"Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына үлгілік біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 13 желтоқсандағы № 85 бұйрығына және "Сәйкестендіру карталарының сипаттамасын, оларды беру мен пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 69 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2020 жылғы 12 маусымдағы № 94 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 15 маусымда № 20858 болып тіркелді.

      1. Күші жойылды - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 05.04.2023 № 71 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Сәйкестендіру карталарының сипаттамасын, оларды беру мен пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 69 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20463 болып тіркелген, 2020 жылғы 25 сәуірде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кiрiспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сәйкестендіру карталарының сипаттамасы, оларды беру мен пайдалану қағидаларында:

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Сәйкестендіру картасының беткі жағында:

      1) жоғарғы бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік стандартына сәйкес қою көк реңде жасалған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген, одан төмен көк түсте жасалған мемлекеттік тілдегі мемлекеттік органның атауы;

      2) ортасында мемлекеттік тілде қою көк түспен қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) және атқаратын лауазымы орналасқан;

      3) cол жағында қызметкердің көлемі 3х4 сантиметр түрлі түсті фотосуреті (анфас) орналастырылады. Қызметкер фотосуретке ақ түсті реңде іскерлік стильдегі киіммен бас киімсіз түседі;

      4) оң жағында сәйкестендіру картасының сериялық нөмірі орналасқан;

      5) төменгі жағында сәйкестендіру картасының жарамдылық мерзімі, мемлекеттік қызметшінің электронды поштасының мекенжайы және мемлекеттік органның интернет-ресурсының мекенжайы көрсетіледі.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Сәйкестендіру картасының сыртқы жағында:

      1) жоғарғы бөлігінің ортасында көк түсте орындалған орыс тілінде мемлекеттік органның атауы;

      2) сол жағында қою көк түспен орыс тілінде қызметкердің тегі, аты және атқаратын лауазымы;

      3) төменгі жағы - машинамен оқылатын аймақ, онда "Е-қызмет" ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінде немесе өзге ведомстволық ақпараттық жүйесінде бар негізгі ақпаратты (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) лауазымы, байланыс деректері) қамтитын QR-код орналастырылады." ;

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Сәйкестендіру картасы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге лауазымға тағайындалған, лауазымы ауысқан, тегін ауыстырған, жоғалтқан кезде, сондай-ақ берілген сәйкестендіру картасының жарамдылық мерзімі өткен, бүлінген (тозған) жағдайда беріледі.

      Сәйкестендіру картасы төрт жыл мерзіміне беріледі.".

      3. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызмет департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы
А. Жаилғанова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады