Қарағанды облысының аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету Қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қарағанды облыстық мәслихатының 2020 жылғы 27 ақпандағы № 505 шешімі. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 6 наурызда № 5736 болып тіркелді. Күші жойылды - Қарағанды облыстық мәслихатының 2022 жылғы 22 желтоқсандағы № 289 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облыстық мәслихатының 22.12.2022 № 289 шешімімен (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 2-2 тармағына сәйкес Қарағанды облыстық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:

      1. Ұсынылып отырған Қарағанды облысының аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету Қағидалары бекітілсін.

      2. "Қарағанды облысының аумағында иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау Қағидаларын бекіту туралы" Қарағанды облыстық мәслихатының 2013 жылғы 12 желтоқсандағы XХІІ сессиясының № 245 шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2481 болып тіркелді, 2013 жылғы 31 желтоқсанда "Индустриальная Караганда" №188 (21521), "Орталық Қазақстан" № 229-230 (21634) газеттерінде, 2014 жылғы 14 қаңтарда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды), "Қарағанды облыстық мәслихатының 2013 жылғы 12 желтоқсандағы ХХII сессиясының № 245 "Қарағанды облысының аумағында иттерді және мысықтарды күтіп-ұстау Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Қарағанды облыстық мәслихатының 2016 жылғы 12 желтоқсандағы VI сессиясының № 141 шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4100 болып тіркелді, 2017 жылғы 14 қаңтарда "Индустриальная Караганда" № 5 (22118), "Орталық Қазақстан" № 5 (22312) газеттерінде, 2017 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Қарағанды облыстық мәслихаттың өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық мәселелер және экология жөніндегі тұрақты комиссиясына (Ш.А. Осин) жүктелсін.

      4. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Б. Шингисов
      Облыстық мәслихат хатшысы С. Утешов

  Қарағанды облыстық
мәслихатының
2020 жылғы 27 ақпаны
№ 505
шешімімен бекітілген

Қарағанды облысының аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету Қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қарағанды облысының аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендетудің осы Қағидалалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қарағанды облысының аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету тәртібін анықтайды.

      2. Қағидалар барлық иттер мен мысықтардың иелеріне, меншік нысанына қарамастан (адамдарды құтқару жөніндегі, сондай-ақ қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі жұмысты атқаратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кәсіпорындарынан, ұйымдарынан және мекемелерінен басқа) заңды және жеке тұлғаларға, иттері мен мысықтарын серуендетуге шығаратын барлық адамдарға (бұдан әрі – иелері) қолданылады.

      3. Қағидалар Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2002 жылғы 10 шілдедегі "Ветеринария туралы" заңдарына сәйкес әзірленген.

      4. Осы Қағидалар Қарағанды облысының барлық аумағында қолданыста болады.

2-тарау. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен анықтамалар

      5. Осы Қағидаларда мынадай ережелер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) еркін серуендету орны – (иттерді серуендетуге арналған алаң) – иеленуші осы Қағидалардың талаптарын сақтай отырып, жануарды еркін серуендетуі мүмкін, табиғи ландшафты бар қоршалған аумақ;

      2) жергілікті атқарушы органның ветеринария бөлімшесі – жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, аудан, қала әкімдігімен ветеринария саласындағы функцияларды жүзеге асыруға уәкіл етілген атқарушы орган;

      3) жануарды ветеринариялық қарап-тексеру – жануар саулығының жалпы жай-күйін айқындау мақсатында ветеринариялық дәрігер, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор оған жүргізетін клиникалық қарап-тексеру;

      4) жануарларды карантиндеу – диагностикалық зерттеулер мен ветеринариялық дауалау жүргізу мақсатында жаңадан келіп түскен, әкелінген, сатып алынған, әкетілетін, орны ауыстырылатын жануарларды оқшаулап ұстау;

      5) жануарларды уақытша асырау – жануарлардың кейіннен асырауға байланысты мәселелер шешілгенге дейін жеке немесе заңды тұлғаларда болуы;

      6) иттерге арналған жаттықтыру алаңы – жаттығу үшін арнайы снарядтармен жабдықталған, иттерді жаттықтыруға арнайы бөлінген, "Қалалық басқарылатын ит" (бұдан әрі – ҚБИ) практикалық оқыту курсын өткізуге арналған қоршалған аумақ;

      7) иттер мен мысықтардың иесі — меншігінде немесе басқа иелігінде иттер мен мысықтары бар жеке немесе заңды тұлға;

      8) иттерді және мысықтарды асырау – иттер мен мысықтардың иелерімен ветеринариялық-санитариялық нормаларды сақтай отырып, иттердің және мысықтардың толыққанды тіршілік әрекетін қамтамасыз ету үшін іске асырылатын әрекеттер;

      9) иттерді серуендету орны – иеленуші осы Қағидалардың талаптарын сақтай отырып, жануарды серуендетуі мүмкін аумақ;

      10) итпен және мысықпен өту – иесінің жануармен үй-жайдан немесе асырау аумағынан тыс жерде болуы, онымен ортақ пайдалану орындары арқылы жануардың мойын жіпсіз және тұмылдырықсыз серуендетілуі мүмкін жерге апаруы немесе иесінің ісі бойынша қандай да бір аумақта қысқа мерзімді болуы;

      11) иттер мен мысықтарды серуендету – жануарлардың иесінің қатысуымен үй - жайдан немесе асырау аумағынан тыс жерде, мойын жіпте (ал иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттер үшін – мойын жіпте және тұмылдырықта), жануарлардың табиғи физикалық және физиологиялық мұқтаждарын қанағаттандыру үшін, оның ішінде арнайы бөлінген аумақтарда болуы;

      12) иттерді еркін серуендету – жануардың иесінің қатысуымен, асырау аумағынан немесе үй-жайдан тыс жерде, арнайы бөлінген аумақтарда, иттерді серуендетуге арналған алаңда немесе жаттықтыру алаңында, жануардың табиғи физикалық және физиологиялық мұқтаждарын қанағаттандыру үшін, айналасындағыларға және жануардың өзіне зиян келтіруін, қашып кетуін болдырмайтындай, жануарлардың тұмылдырықсыз және мойын жіпсіз болуы;

      13) иттердің өздігінен серуендеуі – жануардың иесінің қатысуынсыз үй-жайдан немесе асырау аумағынан тыс жерде өз бетімен болуы;

      14) кинологиялық ұйым – бұл меншік нысанына қарамастан, өзінің құрылтай құжаттарына сәйкес, өзінің бейініне сәйкес кинологиялық және ит өсіру қызметін жүзеге асыратын ұйым;

      15) қараусыз иттер мен мысықтар – иесін анықтау мүмкін емес, иесінен адасқан не болмаса қашып кеткен, иесі немесе жануарға жауапты адам тарапынан қараусыз жүрген, сондай-ақ олардың иесі меншік құқығынан бас тартқан иттер мен мысықтар;

      16) мойын жіп – иттер мен мысықтарға арналған арнайы амуниция. Мойын жіп қысқа (бір жарым метрге дейін), ұзын (бір жарым метрден астам), бақыланатын және бақыланбайтын (регламенттелмеген) ұзындықта болады және иесіне кез келген уақытта жануарды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді;

      17) ветеринарлық паспорт – жануарларды есепке алу, өсімін және эпизоотиялық жағдайды бақылау мақсатында: жануардың иесі, түрі, жынысы, тұқымы, жануардың чипінің нөмірі не таңбасының нөмірі (егер мұндайлар бар болса), жануардың түсі мен туған күні, сондай-ақ жануарға жасалған екпелер көрсетілетін халықаралық үлгідегі құжат;

      18) қаңғыбас жануарлар – адамның қарауынсыз қалған немесе жартылай еркін топ болып құрылған, адамның қадағалауынсыз көбеюге қабілетті үй жануарлары;

      19) биостерилизациялау – жануарларды тұқымдану қабілетінен (репродуктивті қабілетінен) хирургиялық жолмен айыру;

      20) фелинологиялық ұйым – бұл өзінің құрылтай құжаттарына сәйкес, өзінің бейініне сәйкес фелинологиялық қызметті жүзеге асыратын ұйым;

      21) асырау және серуендету жағдайларына қойылатын талаптарға байланысты, Қағидаларда иттердің мынадай санаттары бөлінеді:

      қызметтік иттер – кинологиялық орталықтарда арнайы тестілеуден өткен, қызметтік мақсатқа пайдалану үшін үйретілген иттер;

      жетелеушi ит – көру қабiлеттiлiгi бойынша мүгедектiгi бар адамның белгiлi маршруттар бойынша дұрыс және қауiпсiз жүруiн қамтамасыз ете алатын арнайы дайындық барысында үйретiлген ит;

      иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттер – белгілі бір тұқымды иттер, сондай-ақ олардың метистері, соның ішінде адамға немесе басқа жануарларға қатысты ерекше агрессивтілігімен ерекшеленетін кейбір қызметтік иттер. Иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттердің және олардың будандарының тізбесі осы Қағидалардың қосымшасында көрсетілген;

      ит-компаньондар және бөлме-декоративтік иттер — адамның жанында тұрақты тұрып, жұмыс және қызмет функцияларын орындамайтын, белгілі бір тұқымдардың әртүрлі текті иттері, сондай-ақ олардың будандары;

      аңшы иттер – аң аулауға арналған белгілі бір тұқымды иттер, сондай-ақ олардың будандары.

      22) экскременттер – ішкі ортаға шығаруға жататын, ағзаның тіршілік әрекетінің қалдықтар жиынтығы (нәжіс және құсу массалары).

3-тарау. Жалпы талаптар

      6. Мысықтың иесі ретінде он алты жасқа толған тұлға бола алады.

      7. Иттің иесі ретінде (иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттерден басқа) он алты жасқа толған тұлға бола алады.

      8. Иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттің иесі ретінде он сегіз жасқа толған тұлға бола алады.

      9. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 16-02/701 "Жануарларға қарау қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10183 болып тіркелген) бұйрығының 2 тарауының 4 тармағы негізінде, Қарағанды облысының аумағында ұсталатын барлық иттер мен мысықтар және олардың төлдері (қырық бес күннен бастап) сәйкестендіруге жатады. Ол мыналарды қамтиды: ветеринариялық паспорт алу, сондай-ақ чиптеу (тату салу). Сәйкестендіруді кинологиялық, фелинологиялық және ветеринариялық ұйымдар жүргізеді, олар деректерді арнайы есепке алу журналдарына және (немесе) деректер базасына енгізеді.

      Сәйкестендіру қорытындылары бойынша есепке алу журналы және (немесе) деректер базасы мынадай ақпаратты қамтуы тиіс:

      заңды тұлғаның атауы (егер меншік нысанына қарамастан иесі заңды тұлға болса), бизнес сәйкестендіру нөмірі;

      иесінің тегі, аты, әкесінің аты және оның жеке сәйкестендіру нөмірі;

      иесінің және жануардың тұрғылықты (орналасқан) немесе тіркелген нақты мекен-жайы;

      иесінің байланыс телефон нөмірі;

      аты, түрі, жынысы, туған күні, түсі, жануардың тұқымы, орналасқан жері бар оның сәйкестендіру деректері (таңба/чип), ерекше белгілері, фотосуреті;

      жануардың шығу тегі туралы құжаттардың нөмірлері (қажет болған жағдайда).

      10. Жануарды басқа тұлғаға берген жағдайда (иесі ауысқан жағдайда) жаңа тұлға кинологиялық, фелинологиялық және ветеринариялық ұйымдар жүргізетін есепке алу журналына және (немесе) деректер базасына өзгерістер енгізу рәсімін өтуі тиіс.

      11. Ит пен мысықтың иесі немесе жауапты тұлға ветеринариялық, кинологиялық немесе фелинологиялық ұйымдарға есептен шығару үшін, жануардың шығуы (қайтыс болуы) туралы ақпаратты алпыс күнге дейінгі мерзімде ветеринариялық паспортты көрсетілген ұйымдарға (бірдейлендіру орны бойынша) қайтара отырып, хабарлайды.

      12. Сәйкестендіру бір рет жүргізіледі және жануардың өмір бойына жарамды болып саналады.

      13. Ветеринариялық паспорттан басқа, жануарларға меншік құқығын растайтын құжаттар ретінде: сатып алу-сату, сыйға тарту, ортақ иелену шарты, шығу тегі туралы тиісті түрде ресімделген құжаттар, сондай-ақ жануар сатып алынған зауыт немесе ұйым берген құжаттар бола алады.

      14. Иттің немесе мысықтың (және олардың төлінің) иесінің меншік құқығынан бас тартуы, оған жаңа иелерін іздеу, оны басқа тұлғаға бергенге дейін асырау және осы жануар үшін жауапкершілік міндеттерінен босатпайды.

      15. Он алты жасқа толған тұлғаларға (иттер үшін), он сегіз жасқа толған тұлғаларға (иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттер үшін) және он алты жасқа толған тұлғаларға (мысықтар үшін) осы тұлғаның ата-анасының немесе оларды алмастыратын адамдардың жазбаша келісімімен жануарларды иеліктен шығаруға рұқсат етіледі.

      Жануарлардың сыйлықтар немесе жүлделер ретінде иеліктен шығарылуы осы жануардың болашақ иесімен алдын ала келісу бойынша ғана рұқсат етіледі.

      16. Жануарларды сату (иеліктен шығару) орындарында, интернет-алаңдардан басқа, жануардың түрі мен жасына сәйкес келетін физиологиялық және зоопсихологиялық жағдайлар жасалуы тиіс.

      Жануарларды сату (иеліктен шығару) орындары, интернет-алаңдардан басқа, санитарлық нормалар мен ережелердің талаптарына сәйкес болуы тиіс.

      Жануарларды ветеринариялық паспортсыз сатуға және иеліктен шығаруға тыйым салынады.

      17. Жануарлары жоғалған жеке және заңды тұлға тиісті ұйымдарға: зооқорғау, кинологиялық, фелинологиялық ұйымдарға, жергілікті атқарушы органның ветеринария бөлімшелеріне хабарласып, жоғалған жануарлар туралы барлық ақпаратты алуы мүмкін. Осы ұйымдар сұратылған ақпаратты ұсынады.

      18. Иттер мен мысықтардың иелері:

      1) иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттерді мойын жіп және тұмылдырықпен тыйым салу белгісі белгіленбеген орындарда серуендетуі;

      2) қала аумағында иттерді арнайы бөлінген орындарда (еркін серуендетуге арналған алаңдарда немесе иттерге арналған жаттықтыру алаңдарында) еркін серуендетуді жүзеге асыруы;

      3) орташа және ұсақ тұқымды иттер, брахицефал-иттер (бойы елу бес сантиметрге дейін) және кез келген тұқымдағы алты айға дейінгі күшіктерден басқа, кез келген итті тұмылдырықта және еркін ағытылуын болдырмайтындай байлауда, объектке итпен кіруге тыйым салатын жазбалары бар болған жағдайда, иесі осы ғимараттың ішінде болған уақытта және бұл ретте басқа тұлғаларға қауіп төнбесе, қоғамдық тәртіп бұзылмаса, иттің денсаулығына қауіп төнбесе немесе оның қозғалу бостандығына кедергі келтірілмесе, қысқа мойып жіпте ғимараттың жанында қалдыруы;

      4) қонақ үй әкімшілігінің келісімімен және ветеринарлық-санитарлық ережелер сақталған жағдайда ит немесе мысықпен қонақ үйде тұруы;

      5) итте және мысықта тұқымы, иесінің аты, мекен-жайы немесе телефоны көрсетілген нөмірлі жетоны бекітілген мойын жібі болуы мүмкін.

      Иесінің қалауы бойынша жетонда итке, мысыққа немесе олардың иесіне қатысты өзге де ақпарат көрсетілуі мүмкін.

      19. Иттер мен мысықтардың иелері:

      1) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес иттер мен мысықтарды тиісті асырауды қамтамасыз етуге;

      2) айналасындағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитарлық және ветеринарлық нормалар мен ережелерді сақтау жөнінде қажетті шаралар қабылдауға;

      3) адамды немесе оның жануарын басқа жануар тістеген, тырнаған жағдайда дереу денсаулық сақтау және ветеринария мекемелеріне хабарлауға;

      4) ауруға күдіктенген жағдайда, ветеринариялық маман келгенге дейін, иттер мен мысықтарды оқшаулауға немесе қоғамдық көлікті пайдаланбай, жануарды ветеринариялық дәрігерге дереу жеткізуге;

      5) мал қорымдарында немесе крематорийлерде өлген иттер мен мысықтардың өлекселерін кәдеге жаратуды ұйымдастыру жөнінде кідіріссіз шаралар қабылдауға;

      6) ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өз иттері мен мысықтарын уақтылы вакцинациялауды және диагностикалауды қамтамасыз етуге;

      7) уақытша оқшаулау немесе стерильдеу жолымен жануарлардың қалаусыз ұрпақтарының пайда болуын болдырмау жөнінде шаралар қабылдауға;

      8) иттердің асырау аймағынан өз бетімен шығуына жол бермеуге;

      9) иттер мен мысықтардың айналасындағыларға қауіп төндірмейтін мінез-құлқын қамтамасыз етуге;

      10) көп пәтерлі тұрғын үй құрылыстарында иттер мен мысықтар тарапынан сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін уақыт аралығында шуды болдырмауға;

      11) көп пәтерлі тұрғын үйлердің (кіреберістер, баспалдақтар, баспалдақ алаңдары, лифтілер, жертөлелер, шатырлар, үйлердің шатырлары), балалар алаңдары, жолдар, тротуарлар, гүлзарлар, демалу орындарының экскременттермен және басқа да иттер мен мысықтардың тіршілік ету өнімдерімен ластануына жол бермеуге, ластанған жағдайда, ластанған жерді тез арада тазалауға;

      12) иттер мен мысықтарды зоотехникалық, зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес асырауға;

      13) иттер мен мысықтарды олардың биологиялық қажеттіліктеріне сәйкес асырауға, оларға ізгілікпен қарауға, оларға қажетті мөлшерде тамақ, ауыз су беруге, қатыгездікке жол бермеуге;

      14) жергілікті атқарушы органның ветеринария бөлімшелері мамандарының талап етуі бойынша (ол талаптарды негіздейтін құжат болған жағдайда), диагностикалық зерттеулер және емдеу-профилактикалық өңдеуге иттер мен мысықтарды тексеру үшін кедергісіз беруге;

      15) иттер мен мысықтарды жыл сайын ветеринариялық ұйымдарға қарату, құтыруға және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы профилактикалық егу үшін жеткізуге;

      16) иттер мен мысықтарға эндо - және эктопаразиттерден үнемі, тоқсанына бір реттен кем емес, профилактикалық өңдеу жүргізуге;

      17) иттен немесе мысықтан жарақат алған адамға жәрдемдесу және көмек көрсетуге;

      18) экскременттерді жинауға арналған ыдыспен, айналасындағыларға қауіп тудырмай иттер мен мысықтарды серуендетуге;

      19) көшелер арқылы өткен кезде немесе магистральдарға жақын жерде серуендегенде, жол-көлік оқиғаларын және иттің жүру бөлігінде өлуін болдырмау үшін итті қысқа мойын жіпке алуға;

      20) иттер мен мысықтардың құтырумен ауру фактісі анықталған кезде жергілікті атқарушы органның ветеринария бөлімшесімен жануарды алуына және жойуына кедергі келтірмеуге тиісті.

4-тарау. Иттер мен мысықтарды асырау тәртібі

      20. Иттер мен мысықтарды сатып алу және сату (иеліктен шығару) иттерге отыз – алпыс күн (тұқымына байланысты), мысықтар үшін – алпыс күнде рұқсат етіледі.

      Бұл ретте, вакциналауға жол беретін жасқа жеткен жануарларды сатып алу, сату (иеліктен шығару) (иттер үшін – отыз және мысықтар үшін – тоқсан күн) зерттеу күні, құтырмаға және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы егу, эндо-және эктопаразиттерден өңдеу туралы белгілері бар, жануарға арналған төлқұжат болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

      Паналар аумағынан тыс жерлерде, зооқорғау ұйымдары мен волонтерлердің қамқорлығындағы иттер мен мысықтар ерекшелік болып табылады.

      21. Егер жануар вакцинациялаудың ең аз жасына жетпесе, ветеринариялық паспортта вакцинациялауды белгілемей ауыстыруға жол беріледі.

      22. Иттер мен мысықтарды Қарағанды облысының аумағына әкелу/әкету кезінде иелері немесе жауапты тұлғаларда тасымалданатын жануарға ветеринариялық паспорты болуы қажет.

      23. Иелерге тиесілі, сондай-ақ паналардың, зооқорғау ұйымдарының немесе мамандандырылған ветеринариялық ұйымдардың қамқорлығындағы иттер мен мысықтар үш айлық жастан бастап құтыруға қарсы міндетті түрде егілуге жатады.

      24. Қарағанды облысының елді мекендерінің аумағында иелерге:

      1) көп пәтерлі тұрғын үйлерде жануарларға арналған паналар ұйымдастыруға;

      2) жануарларды баспалдақ алаңдарында, шатырларда, іргелес балкондарда немесе лоджияларда, қалған тұрғындардың рұқсатынсыз жалпы пайдаланудағы қосалқы үй-жайларда, жатақханалардың ас үйлері мен дәліздерінде асырауға;

      3) иттерді жеке аумақта немесе заңды тұлғаның аумағында кіре берісте тиісті ескерту тақтайшасыз асырауға;

      4) жануарларды жабық багаж бөліктерінде тасымалдауға, сондай-ақ терезелері тығыз жабылған автокөлік салонында қараусыз қалдыруға;

      5) иттің жасына сәйкес келетін, құтырудан міндетті вакцинациялаудан өтпеген иттерді серуендетуге;

      6) қоршалған, балалар мен спорт алаңдарында, мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінің, емдеу мекемелерінің аумақтарында, тыйым салу белгілері орнатылған жерлерде иттерді серуендетуге;

      7) адамдар шомылуға рұқсат етілген аумақта, тоғандарда, субұрқақтарда, су жинағыштар мен су қоймаларында жануарды серуендетуге, шомылдыруға және жууға;

      8) көз көруі нашар адамдарды жетелеуші иттерден басқа, иттермен қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында, сервистік қызмет көрсету азық-түлік дүкендерінің сауда және өндірістік залдарында болуға;

      9) ит төбелестерін өткізуге;

      10) иттер мен мысықтарды қоздырғы ретінде пайдалануға;

      11) иттер мен мысықтарды олардың терісін және етін сату, өңдеу және тұтыну үшін одан әрі пайдалану мақсатында асырауға жол берілмейді.

      25. Кез келген тұқымдағы иттердің иелері ҚБИ курсы бойынша кинологиялық ұйымда жануарлардың оқытуылуын қамтамасыз етеді, нәтижесі бойынша тиісті сертификат беріледі.

      Осы тармақ:

      1) ауылдық елді мекендерде ұсталатын иттерге;

      2) тек вольерлерде ұсталатын иттерге;

      3) шынжырлы ұстаудағы иттерге қолданылмайды.

      26. Кәсіпорындар аумағында, ұйымдарда, мекемелерде, бау-бақша және саяжай бірлестіктерінде, демалыс базаларында, автотұрақтарда, жеке аулаларда иттер байлаулы немесе вольерде ұсталуы тиіс. Бұл ретте ит тамақ пен суға еркін қол жеткізуі тиіс, ал байлау, жануардың табиғи қажеттіліктеріне кедергі келтірмеуі қажет. Жануарларға жаңбырдан, күннен және табиғаттың басқа да құбылыстарынан қорғануы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ретте қоршау жануардың қашу, адамдарға немесе басқа жануарларға шабуыл жасау мүмкіндігін болдырмауы қажет.

5-тарау. Иттер және мысықтармен өту және серуендету тәртібі

      27. Иттерді тыйым салу белгісі белгіленбеген орындарда серуендету кезінде иелері келесі талаптарды сақтауы қажет:

      1) ірі тұқымды иттер (бойы елу бес сантиметрден жоғары) және иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттер, сондай-ақ олардың будандары мойын жіпте және тұмылдырықта болуы тиіс;

      2) брахицефал-иттер (қысқа тұмсығы бар тұқымдар) тұмылдырығы денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін, бойы қырық бес сантиметрден жоғары, сондай-ақ олардың будандары, қолайлы конфигурациялы бауда/тұмылдырықта болуы тиіс;

      3) орташа және ұсақ тұқымды иттер (бойы елу бес сантиметрге дейін) және кез келген тұқымды алты айға дейінгі күшіктер тұмылдырықсыз мойын жіпте болуы мүмкін, бұл ретте жануар иесі өзімен бірге тұмылдырығы болуына және қажет болған жағдайда оны тез арада итке кигізуі тиіс;

      4) иесі итке уақтылы тұмылдырық кигізуі және жағдайға байланысты мойын жіптің қолайлы ұзындығын реттеуі тиіс;

      5) кез келген тұқымдағы мысықтар және олардың будандары кеуделік және мойын жіппен серуендетіледі;

      6) алкогольдік және есірткілік масаң күйдегі адамдарға, әрекетке қабілетсіз адамдарға және он алты жасқа дейінгі балаларға иттер мен мысықтарды серуендетуге және олармен қоғамдық орындарда және қоғамдық көлікте жүруге рұқсат етілмейді;

      7) иттер мен мысықтардың нәжістермен және басқа да тіршілік ету өнімдерімен ластанған жағдайда, иесі ластану орнын дереу тазалауы тиіс.

      28. Иттің иесі, қажет болған жағдайда, итімен бірге иттерді серуендетуге тыйым салынған жерлердің аумағы бойынша, одан әрі қозғалу үшін, итті қысқа мойын жіпте немесе ұзындығын бақылауға болатын мойын жіптің рұқсат етілген ең қысқа ұзындығында, бұл аумақтың ластануын болдырмай және айналасындағыларға қауіп тудырмай жүруі мүмкін.

      Иттерді серуендетуге тыйым салатын орындар, тиісті белгімен белгіленуі керек.

      29. Серуендетуге арналған алаң, жаттықтыру алаңымен біріктірілген жағдайда, иттерді серуендету және жаттықтыру жергілікті атқарушы органның ветеринария бөлімшесі бекіткен кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

      30. Егер жануарларды серуендету орындарын тиісті түрде жабдықтау мүмкіндігі болмаса, иттерді үй жанындағы аумақтарда үйдің сырт немесе техникалық жағынан немесе тұрғын үй аудандарының (алаңқай, дала) ішіндегі қоршалмаған аумақтарда, қолжетімді (көлікті қолданбай) жерде серуендетуге рұқсат етіледі.

      31. Осы Қағидалардың 19-тармағының 8) тармақшасы, 5-тарауының талаптары ауылдық елді мекендерде иттер мен мысықтарды асырауға және серуендетуге қолданылмайды.

  Қарағанды облысының аумағында
иттер мен мысықтарды асырау және
серуендету Қағидаларына
қосымша

Иесінің ерекше жауапкершілігін талап ететін иттердің және олардың будандарының тізбесі

      1. Акита;

      2. Аляскалық маламут;

      3. Американдық акита;

      4. Американдық бульдог;

      5. Американдық бультерьер;

      6. Американдық стаффордшир терьері;

      7. Бельгиялық төбет;

      8. Бордосс догы;

      9. Бульмастиф;

      10. Бультерьер;

      11. Шығыс Еуропалық төбет;

      12. Доберман;

      13. Испан мастифі;

      14. Итальяндық кане-корсо;

      15. Кавказ төбеті;

      16. Канар догы;

      17. Леонбергер;

      18. Мастино неаполитано;

      19. Мастифтер;

      20. Мәскеулік күзету иті;

      21. Неміс төбеті;

      22. Неміс догы;

      23. Ризеншнауцер;

      24. Ротвейлер;

      25. Орыс қара терьері;

      26. Орта Азия төбеті;

      27. Стаффордшир бультерьері;

      28. Тибет мастифі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады