Зайсан ауданында білім алушыларының жекелеген санаттарына қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жүру құқығын ұсыну Тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық мәслихатының 2020 жылғы 26 маусымдағы № 56-5 шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 9 шілдеде № 7310 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 1-тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі "Білім туралы" Заңының 8-бабының 4-тармағына және 47-бабының 4-тармағының 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшері, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 64046 нөмірімен тіркелген) қаулысына сәйкес, Зайсан ауданының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Зайсан ауданы бойынша білім алушыларының жекелеген санаттарына қала және ауыларалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жүру құқығын ұсыну Тәртібі бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Т. Тусупов
      Аудандық мәслихат хатшысы Д. Ыдырышев

  Зайсан аудандық мәслихатының
2020 жылғы 26 маусымдағы
№ 56-5 шешіміне қосымша

Зайсан ауданы бойынша білім алушыларының жекелеген санаттарына қала және ауыларалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жүру құқығын ұсыну тәртібі

      Осы Зайсан ауданы бойынша білім алушыларының жекелеген санаттарына қалалық жолаушылар көлігінде жеңілдікпен жүру құқығын ұсыну тәртібі (бұдан әрі – Тәртіп) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі "Білім туралы" Заңыныңа сәйкес әзірленді.

1. Жалпы ережелер

      1. Зайсан ауданы бойынша білім алушыларының жекелеген санаттарына оқу кезеңінде (жазғы демалысты қоспағанда) қалалық жолаушылар көлігінің бағдарларында жеңілдікпен жүру түріндегі әлеуметтік көмек (бұдан әрі – әлеуметтік көмек) меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне көрсетіледі.

      2. Зайсан ауданының бюджеті әлеуметтік көмекті қаржыландыру көзі болып табылады.

      3. Әлеуметтік көмек "Зайсан ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі әкімшісі (бұдан әрі – Әкімші) болып табылатын "Білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілерін әлеуметтік қолдау" бюджеттік бағдарламасына сәйкес және аудан бюджетінде осы мақсаттарға көзделген қаражат шегінде ұсынылады.

      4. Әлеуметтік көмек көрсету үшін осы Тәртіптің 8-тармағында көрсетілген санаттарға жататын білім алушылар туралы мәліметтер бар білім беру ұйымының бірінші басшысы бекіткен тізімді жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары Әкімшіге ұсынады.

      5. Білім беру ұйымдары жаңадан келген және кеткен білім алушылар туралы жаңартылған мәліметтермен тізімді тиісті мемлекеттік органға ағымдағы жылдың наурыз, қыркүйек және желтоқсан айларының 10-на дейін ұсынады.

      6. Білім бөлімі ағымдағы жылдың тиісті айының 15-іне дейін Әкімшіге жаңартылған мәліметтермен тізімді ұсынады.

      7. Әкімші:

      1) білім беру ұйымдарының осы Тәртіптің 4-тармағында көрсетілген тізімдердің сапасы мен ұсынылу мерзімдерін бақылауды жүзеге асырады;

      2) осы Тәртіптің 12 және 13-тармақтарын іске асыру арқылы әлеуметтік көмек көрсетеді.

2. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      8. Әлеуметтік көмек меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық білім беру ұйымдарының күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылары мен тәрбиеленушілерінің мынадай санаттарына:

      1) жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

      2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға көрсетіледі.

      9. Білім алу кезеңінде әлеуметтік көмек білім беру ұйымына мынадай растайтын құжаттарды:

      1) ата-анасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың еркін түрдегі жазбаша өтінішін;

      2) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасыларда тәрбиеленетін балалар үшін - қорғаншылықты (қамқоршылықты), патронаттық тәрбиелеуді бекіту туралы анықтама көшірмесін;

      3) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар үшін - өтініш берушінің (отбасының) жергілікті атқарушы органдар беретін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушысына жататындығын растайтын анықтаманы;

      4) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар үшін - алған табысы туралы мәліметтерді (жұмыс істейтін ата-анасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың еңбекақысы, кәсіпкерлік қызметтен және басқа қызмет түрлерінен түскен кірістер, балалар мен басқа да асыраудағы жандарға алимент түрінде алынатын кірістер) ұсынумен жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы жыл басынан бастап әлеуметтік көмек көрсетуге қаражат бөлуге өтініш беруге дейін (өтініш берілген айды қосумен) ай санына және отбасы мүшелері санына кірістер сомасын бөлу арқылы белгіленеді.

      Жан басына шаққандағы орташа табысты есептеу кезінде отбасы құрамында ата-ана (асырап алушылар) және олардың асырауындағы 18 жасқа толмаған балалар есепке алынады.

3. Әлеуметтік көмектің түрі және мөлшері

      10. Жеңілдікпен жол жүру мынадай түрде және мөлшерде белгіленеді:

      1) осы Тәртіптің 8-тармағында көрсетілген барлық санаттағы 15 жасқа дейінгі оқушылар мен тәрбиеленушілер үшін – балалардың ай сайынғы жол жүру билетін көлік картасын толықтыру жолымен сатып алу;

      2) осы Тәртіптің 8-тармағының 1) тармақшасында аталған санаттағы жасы 15-тен жоғары білім алушылар мен тәрбиеленушілер үшін - көлік картасын толықтыру:

      қаңтарда - үш айлық жол жүру билетінің құны (қаңтар - наурыз);

      сәуірде - екі айлық жол жүру билетінің құны (сәуір - мамыр);

      қазанда - төрт айлық жол жүру билетінің құны (қыркүйек - желтоқсан);

      3) осы Тәртіптің 8-тармағының 2) тармақшасында аталған санаттағы жасы 15-тен жоғары білім алушылар мен тәрбиеленушілер үшін - көлік картасын толықтыру:

      қаңтарда - үш айлық жол жүру билеті құнының 50% (қаңтар - наурыз);

      сәуірде - екі айлық жол жүру билеті құнының 50% (сәуір - мамыр);

      қазанда - төрт айлық жол жүру билеті құнының 50% (қыркүйек - желтоқсан).

      12. осы Тәртіптің 8-тармағында көрсетілген тұлғаларды қамтамасыз ету түріндегі әлеуметтік көмек көлік картасын толықтыру үшін жол жүру билетін сатып алуға мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу жолымен жүргізіледі.

      13. Әкімші сатып алынған айлық балалар жол жүру билеттерін ұсынылған тізімге сәйкес әр білім беру ұйымына береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады