"Өсімдіктер карантині туралы" 1999 жылғы 11 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 7-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Фитосанитариялық тәуекелге талдау жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық, фитосанитариялық және тамақ қауіпсіздігі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
С. Омаров |
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 3 наурыздағы № 72 бұйрығымен бекітілген |
Фитосанитариялық тәуекелге талдау жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Фитосанитариялық тәуекелге талдау жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Өсімдіктер карантині туралы" 1999 жылғы 11 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 7-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және фитосанитариялық тәуекелге талдау жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бөтен текті түр – Қазақстан Республикасының флорасы мен фаунасында жоқ, енген жағдайда елеулі экономикалық және экологиялық залал келтіруі мүмкін жәндіктің, өсімдік ауруларын қоздырғыштың және арамшөптің түрі;
2) карантинге жатқызылған өнім (карантинге жатқызылған жүктер, карантинге жатқызылған материалдар, карантинге жатқызылған тауарлар) (бұдан әрі – карантинге жатқызылған өнім) – карантиндік объектілерді тасығыштар болуы және (немесе) олардың таралуына ықпал етуі мүмкін, карантинге жатқызылған өнімдер тізбесіне қосылған және оларға қатысты карантиндік фитосанитариялық шаралар қабылдау қажет болатын өсімдіктер, өсімдіктерден алынатын өнімдер, ыдыс, орама, жүктер, топырақ, организмдер немесе материалдар;
3) карантинге жатқызылған өнімдер тізбесі – мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылау мен қадағалауға жататын карантинге жатқызылған өнімдер тізбесі;
4) карантиндік объект – өсімдіктерге және өсімдік өнімдеріне айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін, Қазақстан Республикасының аумағында жоқ немесе шектеулі таралған, Еуразиялық экономикалық одақтың карантиндік объектілердің бірыңғай тізбесіне және (немесе) өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантиндік объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесіне қосылған өсімдіктер зиянкесі, ауруын қоздырғыш немесе арамшөп;
5) өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – өсімдіктер карантині саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
6) тірі түрлендірілген организм (бұдан әрі – ТТО) – заманауи технологияны пайдалану арқасында алынған генетикалық материалдың жаңа комбинациясына ие кез келген тірі организм;
7) фитосанитариялық тәуекелді бағалау – қолданылуы мүмкін карантиндік фитосанитариялық шараларды ескере отырып, карантиндік объектілердің ену, орнығу немесе таралу ықтималдығын және осыған байланысты болатын әлеуетті биологиялық және экономикалық зардаптарды ғылыми негізделген бағалау;
8) фитосанитариялық тәуекелді талдау (бұдан әрі – ФТТ) – карантиндік объектілер мен бөтен текті түрлерді айқындау және фитосанитариялық тәуекелді басқару тәсілдері, олар бойынша тиісті карантиндік фитосанитариялық шараларды және өсімдіктер карантині бойынша іс-шараларды қабылдау мақсатында биологиялық, ғылыми және экономикалық деректерді зерделеу, зерттеу және бағалау процесі.
3. ФТТ-ны Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің "Республикалық өсімдіктер карантині орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) жүзеге асырады.
4. ФТТ жүргізудің мақсаты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2015 жылғы 30 наурыздағы № 4-4/282 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11739 болып тіркелген) бекітілген өздеріне қатысты өсімдіктер карантині жөніндегі іс-шаралар белгіленетін және жүзеге асырылатын карантинді объектілер мен бөтен текті түрлердің тізбесіне және аса қауіпті зиянды организмдер тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) жаңа зиянкестерді, жәндік түрлерін, өсімдіктер ауруларының қоздырғыштарын және арамшөптерді, сондай-ақ ТТО (бұдан әрі – объектілер) қосудың немесе Тізбеден алып тастаудың орындылығын айқындау, сондай-ақ объектінің таралуын болдырмау үшін биологиялық, ғылыми, экономикалық және карантиндік фитосанитариялық деректерді бағалау жолымен карантиндік фитосанитариялық шаралар қабылдау әдістерінің орындылығын айқындау болып табылады.
5. ФТТ-ның негізгі міндеттері карантиндік маңызы бар объектіні және оның енуі және таралу жолдарын зерттеу, фитосанитариялық тәуекелді бағалау, сондай-ақ қауіптілікке ұшыраған аймақтарды және фитосанитариялық тәуекелді басқару тәсілдерін айқындау болып табылады.
6. ФТТ нәтижелері:
1) карантиндік фитосанитариялық талаптарды әзірлеу;
2) карантиндік фитосанитариялық режимді енгізу туралы шешім қабылдау;
3) уақытша карантиндік фитосанитариялық шараларды енгізу;
4) мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
5) Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасында айқындалған өзге де жағдайлар кезінде ескеріледі.
2-тарау. Фитосанитариялық тәуекелді талдау сатылары
7. ФТТ – мынадай үш сатыдан тұратын процесс:
1-саты (дайындық кезеңі) объектіні және оның республика аумағы үшін белгілі бір ФТТ аймағында таралу жолдарын айқындаудан тұрады;
2-саты (фитосанитариялық тәуекелді бағалау кезеңі) объектінің ену, жерсіну және таралу ықтималдығын және әлеуетті экономикалық және экологиялық салдарларды бағалауды көздейді;
3-саты (фитосанитариялық тәуекелді басқару кезеңі) фитосанитариялық тәуекелді бағалау сатысында анықталған фитосанитариялық тәуекелді басқару тәсілдерін оны төмендету немесе болдырмау үшін айқындауды, сондай-ақ қолайлы тәсілдерді іріктеу үшін әлеуетті тиімділігін жүзеге асырылуын және әсерін бағалауды көздейді.
1-параграф. Дайындық кезеңі
8. Уәкілетті ұйыммен ФТТ-ды жүргізуді бастау үшін ресми дереккөздерден, дерекқорлардан, ғылыми әдебиеттен және (немесе) сарапшылардың сауалнамасынан бұрын белгісіз объектіні анықтау туралы ақпаратты немесе республика аумағында немесе республиканың жекелеген өңірлерінде табиғи-климаттық жағдайлары бар объектінің шығу елінде оның ықтимал енуі, жерсінуі, республика аумағында таралуы және өсімдіктер мен өсімдік өнімдеріне елеулі зиян келтіру үшін жеткілікті табиғи-климаттық жағдайлардың сәйкестігі туралы мәліметтерді қамтитын белгілі объекті туралы жаңа ақпаратты алу (келіп түсуі) негіз болып табылады.
9. ФТТ жүргізу үшін ақпаратты жинауға қажетті сұрақтар тізбесі:
1) талданатын объектінің сәйкестендіру мүмкіндігін белгілеу мақсатында оның таксономиясы (түрлік/жүйелі тиістілігі) бойынша;
2) талданатын объектінің әлемде географиялық таралуы туралы;
3) талданатын объектіні өсімдік карантині және қорғау жөніндегі өңірлік және (немесе) ұлттық ұйымдар деңгейінде санатталуы туралы;
4) талданатын объектіні иелері-өсімдіктерінің тізбесі немесе өсетін немесе мекендейтін қолайлы орындар туралы (талданатын объектінің жүйелі жағдайына байланысты);
5) талданатын объектінің фитосанитариялық маңызы бар биологиялық ерекшеліктері туралы;
6) талданатын объектінің табиғи таралу жолдарын қоса алғанда, ықтимал таралу жолдары туралы;
7) талданатын объектінің ауыл шаруашылығы, орман және басқа да өсімдіктерге, адамға, жануарларға, экологиялық жүйелердің жай-күйіне, биологиялық әртүрлілікке экологиялық және экономикалық әсері туралы;
8) талданатын объектінің ошақтарын оқшаулау және жоюдың қолданыстағы әдістерінің тиімділігі бойынша.
10. Нақты таралу жолы үшін жаңа ФТТ-ның немесе бұрынғыны қайта қараудың қажеттігі мынадай жағдайларда туындайды:
1) бұрын елге импортталмаған тауармен (әдетте генетикалық өзгерген өсімдіктерді қоса алғанда, өсімдіктер немесе өсімдік өнімі) немесе жаңа аймақтан немесе шығарған жаңа елден келген тауармен халықаралық сауданың басталуы;
2) селекция мақсатында және ғылыми зерттеулер үшін өсімдіктердің жаңа түрлері импортының басталуы;
3) тауар импортынан басқа таралу жолының (табиғи таралу, буып-түю материалдарымен, пошта жөнелтілімдерімен, қоқыспен, жолаушылардың багажымен таралу) анықталуы.
11. Нақты объектіге қатысты жаңа ФТТ-ға немесе бұрынғыны қайта қарауға қажеттілік мынадай жағдайларда туындайды:
1) республика аумағында ұзақ зақымданудың немесе жаңа объект ошағының анықталуы;
2) импортталатын карантинге жатқызылған өнімде жаңа объектінің анықталуы;
3) ғылыми зерттеу нәтижесінде анықталған объектіге байланысты жаңа тәуекел;
4) объектінің аймаққа интродукциялануы;
5) қандай да бір аймақта осы объект өзінің шыққан аймағына қарағанда үлкен зиян келтіретіні туралы мәліметтердің келіп түсуі;
6) карантинге жатқызылған өнімде объектінің бірнеше рет анықталуы;
7) объектінің импорты туралы сұранымның жасалуы;
8) объектінің басқа карантиндік объектілер үшін тасымалдаушы ретінде айқындалуы;
9) генетикалық өзгеріске ұшыраған объектінің өсімдіктер үшін зиянды объект болу мүмкіндігі;
10) фитосанитариялық регламенттеуді, талаптарды немесе рәсімдерді қайта қарау туралы шешім;
11) басқа елден немесе халықаралық ұйымнан келіп түскен ұсыныстардың қаралуы;
12) жаңа өңдеудің немесе өңдеу жүйесінен бас тартудың, жаңа процестің немесе жаңа ақпараттың бұдан бұрын қабылданған шешімге әсер етуі;
13) карантиндік фитосанитариялық шаралар бойынша даудың туындауы;
14) елдегі фитосанитариялық ахуалдың өзгеруі немесе объектінің таралу шекараларының өзгеруі.
12. Фитосанитариялық тәуекелдің белгілі бір аймағында объектіні және оның таралу жолдарын сәйкестендіру осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес жиналған ақпарат негізінде жүзеге асырылады.
13. Дайындық кезеңінің нәтижелері талданатын объектінің айқын таксономиялық жағдайы және ФТТ кезеңдерін одан әрі жүргізу қажеттілігі немесе объектіні дәл сәйкестендірудің мүмкін еместігіне және (немесе) оның анық емес таксономиялық мәртебесіне байланысты немесе ФТТ аймағы үшін қолайлы алдыңғы ФТТ болуы салдарынан ФТТ жүргізудің аяқталуы туралы ұйғарымы бар қорытынды түрінде ресімделеді.
2-параграф. Фитосанитариялық тәуекелді бағалау кезеңі
14. Фитосанитариялық тәуекелді бағалау кезеңінде талданатын объект (санаттау процесі кезінде) дайындық кезеңінің қорытындысы бойынша жасалған ақпарат пен қорытындыны ескере отырып, оның ену, жерсіну және таралу ықтималдығын, сондай-ақ ФТТ аймағындағы ықтимал экономикалық және экологиялық салдарларды (қоршаған ортаға әсерді қоса алғанда) бағалау мақсатында дербес қаралады.
15. Фитосанитариялық тәуекелді бағалау объектіні санаттауды көздейді, оның процесі кезінде объектіні оны өлшемшарттары бойынша айқындайтын ықтимал карантиндік объект немесе бөтен текті түр ретінде белгілеу қажет.
16. Ену және жерсіну ықтималдығын бағалау объект шыққан жерден ФТТ аймағында оны жерсінуіне дейінгі таралу жолдарының әрқайсысын талдауды талап етеді.
17. Фитосанитариялық тәуекелді бағалау қаралып отырған объектінің республика аумағында өсірілетін және өндірілетін өсімдікке, карантинге жатқызылған өнімге тікелей және жанама әсері айқындамасы мен сипаттамасын қамтиды.
18. Қаралып отырған объектінің республика аумағында өсірілетін және өндірілетін өсімдікке, карантинге жатқызылған өнімге тікелей әсер ету түрлері мыналарды қамтиды:
1) танаптық жағдайларда, қорғалған топырақта немесе жабайы табиғатта өсімдікке әсер ету;
2) залал келтірудің зақымдалу типтері, саны мен жиілігі;
3) өнімнің көлемі мен сапасы бойынша ысырабы;
4) зақымдануға және ысырапқа әсер ететін биотикалық факторлар;
5) зақымдануға және ысырапқа әсер ететін абиотикалық факторлар;
6) таралу жылдамдығы;
7) көбею жылдамдығы;
8) күресу шаралары;
9) қолда бар өңдеп-өсіру технологияларына әсері;
10) қоршаған ортаға әсері.
Объектінің тікелей әсер етуі дақыл алып жатқан бүкіл аймақта және ықтимал қауіп төнген аймақта бағалаған жөн.
19. Қоршаған орта үшін тәуекелдерді талдау кезінде объектінің өсімдіктерге тікелей әсерінің мынадай түрлерін және (немесе) олардың экологиялық салдарларын ескерген жөн:
1) өсімдіктердің негізгі түрлері санының азаюы;
2) егер, әсер елеулі сипатқа ие екені туралы деректер болса, түр деңгейінен төмен әсерді қоса алғанда, көптігі немесе мөлшері тұрғысынан экологиялық жүйелердің негізгі компоненттері болып табылатын өсімдіктер түрлері, сондай-ақ жойылып кету қаупі төнген жергілікті өсімдіктер түрлері санының азаюы;
3) басқа да өсімдіктер түрлері санының едәуір қысқаруы, орын алмасуы немесе жойылуы.
20. Қаралып отырған объектінің республика аумағында өсірілетін және өндірілетін өсімдіктерге, карантинге жатқызылған өнімге жанама әсер ету түрлері мыналарды қамтиды:
1) атап айтқанда, экспорттық нарыққа қолжетімділікті қоса алғанда, ішкі және экспорттық нарықтарға әсері. Қарастырылып отырған объект жерсінген жағдайда, нарыққа қол жеткізу үшін орын алатын ықтимал салдарларға бағалау жүргізілуі қажет, сондай-ақ саудалық әріптестер енгізген немесе енгізетін карантиндік фитосанитариялық шараларды бағалау;
2) күрес жүргізуге арналған шығыстарды қоса алғанда, қажетті ақшалай салымдардың өзіндік құнының немесе көлемінің өзгеруі;
3) өнім сапасының өзгеруі нәтижесінде ішкі нарықтарда немесе шетелде оған тұтынушылық сұраныстың өзгеруі;
4) қоршаған ортаға қолайсыз әсері және күресу шараларының өзге де жағымсыз нәтижелері;
5) оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды жүргізудің жүзеге асыруы мен құны;
6) басқа карантиндік объектілердің тасымалдаушысы болу қабілеті;
7) қосымша зерттеулер жүргізу және ұсынымдар дайындау үшін қажет етілетін ресурстар;
8) әсер етудің әлеуметтік және өзге де түрлері.
21. Қоршаған орта үшін тәуекелдерді талдау кезінде объектілердің өсімдіктерге жанама әсерінің мынадай түрлерін және (немесе) олардың экологиялық салдарларын қарастыру қажет:
1) республика флорасына елеулі әсері;
2) белгілі бір экологиялық сезімтал немесе қорғалған аймақтарға елеулі әсері;
3) экологиялық процестер мен құрылымның, тұрақтылықтың немесе экологиялық жүйеде болып жатқан процестердің едәуір өзгеруі;
4) судың сапасына, рекреациялық пайдалануға, туризмге, жануарларды жаюға, аңшылыққа, балық шаруашылығына әсері, сондай-ақ қоршаған ортаны қалпына келтіруге арналған шығындар.
22. Фитосанитариялық тәуекелді бағалау нәтижесінде санаттар бойынша бөлінген объектілердің барлығы немесе кейбірі фитосанитариялық тәуекелді басқаруды бағалау тұрғысынан қаралатын болады. Әрбір объектіге қатысты ФТТ аймағының барлығы немесе бір бөлігі қауіп төнген аймақ ретінде айқындалады. Объектінің ықтимал енуі сандық немесе сапалық бағалау, сондай-ақ экономикалық салдарларды тиісті сандық немесе сапалық бағалау (қоршаған орта үшін салдарларды қоса алғанда) алынуы және құжатпен негізделуі немесе олардың жалпы орташа бағасы белгіленуі тиіс.
23. Фитосанитариялық тәуекелді бағалау кезеңінің нәтижелері ену, жерсіну ықтималдылығы, әлеуетті экономикалық зияндылығы және әлеуетті залалы туралы ұйғарымы бар қорытынды түрінде ресімделеді.
3-параграф. Фитосанитариялық тәуекелді басқару кезеңі
24. Фитосанитариялық тәуекелді басқару кезеңі фитосанитариялық тәуекелді төмендету немесе болдырмау үшін карантиндік фитосанитариялық шаралар мен карантиндік фитосанитариялық іс-шараларды айқындауды, сондай-ақ карантиндік фитосанитариялық шаралар мен қарантиндік іс-шаралардың әлеуетті тиімділігін бағалауды көздейді. Фитосанитариялық тәуекелді басқаруды бағалау кезінде алынған қорытындылар карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану және карантиндік фитосанитариялық іс-шараларды жүргізу және оларды қатайту туралы шешім қабылдау үшін пайдаланылады.
25. Фитосанитариялық тәуекелді басқару тәсілдері талданатын объектінің ену жолдарына байланысты ерекшеленеді:
1) объект жұқтырған өсімдік өнімдерін, буып-түю материалдарын және фитосанитариялық тәуекелі бар басқа да тауарларды әкелуді болғызбайтын шаралар;
2) басқа тарату жолдарының табиғи таралуын және орын ауыстыруын немесе енуін болғызбайтын шаралар;
3) объектінің енуінің, жерсінуінің және таралуының алдын алуға бағытталған шаралар.
Фитосанитариялық тәуекелді басқарудың таңдап алынған тәсілдеріне қатысты олардың тиімділік дәрежесін бағалау жүргізіледі.
26. Фитосанитариялық тәуекелді басқару тәсілдері экономикалық салдарларды бағалау кезінде белгісіздік дәрежесін, ену, жерсіну және таралу ықтималдығын, сондай-ақ осы тәсілдердің тиісті техникалық негіздемесін ескере отырып айқындалады.
27. Объектінің импортталатын карантинге жатқызылған өніммен енуі, жерсінуі және таралуындағы фитосанитариялық тәуекелін қолайлы деңгейге дейін төмендету үшін екі немесе одан да көп карантиндік фитосанитариялық шаралардың үйлесуі қажет етіледі. Карантиндік фитосанитариялық шаралар шығарылған елде қаралатын таралу жолының фитосанитариялық мәртебесіне сәйкес санаттарға бөлінеді және карантиндік фитосанитариялық шараларды және карантиндік фитосанитариялық іс-шараларды қамтиды:
1) карантинге жатқызылған өнімге қатысты қолданылатын;
2) дақылдың табиғи залалдануын болдырмау немесе азайту мақсатында қолданылатын;
3) қаралып отырған объектіден өсіру аймағының немесе орнының еркіндігін қамтамасыз ететін;
4) карантинге жатқызылған өнімді әкелуге тыйым салуға қатысты.
28. Фитосанитариялық тәуекелді азайтудың карантиндік фитосанитариялық шараларын таңдау кезінде мынадай факторлар ескеріледі:
1) талданатын объектінің республика аумағында болмауы немесе болуы;
2) талданатын объектінің республика аумағына ену жолдары.
29. Тәуекелдің қолайлы деңгейі мынадай тәсілдермен көрсетіледі:
1) қолданыстағы карантиндік фитосанитариялық талаптардың өзгеруінің немесе сақталуының орындылығы;
2) болжамды экономикалық ысыраптарды көрсету;
3) тәуекелге төзімділік шәкілі бойынша өрнек;
4) басқа елдер қабылдаған тәуекел деңгейімен салыстыру.
30. Фитосанитариялық тәуекелді басқару кезеңінің нәтижелері талданатын объектінің енуін, жерсінуін және таралуын болдырмау жөніндегі карантиндік фитосанитариялық шараларды қабылдау үшін пайдаланылады, оларды:
1) шыққан жерінде және (немесе) экспорттаушы елде (өнімді әкететін ел);
2) республика аумағына әкелу пунктінде;
3) республика аумағында қолдануға болады.
31. Фитосанитариялық тәуекелді басқару кезеңінің қорытындылары бойынша ұсынылатын карантиндік фитосанитариялық шаралар мен карантиндік фитосанитариялық іс-шаралардың тізбесі жасалады.
3-тарау. ФТТ нәтижелерін ресімдеу
32. Уәкілетті ұйым ФТТ-дың қорытындысын дайындайды және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің қарауына:
1) талданатын объектіні Тізбеге енгізу туралы;
2) талданатын объектіні Тізбеден алып тастау туралы келесі ұйғарымдардың бірімен енгізеді.
Қорытынды келесі мәліметтерді қамтылу тиіс:
1) ФТТ жүргізу мақсаты;
2) объект, объектілердің тізбесі, таралу жолдары, ФТТ аймағы және қауіп төнген аймақ;
3) санаттар бойынша объектілер тізбесі;
4) фитосанитариялық тәуекелді бағалау жөніндегі қорытындылар;
5) объектінің ену ықтималдығы;
6) республика аумағы үшін объектінің енуімен және таралуымен байланысты салдарлар;
7) Тізбеге объектіні енгізу немесе Тізбеден фитосанитариялық тәуекел тудырмайтын объектілерді алып тастау қажеттігі туралы негіздемелер;
8) фитосанитариялық тәуекелді басқару жөніндегі ұсынымдар;
9) ақпарат көздері.