"Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру не аталған рұқсатты беруден бас тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 54 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 наурыздағы № 48 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 1 сәуірде № 20258 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5 т. қараңыз

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 25 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру не аталған рұқсатты беруден бас тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 54 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7542 болып тіркелген, 2012 жылғы 30 маусымда "Егемен Қазақстан" газетінде № 360-364 (27438) жарияланған ) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру не аталған рұқсатты беруден бас тарту қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және сыртқы коммуникациялар басқармасы осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

      2020 жылғы ____ ____________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      2020 жылғы ____ ____________ 

  Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 30 наурыздағы № 48 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы
№ 54 қаулысымен
бекітілді

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы (бұдан әрі - Заң), "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі (бұдан әрі - Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң), "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы және "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту тәртібін айқындайды.

2-тарау. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру не көрсетілген рұқсатты беруден бас тарту тәртібі

      2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы (сақтандыру холдингі) (бұдан әрі - өтініш беруші) уәкілетті органға Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "электрондық үкіметтің" www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы (бұдан әрі - портал) арқылы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат алуға өтінішхатты (бұдан әрі - өтінішхат) "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру холдингінің өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында (бұдан әрі - мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып ұсынады.

      Мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көзделген.

      Өтініш беруші өтінішхатты портал арқылы жіберген кезде "жеке кабинетте" нәтижені алу күні мен уақыты көрсетіле отырып мемлекеттік қызмет көрсетуге сұратудың қабылданғаны туралы мәртебе автоматты түрде көрсетіледі.

      3. Өтініш беруші өз еркiмен қайта ұйымдастырылу талаптарын, нысанын, тәртібін және мерзімдерін қайта ұйымдастырылу жөніндегі iс-шаралар жоспарында (бұдан әрі - iс-шаралар жоспары) көрсетеді.

      4. Іс-шаралар жоспарында өз еркiмен қайта ұйымдастырылатын өтініш берушінің сақтанушылар және өзге кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындау мөлшерлері мен рәсімі көрсетіледі.

      5. Іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы ақпаратты өтініш беруші уәкілетті органға жоспарда көрсетілген iс-шараларды орындау мерзімдері аяқталғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде ұсынады.

      6. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын қайта ұйымдастыруға рұқсат өтініш беруші орындалуы іс-шаралар жоспарында белгіленетін мынадай талаптарды сақтаған кезде беріледі:

      1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығы жоқ заңды тұлғаға өз еркімен қайта ұйымдастырылған жағдайда - қолданыстағы сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарының болмауы. Іс-шаралар жоспарына сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жоғары органының өз еркімен қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған күнгі аудиторлық ұйым куәландырған және сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша міндеттемелерінің жоқ екенін растайтын қаржылық есептілігі қоса беріледі;

      2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асыру құқығы бар заңды тұлғаға өз еркімен қайта ұйымдастырылған жағдайда:

      қайта ұйымдастырылған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушы (сақтандыру холдингі) белгілеріне сәйкес келетін тұлғаларда ірі қатысушы (сақтандыру холдингі) мәртебесін иеленуге берілген жазбаша келісімнің болуы;

      қайта ұйымдастырылған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының пруденциялық нормативтерінің болжамды мәндерінің Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14794 болып тіркелген "Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру тобының пруденциялық нормативтерінің және сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттердің нормативтік мәндерін және оларды есептеу әдістемелерін, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының немесе сақтандыру холдингтерінің еншілес ұйымдары сатып алатын заңды тұлғалардың акцияларына (жарғылық капиталдағы қатысу үлестеріне) қойылатын талаптарды, сақтандыру холдингтері сатып алатын халықаралық қаржы ұйымдары облигацияларының тізбесін, сақтандыру холдингтері сатып алатын облигациялар үшін талап етілетін ең төмен рейтингті және рейтингтік агенттіктердің тізбесін, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сатып алатын қаржы құралдарының (акциялар мен жарғылық капиталына қатысу үлестерін қоспағанда) тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 304 қаулысында белгіленген талаптарға сәйкес келуі;

      2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген жағдайларда, болжанған қайта ұйымдастыру нәтижесінде Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасының талаптарын орындау туралы монополияға қарсы органның қорытындысын ұсыну.

      7. Мемлекеттік қызметті көрсету бойынша рәсімнің (іс-қимылдың) басталуына негіз уәкілетті органның өтініш берушіден Қағидаларға 2-қосымшда көзделген құжаттарды портал арқылы алуы болып табылады.

      8. Уәкілетті органның хат-хабарды қабылдауға және тіркеуге уәкілетті қызметкері өтінішхат түскен күні оны қабылдауды, тіркеуді және уәкілетті органның мемлекеттік қызметті көрсету үшін жауапты бөлімшесіне (бұдан әрі - жауапты бөлімше) орындау үшін жіберуді жүзеге асырады. Өтініш беруші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері өтініш жасаған кезде 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес құжаттарды қабылдау келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Жауапты бөлімшенің қызметкері өтінішхат тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

      Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда, жауапты бөлімшенің қызметкері көрсетілген мерзімде өтінішхатты одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды дайындайды және өтініш берушіге жібереді.

      Ұсынылған құжаттардың толық болу фактісі анықталған жағдайда, уәкілетті орган олардың Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексереді, уәкілетті орган Басқармасының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру (рұқсат беруден бас тарту) туралы қаулысын (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі) қабылдайды, оны 26 (жиырма алты) жұмыс күні ішінде тіркеуді жүзеге асырады.

      Жауапты бөлімшенің қызметкері қабылданғаннан кейін 4 (төрт) жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін өтініш берушіге "жеке кабинетке" уәкілетті органның уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында жібереді.

3-тарау. Уәкілетті органның және (немесе) оның лауазымды тұлғаларының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      9. Уәкілетті органның және (немесе) оның лауазымды тұлғаларының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым уәкілетті органның басшысына, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға немесе сотқа жіберіледі.

      10. Уәкілетті органның басшысына жіберілетін шағымда:

      1) тегі, аты, сондай-ақ қалауына қарай әкесінің аты (ол бар болса), пошталық мекенжайы (жеке тұлға үшін);

      2) атауы, пошталық мекенжайы, жіберілген нөмірі мен күні (заңды тұлға үшін) көрсетіледі.

      Уәкілетті органның кеңсесінде шағымды қабылдаған адамның тегі және аты-жөні, берілген шағымға жауап алудың мерзімі мен орнын көрсете отырып шағымды тіркеу (мөртабан, кіріс нөмірі және күні) уәкілетті орган басшысының шағымды қабылданғанын растау болып табылады.

      Портал арқылы өтініш берген жағдайда шағымдану тәртібі туралы ақпаратты бірыңғай байланыс орталығының 8-800-080-7777 немесе 1414 телефондары арқылы алуға болады.

      Шағым портал арқылы жіберілген жағдайда көрсетілетін қызметті алушыға "жеке кабинеттен" шағым туралы ақпарат қолжетімді болады, ол уәкілетті орган шағымды өңдеу (жеткізу, тіркеу, орындалуы туралы белгілер, қарау немесе қараудан бас тарту туралы жауап) барысында жаңартылып отырады.

  Сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымының (сақтандыру
холдингінің) өз еркiмен қайта
ұйымдастырылуына рұқсат беру
не көрсетілген рұқсатты беруден
бас тарту қағидаларына
№ 1-қосымша
Нысан
күні ________ № ___________
Қаржы нарығы мен қаржы
ұйымдарын реттеу,
бақылау және қадағалау
жөніндегі уәкілетті
органның төрағасына

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына берілетін рұқсатты алуға өтінішхат

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (өтініш берушінің атауы)

      сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы (сақтандыру холдингі) акционерлерінің жалпы жиналысының

      ________________________________________________________________________________

      (өткізілетін орны)

      _____ жылғы "____" _______________ № __________ шешіміне сәйкес сақтандыру

      (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің)

      _________________________________________________________________________ арқылы

      (біріктіру, қосу, бөлу, бөлініп шығу, қайта құру) арқылы (қажеттісінің астын сызу керек)

      ____________________________________________________________________________ етіп

      (сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) қайта ұйымдастырылуы нәтижесінде құрылған (заңды тұлғаның (тұлғалардың) атауы)

      өз еркімен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беруді сұрайды.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы (сақтандыру холдингі) өтінішхатқа қоса берілген құжаттар мен ақпараттың дәйектілігіне, сондай-ақ өтінішхатты қарауға байланысты сұралатын қосымша ақпараттың және құжаттардың уәкілетті органға уақтылы берілуіне толығымен жауап береді.

      Қоса берілген құжаттар (жіберілген құжаттардың атаулы тізбесі, олардың әрқайсысы бойынша даналар және беттер санын көрсету керек):

      Мемлекеттік қызметті көрсету үшін және ақпараттық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметті пайдалануға қажетті менің дербес деректерімді жинауға және өңдеуге келісім беремін.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы (сақтандыру холдингі) акционерлерінің атынан уәкілеттік берілген тұлға

      ________________________________________________________________________________

      тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), лауазымы (қолы)

  Сақтандыру (қайта сақтандыру)
ұйымының (сақтандыру
холдингінің) өз еркiмен қайта
ұйымдастырылуына рұқсат беру
не көрсетілген рұқсатты беруден
бас тарту қағидаларына
№ 2-қосымша

"Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру холдингінің өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

2

Мемлекеттік қызметті ұсыну тәсілдері (қол жеткізу арналары)

"Электрондық үкіметтің" www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы (бұдан әрі - портал).

3

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

Құжаттардың толық топтамасын ұсынған күннен бастап отыз бес жұмыс күні ішінде.
Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда, уәкілетті орган көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтінішхатты одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды береді.

4

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Электрондық (толық автоматтандырылған).

5

Мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі

Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру холдингінің өз еркiмен қайта ұйымдастырылуына рұқсат не уәкілетті орган Басқармасының тиісті қаулысының көшірмесін қоса бере отырып мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру.

6

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан өндіріп алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны өндіріп алу тәсілдері

Мемлекеттік қызмет ақысыз негізде көрсетіледі.

7

Жұмыс кестесі

1) уәкілетті орган - 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа күндері сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен дүйсенбі - жұма аралығында сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін;
2) портал - жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты болатын техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері өтініш жасаған кезде Кодекске сәйкес өтінішхаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).

8

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын (сақтандыру холдингін) ерікті қайта ұйымдастыруды жүргізуге рұқсат алу туралы өтінішхат;
2) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (сақтандыру холдингінің) жоғары органының оны өз еркімен қайта ұйымдастыру туралы шешімі (қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында мәліметтер болмаған жағдайда);
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын (сақтандыру холдингін) қайта ұйымдастыруды жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспары).

9

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту негіздері

1) болжанып отырған ерікті қайта ұйымдастыру нәтижесiнде сақтанушылардың және өзге де кредиторлардың заңды мүдделерiнің бұзылуы;
2) болжанып отырған қайта ұйымдастыру нәтижесiнде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудiң ең төменгi талаптарының, сақталуы мiндеттi басқа нормалар мен лимиттердің және "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген өзге де талаптардың бұзылуы;
3) қайта ұйымдастырылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының (сақтандыру холдингтерінің) жоғары органдарының тиісті шешімдерінің болмауы;
4) болжанып отырған қайта ұйымдастыру нәтижесінде бәсекелестікті қорғау саласында Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының бұзылуы;
5) ұсынылған құжаттар бойынша уәкілетті органның ескертулерін ол белгілеген мерзімде жоймауы;
6) ұсынылған құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмеуі.

10

Мемлекеттік қызмет көрсетудің, оның ішінде электрондық нысанда көрсетілетін қызметтің ерекшеліктері ескерілген өзге талаптар

Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары және мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында және www.egov.kz порталында орналастырылған. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс орталығы: 8-800-080-7777 немесе 1414.
Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдағы "жеке кабинеті" арқылы қашықтықтан қол жеткізу режимінде, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады