Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 25 қарашадағы № 1125 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 қарашада № 30767 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 357 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ереже 15-тармағының 156) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. "Бітімгершілік операцияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № 739 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21945 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
Р. Жаксылыков

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
2022 жылғы 25 қарашадағы
№ 1125 бұйрығымен
бекітілген

Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) бітімгершілік операцияларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеу тәртібін айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері осы Қағидаларға сәйкес іріктеуден өтеді және "Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 10 маусымдағы № 345 қаулысымен бекітілген Бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларына, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың сұрау салуына (талаптарына) сәйкес бітімгершілік операцияларға қатысады.

      3. Іріктеуді жоспарлауды және жүргізуді дайындауды бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (бұдан әрі – Қорғанысмині), Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының (бұдан әрі – БШ) және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің (бұдан әрі – ҚР ҚК) басқа да бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, халықаралық ұйымдардан сұрау салудың келіп түсуіне қарай жүзеге асырады.

2-тарау. Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеуді ұйымдастыру

      4. Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін әскери қызметшілерді іріктеу еркін негізде ҚР ҚК қатарында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер қатарынан әскери бөлім командирінің (мекеме бастығының) атына берілген баянат негізінде жүзеге асырылады.

      Баянатқа: қызметтік мінездеме, бірінші басшының қолы қойылған фотосуреті бар әскери қызмет өткеру туралы анықтама, соттылығының болмауы туралы анықтама, жүргізуші куәлігінің көшірмесі, жеке куәліктің көшірмесі, төлқұжаттың көшірмесі, келісімшарттың көшірмесі, 2 фотосурет (күнделікті киім нысанында, көлемі 9х12 см) және медициналық қорытынды қоса беріледі.

      5. Әскери бөлім командирлері (мекеме бастықтары) орындарда бітімгершілік операцияларға қатысуға ерікті түрде ниет білдірген әскери қызметшілер үшін медициналық тексеру жүргізуді ұйымдастырады.

      6. Іріктеу екі бағыт бойынша жүргізіледі:

      1) әскери байқаушылар және/немесе штабтық офицерлер ретінде;

      2) ұлттық контингент құрамына.

      7. Бітімгершілік операцияларға әскери байқаушылар және/немесе штабтық офицерлер ретінде жіберуге жоспарланған кандидаттарға іріктеу үшін қойылатын талаптар:

      1) ағылшын тілін білу, IELTS 4,5 немесе STANAG 3333 не TOEFL 566 (86) деңгейінен төмен емес;

      2) денсаулық жағдайы – климаттық жағдайы қолайсыз (ыстық) жерде қызметке жарамдылық;

      3) қанағаттанарлық моральдық-психологиялық және дене бітімінің жай-күйі;

      4) жасы 25-тен 55-ке дейін;

      5) ҚР ҚК-да қызмет өткеру мерзімі кемінде бес жыл;

      6) жүргізуші куәлігінің болуы және механикалық беріліс қорабы бар автомобильді жүргізу дағдылары;

      7) капитан, майор, подполковник және полковник (генералдар – ерекше жағдайда сұрау салу бойынша) әскери атағының болуы.

      8. Ұлттық контингент құрамында бітімгершілік операцияларға жіберу үшін іріктелген кандидаттарға қойылатын талаптар:

      1) командалық құрам мен мамандар үшін ағылшын тілін білу (бітімгершілік операцияларда орындалатын міндеттерге байланысты), IELTS 3,0 немесе STANAG 2222 деңгейінен төмен емес;

      2) денсаулық жағдайы – климаттық жағдайы қолайсыз (ыстық) жерде қызметке жарамдылық;

      3) қанағаттанарлық моральдық-психологиялық және дене бітімінің жай-күйі;

      4) жасы 21-ден 50-ге дейін;

      5) ҚР ҚК-да қызмет өткеру мерзімі кемінде үш жыл;

      6) халықаралық ұйымдардың негізгі талаптарынан басқа, мамандандырылған бөлімшелер үшін іріктеу жетекшілік ететін бөлімшенің бастығы бекіткен қосымша өлшемшарт бойынша жүргізіледі.

      9. Халықаралық ұйымда кандидаттарға қойылатын қосымша талаптар болған жағдайда іріктеу оларды ескере отырып жүргізіледі.

      10. Бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше іріктеуді ұйымдастыру мақсатында осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген кандидаттардың тізімдері мен құжаттарды алу үшін Қорғанысминінің, БШ және ҚР ҚК мүдделі құрылымдық бөлімшелеріне сұрау салу жолдайды.

      11. Әскери қызметшілерді іріктеу үшін ұлттық контингентті құру кезінде Қорғанысминіне ведомстволық бағынысты бөлімшелердің, әскери бөлімдердің, мекемелердің, әскери оқу орындарының комиссиялары тағайындалады.

      12. Хатшыны әскери бөлім командирі (мекеме бастығы) тағайындайды және оның шешім қабылдау кезінде дауыс беру құқығы жоқ. Комиссия хатшысы хаттаманы жүргізуді қамтамасыз етеді.

      13. Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін әскери қызметшілерді іріктеу туралы комиссияның шешімі бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшеге ұсынылады.

      14. Бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше әскери байқаушылар және/немесе штабтық офицерлер ретінде, сондай-ақ ұлттық контингент құрамына кандидаттарды іріктеу бойынша жиындар ұйымдастырады.

      15. Әскери қызметшілердің бітімгершілік операцияларға қатысуын ұйымдастыруды Қорғанысминінің, БШ және ҚР ҚК мүдделі құрылымдық бөлімшелері қамтамасыз етеді.

      16. Бөлімшені бітімгершілік операцияға қатысуға даярлауды ұйымдастыру кезінде медициналық қамтамасыз ету мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше вакцинациялау кестесін әзірлейді, оған сәйкес халықаралық ұйымның әрбір бітімгершілік операцияға қойылатын талаптарын ескере отырып, кандидаттарға вакцинациялау жүргізіледі.

3-тарау. Бітімгершілік операцияларға әскери байқаушылар және/немесе штабтық офицерлер ретінде қатысу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеу тәртібі

      17. Бітімгершілік операцияларға әскери байқаушылар және/немесе штабтық офицерлер ретінде қатысу үшін кандидаттарды іріктеу үш кезеңнен тұрады:

      1) бірінші кезең – бітімгершілік операцияларға қатысуға ерікті түрде ниет білдірген кандидаттар тізімін қалыптастыру;

      2) екінші кезең – кандидаттарды осы Қағидалардың 4, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келуіне айқындау үшін тиісті құжаттарының болуын тексеру;

      3) үшінші кезең – кандидаттардың медициналық және моральдық-психологиялық жай-күйін айқындау үшін медициналық тексеру мен моральдық-психологиялық тестілеу жүргізу.

      18. Бірінші кезеңде әскери бөлім командирлері (мекеме бастықтары) бітімгершілік операцияларға қатысуға ерікті түрде ниет білдірген әскери қызметшілер қатарынан тізімдерді қалыптастырады.

      19. Екінші кезеңде әскери бөлім командирлері (мекеме бастықтары) әскери қызметшілердің болуын және осы Қағидалардың 4, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келуін айқындау үшін тиісті жұмыс жүргізеді.

      20. Үшінші кезеңде әскери бөлім командирлері (мекеме бастықтары) кандидаттар арасында медициналық тексеру мен моральдық-психологиялық тестілеу жүргізуді ұйымдастырады.

      21. Кандидаттардың тізімі Қорғанысмині, БШ және ҚР ҚК құрылымдық бөлімшелерінің бастықтарына бағыныстылық тәртібінде жолданады.

      22. Қорғанысмині, БШ және ҚР ҚК құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары қалыптастырылған тізімдерді құжаттармен бірге бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшеге жолдайды.

      23. Бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше тізімдерді бекіту және әскери байқаушылар және/немесе штабтық офицерлер ретінде әскери қызметшілерді іріктеу бойынша жиындарды ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізеді.

      24. Кандидаттардың жиындары мынадай бағыттар бойынша жүргізіледі:

      1) шет мемлекеттерге ұзақ мерзімді іссапарға шығу үшін медициналық қарсы көрсеткіштердің болмауына (болуына) медициналық қарап-тексеру;

      2) моральдық-психологиялық төзімділікті (жүйке-психикалық төзімділік – орташадан төмен емес; бейімделу әлеуеті – орташадан төмен емес, әлеуметтік байланыс пен өзара қарым-қатынасты қалыптастыра білу, өзіне-өзі қол жұмсау тәуекелін, алаңдатушылық және күйзеліс үрдісін анықтау) тексеру;

      3) дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақ қабылдау (жалпы балл – "жақсыдан" төмен емес);

      4) механикалық беріліс қорабы бар толық жетекті жеңіл автомобильді жүргізу бойынша сынақ қабылдау (баға – "қанағаттанарлықтан" төмен емес);

      5) ағылшын тілінен сынақ/емтихан.

      25. Бітімгершілік операцияларға әскери байқаушылар және/немесе штабтық офицерлер ретінде қатысу үшін кандидаттарды іріктеу бойынша жиындар ҚР ҚК оқу орындарының оқытушылары мен нұсқаушыларын, сондай-ақ шетел мамандарын тарта отырып өткізіледі.

4-тарау. Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін ұлттық контингент құрамына Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін іріктеу тәртібі

      26. Бітімгершілік операцияларға қатысу үшін ұлттық контингент құрамына кандидаттарды іріктеу үш кезеңнен тұрады:

      1) бірінші кезең – бітімгершілік операцияларға қатысуға ерікті түрде ниет білдірген кандидаттар тізімін қалыптастыру;

      2) екінші кезең – кандидаттардың осы Қағидалардың 4, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келуін айқындау үшін жиындар өткізудің тиісті құжаттарының болуын тексеру;

      3) үшінші кезең – кандидаттардың медициналық және моральдық-психологиялық жай-күйін айқындау үшін медициналық тексеру мен моральдық-психологиялық тестілеу жүргізу.

      27. Бірінші кезеңде әскери бөлім командирлері (мекеме бастықтары) бітімгершілік операцияларға қатысуға ерікті түрде ниет білдірген әскери қызметшілер қатарынан тізімдерді қалыптастырады.

      28. Екінші кезеңде әскери бөлім командирлері (мекеме бастықтары) әскери қызметшілердің болуын және осы Қағидалардың 4, 7 және 8-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкес келуін айқындау үшін тиісті жұмыс жүргізеді.

      29. Үшінші кезеңде әскери бөлім командирлері (мекеме бастықтары) кандидаттар арасында медициналық тексеру мен моральдық-психологиялық тестілеу жүргізуді ұйымдастырады.

      30. Кандидаттар тізімі Қорғанысмині, БШ және ҚР ҚК құрылымдық бөлімшелерінің бастықтарына бағыныстылық тәртібінде жолданады.

      31. Қорғанысмині, БШ және ҚР ҚК құрылымдық бөлімшелерінің бастықтары қалыптастырылған тізімдерді құжаттармен бірге бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшеге жолдайды.

      32. Бітімгершілік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше тізімдерді бекіту және ұлттық контингент құрамына әскери қызметшілерді іріктеу бойынша жиындарды ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізеді.

      33. Бітімгершілік операцияға қатысуға дайындық барысында ұлттық контингент құрамына кандидаттарды іріктеу мынадай бағыттар бойынша жүргізіледі:

      1) шет мемлекеттерге ұзақ мерзімді іссапарға шығу үшін медициналық қарсы көрсеткіштердің болмауына (болуына) медициналық қарап-тексеру;

      2) моральдық-психологиялық төзімділікті (жүйке-психикалық төзімділік – орташадан төмен емес; бейімделу әлеуеті – орташадан төмен емес, әлеуметтік байланыс пен өзара қарым-қатынасты қалыптастыра білу, өзіне-өзі қол жұмсау тәуекелін, алаңдатушылық және күйзеліс үрдісін анықтау) тексеру;

      3) дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақ (жалпы балл – "жақсыдан" төмен емес);

      4) оқ ату және тактикалық даярлық бойынша сынақ (жалпы баға – "жақсыдан" төмен емес);

      5) миссияда орындалатын міндеттерге байланысты ұлттық контингент командирі, командалық құрам және мамандар үшін ағылшын тілін білу деңгейін айқындауға арналған сынақ.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады