"Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 15 тамыздағы № 511 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 549 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 21 маусымда № 18880 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 15 тамыздағы № 511 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9738 болып тіркелген, 2015 жылғы 26 ақпанда "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің аумақтық пробация қызметтері (бұдан әрi - Пробация қызметтері) сотталғанды қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес қылмыстық жазаларды орындайтын органдар болып табылады.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Сотталғанның тарапынан жазаны өтеудiң тәртiбi және шарттарын бұзғаны анықталған жағдайда Пробация қызметі үш жұмыс күні ішінде оны Пробация қызметіне шақырту бойынша шара қабылдайды. Сотталған келген кезде Пробация қызметі онымен бұдан былай құқық бұзушылықтарға, сондай-ақ жазаны өтеу шарттарын бұзуға жол бермеу туралы әңгімелесу жүргізеді және осы Қағидаларға 29-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жауапкершілік туралы жазбаша ескерту шығарады, ол жеке iске тiгiледi.";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Сотталған ҚР ҚАК 53-бабының 1-тармағында көзделген талаптарды сақтамаған жағдайда Пробация қызметі үш жұмыс күні ішінде оны Пробация қызметіне шақырту бойынша шара қабылдайды. Сотталған келген кезде Пробация қызметі онымен бұдан былай құқық бұзушылықтарға, сондай-ақ жазаны өтеу шарттарын бұзуға жол бермеу туралы әңгімелесу жүргізеді және осы Қағидаларға 29-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жауапкершілік туралы жазбаша ескерту шығарады, ол жеке iске тiгiледi.";

      77-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "77. Пробация қызметі үш жұмыс күні ішінде сотталғанның ҚР ҚАК 67-бабының 1-тармағында көзделген жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғанын анықтағаннан кейін оны Пробация қызметіне шақырту бойынша шара қабылдайды. Сотталған келген кезде Пробация қызметі онымен бұдан былай құқық бұзушылықтарға, сондай-ақ жазаны өтеу шарттарын бұзуға жол бермеу туралы әңгімелесу жүргізеді және бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы жазбаша ескерту түрінде жаза шығарады, ол осы Қағидаларға 29-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке iске тiгiледi.";

      87-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "87. Шартты түрде сотталған адам ҚР ҚАК 176-бабының 1-тармағында көзделген бұзушылықтарды жасаған кезде Пробация қызметі осы Қағидаларға 30-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сотқа пробациялық бақылауды бір жылдан аспайтын мерзімге ұзарту, ал кәмелетке толмағандарға қатысты алты айдан аспайтын мерзімге ұзарту туралы ұсыным енгізеді.

      Бұдан басқа, Пробация қызметі үш жұмыс күні ішінде оны Пробация қызметіне шақырту бойынша шара қабылдайды. Сотталған келген кезде Пробация қызметі онымен бұдан былай құқық бұзушылықтарға, сондай-ақ жазаны өтеу шарттарын бұзуға жол бермеу туралы әңгімелесу жүргізеді және осы Қағидаларға 29-қосымшаға сәйкес нысан бойынша осы тармақта көрсетілген бұзушылықтарға қайта жол берген жағдайда шартты түрде соттаудың күшін жою мүмкіндігі туралы жазбаша ескерту шығарады, ол бақылау ісіне тігіледі.";

      103-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "103.Осы Қағиданың 102-тармағында көрсетілген кез-келген бұзушылықтар анықталғаннан кейiн Пробация қызметі үш жұмыс күні ішінде сотталғанды Пробация қызметіне шақырту бойынша шара қабылдайды, ал ол келмеген жағдайда тұрғылықты жерi бойынша барады, одан жол берген бұзушылықтың себептерi туралы түсiнiктеме алады, профилактикалық әңгімелесу жүргізеді және осы Қағидаларға 29-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жазбаша ескерту жариялайды, ол бақылау ісіне тігіледі.";

      147-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "147. Сотталған электрондық бақылау құралын зақымдаған (бүлдірген) жағдайда Пробация қызметі осы Қағидаларға 53-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық бақылау құралдарындағы ақауды анықтау актісін жасайды.

      Пробация қызметі электрондық бақылау құралдарын зақымдау (бүлдіру) себептерін анықтау үшін облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бойынша ҚАЖД-ның техникалық қызмет бөліміне жолдайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты
Е. Тургумбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады