Талас ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларын бекiту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы Талас аудандық мәслихатының 2020 жылғы 30 маусымдағы № 75-8 шешімі. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 16 шілдеде № 4683 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы Талас аудандық мәслихатының 2021 жылғы 25 ақпандағы № 3-2 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы Талас аудандық мәслихатының 25.02.2021 № 3-2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес Талас аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Талас ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету қағидалары 1 қосымшаға сәйкес айқындалсын.

      2. Талас аудандық мәслихатының келесі шешімдерінің күші жойылды деп танылсын:

      1) Талас аудандық мәслихатының 2014 жылғы 20 ақпандағы № 27-2 шешімі "Талас ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларын бекiту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2123 нөмірімен тіркелген, 2014 жылғы 03 сәуірдегі "Әділет" ақпараттық – құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2) Талас аудандық мәслихатының 2016 жылғы 10 қазандағы № 8-15 шешімі "Талас ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидаларын бекіту туралы" Талас аудандық мәслихатының 2014 жылғы 20 ақпандағы № 27-2 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3204 нөмірімен тіркелген, 2016 жылғы 18 қарашадағы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

      3. Осы шешімнің орындалуын қадағалау Талас аудандық мәслихатының тұрғындарды әлеуметтік-құқықтық қорғау және мәдениет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Талас аудандық
      мәслихатының сессия төрағасы Е. Кулекеев
      Талас аудандық
      мәслихат хатшысы А. Тулебаев

  Талас аудандық мәслихатының
2020 жылғы 30 маусымдағы
№ 75-8 шешіміне 1 қосымша

Талас ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету қағидасын бекiту туралы

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес Талас ауданы бойынша аз қамтылған отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету қағидасы (бұдан әрі-Қағида) әзірленді.

1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен осы Талас ауданында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжайы ретінде меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күн көріс деңгейінен аспайтын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):

      1) жекешелендiрiлген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;

      2) тұрғын үйдің меншiк иелерi немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;

      3) жергiлiктi атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға арналған шығыстарға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының жергілікті өкілді органдар белгілеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегі аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасына сәйкес жеткiзушiлер ұсынған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу шоттары мен ай сайынғы жарналардың шоттары бойынша бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      Мүгедектерді, күндізгі оқу нысанында оқитын оқушыларды, студенттерді, тыңдаушыларды, курсанттар мен магистранттарды, екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін ауруы бар адамдарды, үш жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж, сексен жастан асқан қарттарды бағып-күтуді жүзеге асыратын адамдарды қоспағанда, Талас ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелмеген жұмыссыз тұлғаларды, жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін адамдары бар аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.

      3. Тұрғын үй көмегі "Талас ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - уәкілетті орган) тағайындалады.

      1) Тұрғын үй көмегіне өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы Талас аудандық бөлімі (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорациясы) және "электронды үкіметтің" www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі-портал) арқылы жүзеге асырылады.

      2) Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе порталға тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      3) Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      4. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе портал арқылы өтініш береді және мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы беріледі);

      2) отбасының табысын растайтын құжаттар. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмегін тағайындау үшін берілген отбасының табысын растайтын құжаттары тұрғын үй көмегін тағайындау барысында есепке алынады. Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртiбiн тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті орган айқындайды;

      3) жылжымайтын мүлiктiң болуы (болмауы) туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      4) зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      5) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама;

      6) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;

      7) банктік шоты;

      8) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналар туралы шоттар;

      9) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;

      10) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      11) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді:

      1) Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттар қабылданған кезде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.

      2) Осы Тәртіптің 4-тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорация қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      3) Портал арқылы өтініш жасаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетіле отырып, хабарлама жіберіледі.

      4) Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.

      5) Уәкілетті орган отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау негізінде тұрғын үй көмегін беруден бас тартады және өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге портал не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.

      6) Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорация немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.

      5. Уәкілетті органмен отбасының (азаматтың) жиынтық табысы қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанына есептеледі және тұрғын үй көмегі өтініш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері.

      6. Белгіленген нормалар шегіндегі шекті жол берілетін шығыстар үлесі отбасының (азаматтың) жиынтық табысының Талас ауданы тұрғындары үшін 7 пайыз мөлшерінде белгіленеді.

      7. Есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін өтем шараларымен қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленеді.

      Егер шығыстарға нормативтер мен тарифтер заңнамамен белгіленген тәртіпте анықталмаса, шығындарды өтеу нақтылы шығыстар бойынша жүргізіледі.

      8. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау төмендегі пайдалану нормасына сәйкес жүргізіледі:

      1) өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй алаңының нормалары:

      - жеке басты азаматтар үшін - 30 шаршы метр, бірақ бір бөлмелі пәтердің мөлшерінен аз емес және нақты алып жатқан алаңынан артық емес;

      - екі және одан да көп адамнан тұратын – отбасының әр мүшесіне 18 шаршы метрден 72 шаршы метрге дейін, бірақ нақты алып жатқан алаңынан артық емес.

      2) электр қуатын тұтыну нормалары (бір айда):

      - бірден бес адамға дейінгі отбасына-отбасының әрбір мүшесіне 80 киловатт;

      - бес және одан да көп мүшелі отбасына - 400 киловатт.

      Тұрғын үйді қамтамасыз етуге қажетті сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, қоқысшығару шығыстарын пайдалану нормалары мен тарифтерін қызмет көрсететіндер ұсынады.

      9. Телекоммуникациялар желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің көтерілуіне өтемақы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысына "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" сәйкес жүргізіледі.

3. Қаржыландыру және тұрғын үй көмегін төлеу тәртібі.

      10. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен есептелген сомаларды тұрғын үй көмегін алушылардың есепшоттарына екінші деңгейдегі банктер, сонымен қатар банктік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар (қызмет көрсетушілердің, қызмет жабдықтаушылардың) арқылы аудару жолымен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады