Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының мұқтажы үшін пайдаланылатын әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 5 наурыздағы № 134 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 12 наурызда № 18379 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 945 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 27.12.2019 № 945 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 10.04.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Стандарттау туралы" 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының мұқтажы үшін пайдаланылатын әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу қағидалары бекітілсін.

      2. "Әскери мақсаттағы тауарларға (өнімге), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларға (өнімге), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерге арналған әскери стандарттарды әзірлеу, келісу, есепке алу, бекіту, сараптама жасау, өзгерту, күшін жою және қолданысқа енгізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 28 шілдедегі № 394 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15734 болып тіркелген, 2017 жылғы 2 қазанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Метрологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор М.М. Алтынбаевқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      6. Осы бұйрық 2019 жылғы 10 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
Н. Ермекбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      2019 жылғы "____"____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс және аэроғарыш

      өнеркәсібі министрлігі

      2019 жылғы "____"____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мемлекеттік күзет қызметі

      2019 жылғы "____"____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      2019 жылғы "____"____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

      2019 жылғы "____"____________

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2019 жылғы 5 наурыздағы
№ 134 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының мұқтажы үшін пайдаланылатын әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының мұқтажы үшін пайдаланылатын әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының мүдделерінде әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әзірлеуші – әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу бойынша жұмыстарды орындайтын және (немесе) қызметтерді көрсететін заңды тұлға;

      2) әскери мақсаттағы өнім – қару-жарақ, әскери және арнайы техника, оқ-дәрілер, жұмыстар (оның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық), көрсетілетін қызметтер, құжаттама, зияткерлік қызмет нәтижелері, оның ішінде зияткерлік меншік және әскери экономика мен әскери техника саласындағы ақпарат;

      3) әскери стандарттау – нақты бар және потенциалды міндеттерге қатысты оларды әскери стандарттау объектілеріне бірнеше рет пайдалану мақсатында техникалық талаптарды, қағидаларды, сипаттамаларды, техникалық нормаларды белгілеу жөніндегі қызмет;

      4) әскери стандарттау объектісі – материалдарды, шикізатты, арнайы технологиялық жабдықты қоса алғанда, стандартталуға жататын немесе ұшыраған әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнім, процестер мен көрсетілетін қызметтер;

      5) әскери ұлттық стандарт – белгілі бір және арнайы пайдалану мақсатында әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) объектілерге қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін, оның ішінде мемлекеттік құпияларға жатқызылатын және таратылуы шектеулі мәліметтерді қамтитын өнімдерге, процестер мен көрсетілетін қызметтерге арналған стандарттау жөніндегі құжат;

      6) мемлекетаралық әскери стандарт – әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнімге, сондай-ақ осы өнімге байланысты процестерге және өзге де әскери стандарттау объектілеріне қойылатын талаптарды белгілейтін стандарттау жөніндегі уәкілетті мемлекетаралық орган немесе мемлекетаралық ұйым қабылдаған стандарт;

      7) мемлекеттік тапсырыс беруші – әскери стандарттау саласындағы жұмыстарды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді алатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы (мемлекеттік органның ведомствосы);

      8) мемлекеттік тапсырыс берушінің бөлімшесі – әскери стандарттау саласындағы жұмыстарды жүргізуге мемлекеттік тапсырыс беруші уәкілеттік берген ұйым;

      9) негіз қалайтын әскери стандарт – әскери стандарттау саласындағы жалпы ұйымдастыру-әдістемелік ережелерді белгілейтін стандарттау жөніндегі құжат.

      3. Әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнімді стандарттау мынадай мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған:

      1) мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін және әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету;

      2) өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру;

      3) инновацияларды тиімді енгізуді және жоғары технологиялық өндірістерді дамытуды қолдау, сондай-ақ технологиялар мен үздік зертханалық практикалар трансфертіне жәрдемдесу.

      4. Әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнімді стандарттау мақсаттарына:

      1) озық технологияларды енгізу, әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнімді шығару құралдарын және осындай өнімді әзірлеу және шығару кезіндегі ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету;

      2) әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнімнің номенклатурасын бірегейлендіруді оңтайландыру, оның үйлесімділігін және өзара ауыстырылуын қамтамасыз ету, оны жасау, өндірісте игеру мерзімдері мен шығындарын, сондай-ақ шығаруға, пайдалану мен кәдеге жаратуға арналған шығындарды қысқарту;

      3) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде мемлекеттік мақсатты бағдарламаларды іске асыру;

      4) әскери стандарттау жөніндегі жылдық жоспарларды іске асыру арқылы қол жеткізіледі.

      5. Әскери стандарттау саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру, егер өзге қаржыландыру көзі көзделмесе, мемлекеттік тапсырыс беруші тиісті жылға көздейтін республикалық бюджет қаражаты есебінен және шегінде жүзеге асырылады.

      Әскери стандарттау объектілерінің қауіпсіздігін арттыру және сапасын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары мен өзге де коммерциялық емес ұйымдары тиісті жылға арналған әскери стандарттау жөніндегі жұмыстар жоспарына енгізумен осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген әскери стандарттау саласындағы жұмыстарды орындауға арналған шығыстарды өз қаражаты есебінен қаржыландыра алады.

      6. Әскери ұлттық стандарттар:

      1) негіз қалайтын әскери стандарттар;

      2) өнімге, процестерге, көрсетілетін қызметтерге және оларды бақылау әдістеріне әскери стандарттар;

      3) терминологияға әскери стандарттар;

      4) қару-жарақ пен әскери техника түрлеріне қойылатын жалпы техникалық талаптардың әскери стандарттары болып бөлінеді.

      7. Әскери ұлттық стандарт әскери стандарттау объектілеріне қатысты қолданылады.

2-тарау. Әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу және қайта қарау

      8. Әскери ұлттық стандарт осы Қағидаларда көзделген әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнімді стандарттау мақсаттары үшін әзірленеді және қайта қаралады.

      9. Әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу және қайта қарау мемлекеттік құпиялар туралы заңнаманы сақтай отырып, ағымдағы жылғы бірінші тоқсанда бекітілетін жыл сайынғы әскери стандарттау жөніндегі жұмыстар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Әскери стандарттау жөніндегі жұмыстар жоспарына енгізуден бас тарту үшін негіз:

      1) ұсыныстардың әскери стандарттау саласындағы міндеттерге сәйкес келмеуі;

      2) әскери стандарттау жөніндегі іс-шаралардың қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілмеуі;

      3) шешім қабылдаған күні іс-шаралардың өзекті болмауы (қолданылу саласы бірдей әскери ұлттық стандарт қабылданған не қайта қаралған, ұсынылатын өзгерістер ғылымның, техника мен технологияның қазіргі заманғы ғылыми-техникалық даму деңгейіне сәйкес келмейді) болып табылады.

      11. Көрсетілген жоспарға құжаттар нысандарын белгілеуді қоса алғанда, әскери стандарттау жөніндегі жұмыстар жоспарын әзірлеу, келісу және бекіту негіз қалайтын әскери стандарттармен айқындалады.

      12. Әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу және қайта қарау:

      1) техникалық тапсырманы (техникалық ерекшелікті), техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу;

      2) әскери ұлттық стандарт жобасын және оған түсіндірме жазбаны әзірлеу, оны мүдделі мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және кәсіпорындарға қарауға жолдау;

      3) алынған мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және кәсіпорындардың ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, әскери ұлттық стандарт жобасын толық пысықтау;

      4) әскери ұлттық стандартты бекітуге (қабылдауға) дайындау, оның ішінде сараптама жүргізу, бекіту (қабылдау) және есепке алу;

      5) таратылуы шектеулі және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге жатқызу кезеңдерін қамтиды.

      13. Әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, ресімдеу, мазмұндау, жазу рәсімдері негіз қалайтын әскери стандарттармен белгіленеді.

      14. Әскери ұлттық стандарттарды әзірлеуді және қайта қарауды өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар, сондай-ақ тапсырыс берушінің әскери ұлттық стандартты әзірлеуге техникалық тапсырмасының (техникалық ерекшелігінің) талаптарына жауап беретін Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары жүзеге асырады.

      15. Әскери ұлттық стандарттарды құпияландыру үшін негіз олардың мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қолданылатын құпияландыруға жататын мәліметтер тізбелеріне сәйкес келуі болып табылады.

3-тарау. Әскери ұлттық стандарттарды келісу

      16. Әскери ұлттық стандарт жобасын әзірлеуші әскери стандарттау объектісіне байланысты:

      1) әзірлемеге тапсырыс берушіге;

      2) мүдделі мемлекеттік органдарға, ведомстволарға, мекемелерге;

      3) қорғаныс өнеркәсібі кешенінің ұйымдарына және салалық кәсіпорындарына келісуге жолдайды.

      17. Егер әзірлеуші әскери ұлттық стандарт жобасын әзірлеуге негізделген өзге де қарау мерзімін белгілемесе, әскери ұлттық стандарттың жобасын келісу мерзімі олар қаралуға келіп түскен күннен бастап күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиіс.

      18. Бақылау (сынау) әдістеріне және өлшеуді орындау әдістемелеріне қойылатын талаптарды қамтитын, ұлттық және мемлекетаралық деңгейлерде стандартталмаған әскери ұлттық стандарттар Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасына сәйкес келуіне уәкілетті органда келісілуге тиіс.

      19. Келісу қорытындылары бойынша әскери ұлттық стандарт жобасын әзірлеуші келісуші тараптардың қабылданған және қабылданбаған ескертулері мен ұсыныстарын енгізе отырып, пікірлерді жинақтауды дайындауды жүзеге асырады.

      Келісуші тараптардың ескертулерімен және ұсыныстарымен келіспеген жағдайда негіздеме келтіріледі.

      Әскери ұлттық стандарт жобасының соңғы редакциясы оның ресімделуін қозғамайтын әскери ұлттық стандарттың жобасы бойынша келіспеушілігі бар тараптарға қайта келісуге жолданады. Әскери ұлттық стандарттың жобасы пікірді жинақтаумен бірге жолданады.

      20. Әскери ұлттық стандартты әзірлеуші алынған ескертулерді және (немесе) ұсыныстарды ескере отырып, стандарт ісін жасайды, ол:

      1) қағаз және электрондық жеткізгіштегі әскери ұлттық стандарт жобасын;

      2) түсіндірме жазбаны;

      3) пікірді жинақтауды;

      4) ұлттық стандарт жобасының алғашқы редакциясын;

      5) әскери ұлттық стандарт жобасын келісуді растайтын құжаттарды;

      6) әскери ұлттық стандарт жобасының соңғы редакциясын;

      7) әскери ұлттық стандартты әзірлеуге техникалық тапсырмаларды және техникалық-экономикалық негіздемені;

      8) әскери ұлттық стандарт жобасын келісуге шығыс хаттарды;

      9) ережелері әскери ұлттық стандарт жобасымен үйлестірілген (бар болған кезде) шетел мемлекетінің әскери мақсаттағы өнімін стандарттау жөніндегі нормативтік құжатты қамтиды.

      Әзірлеуші ресімделген стандарт ісін мемлекеттік тапсырыс берушінің бөлімшесіне сараптамаға жолдайды.

      21. Сараптама:

      1) келісуші тараптармен консенсусқа қол жеткізуді белгілеуді;

      2) стандарт ісінің толық жиынтықталуын тексеруді;

      3) әскери ұлттық стандарт жобасын толық келісуге пікірді жинақтауды талдауды;

      4) қолданыстағы әскери ұлттық стандарттар талаптарының қайталануын болдырмауды;

      5) негіз қалайтын әскери стандарттардың талаптарына әскери ұлттық стандартты әзірлеу рәсімдерінің сақталуын белгілеуді;

      6) шетел мемлекеттерінің әскери мақсаттағы өнімін стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келуін (олар бар болған кезде) белгілеуді қамтиды.

      22. Әскери ұлттық стандарттарға сараптаманы мемлекеттік тапсырыс берушінің бөлімшесі техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік құпияларды құрайтын ақпаратқа тиісті нысандағы рұқсаты бар сарапшыларын тарта отырып, олар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде жүргізеді.

      23. Мемлекеттік тапсырыс берушінің бөлімшесі сараптама нәтижелері бойынша әскери ұлттық стандарт жобасын:

      1) Қазақстан Республикасы заңнамасының және стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмеген;

      2) техникалық тапсырмада (техникалық ерекшелікте) белгіленген мақсаттарға қол жеткізілмеген;

      3) әзірлеуші осы Қағидалардың 20-тармағында көрсетілген құжаттар топтамасын толық ұсынбаған;

      4) әзірлеуші мүдделі мемлекеттік органдарда бар мәселелер бойынша ұсыныстар мен ескертулерді ескермеген;

      5) қолданыстағы әскери ұлттық стандарттармен жоба қайталанған;

      6) әскери ұлттық стандартты әзірлеуді тапсырыс берушімен келіспеген (консенсус болмаған) жағдайларда толық пысықтауға қайтарады.

      24. Сараптама жүргізу нәтижелері бойынша мемлекеттік тапсырыс берушінің бөлімшесі әскери ұлттық стандарттың жобасын толық пысықтау және мемлекеттік тапсырыс берушінің бекітуге шығаруы мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы ұсынымдарды қамтитын сараптамалық қорытынды береді.

4-тарау. Әскери ұлттық стандарттарды бекіту және қолданысқа енгізу

      25. Әскери ұлттық стандартты бекіту кезінде әзірлеуші стандарт ісіне қосымша:

      1) мемлекеттік тапсырыс беруші бөлімшесінің сараптамалық қорытындысын;

      2) қазақ және орыс тілдерінде қағаз және электрондық жеткізгіштердегі әскери ұлттық стандарт жобасын;

      3) ережелері әскери ұлттық стандарттың жобасымен үйлестірілген (бар болған кезде) шетел мемлекетінің әскери мақсаттағы өнімін стандарттау жөніндегі нормативтік құжатты қосады.

      Әзірлеуші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда мемлекеттік тапсырыс берушінің бөлімшесі үш жұмыс күнінен кешіктірмей стандарт ісін толық пысықтауға қайтарады.

      26. Мемлекеттік тапсырыс берушінің бөлімшесі қалыптастырылған стандарт ісін әскери ұлттық стандарт жобасын бекіту туралы шешім қабылдау үшін шығарады.

      27. Әскери ұлттық стандарт мемлекеттік тапсырыс беруші басшысының бұйрығымен бекітіледі және қолданысқа енгізіледі.

5-тарау. Әскери ұлттық стандарттарды тіркеу, есепке алу

      28. Әскери ұлттық стандарттар бекітілгеннен кейін мынадай мәліметтерді көрсетумен осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік тапсырыс беруші бөлімшесінің әскери ұлттық стандарттарды тіркеу (есепке алу) кітабында есепке алынуға және тіркелуге тиіс:

      1) тіркеу күні және реттік нөмірі;

      2) әскери ұлттық стандарттың белгіленуі;

      3) әскери ұлттық стандарттың атауы;

      4) әскери ұлттық стандартты бекіту туралы бұйрықтың нөмірі мен күні;

      5) әзірлеуші ұйымның, бірлесіп орындаушы ұйымның атауы, заңды мекенжайы;

      6) әскери ұлттық стандартты өзгерту және күшін жою;

      7) қолданысқа енгізу күні/қолданылу мерзімі;

      8) халықаралық, мемлекетаралық әскери стандарттармен және шетел мемлекеттерінің әскери стандарттарымен үйлестіру;

      9) шектеу дәрежесі.

      29. Тіркеу жүргізілгеннен кейін стандарт ісі мемлекеттік тапсырыс берушінің бөлімшесінде сақталады.

      30. Мемлекеттік тапсырыс берушінің бөлімшесі әскери ұлттық стандарттарды басып шығарады, қайта басып шығарады және таратады.

      31. Әскери ұлттық стандарттар ақпараттық ресурс болып табылатын әскери стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттар қорын құрайды.

6-тарау. Әскери ұлттық стандарттарды өзгерту және күшін жою

      32. Әскери ұлттық стандарттарға өзгерістер жеке талаптарды толықтыру немесе жою, олардың қолданысын ұзарту, шектеу кезінде әзірленеді.

      33. Әскери ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізу тексеру жүргізу немесе мүдделі мемлекеттік органдардан және заңды тұлғалардан ұсыныстар алу негізінде жүзеге асырылады.

      34. Әскери ұлттық стандарттарға өзгерістер осы Қағидалардың 2-5-тарауларына сәйкес мемлекеттік тапсырыс берушінің бөлімшесіне бекітуге ұсынылады.

      35. Әскери ұлттық стандарттарға өзгерістер мемлекеттік тапсырыс беруші басшысының бұйрығымен бекітіледі және қолданысқа енгізіледі.

      36. Әскери ұлттық стандарттардың күшін жою:

      1) осы әскери ұлттық стандарт бойынша жүргізілген әскери және қосарланған мақсаттағы өнімді шығару (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) тоқтатылған;

      2) жаңа әскери ұлттық стандарт қолданысқа енгізілген кезде жүзеге асырылады.

      37. Әскери ұлттық стандарттың күшін жою кезінде күшін жоюға бастама танытқан адам мемлекеттік тапсырыс берушінің бөлімшесіне:

      1) күшін жою туралы ұсынысты;

      2) оны ауыстыратын құжат немесе оны ауыстырмай әскери ұлттық стандарттың күшін жою туралы негіздемесі бар ақпаратты;

      3) тапсырыс берушінің және әскери ұлттық стандартты әзірлеушінің күшін жоюға келісімін растайтын хатты жолдайды.

      38. Әскери ұлттық стандарттың күшін жою олардың құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдармен, ведомстволармен, мекемелермен және заңды тұлғалармен келісу бойынша мүдделерінде әскери ұлттық стандарт әзірленген мемлекеттік тапсырыс беруші басшысының бұйрығымен жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштерінің, басқа да
әскерлері мен әскери
құралымдарының мұқтажы үшін
пайдаланылатын әскери ұлттық
стандарттарды әзірлеу,
келісу, бекіту, тіркеу, есепке
алу, өзгерту, қайта қарау, күшін
жою және қолданысқа енгізу
қағидаларына
қосымша
  Нысан

Әскери ұлттық стандарттарды тіркеу (есепке алу) кітабы

Тіркеу күні және реттік нөмірі

Әскери ұлттық стандарттың белгіленуі

Әскери ұлттық стандарттың атауы

Әскери ұлттық стандартты бекіту туралы бұйрықтың нөмірі мен күні

Әзірлеуші ұйымның, бірлесіп орындаушы ұйымның атауы, заңды мекенжайы

Әскери ұлттық стандартты өзгерту және күшін жою

Қолданысқа енгізу күні/қолданылу мерзімі

Халықаралық, мемлекетаралық әскери стандарттармен және шетел мемлекеттерінің әскери стандарттарымен үйлестіру

Шектеу дәрежесі

1

2

3

4

5

6

7

8

9





























Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады