Бейнеу аудандық мәслихатының 2017 жылғы 30 қазандағы № 18/145 "Бейнеу ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық мәслихатының 2020 жылғы 2 желтоқсандағы № 56/452 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2020 жылғы 10 желтоқсанда № 4365 болып тіркелді. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық мәслихатының 23 қазандағы 2023 жылғы № 7/71 шешімімен.

      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық мәслихатының 23.10.2023 № 7/71 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, сонымен қатар "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Маңғыстау облысы әділет департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесінің 2020 жылғы 25 мамырдағы № 05-10-935 ұсынысының негізінде, Бейнеу аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫҚ:

      1. "Бейнеу ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасын бекіту туралы" Бейнеу аудандық мәслихатының 2017 жылғы 30 қазандағы № 18/145 шешіміне (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 3464 болып тіркелген, 2017 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) келесідей өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      Бейнеу ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидасында:

      3 тармақ келесідей мазмұнда жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Осы қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) уәкілетті ұйым – "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Маңғыстау облысы бойынша филиалының Бейнеу ауданының бөлімі;

      2) атаулы күндер – жалпыхалықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстардағы статистика органдары есептейтін, мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкілетті орган - әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын – "Бейнеу аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік – аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.";

      6 тармақ келесідей мазмұнда жаңа редакцияда жазылсын:

      "6. Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Заңының 16 - бабында және Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы "Ардагерлер туралы" Заңының 10 - бабының 2) тармақшасында, 11 - бабының 2) тармақшасында, 12 - бабының 2) тармақшасында және 13 - бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.";

      9 тармақ келесідей мазмұнда жаңа редакцияда жазылсын:

      "9. Әлеуметтік көмек бір рет атаулы күндер мен мерекелік күндерге табыстарын есепке алмай, келесідей мөлшерлерде көрсетіледі:

      1) 21-23 наурыз – Наурыз мейрамы:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған және бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының "Батыр ана", "Ана даңқы" (1, 2 дәрежелі) ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға – 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш;

      барлық топтағы мүгедектерге, он алтыдан он сегіз жасқа дейінгі барлық топтағы мүгедек балаларға, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушыларға - 13 200 (он үш мың екі жүз) теңге;

      2) 26 сәуір – Чернобыль атом электр станциясындағы апат күні:

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш;

      3) 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі:

      барлық топтағы мүгедектерге, он алтыдан он сегіз жасқа дейінгі барлық топтағы мүгедек балаларға, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушыларға - 13 200 (он үш мың екі жүз) теңге;

      4) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 1 000 000 (бір миллион) теңге;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарға (Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедек болып қалған адамдардан басқа) – 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға (1986 – 1987 жылдардағы Чернобыль атом электр станциясындағы апат зардаптарын жоюға қатысушылардан басқа) – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына; бейбiт уақытта әскери қызметін өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына; Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына; Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердің, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен солардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;

      екінші рет некеге тұрмаған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның жұбайына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетіндерін қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың жұбайына (зайыбына) - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;

      5) 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні:

      он алтыдан он сегіз жасқа дейінгі барлық топтағы мүгедек балаларға, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 13 200 (он үш мың екі жүз) теңге;

      6) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні:

      Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен адамдарға – 20 000 (жиырма мың) теңге;

      7) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:

      асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға (балаларға) – әрбір балаға 10 (он) айлық есептік көрсеткіш;

      Қазақстан Республикасы алдында сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға – 150 000 (бір жүз елу мың) теңге;

      Маңғыстау облысы алдында сіңірген ерекше еңбегі үшін дербес зейнетақы тағайындалған, Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 5 сәуірдегі "Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" Заңына сәйкес арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алмайтын адамдарға – 100 000 (бір жүз мың) теңге;

      барлық топтағы мүгедектерге, он алтыдан он сегіз жасқа дейінгі барлық топтағы мүгедек балаларға, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушыларға - 13 200 (он үш мың екі жүз) теңге;

      8) 1 қазан – Қарттар күні:

      жасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға және 70 жастан асқан зейнеткерлерге – 5 500 (бес мың бес жүз) теңге;

      9) қазанның екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының мүгедектер күні:

       барлық топтағы мүгедектерге, он алтыдан он сегіз жасқа дейінгі барлық топтағы мүгедек балаларға, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушыларға - 13 200 (он үш мың екі жүз) теңге;

      10) 16-17 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:

      барлық топтағы мүгедектерге, он алтыдан он сегіз жасқа дейінгі барлық топтағы мүгедек балаларға, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушыларға - 13 200 (он үш мың екі жүз) теңге;

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін қуғын-сүргін қолданылған, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, саяси қуғын-сүргіндер құрбандарына – 120 250 (бір жүз жиырма мың екі жүз елу) теңге.";

      11 тармақ келесідей мазмұнда жаңа редакцияда жазылсын:

      "11. Уәкілетті ұйымнан әлеуметтік төлем алмайтын, әлеуметтік маңызды аурулары бар: паллиативтік ем алуға мұқтаж онкологиялық науқастар, мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық мекемелерден шығарылған, туберкулезден қолдаушы фаза емін алып отырған азаматтар, иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырып алған адамдарға әлеуметтік көмек, емделу мен қосымша тамақтандыруға - табыс есебінсіз 26 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде, өмірлік қиын жағдай туындаған күннен бастап 6 ай ішінде, жылына 1 рет көрсетіледі.";

      13 тармақ келесідей мазмұнда жаңа редакцияда жазылсын:

      "13. Өтініш берген тоқсан алдындағы Маңғыстау облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінің еселік шамасы 1,5-нан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар өмірлік қиын жағдайға ұшыраған адамдарға, әлеуметтік көмек 40 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде, өмірлік қиын жағдай туындаған күннен бастап 6 ай ішінде, жылына 1 рет көрсетіледі.";

      16-1 тармақ алынып тасталсын;

      келесідей мазмұндағы 16-2 тармақпен толықтырылсын:

      "16-2. Әлеуметтік көмек, адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырып алған балаларға, Қазақстан Республикасы бойынша кемінде 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде, ай сайын көрсетіледі.";

      18 тармақ келесідей мазмұнда жаңа редакцияда жазылсын:

      "18. Өмірде қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкіміне мынадай құжаттармен:

      1) жеке басын куәландыратын құжатпен;

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтермен;

      3) өмірде қиын жағдайдың туындағанын растайтын актімен және/немесе құжатпен қоса өтініш береді.

      Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер ұсынылмайды.";

      19 тармақ келесідей мазмұнда жаңа редакцияда жазылсын:

      "19. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары ұсынылады, содан кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.".

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау Бейнеу аудандық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі және заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері жөніндегі комиссиясына ( Ш.Азанов) жүктелсін.

      3. "Бейнеу аудандық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі (аппарат басшысы Ж.Оспанов) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.


      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Б. Колдасбаев
      Бейнеу аудандық мәслихатының хатшысы А. Улукбанов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады