17. Алматы қаласындағы жасыл екпелерді есепке алу осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша жасыл екпелер тізіліміне енгізілетін, есепке алу объектісінің шекарасында орналасқан жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеуі арқылы жүзеге асырылады.

      18. Уәкілетті орган жасыл екпелер тізілімін және оларды есепке алуды жүргізеді.

      19. Жасыл екпелерді есепке алу нәтижесін көрсететін құжат ресімделген түгендеу және орман-патологиялық зерттеу материалдары, сондай-ақ дендрологиялық жоспар болып табылады.

      20. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау бойынша қызмет көрсетуді, сондай-ақ жалпыға ортақ жерлердегі жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу жүргізуді ұйымдар жүзеге асырады.

      21. Уәкілетті орган жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу материалдарының көшірмесін жасыл қормен жұмыс істеу кезінде ұсыным ретінде пайдалану үшін Алматы қаласы аудандары әкімдерінің аппараттарына жібереді.

      22. Алматы қаласының жасыл екпелер тізілімі мынадай мақсаттарда жүргізіледі:

      1) Алматы қаласындағы жасыл екпелердің саны және күйі туралы шынайы кешенді мәліметтер алу;

      2) Алматы қаласындағы жасыл екпелердің саны және күйіне мониторинг жүргізу;

      3) Алматы қаласындағы көгалдандырылған аумақтарды қорғау, сақтау және дамыту саласындағы қалалық саясаттың негізгі бағыттарын анықтау;

      4) жасыл екпелерді қорғау, сақтау және дамытуда тиімді әдістерді әзірлеу;

      5) тұрғындарды, мемлекеттік органдарды Алматы қаласындағы жасыл екпелердің саны және күйі туралы шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету.

      23. Жасыл екпелер тізілімінің мәліметтерін жаңарту 2 жылда 1 рет жүргізіледі.

      24. Кесуге жататын жасыл алқаптар аумақтарында түрлік құрамын, сандық және сапалық күйін есепке алынатын учаске шекараларында жасын (диаметрін) ескере отырып, жасыл екпелерді түгендеу және орман-патологиялық зерттеу жүргізу қажет, оны тапсырыс беруші осы жұмыс түрлерін жүргізуге құқығы бар ұйымдармен шарт бойынша жүргізеді.

      25. Қалың өскен жасыл екпелер өздігінен құлаған кезде жасыл екпелерді қалпына келтіру жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.

2-параграф. Ағаштарды кесу (қайта отырғызу), санитариялық кесу

      26. Ағаштарды кесу (қайта отырғызу) мынадай:

      1) бекітілген және келісілген қала құрылысы құжаттамасында көзделген құрылыс объектілерін орналастыру үшін жағдайлар жасалуын қамтамасыз ету;

      2) инженерлік абаттандыру объектілеріне, жерүсті коммуникацияларына қызмет көрсету;

      3) авариялық және төтенше жағдайларды жою, оның ішінде инженерлік абаттандыру объектілерінде жою;

      4) жасыл екпелердің сапалық және түрлік құрамын жақсарту қажеттігі;

      5) адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қатер тұғызатын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне залал келтіретін ескі екпелерді санитариялық кесу жағдайларда жүзеге асырылады.

      27. Жалпыға ортақ жерлердегі ағаштарды санитариялық кесуді уәкілетті органның келісімі бойынша осы жер учаскесіне қызмет көрсететін ұйымдар жүргізеді.

      Ағаштардың өздері, сондай-ақ олардың бұтақтарының құлауы адамдардың өмірі мен денсаулығына, ғимараттар мен құрылыстардың, коммуникациялардың зақымдалуына, жол қозғалысы (оның ішінде жол жүру белгілерін жауып тұрса) қауіпсіздігіне қауіп төндіретін төтенше немесе апатты жағдайлардың туындауы мүмкін жағдайларда ағаштарды санитариялық кесу уәкілетті органның келісімінсіз жүргізіледі.

      28. Ағаштарды санитариялық немесе мәжбүрлі кесу фактісі төтенше жағдайлар органдарының құтқару қызметінің куәландыру актісімен айғақталады, кейіннен ол туралы уәкілетті органға хабарланады.

      29. Қураған, солып қалған және ауырған ағаштар мен бұтақтарды есепке алу және түгендеуді, олардың орналасқан жеріне қарамастан жеке және заңды тұлағалар, пайдаланушылар, көгалдандырылған аумақтардың иелері мен оларды жалға алушылардың өтініші бойынша уәкілетті орган жүзеге асырады.

      30. Жалпыға ортақ жерлердегі және ғимараттарға, құрылыстарға, көп қабатты тұрғын үйлерге іргелес аумақтардағы желдің және табиғи сипаттағы өзге де жағдайлардың, жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде ағаштар авариялық құлаған жағдайда құлаған ағаштарды жинауды, құлаған жерлерді уақтылы санитариялық тазалауды және ағаш қалдықтарын шығаруды қызмет көрсететін учаскелер бойынша ұйымдар жүзеге асырады.

      31. Ағаштарды кесу (қайта отырғызу) кесілген ағаштардың орнына жеке және заңды тұлғалардан өтемдік отырғызу туралы кепілхат ұсынылған жағдайда, Рұқсаттар туралы заңға сәйкес уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.

3-параграф. Ағаштарды өтемдік отырғызуды жүргізу тәртібі

      32. Ағаштарды қалпына келтіру арнайы учаскелерде өтемдік ағаш отырғызу жоспарына сәйкес, қажет болған жағдайда жерін құнарлы топыраққа ауыстыра отырып жүргізіледі.

      33. Өтемдік отырғызу ағашты кесуге мүдделі болған жеке және заңды тұлғалар есебінен жүргізіледі.

      34. Ағаштарды кесу және санитариялық кесу кезінде ағаштарды өтемдік отырғызу ағаш көшеттерін отырғызу жолымен жүргізіледі.

      35. Уәкілетті органның рұқсаты бойынша ағаштарды кесу кезінде қалпына келтірілетін ағаштарды өтемдік отырғызу бес есе көлемде жүргізіледі.

      36. Заңды және жеке тұлғалар ағаштарды қайта отырғызған кезде өтемдік отырғызу жүргізілмейді.

      Қайта отырғызулар ағаштардың солып қалуына әкеліп соққан жағдайда, бес есе көлемдегі өтемақы белгіленеді.

      37. Ағаштарды өтемдік отырғызуды заңды және жеке тұлғалар өздерінің жеке меншік жерлерінде немесе маңындағы аумақтарда өз беттерінше, ал ағаштарды мәжбүрлі түрде кесу кезінде көгалдандыруды, жасыл екпелерді күтіп-ұстауды жүзеге асыратын ұйымды қатыстыра отырып, жалпыға ортақ жерлерде жүзеге асырады.

      38. Отырғызылған ағаш көшеттері солып қалған жағдайда, ағаштарды кесуге мүдделі болған тұлғалар немесе ұйым жасыл екпелерді қайтадан отырғызуды жүзеге асырады және ағаштарды отырғызған кезден бастап екі жылдың ішінде (ағаш көшетінің ұласып өсу кезеңі) олардың одан әрі күтіп бапталуын қамтамасыз етеді.

      39. Тарихи немесе бірегей эстетикалық құндылығы бар, Қызыл кітапқа енгізілген ағаш және бұталы өсімдіктердің түрлерін кесуге тыйым салынады.

      40. Жеке және заңды тұлғаларға осы Қағидалардың талаптарын бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілік жүктеледі.

  Алматы қаласының
жасыл екпелерді күтіп-
ұстаудың және қорғаудың
қағидаларына қосымша

___ жылғы 1 қаңтардағы Жасыл екпелер тiзілімi Жасыл екпелер объектілерінің (учаскелерінің) алаңын жердің санатына, өсімдіктің типтеріне, функционалдық мақсатына қарай бөлу

      Қала/елді мекен

      Әкiмшiлiк аудан: (код)___________________

      Жауапты иесі:__________________________

      Жасыл екпелердің тізілімі

  Кесте

р/с № түгендеу / жасыл екпе паспортының №

Жердің функционалдық мақсаты (екпелер санаты)

Ағаш өсімдігі

Бірлі-жарым ағаштар, дана

Топтар, куртиналар, дана

Тоғайлар, алқаптар, дана

Жол бойындағы екпелер, дана

Жиыны, дана















Бұталы өсімдіктері

Бірлі-жарым, дана

Жасыл қоршам қума метр (қ. м.)

Қатарлап отырғызу, дана

Топтық отырғызу, дана

Барлығы қ.м./ дана











Ашық кеңістіктер

Гүлзарлар

Көкжелектер

Жазғы м2

Көпж ылды қ, м2

Конт ейнер лік, дана

Вазон, м2

Альпи нарий, рокарий, м2

Жиыны м2 / дана

Партерлік, м2

Кәді мгі, м2

Жер қырты сының жамыл ғысы, м2

Жиы-ны м2 / дана











  Алматы қаласы мәслихатының
2018 жылғы 14 қыркүйектегі
№ 260 шешіміне 2 қосымша

Алматы қаласы мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір
шешімдерінің тізбесі

      1. ІV сайланған Алматы қаласы мәслихаты ХІ сессиясының 2008 жылғы 2 шілдедегі № 119 "Алматы қаласындағы жасыл желектерді күту және қорғау ережелерін бекіту туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 781 болып тіркелген, 2008 жылғы 21 тамызда "Алматы ақшамы" және "Вечерний Алматы" газеттерінде жарияланған);

      2. ІV сайланған Алматы қаласы мәслихаты ХІХ сессиясының 2009 жылғы 25 маусымдағы "ІV сайланған Алматы қаласы мәслихаты ХІ сессиясының 2008 жылғы 2 шілдедегі № 119 "Алматы қаласындағы жасыл желектерді күту және қорғау ережелерін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" № 220 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 819 болып тіркелген, 2009 жылғы 8 тамызда "Вечерний Алматы" және 2009 жылғы 22 тамызда "Алматы ақшамы" газетінде жарияланған);

      3. IV сайланған Алматы қаласы мәслихаты ХХVІІ сессиясының 2010 жылғы 12 сәуірдегі "ІV сайланған Алматы қаласы мәслихаты ХІ сессиясының 2008 жылғы 2 шілдедегі № 119 "Алматы қаласындағы жасыл желектерді күту және қорғау ережелерін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" № 316 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 848 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады