Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың мұқтаждары үшін пайдаланылатын әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, олардың күшін жою және қолданысқа енгізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 945 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 30 желтоқсанда № 19802 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 18 наурыздағы Заңы 6-бабының 39) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың мұқтаждары үшін пайдаланылатын әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, олардың күшін жою және қолданысқа енгізу қағидалары бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының мұқтажы үшін пайдаланылатын әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 5 наурыздағы № 134 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18379 болып тіркелген, 2019 жылғы 13 наурызда Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
Б. Атамкулов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуратурасы

      2019 жылғы "____"____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      2019 жылғы "____"____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрлігі

      2019 жылғы "____"____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мемлекеттік күзет қызметі

      2019 жылғы "____"____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сауда және интеграция министрлігі

      2019 жылғы "____"____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

      2019 жылғы "____"____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

      2019 жылғы "____"____________

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министрінің
2019 жылғы 27 желтоқсандағы
№ 945 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың мұқтаждары үшін пайдаланылатын әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, олардың күшін жою және қолданысқа енгізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың мұқтаждары үшін пайдаланылатын әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, олардың күшін жою және қолданысқа енгізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының мүдделерінде әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әзірлеуші – әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу бойынша жұмыстарды орындайтын және (немесе) қызметтерді көрсететін заңды тұлға;

      2) әскери мақсаттағы тауарлар (өнімдер) – қару-жарақ, әскери, автомобиль және арнайы техника, техникалық және арнайы құралдар, заттай мүлік және арнайы мүлік, құжаттама, зияткерлік меншік құқығы объектілері, әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді) өндіруге, сынауға арналған жабдық, көрсетілген тауарларға (өнімдерге) жиынтықтауыштар және қосалқы бөлшектер;

      3) қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлар (өнімдер) – азаматтық мақсаттарда пайдаланылатын, бірақ әскери мақсаттағы тауарлар (өнімдер) ретінде пайдаланылуы не кейіннен бейіні өзгертіліп пайдаланылуы мүмкін өнім мен технологиялар;

      4) әскери стандарттау – нақты бар және потенциалды міндеттерге қатысты оларды әскери стандарттау объектілеріне бірнеше рет пайдалану мақсатында техникалық талаптарды, қағидаларды, сипаттамаларды, техникалық нормаларды белгілеу жөніндегі қызмет;

      5) әскери стандарттау объектісі – материалдарды, шикізатты, арнайы технологиялық жабдықты қоса алғанда, стандартталуға жататын немесе ұшыраған әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнім, процестер мен көрсетілетін қызметтер;

      6) әскери стандарттау субъектісі – әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнімдерді шығаратын мүдделі мемлекеттік органдар, техникалық комитеттер, қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары мен кәсіпорындар;

      7) әскери ұлттық стандарт – белгілі бір және арнайы пайдалану мақсатында әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) объектілерге қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін, оның ішінде мемлекеттік құпияларға жатқызылатын және таратылуы шектеулі мәліметтерді қамтитын өнімдерге, процестер мен көрсетілетін қызметтерге арналған стандарттау жөніндегі құжат;

      8) мемлекетаралық әскери стандарт – әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнімге, сондай-ақ осы өнімге байланысты процестерге және өзге де әскери стандарттау объектілеріне қойылатын талаптарды белгілейтін стандарттау жөніндегі уәкілетті мемлекетаралық орган немесе мемлекетаралық ұйым қабылдаған стандарт;

      9) қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті орган – қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган);

      10) негіз қалайтын әскери стандарт – әскери стандарттау саласындағы жалпы ұйымдастыру-әдістемелік ережелерді белгілейтін стандарттау жөніндегі құжат;

      11) техникалық комиссия – әскери стандарттау мәселелері жөніндегі уәкілетті орган жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші орган;

      12) стандарттау жөніндегі техникалық комитет – стандарттау саласындағы қызметті жүзеге асыру және бекітілген стандарттау объектілері немесе қызмет бағыттары бойынша ұлттық стандарттау жүйесін құруға қатысу үшін ерікті негізде экономика салаларында құрылатын консультациялық-кеңесші орган.

      3. Әскери стандарттау саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру, егер өзге қаржыландыру көзі көзделмесе, уәкілетті орган тиісті жылға көздейтін республикалық бюджет қаражаты есебінен және шегінде жүзеге асырылады.

      Әскери стандарттау объектілерінің қауіпсіздігін арттыру және сапасын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары мен өзге де коммерциялық емес ұйымдар тиісті жылға арналған әскери стандарттау жөніндегі жұмыстар жоспарына енгізе отырып, осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген әскери стандарттау саласындағы жұмыстарды орындауға арналған шығыстарды өз қаражаты есебінен қаржыландыра алады.

      4. Әскери ұлттық стандарттар:

      1) негіз қалайтын әскери стандарттар;

      2) өнімге, процестерге, көрсетілетін қызметтерге және оларды бақылау әдістеріне арналған әскери стандарттар;

      3) терминологияға арналған әскери стандарттар;

      4) қару-жарақ пен әскери техника түрлеріне қойылатын жалпы техникалық талаптардың әскери стандарттары болып бөлінеді.

      5. Әскери ұлттық стандарт әскери стандарттау объектілеріне қатысты қолданылады.

2-тарау. Әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу және қайта қарау

      6. Әскери ұлттық стандарт осы Қағидаларда көзделген әскери және қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) өнімді стандарттау мақсаттары үшін әзірленеді және қайта қаралады.

      7. Әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу және қайта қарау бөлінетін ақша қаражаты шеңберінде әскери стандарттау субъектілерінің ұсыныстары негізінде мемлекеттік құпиялар туралы заңнаманы сақтай отырып, жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың төртінші тоқсанында уәкілетті орган бекітетін әскери стандарттау жөніндегі жұмыстардың жыл сайынғы жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Әскери стандарттау жөніндегі жұмыстар жоспарына енгізуден бас тарту үшін негіз:

      1) әскери стандарттау жөніндегі іс-шаралардың қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілмеуі;

      2) шешім қабылдаған күні іс-шаралардың өзекті болмауы (қолданылу саласы бірдей әскери ұлттық стандарт қабылданған не қайта қаралған, ұсынылатын өзгерістер ғылымның, техника мен технологияның қазіргі заманғы ғылыми-техникалық даму деңгейіне сәйкес келмейді) болып табылады.

      9. Көрсетілген жоспарға құжаттар нысандарын белгілеуді қоса алғанда, әскери стандарттау жөніндегі жұмыстар жоспарын әзірлеу, келісу, бекіту, өзгерістер (толықтырулар) енгізу негіз қалайтын әскери стандарттармен айқындалады.

      10. Әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу және қайта қарау:

      1) техникалық тапсырманы (техникалық ерекшелікті), техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу;

      2) әскери ұлттық стандарт жобасын және оған түсіндірме жазбаны әзірлеу, оны мүдделі мемлекеттік органдарға, ұйымдарға және кәсіпорындарға қарауға жолдау;

      3) мүдделі мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және кәсіпорындардан алынған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып, әскери ұлттық стандарт жобасын пысықтау;

      4) әскери ұлттық стандартты бекітуге (қабылдауға) дайындау, оның ішінде сараптама жүргізу, бекіту (қабылдау) және есепке алу;

      5) 1999 жылғы 15 наурыздағы "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес таратылуы шектеулі және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерге жатқызу кезеңдерін қамтиды.

      11. Әскери ұлттық стандарттарды әзірлеу, келісу, құру, ресімдеу, мазмұндау, жазу рәсімдері негіз қалайтын әскери стандарттармен белгіленеді.

      12. Әскери ұлттық стандарттарды әзірлеуді және қайта қарауды өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар, сондай-ақ әскери ұлттық стандартты әзірлеу жөніндегі уәкілетті органның техникалық тапсырмасының (техникалық ерекшелігінің) талаптарына сәйкес келетін Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары жүзеге асырады.

      13. Әскери ұлттық стандарттарда қамтылған мәліметтердің құпиялылық дәрежесін әскери стандарттау субъектілерінің келісімі бойынша уәкілетті орган айқындайды, оның мүддесінде әскери Ұлттық стандарт әзірленеді.

3-тарау. Әскери ұлттық стандарттарды келісу

      14. Әскери ұлттық стандарт жобасын әзірлеуші әскери стандарттау объектісіне байланысты:

      1) әзірлемеге тапсырыс берушіге;

      2) мүдделі мемлекеттік органдарға, ведомстволарға, мекемелерге;

      3) қорғаныс өнеркәсібі кешенінің ұйымдарына және салалық кәсіпорындарына;

      4) әскери саладағы стандарттау жөніндегі техникалық комитетке келісуге жолдайды.

      15. Әскери ұлттық стандарттың жобасын келісу мерзімі олардың қаралуға келіп түскен күнінен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайды.

      16. Бақылау (сынау) әдістеріне және өлшеуді орындау әдістемелеріне қойылатын талаптарды қамтитын, ұлттық және мемлекетаралық деңгейлерде стандартталмаған әскери ұлттық стандарттар Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнамасына сәйкес келуіне техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті органда келісілуге тиіс.

      17. Келісу қорытындылары бойынша әскери ұлттық стандарт жобасын әзірлеуші келісуші тараптардың қабылданған және қабылданбаған ескертулері мен ұсыныстарын енгізе отырып, пікірлерді жинақтауды, сондай-ақ әскери ұлттық стандарт жобасының пысықталған редакциясын дайындауды жүзеге асырады.

      Келісуші тараптардың ескертулерімен және ұсыныстарымен келіспеген жағдайда қабылдамау себептерімен дәлелді негіздеме келтіріледі.

      Әскери ұлттық стандарт жобасының пысықталған редакциясы әскери ұлттық стандарттың жобасы бойынша ескертулер мен (немесе) ұсыныстары бар мүдделі мемлекеттік органдардға, ұйымдар мен кәсіпорындарға қайта келісуге жолданады. Әскери ұлттық стандарттың жобасы пікірді жинақтаумен бірге жолданады.

      Әскери ұлттық стандарт жобасын қайта келісу мерзімі он жұмыс күнінен аспайды.

      18. Әскери ұлттық стандартты әзірлеуші алынған ескертулерді және (немесе) ұсыныстарды ескере отырып, стандарт ісін қағаз және электрондық жеткізгіште қалыптастырады, ол:

      1) әскери ұлттық стандарт жобасын (алғашқы және соңғы редакция);

      2) түсіндірме жазбаны;

      3) пікірлерді жинақтауды;

      4) әскери ұлттық стандарт жобасын келісуді растайтын құжаттардың көшірмелерін;

      5) әскери ұлттық стандартты әзірлеуге техникалық тапсырмаларды (техникалық ерекшеліктерді) және техникалық-экономикалық негіздеме көшірмелерін;

      6) әскери ұлттық стандарт жобасын келісуге шығыс хаттардың көшірмелерін;

      7) ережелері әскери ұлттық стандарт жобасымен үйлестірілген (бар болған кезде) шетел мемлекетінің әскери мақсаттағы өнімін стандарттау жөніндегі нормативтік құжатты қамтиды.

      Әзірлеуші ресімделген әскери ұлттық стандарт ісін уәкілетті органға сараптамаға жолдайды.

      19. Сараптама:

      1) келісуші тараптармен консенсусқа қол жеткізуді;

      2) стандарт ісінің толық жиынтықталуын тексеруді;

      3) әскери ұлттық стандарт жобасын толық келісуге пікірді жинақтауды талдауды;

      4) қолданыстағы әскери ұлттық стандарттар талаптарының қайталануын болдырмауды;

      5) негіз қалайтын әскери стандарттардың талаптарына әскери ұлттық стандартты әзірлеу рәсімдерінің сақталуын белгілеуді;

      6) шетел мемлекеттерінің әскери мақсаттағы өнімін стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келуін (олар бар болған кезде) белгілеуді қамтиды.

      20. Әскери ұлттық стандарттарға сараптаманы уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери стандарттау саласындағы, сондай-ақ стандарттау жөніндегі ұлттық органның мемлекеттік құпияларды құрайтын ақпаратқа тиісті нысандағы рұқсаты бар мамандарын тарта отырып, олар келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізеді.

      21. Уәкілетті орган сараптама нәтижелері бойынша әскери ұлттық стандарт жобасын:

      1) Қазақстан Республикасы заңнамасының және стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмеген;

      2) техникалық тапсырмада (техникалық ерекшелікте) белгіленген мақсаттарға қол жеткізілмеген;

      3) әзірлеуші осы Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген құжаттар топтамасын толық ұсынбаған;

      4) әзірлеуші мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен кәсіпорындардың ұсыныстары мен ескертулерін қабылдамау;

      5) қолданыстағы әскери ұлттық стандарттармен жобада нормалар қайталанған;

      6) әскери ұлттық стандартты әзірлеуді тапсырыс берушімен келіспеген (консенсус болмаған) жағдайларда пысықтауға қайтарады.

      22. Сараптама жүргізу нәтижелері бойынша уәкілетті орган әскери ұлттық стандарттың жобасын пысықтау және техникалық комиссия отырысының қарастыруына енгізу мүмкіндігі (немесе мүмкін еместігі) туралы ұсынымдарын қамтитын сараптамалық қорытынды береді.

      23. Сараптама нәтижелері бойынша әзірлеуші әскери ұлттық стандарттың жобасын пысықтайды (қажет болған жағдайда) және әскери ұлттық стандарттың ісін одан әрі қарау және техникалық комиссияның отырысында бекіту туралы шешім қабылдау үшін уәкілетті органға жібереді.

      24. Уәкілетті орган әскери ұлттық стандарттың ісін алғаннан кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей оны техникалық комиссияның қарауына енгізеді.

      Техникалық комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға мүшелердің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.

      Дауыстар тең болған жағдайда шешімді техникалық комиссияның төрағасы қабылдайды.

      Техникалық комиссияның отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша үш жұмыс күні ішінде төраға мен хатшы қол қоятын хаттама жасалады.

      25. Әзірлеуші техникалық комиссиялардың шешімін алғаннан кейін әскери ұлттық стандарттың ісі уәкілетті органға бекітуге жіберіледі.

4-тарау. Әскери ұлттық стандарттарды бекіту және қолданысқа енгізу

      26. Әскери ұлттық стандартты бекіту кезінде әзірлеуші стандарт ісіне қосымша:

      1) уәкілетті органның сараптамалық қорытындысын;

      2) техникалық комиссия отырысының хаттамасы;

      3) мемлекеттік және орыс тілдерінде қағаз және электрондық жеткізгіштердегі әскери ұлттық стандарт жобасын;

      4) ережелерімен әскери ұлттық стандарт жобасы үйлестірілген шет мемлекеттің әскери мақсаттағы өніміне стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттың мемлекеттік және орыс тілдеріне нотариалды куәландырылған аудармасы (бар болса).

      Әзірлеуші құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған жағдайда уәкілетті орган үш жұмыс күнінен кешіктірмей стандарт ісін пысықтауға қайтарады.

      27. Әскери ұлттық стандарт уәкілетті орган басшысының бұйрығымен бекітіледі және қолданысқа енгізіледі.

5-тарау. Әскери ұлттық стандарттарды тіркеу және есепке алу

      28. Әскери ұлттық стандарттар бекітілгеннен кейін мынадай мәліметтерді көрсетумен осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша уәкілетті органның әскери ұлттық стандарттарды тіркеу (есепке алу) кітабында есепке алынуға және тіркелуге тиіс:

      1) тіркеу күні және реттік нөмірі;

      2) әскери ұлттық стандарттың белгіленуі;

      3) әскери ұлттық стандарттың атауы;

      4) әскери ұлттық стандартты бекіту туралы бұйрықтың нөмірі мен күні;

      5) әзірлеуші ұйымның, бірлесіп орындаушы ұйымның атауы, заңды мекенжайы;

      6) әскери ұлттық стандартты өзгерту және күшін жою туралы мәліметтер;

      7) қолданысқа енгізу күні/қолданылу мерзімі;

      8) халықаралық, мемлекетаралық әскери стандарттармен және шетел мемлекеттерінің әскери стандарттарымен үйлестіру туралы;

      9) ақпараттың таратуға қойылатын шектеу дәрежесі туралы.

      29. Тіркеу жүргізілгеннен кейін стандарт ісі уәкілетті органда сақталады.

      30. Уәкілетті орган әскери ұлттық стандарттарды басып шығарады, қайта басып шығарады және таратады.

      Әскери стандарттау субъектілері бастамашылық тәртіппен әзірлейтін әскери ұлттық стандарттарды осы субъектілердің келісімі бойынша уәкілетті орган таратады.

      31. Әскери ұлттық стандарттар ақпараттық ресурс болып табылатын әскери стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттар қорын құрайды.

6-тарау. Әскери ұлттық стандарттарды өзгерту және күшін жою

      32. Әскери ұлттық стандарттарға өзгерістер жеке талаптарды толықтыру немесе жою, олардың қолданысын ұзарту, шектеу кезінде әзірленеді.

      33. Әскери ұлттық стандарттарға өзгерістер енгізу тексеру жүргізу немесе мүдделі мемлекеттік органдардан және заңды тұлғалардан ұсыныстар алу негізінде жүзеге асырылады.

      34. Әскери ұлттық стандарттарға өзгерістертуралы ұсыныстар осы Қағидаларға сәйкес уәкілетті органда бекітуге ұсынылады.

      35. Әскери ұлттық стандарттардың күшін жою:

      1) осы әскери ұлттық стандарт бойынша жүргізілген әскери және қосарланған мақсаттағы өнімді шығару (жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету) тоқтатылған;

      2) жаңа әскери ұлттық стандарт қолданысқа енгізілген кезде жүзеге асырылады.

      36. Әскери ұлттық стандарттың күшін жою кезінде күшін жоюға бастамашылық еткен адам уәкілетті органға:

      1) күшін жою туралы ұсынысты;

      2) оны ауыстыратын құжат немесе оны ауыстырмай әскери ұлттық стандарттың күшін жою туралы негіздемесі бар ақпаратты;

      3) тапсырыс берушінің және әскери ұлттық стандартты әзірлеушінің күшін жоюға келісімін растайтын хатты жолдайды.

      37. Әскери ұлттық стандарттың күшін жою олардың құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдармен, ведомстволармен, мекемелермен және заңды тұлғалармен келісу бойынша уәкілетті орган басшысының бұйрығымен жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштерінің, басқа да
әскерлері мен әскери
құралымдарының мұқтажы үшін
пайдаланылатын әскери ұлттық
стандарттарды әзірлеу,
келісу, бекіту, тіркеу, есепке
алу, өзгерту, қайта қарау, күшін
жою және қолданысқа енгізу
қағидаларына
қосымша
  Нысан

Әскери ұлттық стандарттарды тіркеу (есепке алу) кітабы

Тіркеу күні және реттік нөмірі

Әскери ұлттық стандарттың белгіленуі

Әскери ұлттық стандарттың атауы

Әскери ұлттық стандартты бекіту туралы бұйрықтың нөмірі мен күні

Әзірлеуші ұйымның/бірлесіп орындаушы ұйымның атауы, заңды мекенжайы

Әскери ұлттық стандартты өзгерту және күшін жою туралы мәлімет

Қолданысқа енгізу күні/қолданылу мерзімі

Халықаралық, мемлекетаралық әскери стандарттармен және шетел мемлекеттерінің әскери стандарттарымен үйлестіру туралы мәлімет

Ақпараттың таратуға қойылатын шектеу дәрежесі

1

2

3

4

5

6

7

8

9





























Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады