Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтерді көрсету қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 16 қаңтардағы № 6 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 22 қаңтарда № 18217 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 90-6-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 12.07.2023 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтерді көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Т. Сүлейменов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2019 жылғы 16 қаңтардағы
№ 6 бұйрығымен
бекітілген

Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтерді көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтерді көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 90-6-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтерді көрсету тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 12.07.2023 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидалар Кодекстің 163-1-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті болып табылатын және Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері көрсететін міндетті қызметтердің тізбесінде көзделген көрсетілетін қызметтерді алу рәсімін жеңілдетуге бағытталған.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 12.07.2023 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері көрсететін міндетті қызметтер (бұдан әрі – Міндетті қызметтер) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алу жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті болып табылатын, сондай-ақ олардың өз қызметін немесе іс-қимылдарын (операцияларын) жүзеге асыру құқығын растайтын, ал мұндай қызметтерді алмау әкімшілік немесе азаматтық-құқықтық жауапкершілікке әкеп соғатын табиғи монополиялар және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектілері жүзеге асыратын қызмет (іс-қимылдар, процестер);

      2) квазимемлекеттік сектор субъектілері – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалар;

      3) табиғи монополия субъектісі – табиғи монополия жағдайларында тауарлар өндірумен, жұмыстарды орындаумен және (немесе) тұтынушыларға қызметтер көрсетумен айналысатын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

      4) көрсетілетін қызметті алушылар – табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері өздерінің қызметіне байланысты міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ұсынатын қызметтерді тұтынатын тұтынушылар (жеке және заңды тұлғалар);

      5) уәкілетті орган – қандай да бір салада басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге ұғымдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

      4. Міндетті қызметті көрсету нысаны: электрондық немесе қағаз түрінде.

      4-1. Жеке және заңды тұлғаларға міндетті қызметтер көрсету кезінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері ақпараттандыру объектілерін пайдаланады, сондай-ақ деректерді машинада оқылатын түрде "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілеріне ұсынады

      Ескерту. Қағидалар 4-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 12.07.2023 № 9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндетті қызметтерді көрсету тәртібі

      5. Табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің (бұдан әрі – Субъектілер) көрсетілетін қызметті алушыдан тиісті қызметті алу туралы өтінішті және/немесе қолдаухатты алуы міндетті қызметтерді көрсету үшін негіз болып табылады.

      6. Субъектілердің міндетті қызметтерді көрсету процесінің құрамына кіретін рәсімдер (іс-қимылдар):

      1) міндетті қызметті көрсету туралы өтінішті және/немесе қолдаухатты тіркеу;

      2) ұсынылған құжаттардың толықтығын қарау;

      3) көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттар толық болған жағдайда, Қазақстан Республикасының тиісті саладағы заңнамасында көзделген мерзімдер мен талаптарға сәйкес міндетті қызметті көрсетудің нәтижесін ресімдеу;

      4) көрсетілетін қызметті алушыға міндетті қызметтерді көрсету нәтижесін жіберу.

      7. Міндетті қызметті көрсетуге арналған өтініштерді және/немесе қолдаухаттарды қабылдау және оларды қарау нәтижелерін беру Мемлекеттік корпорация, "электрондық үкімет" веб-порталы немесе Субъектілердің кеңсесі арқылы жүзеге асырылады.

      8. Міндетті қызметті көрсету мерзімдерін Субъектілер Қазақстан Республикасының тиісті саладағы заңнамасына сәйкес белгілейді, бірақ ол көрсетілетін қызметті алушы міндетті қызметті көрсетуге арналған өтінішті немесе қолдаухатты берген сәттен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күннен аспауы керек.

      9. Міндетті қызметті көрсету туралы өтінішті және/немесе қолдаухатты қарау қорытындылары бойынша Субъектілер мына шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) техникалық шарттарды, рұқсаттарды, шекараларды бөлу актісін, сәйкестік туралы декларацияны, жаңадан жөнделген жабдықтарды жуу және қысымын тексеру бойынша орындалған жұмыстарды қабылдау актісін, дросселді құрылғыларды пломбалау актісін, алдағы жылу беру маусымына жылу тұтынатын қондырғылардың және жылу желілерінің техникалық дайындығының актісін немесе Қазақстан Республикасының тиісті саладағы заңнамасына сәйкес өзге құжатты беру;

      2) техникалық шарттарды, рұқсаттарды, шекараларды бөлу актісін, сәйкестік туралы декларацияны, жаңадан жөнделген жабдықтарды жуу және қысымын тексеру бойынша орындалған жұмыстарды қабылдау актісін, дросселді құрылғыларды пломбалау актісін, алдағы жылу беру маусымына жылу тұтынатын қондырғылардың және жылу желілерінің техникалық дайындығының актісін немесе Қазақстан Республикасының тиісті саладағы заңнамасына сәйкес өзге құжатты беру бас тарту.

      Техникалық шарттарды, рұқсаттарды, шекараларды бөлу актісін, сәйкестік туралы декларацияны, жаңадан жөнделген жабдықтарды жуу және қысымын тексеру бойынша орындалған жұмыстарды қабылдау актісін, дросселді құрылғыларды пломбалау актісін, алдағы жылу беру маусымына жылу тұтынатын қондырғылардың және жылу желілерінің техникалық дайындығының актісін немесе Қазақстан Республикасының тиісті саладағы заңнамасына сәйкес өзге құжатты беру бас тартқан жағдайда, Субъектілер техникалық шарттарды беруден бас тарту туралы шешімге Қазақстан Республикасының тиісті саладағы заңнамасына сәйкес дәлелді негіздемені қоса береді.

      10. Міндетті қызметтерді көрсету кезінде Субъектілерге:

      1) міндетті қызмет көрсету туралы ақпарат бергені үшін ақы алуға;

      2) міндетті қызметті көрсетуге қатысы жоқ мемлекеттік органдардың, мемлекеттік емес ұйымдардың рұқсаттарын және өзге де құжаттарын беруді талап етуге;

      3) көрсетілетін қызметті алушыларға Қазақстан Республикасының тиісті саладағы заңнамасында көзделмеген өзге талаптарды қоюға;

      4) міндетті қызметтерді көрсетудің тең емес жағдайларын жасауға;

      5) нарық субъектілерінің қызметін шектеуге жол берілмейді.

      11. Субъектілер көрсетілетін қызметті алушы міндетті қызметтерді алуға жүгінген кезде көрсетілетін міндетті қызметтердің құны мен тәртібі туралы ақпаратты ұсынады.

      12. Көрсетілетін қызметті алушының міндетті қызметтерді алғаны үшін төлемі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітілген бағалар мен тарифтер бойынша жүргізіледі.

3-тарау. Қорытынды ережелер

      13. Осы Қағидаларда қамтылмаған Субъектілердің міндетті қызметтерді көрсету тәртібі Қазақстан Республикасының тиісті саладағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады