Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды, олардың пайдалану тәртібі мен шекті толу нормаларын, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын айқындау туралы

Жаңартылған

Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 2020 жылғы 24 маусымдағы № 59-11 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 30 маусымда № 7553 болып тіркелді.

      “Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы”Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы Заңының 8-бабының 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес Жалағаш аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар, олардың пайдалану тәртібі мен шекті толу нормалары, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, сондай-ақ пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. “Жалағаш ауданы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің Қағидаларын бекіту туралы” Жалағаш аудандық мәслихатының 2016 жылғы 1 ақпандағы № 51-2 шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 5381 нөмірімен тіркелген, 2016 жылғы 19 наурызда “Жалағаш жаршысы” газетінде және 2016 жылғы 19 сәуірде “Әділет” ақпараттық – құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Жалағаш аудандық мәслихатының 59-сессиясының төрағасы М. Кулболдиев
      Жалағаш аудандық мәслихатының хатшысы М. Еспанов

  Жалағаш аудандық мәслихатының
  2020 жылғы 24 маусымы
  № 59-11 шешіміне қосымша

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар, олардың пайдалану тәртібі мен шекті толу нормалары, материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар, сондай-ақ пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары

1. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар мен олардың шекті толу нормалары

      1. Жалағаш ауданы аумағында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін мынадай арнайы орындар мен олардың шекті толу нормалары айқындалсын:

      1) Жалағаш кенті, Т.Қыстаубаев көшесі бойындағы аумақ (І.Қабылов және С.Қалыбаев көшелерінің аралығы), шекті толу нормасы – 50 адам;

      2) алынып тасталды - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 15.05.2024 № 19-4 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен;

      3) Қаракеткен ауылдық округі, Игілік көшесінің бойында орналасқан спорт алаңының аумағы, шекті толу нормасы – 50 адам;

      4) Ақсу ауылдық округі, Т.Елеусінов көшесінің бойында орналасқан Ұлы Отан соғысына қатысуышаларға арналған ескерткіш аумағы, шекті толу нормасы – 50 адам;

      5) Бұқарбай батыр ауылдық округі Бұқарбай батыр көшесінің бойында орналасқан Н.Данилов атындағы саябақ, шекті толу нормасы – 70 адам;

      6) Аққұм ауылдық округі, М.Нұрқожаев көшесінің бойында орналасқан Ұлы Отан соғысына қатысуышаларға арналған ескерткіш аумағы, шекті толу нормасы – 70 адам;

      7) М.Шәменов ауылдық округі, Бұқарбай батыр көшесінің бойында орналасқан алаң, шекті толу нормасы – 50 адам;

      8) Еңбек ауылдық округі, Т.Дәуітбаев көшесінің бойында орналасқан демалыс паркі, шекті толу нормасы – 70 адам;

      9) Таң ауылдық округі, Орынбай жырау көшесінің бойында орналасқан Ұлы Отан соғысына қатысуышаларға арналған ескерткіш аумағы, шекті толу нормасы – 70 адам;

      10) Мақпалкөл ауылдық округі, М.Нұрылдаев көшесінің бойында орналасқан Ұлы Отан соғысына қатысуышаларға арналған ескерткіш аумағы, шекті толу нормасы – 50 адам;

      11) Жаңаталап ауылдық округі, Ә.Қожабаев көшесінің бойында орналасқан Ұлы Отан соғысына қатысуышаларға арналған ескерткіш аумағы, шекті толу нормасы – 50 адам;

      12) Аққыр ауылдық округі, Аққыр көшесінің бойында орналасқан “Тағзым” саябағы, шекті толу нормасы – 50 адам;

      13) Жаңадария ауылдық округі, Абай көшесінің бойында орналасқан спорт алаңының аумағы, шекті толу нормасы – 50 адам;

      14) Мырзабай ахун ауылдық округі, Мәдениет көшесінің бойында орналасқан Ұлы Отан соғысына қатысуышаларға арналған ескерткіш аумағы, шекті толу нормасы – 50 адам;

      15) Мәдениет ауылдық округі, Қалдан батыр көшесінің бойында орналасқан “Жеңіс” саябағы, шекті толу нормасы – 70 адам;

      16) Аламесек ауылдық округі, Ақарық көшесінің бойында орналасқан Ұлы Отан соғысына қатысуышаларға арналған ескерткіш аумағы, шекті толу нормасы – 50 адам;

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 15.05.2024 № 19-4 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      2. Жалағаш кенті бойынша бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін жүру бағыты:

      С.Қалыбаев көшесінің бойымен Т.Қыстаубаев көшесі қиылысынан бастап Б.Сопбеков көшесі қиылысына дейін (шекті толу нормасы – 50 адам).

      Бейбіт жиналыстарға қатысушылардың болжамды саны бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындардың шекті толу нормаларынан асып кетпеуі тиіс.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 15.05.2024 № 19-4 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      3. Алынып тасталды - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 15.05.2024 № 19-4 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      4. Алынып тасталды - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 15.05.2024 № 19-4 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

2. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібі

      5. Бейбіт жиналыстарды бейбіт жиналыстар өткізілетін күні жергілікті уақыт бойынша сағат 9-дан ерте бастауға және сағат 20-дан кеш аяқтауға болмайды. Пикеттеу ұзақтығы, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бір жерде, дәл сол бір объектіде күніне 2 сағаттан аспауға тиіс.

      6. Дәл сол бір жерде және (немесе) дәл сол бір жүру маршруты бойынша не дәл сол бір уақытта бейбіт жиналыс өткізуге бір мезгілде бірнеше бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар үміткер болған жағдайда, көрсетілген орынды пайдалану кезектілігін Жалағаш ауданының әкімдігі бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан тиісті хабарламаны немесе өтінішті алған уақытын негізге ала отырып айқындайды.

      7. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды қоспағанда, дәл сол бір жерде, дәл сол бір уақытта, дәл сол бір объектіде екі және одан көп пикет өткізуге жол берілмейді.

      8. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда тазалықты сақтауы және тәртіпті қолдауы, елді-мекендердің абаттандыру элементтерінің (жолдар, тротуарлар, көгалдар, шағын сәулеттік нысандар, жарықтандыру, су бұрулар) зақымдануына және бұзылуына жол бермеуі, сонымен қатар “Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы” Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 25 мамырдағы Заңының (бұдан әрі - Заң) 5-бабының 2-тармағы және 6-бабының 2-тармағында белгіленген міндеттерді сақтауы тиіс.

      9. Ішкі істер органдары өзінің құзыреті шегінде бейбіт жиналыстарды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп сақтауды, адамның және азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауды, жол қозғалысын реттеуді, өрт қауіпсіздігін, жаппай тәртіпсіздіктің және топтасып бағынбаушылықтың жолын кесуді қамтамасыз етеді.

      10. Денсаулық сақтау ұйымдары өзінің құзыреті шегінде бейбіт жиналыстарды өткізу кезіндегі науқастарды қабылдауды және медициналық көмек көрсетуді жүзеге асырады.

      11. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыға және қатысушыларға мыналарға тыйым салынады:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерін бұзуға, жаппай тәртіпсіздіктерге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыруға үндеуге, билікті басып алуға немесе ұстап тұруға, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге насихаттауға немесе жария үндеуге;

      2) көліктің, инфрақұрылым объектілерінің іркіліссіз жұмыс істеуіне, жасыл екпелер мен шағын сәулет нысандарының, өзге де мүліктің сақталуына бөгет жасайтын, сондай-ақ бейбіт жиналыстарға қатыспайтын азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіретін әрекеттер жасауға;

      3) бейбіт жиналыстар өткізу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың адам мен азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау, қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін орындауы кезінде олардың қызметіне кедергі келтіруге;

      4) өзімен бірге суық, атыс қаруын және өзге де қаруды, сондай-ақ адамдардың өмірі мен денсаулығына қарсы, азаматтарға және заңды тұлғалардың меншігіне материалдық нұқсан келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін арнайы дайындалған немесе бейімделген нәрселерді (заттарды, бұйымдарды) алып жүруге;

      5) алкоголь өнімін, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді таратумен және (немесе) тұтынумен айналысуға, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде болуға;

      6) денсаулықты сақтауға арналған жеке қорғаныш құралдарын қоспағанда, бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті және (немесе) өзге де заттарды пайдалануға;

      7) және жасағаны үшін жауапкершілігі қолданыстағы заңнамаларда белгіленген өзге де құқыққа қарсы әрекеттер.

      12. Бейбіт жиналыстарды тоқтату үшін мыналар негіздер болып табылады:

      1) азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қоғамдық тәртіпке және (немесе) қоғамдық қауіпсіздікке нақты қатердің төнуі, мүлікке, оның ішінде бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орынның шекті толу нормасынан асып түсу салдарынан нұқсан келтіру;

      2) әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық алауыздықты қоздыру, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің басқа да ережелерін бұзуға үндеулер;

      3) бейбіт жиналыстарды өткізу нысанын өзгерту;

      4) Заңның 17-бабының 3-тармағында көрсетілген жағдайлар басталғанда;

      5) ұйымдастырушының бейбіт жиналыс өткізуден бас тартуы;

      6) бейбіт жиналыс өткізу уақытының өтуі.

      Жалағаш ауданы әкімдігінің өкілі бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы шешім қабылдаған жағдайда бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыдан не оларға қатысушылардан бейбіт жиналыстарды өз еркімен тоқтатуды талап етеді және бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы талапты орындау үшін уақыт белгілейді.

      Бейбіт жиналыстарды тоқтату туралы талап орындалмаған жағдайда ішкі істер органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейбіт жиналыстарды мәжбүрлеп тоқтату жөнінде қажетті шараларды қолданады.

      13. Мемлекеттік органдардың, Жалағаш ауданы әкімдігінің, олардың лауазымды адамдарының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

3. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар

      14. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындар мүмкіндігіне қарай сыртқы электрлік жарықтандыру қондырғылармен, электр желілеріне қосылатын нүктелермен, қоқысқа арналған құтылармен, ішкі істер органдарының Жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерімен қамтылуы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы нормативтерге сәйкес абаттандырылған болуы қажет.

      15. Бейбіт жиналыстар өткізуді материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді оларды ұйымдастырушы мен оларға қатысушылар өз қаражаты есебінен, сондай-ақ осы бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жиналған және (немесе) берілген қаражат пен мүлік есебінен, егер осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, жүзеге асырады.

      16. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруды және өткізу үшін арнайы орындарда жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне енгізілген жеке тұлғалардың және (немесе) заңды тұлғалардың, қызметі Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тоқтатыла тұрған немесе оған тыйым салынған заңды тұлғаның, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдік заңды тұлғалардың қаржыландыруына тыйым салынады.

      17. Жалағаш ауданы әкімдігінің келісімінсіз бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарда киіз үйлер, шатырлар, өзге де құрылыс жайлар орнатуға тыйым салынады.

4. Пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары

      18. Пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары мынадай болып айқындалсын:

      1) жаппай жерлеу орындарына іргелес жатқан аумақтардың шекарасынан - 800 метр;

      2) теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілеріне іргелес жатқан аумақтардың шекарасынан - 800 метр;

      3) мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтардың шекарасынан - 800 метр;

      4) магистральдық теміржол желілеріне, магистральдық құбыржолдарға, ұлттық электр желісіне, магистральдық байланыс желілеріне іргелес жатқан аумақтардың шекарасынан - 800 метр.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 15.05.2024 № 19-4 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады