Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мәслихатының 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 54-479-VI шешiмi. Түркістан облысының Әдiлет департаментiнде 2020 жылғы 21 қазанда № 5850 болып тiркелдi. Күші жойылды - Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мәслихатының 2023 жылғы 16 мамырдағы № 2-25-VIII шешiмiмен

      Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мәслихатының 16.05.2023 № 2-25-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 2-3 тармағына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Сарыағаш аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы бекітілсін.

      2. Сарыағаш аудандық мәслихатының 2020 жылғы 02 маусымдағы № 50-444-VI "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5644 тіркелген, 2020 жылы 2 маусымда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық банкінде электронды түрде жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. "Сарыағаш аудандық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы шешімнің "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Түркістан облысының Әділет департаменті" Республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы шешімді оның ресми жарияланғаннан кейін Сарыағаш аудандық мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихат
      сессиясының төрағасы К. Пердекулов
      Аудандық мәслихат хатшысы
      міндетін уақытша атқарушы Е. Туребеков

  Сарыағаш аудандық
мәслихатының 2020 жылғы
07 қыркүйектегі № 54-479-VI
шешімімен бекітілген

Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидасы

      1. Осы әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Үлгiлiк Қағидаларын бекiту туралы" (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) қаулысына сәйкес әзiрлендi және әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Әлеуметтiк көмек Сарыағаш ауданының аумағында тұрақты тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетiледi.

1. Жалпы ережелер

      3. Осы Қағидада қолданылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Сарыағаш ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын ауданның халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;

      4. Осы Қағиданың мақсаты үшiн әлеуметтiк көмек ретiнде Сарыағаш ауданының әкiмдiгi мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрi – алушылар) өмiрлiк қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндерiне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететiн көмек түсiнiледi.

      5. "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 10- бабының 2) тармақшасында, 11- бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13- бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      6. Әлеуметтiк көмек бiр рет және (немесе) мерзiмдi (ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылдықта 1 рет) көрсетiледi.

      7. Учаскелiк және арнайы комиссиялар өз қызметiн Түркістан облысы әкiмдiгi бекiтетiн ережелердiң негiзiнде жүзеге асырады.

2. Әлеуметтiк көмек алушылар санаттарының тiзбесiн айқындау және әлеуметтiк көмектiң мөлшерлерiн белгiлеу тәртiбi

      8. Әлеуметтiк көмек мынадай санаттағы азаматтарға мереке және атаулы күндерi көрсетіледі:

      1) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға, біржолғы 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі - КСР Одағы) қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілерге – біржолғы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық аппаттар мен авариялардың салдарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға – біржолғы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – біржолғы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – біржолғы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - біржолғы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – біржолғы 1 000 000 теңге мөлшерінде;

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – біржолғы 100 000 теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына - біржолғы 100 000 теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға – біржолғы 100 000 теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – біржолғы 100 000 теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне – біржолғы 100 000 теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағы мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – біржолғы 100 000 теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтарға – біржолғы 60 000 теңге мөлшерінде;

      Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға – біржолғы 100 000 теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедек болған адамдарға – біржолғы 60 000 теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері, екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - біржолғы 60 000 теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) – біржолғы 30 000 теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – біржолғы 30 000 теңге мөлшерінде;

      Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне, "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдарға - біржолғы 12 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 6 шілде – Астана күніне орай:

      Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалар мен үйде оқытылып тәрбиеленетін мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға біржолғы 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 1 желтоқсан- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай:

      үйде арнаулы әлеуметтік күтімге алынған жалғызілікті қарттарға, арнаулы әлеуметтік күтімге алынған І-ІІ топтағы мүгедектерге біржолғы 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Үйде арнаулы әлеуметтік қызмет алатын 80 және 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға ай сайын 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мәслихатының 11.03.2022 № 18-130-VII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      9. Әлеуметтiк көмек мынадай санаттағы азаматтарға ұсынылады:

      1) үйде оқытылып тәрбиеленетін мүмкіндігі шектеулі мүгедек балаларға ай сайын оқу жылына әлеуметтік көмек 2 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) мәжбүрлеп емдеу аяқталғаннан кейін туберкулезге қарсы мамандандырылған медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулезбен ауыратын науқастарға, біржолғы 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) жеке оңалту бағдарламасына сәйкес мүгедектерге арнаулы жүрiп-тұру құралдарына:

      серуендеуге арналған қоларбаға, біржолғы 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бөлмеге арналған қоларбаға, біржолғы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) зейнеткерлер мен мүгедектерге шипажай немесе оңалту орталықтарына жолдама үшін, біржолғы 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру немес жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы ауруы медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінен болған, олардың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге өтемақы, сонымен қатар адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балалары бар отбасыларына, ай сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшерінде;

      6) Әлеуметтік және инва такси қызметін ұсынуға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне, жүріп тұруы қиын І-ІІ топтағы мүгедектерге, мүгедек балаларға емдеу сауықтыру мекемелеріне және қоғамдық орындарға тасымалдау үшін, ай сайын 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) Әлеуметтiк көмек өмiрлiк қиын жағдайға ұшыраған аз қамтамасыз етілген, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасыларға (адамдарға), ең төмен күнкөрiс деңгейi мөлшерінде ұсынылады.

      Бұл ретте әлеуметтік көмек ай сайын немесе үш айға бір рет төленеді.

      Әлеуметтік көмектің бір жолғы төлемі арнайы комиссиямен келісім бойынша жүргізіледі және әлеуметтік келісім шарт бойынша міндеттемелерді орындауға (жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға, жеке кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға) пайдаланылады.

      Арнайы комиссиялар әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде осы қағидада белгіленген азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесін басшылыққа алады.

      10. Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде адамдар бір ай мерзім ішінде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру қажет.

      11. Азаматтарды өмірлік жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгізілді - Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мәслихатының 11.03.2022 № 18-130-VII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      12. Алушылардың жекелеген санаттары үшiн атаулы күндер мен мереке күндерiне әлеуметтiк көмектiң мөлшерi Түркістан облысы әкiмдiгiнiң келiсiмi бойынша бiрыңғай мөлшерде белгiленедi.

      13. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi.

3. Әлеуметтiк көмек көрсету тәртiбi

      14. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Сарыағаш ауданының әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      15. Өмірде қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе қала, кент, ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттармен:

      1) жеке басын куәландыратын құжатпен;

      2) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтермен;

      3) өмірде қиын жағдайдың туындағанын растайтын актімен және/немесе құжатпен қоса өтініш береді.

      Адамның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамастан тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтер ұсынылмайды.

      16. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары ұсынылады, содан кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      17. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      Ескерту. 17-тармақ орыс тілінде жаңа редакцияда, мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді - Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мәслихатының 11.03.2022 № 18-130-VII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      18. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидалардың 2, 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне жібереді.

      Қала, кент, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      Ескерту. 18-тармақ орыс тілінде жаңа редакцияда, мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді - Түркістан облысы Сарыағаш аудандық мәслихатының 11.03.2022 № 18-130-VIII шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      19. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      20. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      21. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе қала, кент, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      22. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      23. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы қағиданың 19 және 20 тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе қала, кент, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      24. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      25. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      26. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетiлетiн әлеуметтiк көмектi тоқтату және қайтару үшiн негiздемелер

      27. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      28. Артық төленген сомалар ерiктi немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өзгеше тәртiппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      29. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырып жүргiзедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады