Тұрақтандыру банкінің жарғылық және меншікті капиталдарының ең төмен мөлшерін, Тұрақтандыру банкін құру, оның жарғылық және меншікті капиталдарын қалыптастыру, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны алу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 11 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 12 ақпанда № 18295 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Тұрақтандыру банкінің жарғылық және меншікті капиталдарының ең төмен мөлшері 10 000 000 000 (он миллиард) теңге мөлшерінде бекітілсін.

      2. Қоса беріліп отырған Тұрақтандыру банкін құру, оның жарғылық және меншікті капиталдарын қалыптастыру, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны алу қағидалары бекітілсін.

      3. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      4. Қаржы нарығының әдіснамасы департаменті (Сәлімбаев Д.Н.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      5. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      7. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2019 жылғы 31 қаңтардағы
  № 11 қаулысымен
  бекітілді

Тұрақтандыру банкін құру, оның жарғылық және меншікті капиталдарын қалыптастыру, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны алу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Тұрақтандыру банкін құру, оның жарғылық және меншікті капиталдарын қалыптастыру, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес әзірленді және тұрақтандыру банкін құру, оның жарғылық және меншікті капиталдарын қалыптастыру, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны алу тәртібін белгілейді.

      2. Тұрақтандыру банкі Банктер туралы заңның 61-8-бабының 2-тармағында айқындалған мақсаттарға қол жеткізу үшін құрылады.

2-тарау. Тұрақтандыру банкін құру тәртібі

      3. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктен (банкті уақытша басқарушыдан) төлем жасауға қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру операциялары туралы ұсынысты алғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде тұрақтандыру банкін құру туралы шешім қабылдайды және дереу қабылданған шешім туралы банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіге (банкті уақытша басқарушыға) хабарлайды.

      4. Уәкілетті органның тұрақтандыру банкін құру туралы шешімінде:

      1) тұрақтандыру банкін құру туралы шешім;

      2) тұрақтандыру банкінің атауы мен орналасқан орны;

      3) тұрақтандыру банкін басқару бойынша қызметті жүзеге асыруға және үшінші тұлғалардың алдында оның мүддесін білдіретін уәкілетті адамдардың дербес құрамы;

      4) тұрақтандыру банкінің аталған банктің инвесторлары арасында орналастырылатын жарияланған акцияларының саны мен түрі, жарияланған акцияларының номиналды құны;

      5) тұрақтандыру банкінің жарғысын бекіту туралы шешім;

      6) тұрақтандыру банкін басқару бойынша қызметті жүзеге асыруға тағайындалған адамдарға тапсырма:

      тұрақтандыру банкінің жарғысына қол қою;

      тұрақтандыру банкін әділет органдарында тіркеу;

      орталық депозитариймен шарт жасасу;

      уәкілетті органда мемлекеттік тіркеу үшін банктің акциялар шығарылымы проспектісіне қол қою;

      7) банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікке (банкті уақытша басқарушыға) құрылатын тұрақтандыру банкіне активтер мен міндеттемелерді беруді тапсыру;

      8) уәкілетті органның тұрақтандыру банкін құру туралы шешімі күшіне енгізілетін күн;

      9) өзге де талаптар, оның ішінде банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізу үшін қажетті банктің үй-жайын, жабдығын, бағдарламалық қамтамасыз етуін пайдалану, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кредиттік бюроға ақпарат беру мәселесі бойынша өзге де талаптар көрсетіледі.

      5. Тұрақтандыру банкі Банктер туралы заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.

      6. Тұрақтандыру банкін құру туралы шешімді уәкілетті органның Басқармасы қабылдайды.

3-тарау. Тұрақтандыру банкінің жарғылық және меншікті капиталдарын қалыптастыру тәртібі

      7. Тұрақтандыру банкінің жарғылық капиталы инвестор мен тұрақтандыру банкін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті адам арасында жасалатын шартқа сәйкес инвестор тұрақтандыру банкінің жарияланған акцияларына төлем жасаған кезде қалыптастырылады.

      8. Инвестор тұрақтандыру банкінің жарияланған акцияларын сатып алған кезден бастап банк тұрақтандыру банкі мәртебесін жоғалтады.

4-тарау. Тұрақтандыру банкінің банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны алу тәртібі

      9. Тұрақтандыру банкі банк операцияларының жекелеген түрлерін және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны алуы үшін тұрақтандыру банкін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті адам уәкілетті органға мына құжаттарды:

      1) өтінішті;

      2) жарғының нотариат куәландырған көшірмесін;

      3) бюджетке қызметтің жекелеген түрімен айналысу құқығына лицензиялық алым төленгенін растайтын құжатты ұсынады.

      Уәкілетті орган лицензияда көрсетілген банктік және өзге де операциялардың тізбесін төлем жасауға қабілетсіз банк тұрақтандыру банкіне беретін активтер мен міндеттемелерге байланысты айқындайды.

      10. Уәкілетті орган тұрақтандыру банкіне банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша береді.

  Тұрақтандыру банкін құру,
  оның жарғылық және меншікті
  капиталдарын қалыптастыру,
  сондай-ақ тұрақтандыру
  банкінің
  банк операциялары мен өзге де
  операцияларды жүргізуге
  арналған
  лицензияны алу қағидаларына
  қосымша
  Нысан

Қазақстан Республикасының елтаңбасы Уәкілетті органның толық атауы Банктік және өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензия Лицензияның нөмірі _____ Берілген күні __ жылғы "_____" _________ _____________________________________________________________ (банктің толық атауы)

      Осы лицензия операциялардың мына түрлерін (ұлттық және (немесе) шетел

      валютасында) жүргізуге құқық береді:

      1) банктік операцияларды:

      _____________________________________________________________

      2) өзге де операцияларды:

      _____________________________________________________________

      Төраға (Төрағаның орынбасары)

      Мөр орны

      Алматы қаласы

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2019 жылғы 31 қаңтардағы
  № 11 қаулысына
  қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Тұрақтандыру банкін құру, банктік және өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алу, жарғылық және меншікті капиталдарын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеумен қадағалау агенттігі Басқармасының 2009 жылғы 5 тамыздағы № 179 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5782 болып тіркелген, 2009 жылғы 2 қазанда "Заң газеті" газетінде № 150 (1573) жарияланған).

      2. "Қазақстан Республикасының кейбiр нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкестендiру нөмiрлерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 29 наурыздағы № 50 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6219 болып тіркелген, 2010 жылғы 26 тамызда Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілер жинағында № 14 жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының кейбiр нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкестендiру нөмiрлерi бойынша енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар тiзбесiнің 27-тармағы.

      3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 сәуірдегі № 110 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8505 болып тіркелген, 2013 жылғы 6 тамызда "Заң газеті" газетінде № 115 (2316) жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 24-тармағы.

      4. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қазандағы № 265 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14733 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2017 жылғы 28 ақпанда жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесінің 2-тармағы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады