Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарына мемлекеттік қолдау шараларын беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы № 675 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 29 тамызда № 19312 болып тіркелді.

      "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" 2019 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарына мемлекеттік қолдау шараларын беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Білім және ғылым министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сыртқы істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің
2019 жылғы 29 тамыздағы
№ 675 бұйрығымен
бекітілген

Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарына мемлекеттік қолдау шараларын беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарына мемлекеттік қолдау шараларын беру қағидалары "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 9) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешенді (бұдан әрі – ҚӨК) мемлекеттік қолдауды қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) ҚӨК ұйымдарын дамыту бағыттарының қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы мемлекеттік саясат бағыттарына сәйкестігін айқындауды негізге ала отырып ұйымдастырады.

      3. ҚӨК ұйымдарын мемлекеттік қолдау мыналарға:

      1) ҚӨК ұйымдарын қаржылық қолдау;

      2) ҚӨК ұйымдарын ақпараттық-консультациялық қолдау;

      3) ҚӨК ұйымдарының кадр әлеуетін дамытуды қолдау;

      4) ҚӨК ұйымдарының сыртқы экономикалық қызметін қолдауға бөлінеді.

2-тарау. Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарын қаржылық қолдау

      4. Уәкілетті орган ҚӨК ұйымдарына әскери мақсаттағы тауарлар (өнімдер) өндіруді ұйымдастырудың және әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді берудің орындылығын айқындау негізінде екінші деңгейдегі банктердің және басқа да қаржы ұйымдарының қарыздар беруі жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Қажет болған жағдайда уәкілетті орган аясында ҚӨК ұйымдарының мүдделерін ұсыну мақсатында екінші деңгейдегі банктермен және басқа да қаржы ұйымдарымен келіссөздер ұйымдастырылады.

      5. Жаңа өндірістерді құру, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту және (немесе) жаңарту, өндіріс құралдарын сатып алу, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізу үшін мемлекеттік бюджеттен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден субсидиялау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Негізгі қорларды жаңғырту мен жаңартуға, өндірісті техникалық қайта жарақтандыруға, қазіргі заманғы технологиялар мен жабдықтарды енгізуге, жаңа өндірістерді ұйымдастыруға, жаңа технологияларды сатып алуға бағытталған инвестициялық жобаларды мемлекеттік қаржыландыру өндірістік жобалардың қаржылық рентабельділігін айқындауды ескере отырып жүзеге асырылады, бұл ретте экспорттық құрамдас бөлікті және әлеуметтік жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселесі назарға алынады.

      Бұдан басқа, инвестициялық жобаларды мемлекеттік қаржыландыру республикалық бюджет шығыстарына ықпал ететін жағдайда, мәселе республикалық бюджет комиссиясының мақұлдауы үшін қарауға шығарылады.

      7. Салықтық және кедендік жеңілдіктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган көрсететін инвестициялық преференциялар шеңберінде ұсынылады.

      Сондай-ақ, уәкілетті орган тарапынан салық және кеден жеңілдіктерін беру жөнінде өтінішхат жіберу жолымен жәрдемдесуге жол беріледі.

      8. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаттары есебінен шетелдік өнім берушілермен жасалған мәмілелер бойынша бағамдық айырма шығыстарын өтеу.

      9. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік емес қарыздарды тарту үшін мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін ҚӨК ұйымдарына беру олардың өндірістік қызметінің тиімділігін айқындау негізінде жүзеге асырылады. Өндірістік қызметтегі тиімділікті айқындау кезінде экономикалық орындылығы мәселелерімен қатар Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде өндірістік жобаларды іске асыру кезінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері ескеріледі.

      10. ҚӨК ұйымдарының мәселелерін қорғаныс өнеркәсібін дамытуға бағытталған мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына қосудың орындылығын қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті орган өндірістік рентабельділік перспективалық көріністерді орнату арқылы жүзеге асырады.

      11. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындаушысын таңдау кезінде инвестициялық жобаны іске асыруға арналған инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен жасалған келісімшарты болған кезде ҚӨК ұйымдарына қатысты басым тәртіппен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шарт жасауға жол беріледі.

      Бұл ретте, басым инвестициялық келісімшартта көзделген инвестициялардың көлемі Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және инвестициялық преференциялар беруге өтінім берілген күні қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің кемінде екі миллион еселенген (жаңа өндірістер құру бойынша) немесе бес миллион еселенген (қолданыстағы өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша) мөлшерін құрайды.

3-тарау. Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарын ақпараттық-консультациялық қолдау

      12. ҚӨК дамытуға қажетті ақпаратты қамтитын анықтамалықтарды, каталогтарды, бюллетеньдерді, дерекқорларды қалыптастыру, шығару және (немесе) жүргізу мәселелерін Заңның 5-бабының 5) тармақшасына сәйкес ұйымдастыруды уәкілетті ұйым – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді импорттауды, оқ-дәрілерді қоспағанда, пайдаланылмайтын мүлікті өткізуді (оның ішінде экспорттауды), құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жоюды және қайта өңдеуді, пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру жөнінде қызметтер көрсетуді, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы халықаралық көрмелерге қатысуды және оларды Қазақстан Республикасының аумағында ұйымдастыруды жүзеге асыратын заңды тұлғалар жүзеге асырады.

      Анықтамалықтардың, каталогтардың, бюллетеньдердің, дерекқорлардың мазмұны қажеттілігіне қарай ҚӨК ұйымдары беретін ақпараттар негізінде өзектендіріледі.

      13. ҚӨК дамуын қамтамасыз ету үшін қажетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына ақпаратты орналастыру ҚӨК ұйымдары беретін электрондық ақпарат негізінде жүзеге асырылады. Бұл ретте электрондық ақпараттың форматын уәкілетті ұйым айқындайды.

4-тарау. Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарының кадрлық потенциалын дамытуды қолдау

      14. ҚӨК ұйымдарының қызметкерлеріне ақпараттық, консультациялық қолдау көрсету Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде өткізілетін мемлекеттік оқыту бағдарламалары, курстар мен семинарлар туралы ақпаратты ҚӨК ұйымдарына жеткізу арқылы уәкілетті органның кадр құрылымдық бөлімшесі арқылы жүзеге асырылады.

      15. Уәкілетті орган қажеттілігіне қарай меншік нысанына қарамастан ұйымдармен, оның ішінде шетелдік ұйымдармен ҚӨК ұйымдарының қызметкерлерін тәжірибе алмасу, тағылымдамадан өткізу, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелері бойынша келісімдер жасасу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру үшін алаңдар ұсынады.

      16. Уәкілетті орган білім беру саласындағы уәкілетті органда тиісті аккредитациясы және (немесе) лицензиясы бар оқу орындарының өтінішхаттары негізінде Қазақстан Республикасының орта-арнаулы және жоғары оқу орындарының (бұдан әрі – оқу орны) студенттері, курсанттары, тыңдаушылары және профессорлық-оқытушы өкілдерінің құрамдары үшін ҚӨК ұйымдарында практикалық тағылымдамалар өткізуді ұйымдастырады.

      17. Уәкілетті орган ҚӨК ұйымдарының өтінімдері негізінде қорғаныс өнеркәсібі үшін мамандар даярлауды талап ететін мамандықтар тізбесін қалыптастырады. Уәкілетті орган мамандықтар тізбесін мемлекеттік білім беру тапсырысына енгізу мақсатында білім беру саласындағы уәкілетті органға жібереді.

5-тарау. Қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарының сыртқы экономикалық қызметін қолдау

      18. ҚӨК ұйымдарының сыртқы экономикалық қызметін қолдау, әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді), әскери мақсаттағы жұмыстарды, әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді шет мемлекеттердің нарықтарына ілгерлетуді ұйымдастыру, сондай-ақ ҚӨК ұйымдарының шет елдердегі қызметі үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылады. Аталған іс-шараларды өткізуді Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінің, әскери атташе аппараттарының және уәкілетті ұйымдарының қатысуымен уәкілетті орган ұйымдастырады.

      19. Қазақстан Республикасында және шет елдерде көрмелерге, конференциялардға, семинарларға, таныстыруларға қатысуды ұйымдастыру ҚӨК ұйымдарын және көрме компанияларын тарта отырып уәкілетті ұйым жүзеге асырады.

      Бұл ретте, уәкілетті ұйым көрме компанияларымен өзара іс-қимыл жасай отырып, қазақстандық ҚӨК оң имидждін қалыптастыру үшін шетелде халықаралық көрмелердегі бірыңғай қазақстандық стендтерді, павильондарды, көрме алаңдарын ұйымдастырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады