Қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған электрондық ақпараттық ресурстарға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 12 мамырдағы № ҚР ДСМ - 39 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 18 мамырда № 22751 болып тіркелді

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 89) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған электрондық ақпараттық ресурстарға қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, иновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2021 жылғы 12 мамырдағы
№ ҚР ДСМ – 39
Бұйрыққа қосымша

Қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған электрондық ақпараттық ресурстарға қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы қашықтықтан көрсетілетін медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған электрондық ақпараттық ресурстарға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабының 89) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, интернет-ресурс және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;

      2) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3) емдеуші дәрігер - пациент медициналық ұйымда байқауда болған және емделген кезеңде оған медициналық көмек көрсететін дәрігер;

      4) Қазақстан Республикасының ұлттық телемедицина желісі - қорғалған телекоммуникациялық инфрақұрылыммен біріктірілген және аппараттық-бағдарламалық кешендермен жарақтандырылған, уәкілетті органның қарамағындағы денсаулық сақтау ұйымдарының стационарлық және мобильдік телемедициналық орталықтарының желісі;

      5) қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер - аурулар мен жарақаттардың диагностикасы, оларды емдеу, медициналық оңалту және олардың профилактикасы, медицина қызметкерлерінің өзара, жеке тұлғалармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен қашықтықтан өзара іс-қимыл жасауын, көрсетілген адамдарды сәйкестендіруді, сондай-ақ олар жасайтын әрекеттерді құжаттауды қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар арқылы зерттеулер мен бағалауды жүргізу мақсатында медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну;

      6) медицина қызметкері - кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;

      7) медициналық ұйым - негізгі қызметі медициналық көмек көрсету болып табылатын денсаулық сақтау ұйымы;

      8) тасымалданатын медициналық құрылғылар - жеке тұлғаның денсаулық жағдайының көрсеткіштерін жинауға және беруге арналған мобильдік (тасымалданатын) құрылғылар;

      9) телемедицина желісі - қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді ұсыну, оқыту және электрондық форматта медициналық ақпарат алмасу үшін медициналық жабдықпен жарақтандырылған және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы біртұтас ақпараттық кеңістікке біріктірілген стационарлық және мобильдік телемедицина орталықтарының желісі;

      10) пациент-медициналық көмек көрсетуді талап ететін ауруының немесе жай-күйінің болуына немесе болмауына қарамастан, медициналық қызметтерді тұтынушы болып табылатын (болған) жеке тұлға;

      11) хабардар етілген келісім - адамның медициналық көмек алуға және (немесе) оның шешім қабылдауы үшін маңызы бар медициналық көмектің және (немесе) зерттеудің барлық аспектісі туралы ақпаратты алғаннан кейін нақты зерттеуге қатысуға өз келісімін жазбаша ерікті түрде растау рәсімі;

      12) электрондық денсаулық паспорты - жеке тұлғаның денсаулық жағдайы мен оған көрсетілетін медициналық көмек туралы құрылымдалған дербес медициналық деректердің цифрлық денсаулық сақтау субъектілері бүкіл өмір бойы электрондық көздерден қалыптастыратын және уәкілетті орган бекіткен ережеларға сәйкес жеке тұлғаға да, денсаулық сақтау қызметкерлеріне де қолжетімді жинағы.

2-тарау. Қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерге арналған электрондық ақпараттық ресурстарға қойылатын талаптар

      3. Қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтер:

      медициналық ұйымның телемедициналық желісі;

      ҰТМЖ;

      медициналық ұйымның ақпараттандыру объектілерін, оның ішінде алып жүретін медициналық құрылғыларды қолдана отырып ақпараттандыру арқылы көрсетеді.

      4. Қашықтықтан медициналық қызмет көрсету кезінде медициналық ұйымның телемедициналық желісіне, ҰТМЖ, медициналық ұйымның ақпараттандыру объектілеріне мынадай талаптар қойылады:

      "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкестігі;

      медициналық қызметкерлер және (немесе) пациент және (немесе) оның заңды өкілі арасында аудио-визуалды байланыс және мәтіндік хабарламалармен, құжаттармен және суреттермен алмасу форматында өзара іс-қимылды қамтамасыз ету;

      медициналық ұйымда медициналық қызметтерді қашықтықтан көрсетуді ұйымдастыру бойынша барлық елеулі шарттарды қамтитын жария офертаның акцептін қамтамасыз ету;

      "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес ақпараттандыру объектілерінің ішіне орнатылған құралдары арқылы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органның талаптарына сәйкес сәйкестендіру және аутентификациялау жүйесі арқылы қашықтықтан медициналық қызметтер көрсетуге тартылған пациенттің, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жеке басын сәйкестендіруді қамтамасыз ету;

      медициналық ұйымда медицина қызметкерлерін қабылдау кестесін қалыптастыруды қамтамасыз ету;

      пациенттердің және (немесе) оның заңды өкілдерінің консультацияға жазылуын және (немесе) профилактикалық, диагностикалық, емдік, оңалту және паллиативтік көмек көрсетуді ұйымдастыруды қамтамасыз ету;

      Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 279) тармақшасына сәйкес пациенттің және (немесе) оның заңды өкілінің медициналық көмек алуға хабардар етілген келісім беру мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      консилиум өткізуге өтінімдер қалыптастыруды қамтамасыз ету;

      медициналық қызметкерлерге, пациенттерге және (немесе) олардың заңды өкілдеріне консультацияларды жүргізу немесе олардың күшін жою (ауыстыру) және (немесе) емдеу-диагностикалық, медициналық оңалту және (немесе) консилиум көрсету күні мен уақыты туралы хабарламаларды жолдауды қамтамасыз ету;

      Кодекстің 129-бабының 2-тармағына сәйкес медициналық оңалту қызметтерін көрсеткен дәрігердің және(немесе) медицина қызметкерінің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, пациенттің денсаулық жағдайы мен диагнозы туралы медициналық жазбаларды, ілеспе материалдарды пациенттің электрондық денсаулық паспортына енгізуді қамтамасыз ету;

      Кодекстің 60-бабының 2-тармағына сәйкес "Мемлекеттік құпиялар туралы" 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті орган айқындайтын көлемде және еселікте деректерді ұлттық электрондық денсаулық паспортына және уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурстарына беруді қамтамасыз ету;

      пациенттің жеке кабинетін ұйымдастыру мен жүргізуді қамтамасыз ету;

      пациенттің денсаулық жағдайы туралы мәліметтерді беру және алу фактілерін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және (немесе) ақпараттандыру объектілерін пайдалана отырып құжаттандыруды қамтамасыз ету;

      ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және (немесе) ақпараттандыру объектілерін пайдалана отырып, пациенттің денсаулық жағдайы туралы деректерді өңдеуді қамтамасыз ету;

      пациенттің денсаулық жағдайын қашықтықтан бақылауды тағайындаған емдеуші дәрігердің, сондай-ақ қажет болған жағдайда қашықтықтан бақылауды жүзеге асыратын медицина қызметкерінің пациенттің денсаулық жағдайы туралы мәліметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ету;

      тағайындалған емді және өмір салтын сақтау жөніндегі ұсынымдармен бірге пациентке дербес медициналық сүйемелдеу процесіне тартылған емдеуші дәрігердің немесе медицина қызметкерінің хабарламаларды жіберуін қамтамасыз ету;

      "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-тарауы 53-бабының 2-тармағына және 56- бабының сәйкес пациенттердің дербес медициналық деректерін сақтауды және өңдеуді, қорғауды қамтамасыз ету;

      жеке тұлғалардың өз денсаулығы және көрсетілген медициналық көмек туралы ақпаратқа электрондық денсаулық паспортында қол жеткізуін, сондай-ақ деректерге қол жеткізу журналын қадағалауды қамтамасыз ету;

      тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету кезінде медициналық ұйымдардың шығындарын төлеу процесін қамтамасыз ету үшін уәкілетті органның тиісті ақпараттық жүйелерімен интеграцияны қамтамасыз ету;

      ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде және нұсқаулықтарында ескертілген жағдайларды қоспағанда, пациент және (немесе) оның заңды өкілі мен медицина қызметкері арасында қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету кезінде пайдаланылатын ақпараттандыру объектілері бар телекоммуникация құралдарының интеграциялануын қамтамасыз ету;

      қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету кезінде қолданылатын пациент және (немесе) оның заңды өкілі мен медицина қызметкері арасындағы телекоммуникация құралдарының дербес деректерді қорғауға және медицина қызметкерінің құпиясын сақтауға қойылатын дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету.

      5. Мобильдік қосымшалар және (немесе) интернет – ресурстар арқылы қашықтықтан медициналық қызмет көрсету кезінде медициналық ұйымның ақпараттандыру объектілеріне, оның ішінде алып жүретін медициналық құрылғыларды қолдана отырып, мынадай талаптар қосымша қойылады:

      пациенттің денсаулық жағдайына қашықтықтан мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету;

      Кодекстің 60-бабының 7-тармағына сәйкес сертификатталған және деректерді беру функциялары бар алып жүретін медициналық құрылғыларды пайдалану кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және (немесе) ақпараттандыру объектілері арқылы автоматты режимде пациенттің денсаулық жағдайын қашықтықтан бақылауды қамтамасыз ететін емдеуші дәрігердің және (немесе) медицина қызметкерінің пациенттің денсаулық жағдайы туралы деректерді қашықтықтан алуын қамтамасыз ету;

      пациенттің денсаулық жағдайы туралы деректерді қолмен енгізуді, пациенттің өзін және (немесе) емдеуші дәрігердің, оның ішінде деректерді беру функциясы жоқ алып жүретін медициналық құрылғылардан деректерді қолмен енгізуді қамтамасыз ету;

      пациенттің денсаулық жағдайы көрсеткіштерінің, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және (немесе) ақпараттандыру объектілерін пайдалана отырып, автоматты режимде мониторингін және бақылауды қамтамасыз ету;

      қашықтықтан және (немесе) көзбе-көз медициналық көмек көрсету үшін консультациялар жүргізуді, консультациялар мен диагностикалық зерттеулерге жіберуді, стационарды алмастыратын немесе стационарлық емдеуге жатқызуды, жедел медициналық көмек бригадасын шақыруды немесе шұғыл медициналық көмек көрсетуді қоса алғанда, пациенттің денсаулық жағдайы көрсеткіштерінің шекті мәндерден қатты ауытқуы кезінде дербес медициналық сүйемелдеу процесінің барлық қатысушыларын шұғыл хабардар етуді және пациенттің денсаулық жағдайын тұрақтандыруға бағытталған іс-шараларды орындауды қамтамасыз ету.

      6. Денсаулық сақтау субъектілерінің электрондық ақпараттық ресурстары қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету процесін құжаттандыру жөніндегі деректердің толықтығы үшін медициналық ақпараттық жүйелерге мынадай ең аз деректер жиынтығын енгізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді:

      1) қашықтықтан көрсетілетін қызметке жазылу кезінде:

      пациенттің жеке сәйкестендіру нөмірі және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      қызметтің коды және атауы;

      қызмет көрсететін дәрігердің учаскесі және (немесе) тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      қызметке жазылу күні мен уақыты;

      2) қызметті қашықтықтан орындау кезінде:

      қашықтықтан медициналық қызмет көрсету нысаны;

      пайдаланылған телекоммуникация құралдары;

      пациенттің жеке сәйкестендіру нөмірі және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      қызметтің коды және атауы;

      қызмет көрсеткен дәрігердің сәйкестендіргіші (егер бар болса) және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      диагноз бойынша деректер жиынтығы (диагноз, түрі, типі, сипаты);

      пациенттің объективті жағдайын сипаттай отырып, пациенттің денсаулық жағдайының көрсеткіштерін, диагностикалық зерттеулер нәтижелерін түсіндіре отырып, дәрігердің жазбасы;

      қорытынды (орындалған қызмет нәтижесінің сипаттамасы);

      келесі қарау күнін қоса отырып, пациентті жүргізу жоспары;

      зертханалық зерттеуге / консультациялық қызметтерге / емдеуге жатқызуға жіберу, басқа стационарға ауыстыру (қажет болған жағдайда деректер жиынтығына сәйкес), медициналық ұйымдардың құрамындағы зертханалардың медициналық есепке алу құжаттамасының нысанына сәйкес "Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) 5-қосымшасына сәйкес;

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 2 қазандағы № ҚР ДСМ-112/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21493 болып тіркелген) бекітілген рецептілерді жазып беру, есепке алу және сақтау қағидаларына сәйкес дәрілік заттарға рецепт (қажет болған жағдайда жіберу үшін қажетті деректер жиынтығына сәйкес);

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 қарашадағы № ҚР ДСМ-198/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21660 болып тіркелген) бекітілген еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру қағидаларына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе анықтамасы (қажет болған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын ашу, ұзарту, жабу үшін қажетті деректер жиынтығына сәйкес);

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 болып тіркелген) бекітілген медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу (қажет болған жағдайда медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберу үшін қажетті деректер жиынтығына сәйкес).

      7. Ақпараттық-коммуникациялық технология арқылы қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 1 ақпандағы № ҚР ДСМ-12 бұйрығымен бекітілген қашықтықтан медициналық қызметтерді ұйымдастыру, ұсыну және төлеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22151 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады