Йодталмаған ас тұзын әкелу, өндіру және өткізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 2 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-228/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 3 желтоқсанда № 21720 болып тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексінің 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған йодталмаған ас тұзын әкелу, өндіру және өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. "Йодталмаған ас тұзын әкелу, өндіру және өткізу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 154 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11027 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 11 маусымда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 2 желтоқсаны
№ ҚР ДСМ-228/2020
бұйрығымен бекітілген

Йодталмаған ас тұзын әкелу, өндiру және сату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы йодталмаған ас тұзын әкелу, өндiру және сату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағына йодталмаған ас тұзын әкелу, өндіру және өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Қағидалар меншік нысанына қарамастан қызметі тамақ өнімдерін әкелу, өндiру және сатумен байланысты заңды және жеке тұлғаларға арналған.

      3. Йодталмаған ас тұзын әкелуді, өндіруді және сатуды реттеу Кодекстің 112-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында йод тапшылығы ауруларының алдын алу мақсатында жүргізіледі.

      4. Қазақстан Республикасының аумағына йодталмаған ас тұзын әкелу, өндіру және сату:

      1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес бекітілген "Тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес өндірісінде йодталмаған ас тұзы пайдаланылатын тамақ өнімінің жекелеген түрлерін өндіру үшін;

      2) йодталған тұзды қолдануға көрсетiмдерi бар адамдар үшін жол беріледі.

2-тарау. Йодталмаған ас тұзын әкелу және өндіру қағидалары

      5. Қазақстан Республикасының аумағына йодталмаған ас тұзын әкелу құрамында йодталмаған ас тұзын пайдалану көзделетін тамақ өнімінің жекелеген түрлерін нысаналы өндіру үшін қажетті көлемдерді жеткізу туралы тамақ өнеркәсібі кәсіпорнымен келісім-шарттың негізінде жүзеге асырылады.

      6. Йодталмаған ас тұзын әкелу Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 880 шешімімен бекітілген "Тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы" Кеден одағы техникалық регламентінің (021/2011 КО ТР) талаптарына (бұдан әрі – 021/2011 КО ТР) сәйкестігін бағалау (растау) бойынша құжаттары болған кезде жүзеге асырылады.

      7. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер болып табылмайтын мемлекеттерден йодталмаған ас тұзын әкелу Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 25 желтоқсандағы № 294 шешімімен бекітілген Кеден одағының шеңберінде міндетті талаптар белгіленетін өнімді (тауарларды) Кеден одағының кедендік аумағына әкелу тәртібі туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Йодталған ас тұзын қолдануға болмайтын көрсетiмдерi бар адамдарды қамтамасыз ету үшін өндірушілер йодталмаған ас тұзын шығарады.

      9. Йодталмаған ас тұзының өндірісі Ереженің 16-тармағының 132-1) тармақшасына сәйкес бекітілген "Тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

3-тарау. Йодталмаған ас тұзын сату қағидалары

      10. Қазақстан Республикасының аумағында сатуға арналған йодталмаған ас тұзы 021/2011 КО ТР талаптарына сәйкестігін бағалауға (растауға) жатады.

      11. Йодталмаған ас тұзы оның таңбалануы Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 881 шешімімен бекітілген "Тамақ өнімі оның таңбалану бөлігінде" Кеден одағы техникалық регламентінің (022/2011 КО ТР) талаптарына сәйкес келген кезде нарықта айналымға шығарылады.

      12. Йодталмаған ас тұзын сату сауда объектілерінің сауда залдарында бейімделген мақсаттағы өнімдер үшін арнайы бөлінген сөрелерде жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады