Бітімгершілік операцияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № 739 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 28 желтоқсанда № 21945 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 25 қарашадағы № 1125 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қорғаныс министрінің 25.11.2022 № 1125 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 16 тамыздағы № 1074 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ереже 21-тармағының 19-75) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Бітімгершілік операцияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Жауынгерлік даярлық департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
Н. Ермекбаев

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2020 жылғы 25 желтоқсандағы
№ 739 бұйрығымен
бекітілген

Бітімгершілік операцияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бітімгершілік операцияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бітімгершілік операцияларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеу тәртібін айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері осы Қағидаларға сәйкес іріктеуден өтеді және "Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы" 2015 жылғы 15 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына, сондай-ақ "Бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 10 маусымдағы № 345 қаулысына сәйкес бітімгершілік операцияларға қатысады.

      3. Іріктеуді жоспарлауды және жүргізуді дайындауды Біріккен Ұлттар Ұйымынан (бұдан әрі – БҰҰ) және басқа да халықаралық ұйымдардан сұрау салулардың келіп түсуіне қарай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (бұдан әрі – Қорғанысмині), Бас штабының (бұдан әрі – БШ) және Қарулы Күштерінің (бұдан әрі – ҚР ҚК) басқа да құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады.

2-тарау. Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізуді ұйымдастыру

      4. Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін әскери қызметшілерді іріктеу еркін негізде ҚР ҚК қатарында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер қатарынан құрылымдық бөлімше бастығының, әскери бөлім командирінің атына берілген баянат негізінде жүзеге асырылады.

      Баянатқа: қызметтік мінездеме, бірінші басшының қолы қойылған фотосуреті бар әскери қызмет өткеру туралы анықтама, соттылығының болмауы туралы анықтама, жүргізуші куәлігінің көшірмесі, жеке куәліктің көшірмесі, төлқұжаттың көшірмесі, 2 фотосурет (күнделікті киім нысанында, көлемі 9х12 см) және медициналық қорытынды қоса беріледі.

      5. Құрылымдық бөлімшелердің командирлері (бастықтары) орындарда бітімгершілік операцияларға қатысуға ерікті түрде ниет білдірген әскери қызметшілер үшін медициналық тексеру жүргізуді ұйымдастырады.

      6. Іріктеу екі бағыт бойынша жүргізіледі:

      1) әскери байқаушылар және/немесе штабтық офицерлер ретінде;

      2) ұлттық контингент құрамына.

      7. Бітімгершілік операцияларға әскери байқаушылар және штабтық офицерлер ретінде жіберуге жоспарланған кандидаттарға іріктеу үшін қойылатын талаптар:

      1) ағылшын тілін білу, IELTS 4,5 немесе STANAG 3333 не TOEFL 566 (86) деңгейінен төмен емес;

      2) денсаулық жағдайы – климаттық жағдайлары қолайсыз (ыстық) жерлерде қызметке жарамдылық;

      3) қанағаттанарлық моральдық-психологиялық және дене бітімінің жай-күйі;

      4) жасы 25-тен 55-ке дейін;

      5) ҚР ҚК-да қызмет өткеру мерзімі кемінде бес жыл;

      6) жүргізуші куәлігінің болуы және механикалық беріліс қорабы бар автомобильді жүргізу дағдылары;

      7) капитан, майор, подполковник және полковник (генералдар – ерекше жағдайларда сұрау салу бойынша) әскери атағының болуы.

      8. Ұлттық контингент құрамында бітімгершілік операцияларға жіберу үшін іріктелген кандидаттарға қойылатын талаптар:

      1) командалық құрам мен мамандар үшін ағылшын тілін білу (бітімгершілік операцияларда орындалатын міндеттерге байланысты), IELTS 3,0 немесе STANAG 2222 деңгейінен төмен емес;

      2) денсаулық жағдайы – климаттық жағдайлары қолайсыз (ыстық) жерлерде қызметке жарамдылық;

      3) қанағаттанарлық моральдық-психологиялық және дене бітімінің жай-күйі;

      4) жасы 21-ден 50-ге дейін;

      5) ҚР ҚК-да қызмет өткеру мерзімі кемінде үш жыл;

      6) БҰҰ-ның негізгі талаптарынан басқа, мамандандырылған бөлімшелер үшін іріктеу жетекшілік ететін бөлімшенің бастығы бекіткен қосымша өлшемшарттар бойынша жүргізіледі.

      9. Халықаралық ұйымда кандидаттарға қойылатын талаптар болған жағдайда іріктеу сұрау салуда көрсетілген талаптар бойынша жүргізіледі.

      10. Бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚК БШ құрылымдық бөлімшесі іріктеуді ұйымдастыру мақсатында осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген кандидаттардың тізімдері мен құжаттарды алу үшін Қорғанысминінің, БШ және ҚР ҚК мүдделі құрылымдық бөлімшелеріне сұрау салу жолдайды.

      11. Әскери қызметшілерді іріктеу үшін ұлттық контингентті қалыптастыру кезінде ҚР ҚК құрылымдық бөлімшелерінің, әскери бөлімдерінің, басқару органдары құрамаларының, әскери білім беру мекемелерінің комиссиялары тағайындалады.

      12. Хатшыны бөлімше басшысы (бастығы, командирі) тағайындайды және оның шешім қабылдау кезінде дауыс беру құқығы жоқ. Комиссия хатшысы хаттаманы жүргізуді қамтамасыз етеді.

      13. Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін әскери қызметшілерді іріктеу туралы комиссияның шешімі бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚК БШ құрылымдық бөлімшесіне ұсынылады.

      14. Әскери қызметшілердің бітімгершілік операцияларға қатысуын ұйымдастыруды Қорғанысминінің, БШ және ҚР ҚК мүдделі құрылымдық бөлімшелері қамтамасыз етеді.

      15. Бөлімшені бітімгершілік операцияға қатысуға даярлауды ұйымдастыру кезінде медициналық қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚК құрылымдық бөлімшесі вакцинациялау кестесін әзірлейді, оған сәйкес бітімгершілік операцияға қойылатын талаптарды ескере отырып, кандидаттарға вакцинациялау жүргізіледі.

3-тарау. Бітімгершілік операцияларға әскери байқаушылар және/немесе штабтық офицерлер ретінде қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеу тәртібі

      16. Бітімгершілік операцияларға әскери байқаушылар және/немесе штабтық офицерлер ретінде қатысу үшін кандидаттарды іріктеу үш кезеңнен тұрады:

      1) бірінші кезең – бітімгершілік операцияларға қатысуға ерікті түрде ниет білдірген кандидаттар тізімін қалыптастыру;

      2) екінші кезең – кандидаттарды осы Қағидалардың 4, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келуіне айқындау үшін жиындар өткізудің тиісті құжаттарының болуын тексеру;

      3) үшінші кезең – кандидаттардың медициналық және моральдық-психологиялық жай-күйін айқындау үшін медициналық тексеру мен моральдық-психологиялық тестілеу жүргізу.

      17. Бірінші кезеңде бөлімше командирлері (бастықтары) бітімгершілік операцияларға қатысуға ерікті түрде ниет білдірген әскери қызметшілер қатарынан тізімдерді қалыптастырады.

      18. Екінші кезеңде бөлімше командирлері (бастықтары) әскери қызметшілердің болуын және осы Қағидалардың 4, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкестігін айқындау үшін тиісті жұмыс жүргізеді.

      19. Үшінші кезеңде бөлімше командирлері (бастықтары) кандидаттар арасында медициналық тексеру мен моральдық-психологиялық тестілеу жүргізуді ұйымдастырады.

      20. Кандидаттардың тізімі Қорғанысмині, БШ және ҚР ҚК құрылымдық бөлімшелерінің бастықтарына бағыныстылық тәртібінде жолданады.

      21. Қорғанысмині, БШ және ҚР ҚК құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары қалыптастырылған тізімдерді құжаттармен бірге бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚК БШ құрылымдық бөлімшесіне жолдайды.

      22. Бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚК БШ құрылымдық бөлімшесі тізімдерді бекіту және әскери байқаушылар/штабтық офицерлер ретінде әскери қызметшілерді іріктеу бойынша жиындарды ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізеді.

      23. Кандидаттардың жиындары мынадай бағыттар бойынша жүргізіледі:

      1) шет мемлекеттерге ұзақ мерзімді іссапарларға шығу үшін медициналық қарсы көрсеткіштердің болмауына (болуына) медициналық қарап-тексеру;

      2) моральдық-психологиялық тұрақтылықты (жүйке-психикалық тұрақтылық – орташадан төмен емес; бейімделу потенциалы – орташадан төмен емес, әлеуметтік байланыстар мен өзара қарым-қатынастарды қалыптастыра білу, өзіне-өзі қол жұмсау тәуекелдерін, алаңдатушылық және күйзеліс үрдістерін, ойластырылмаған әрекеттерге бейімділікті анықтау) тексеру;

      3) дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақ қабылдау (жалпы балл "жақсыдан" төмен емес);

      4) механикалық беріліс қорабы бар толық жетекті жеңіл автомобильді жүргізу бойынша сынақ қабылдау (баға "қанағаттанарлықтан" төмен емес);

      5) ағылшын тілінен сынақ/емтихан.

      24. Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін әскери байқаушылар және штабтық офицерлер ретінде кандидаттарды іріктеу бойынша жиындар ҚР ҚК оқу орындарының оқытушылары мен нұсқаушыларын, сондай-ақ шетелдік мамандарды тарта отырып жүргізіледі.

4-тарау. Ұлттық контингент құрамына бітімгершілік операцияларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеу тәртібі

      25. Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін ұлттық контингент құрамына кандидаттарды іріктеу үш кезеңнен тұрады:

      1) бірінші кезең – бітімгершілік операцияларға қатысуға ерікті түрде ниет білдірген кандидаттар тізімін қалыптастыру;

      2) екінші кезең – кандидаттарды осы Қағидалардың 4, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келуіне айқындау үшін жиындар өткізудің тиісті құжаттарының болуын тексеру;

      3) үшінші кезең – кандидаттардың медициналық және моральдық-психологиялық жай-күйін айқындау үшін медициналық тексеру мен моральдық-психологиялық тестілеу жүргізу.

      26. Бірінші кезеңде бөлімше командирлері (бастықтары) бітімгершілік операцияларға қатысуға ерікті түрде ниет білдірген әскери қызметшілер қатарынан тізімдерді қалыптастырады.

      27. Екінші кезеңде бөлімше командирлері (бастықтары) әскери қызметшілердің болуын және осы Қағидалардың 4, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкестігін айқындау үшін тиісті жұмыс жүргізеді.

      28. Үшінші кезеңде бөлімше командирлері (бастықтары) кандидаттар арасында медициналық тексеру мен моральдық-психологиялық тестілеу жүргізуді ұйымдастырады.

      29. Кандидаттардың тізімі Қорғанысмині, БШ және ҚР ҚК құрылымдық бөлімшелерінің бастықтарына бағыныстылық тәртібінде жолданады.

      30. Қорғанысмині, БШ және ҚР ҚК құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары қалыптастырылған тізімдерді құжаттармен бірге бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚК БШ құрылымдық бөлімшесіне жолдайды.

      31. Бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін ҚР ҚК БШ құрылымдық бөлімшесі тізімдерді бекіту және ұлттық контингент құрамына әскери қызметшілерді іріктеу бойынша жиындарды ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізеді.

      32. Бітімгершілік операцияға қатысуға дайындық барысында ұлттық контингент құрамына кандидаттарды іріктеу мынадай бағыттар бойынша жүргізіледі:

      1) шет мемлекеттерге ұзақ мерзімді іссапарларға шығу үшін медициналық қарсы көрсеткіштердің болмауына (болуына) медициналық қарап-тексеру;

      2) моральдық-психологиялық тұрақтылықты (жүйке-психикалық тұрақтылық – орташадан төмен емес; бейімделу потенциалы – орташадан төмен емес, әлеуметтік байланыстар мен өзара қарым-қатынастарды қалыптастыра білу, өзіне-өзі қол жұмсау тәуекелдерін, алаңдатушылық және күйзеліс үрдістерін, ойластырылмаған әрекеттерге бейімділікті анықтау) тексеру;

      3) дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақ (жалпы балл "жақсыдан" төмен емес);

      4) оқ ату және тактикалық даярлық бойынша сынақ (жалпы баға "жақсыдан" төмен емес);

      5) миссияда орындалатын міндеттерге байланысты ұлттық контингент командирі, командалық құрам және мамандар үшін ағылшын тілін білу деңгейін айқындауға арналған сынақ.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады