Жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы № 218 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 5 желтоқсанда № 19702 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 39-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Сыртқы коммуникациялар департаменті - Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 28 қарашадағы
№ 218 қаулысына
1-қосымша

Жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі

      1. Осы Жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі жеке тұлғаға берілген (берілетін) және жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруымен байланысты емес банктік қарызға (бұдан әрі – қарыз) қатысты қолданылады.

      2. Жеке тұлғаға берілген (берілетін) қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерге мынадай комиссиялар мен өзге де төлемдер жатады:

      1) қарыз алуға арналған өтініш пен құжаттарды қарағаны үшін;

      2) қарызды ұйымдастырғаны үшін;

      3) берілген қарыз шарттарын өзгерткені үшін комиссия:

      өтеу кестесі;

      қарыз валюталары;

      сыйақы мөлшерлемелері;

      қарызды өтеу әдістері;

      4) комиссия мәселелерін қарау:

      қарыз алушының (тең қарыз алушының), кепілгердің (кепіл болушының) бастамасы бойынша қарыз алушыға (тең қарыз алушыға), кепілгерге (кепіл болушыға) байланысты шарттарды өзгертуге;

      қарыз бойынша кепіл затына ауыртпалық салу шарттарын өзгерту кезінде, сондай-ақ кепіл затын ауыстыру кезінде;

      кепіл берушіні ауыстыру;

      Клиенттің өтініші бойынша клиенттің кредиттік досьесінде қамтылған кепіл затына құқық белгілейтін құжаттарды беру;

      Клиенттің өтініші бойынша жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша тіркеуге (тіркеуден шығаруға), кепілзаттық қамтамасыз ету аумағында жүргізілген қайта жоспарлауды, құрылыстарды, жапсарлас құрылыстарды заңдастыруға келісетіні туралы анықтама беру;

      кепіл беруші ауысқан кезде пайдалануға берілген мүлікке меншік құқығын және (немесе) кепіл құқығын ресімдеу бойынша қызметтер көрсету;

      жылжымайтын мүліктің нысаналы мақсатын өзгерту, жер учаскелерін үлестерге бөлу бойынша қызметтер көрсету;

      Клиенттің өтініші бойынша кепілдік қамтамасыз ету болып табылатын көлік құралының тіркеу нөмірін ауыстыруға, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті қайта ресімдеуге, көлік құралы бойынша жоғалған құжаттарды қалпына келтіруге рұқсат беру туралы анықтама беру;

      5) клиенттің банктік қарыз шарты бойынша клиенттің міндеттемелерін қамтамасыз ететін және кепіл берушінің пайдалануындағы кепіл шарты бойынша кепіл нысанасын сақтандыру кезінде сақтандыру ұйымының пайдасына клиенттің төлемдерін қоспағанда, қарыз алуға, қарызға қызмет көрсетуге байланысты, сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру ұйымының пайдасына жасалатын төлемдері;

      6) кепілдікті (кепілгерлікті) алғаны үшін кепілгерге (кепіл берушіге), кепілге берілетін мүлікті бағалағаны үшін бағалаушыға клиенттің төлемдері;

      7) екінші деңгейдегі банкке, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалына, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға (бұдан әрі - банк) клиенттерді тарту, клиенттер ұсынатын құжаттардың қарыз беру талаптарына сәйкестігін тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке беру, банк клиенттерінен қарыздарды өтеу есебіне төлемдер мен аударымдарды қабылдау бойынша қызметтер көрсететін ұйымдардың (делдалдардың) пайдасына клиенттің төлемдері;

      7-1) клиенттің сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша банктің және (немесе) өзге де ұйымдардың пайдасына қарыз алуға, қарызға қызмет көрсетуге байланысты, осы тармақтың 5), 6) және 7) тармақшаларына байланысты емес банктік шот шарттары және (немесе) банктік қызмет көрсету шарттары шеңберіндегі комиссиялар және төлемдері жатады.

      8) клиенттің өтініші бойынша қарыз бойынша несие берешегі туралы анықтама бергені үшін;

      9) қарызды ішінара (толық) мерзімінен бұрын өтегені үшін төленеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 21.02.2022 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 28 қарашадағы
№ 218 қаулысына
2-қосымша

Қазақстан Республикасының күші жойылды деп танылатын кейбір нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі

      1. "Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13870 болып тіркелген, 2016 жылғы 29 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2. "Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 186 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17440 болып тіркелген, 2018 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған);

      3. "Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 45 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18515 болып тіркелген, 2019 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады