БҰЙЫРАМЫН:
1. "Темекі өнімдерін таңбалау және қадағалау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 927 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21302 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
""Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-2-бабы 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Темекі өнімдерін таңбалау және қадағалау қағидаларында:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Темекі өнімдерін таңбалау және қадағалау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 7-2-бабы 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында темекі өнімдерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және оларды одан әрі қадағалау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай қысқартулар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) агрегаттау – құрылатын топтық және (немесе) көліктік қаптаманы ашу қажеттілігінсіз тауар өткізетін тізбек бойынша темекі өнімдерінің қозғалысын қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында, темекі өнімдерінің тұтыну қаптамасын (бұдан әрі – тұтыну қаптамасы) темекі өнімдерінің топтық қаптамасына (бұдан әрі – топтық қаптама) және (немесе) темекі өнімдерінің көліктік қаптамасына (бұдан әрі – көліктік қаптама) не топтық қаптаманы әрбір салынған тұтыну қаптамасының сәйкестендіру кодтарының құрылатын топтық және (немесе) көліктік қаптаманы сәйкестендіру кодымен өзара байланысы туралы, сондай-ақ әрбір салынған топтық қаптаманың сәйкестендіру кодтарының құрылатын көліктік қаптаманы сәйкестендіру кодымен өзара байланысы туралы ақпаратты сақтай отырып және топтық қаптамаға тиісті сәйкестендіру құралын немесе көліктік қаптамаға сәйкестендіру кодын енгізе отырып көліктік қаптамаға біріктіру процесі;
2) бағдарламалық-аппараттық кешен (бұдан әрі – БАК) – белгілі бір үлгідегі міндеттерді шешу үшін бірлесіп қолданылатын бағдарламалық қамтамасыз ету мен техникалық құралдардың жиынтығы;
3) бақылау-кассалық машина – деректерді беру функциясы жоқ фискалдық жады блогы бар электрондық құрылғы, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы (функциялары) бар (жоқ) аппараттық-бағдарламалық кешен, тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы ақпаратты тіркеуді және бейнелеуді қамтамасыз ететін, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар электрондық құрылғы;
4) деректерді беру хаттамасы – ақпарат пакеттерінің құрылымына және деректерді беру желісінің құрылғылары арасында ақпарат пакеттерін алмасу алгоритміне қойылатын талаптардың формаланған жиынтығы;
5) ЕАЭО – Еуразиялық экономикалық одақ;
6) ЕАЭО СЭҚ ТН коды – ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды;
7) жеке кабинет – "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде (бұдан әрі – "Интернет" желісі) орналастырылған, Оператор айналымның қатысушысына немесе темекі өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға ұсынатын тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ТТҚ АЖ) арнайы ақпараттық сервисі;
8) ЖСН немесе БСН – жеке сәйкестендіру нөмірі немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
9) импорттаушы – тауарларды ЕАЭО кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын, ЕАЭО кедендік аумағына әкелуді, сондай-ақ тауарларды ЕАЭО мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді жүзеге асыратын, темекі өнімдерінің айналымына қатысушы;
10) көліктік қаптаманы сәйкестендіру коды – темекі өнімдерінің әрбір жеке көліктік қаптамасы үшін осы Қағидалардың 6-тарауында көзделген талаптарға сәйкес қалыптастырылатын бірегей символдар комбинациясы;
11) Қабылдау/беру актісі – сканерлеу, қолмен енгізу немесе ТТҚ АЖ Жеке кабинеттегі сәйкестендіру кодтары туралы мәліметтер файлынан жүктеу және/немесе электронды өзара іс-қимыл интерфейсін қолданып осындай ақпаратты беру арқылы тауарлардың айналымы туралы мәліметтерді ТТҚ АЖ-ға беру мақсатында құрылған электрондық құжат;
12) қолдану коды – 2 (екі) немесе одан да көп белгіден тұратын, элементтік жолдың басында орналасқан және префикстен кейінгі деректер ашық жолының мақсаты мен форматын нақты айқындайтын префикс;
13) өндiрушi – сату үшiн темекi өнiмдерiн өндiретiн жеке немесе заңды тұлға;
14) таңбаланған темекі өнімдері – осы Қағидалардың талаптарын сақтай отырып сәйкестендіру құралдары салынған және олар туралы мәліметтер (оның ішінде оларға түсірілген сәйкестендіру құралдары туралы мәліметтер) ТТҚ АЖ-да қамтылатын өнімдер;
15) таңбалау коды – осы Қағидалардың 6-тарауында көзделген талаптарға сәйкес темекі өнімдерінің тұтынушылық және топтық қаптамасын сәйкестендіру мақсаттары үшін Оператор қалыптастыратын тауарды сәйкестендіру кодының және тексеру кодының жиынтығы;
16) тапсырыстарды басқару станциясы (бұдан әрі – ТБС) – тауарлар айналымына қатысушыға тапсырыстармен жұмыс істеу үшін интерфейс ұсынатын серверлік қосымша. ТБС эмиссияға арналған тапсырмаларды басқаруға және таңбалау кодтарын салуға мүмкіндік береді. Айналымға қатысушылардың өтініші бойынша ТБС Оператор ұсынатын сервис ретінде қашықтықтан ұсынылады;
17) тауарды сәйкестендіру коды (тауардың бірегей сәйкестендіргіші) – тауардың әрбір жеке бірлігі (темекі өнімдерінің тұтыну және топтық қаптамасы) үшін бірегей тауар кодының (GTIN) және тауардың жеке сериялық нөмірінің комбинациясы;
18) тауардың жеке сериялық нөмірі – тауарлардың номенклатуралық тобы шеңберінде тауар бірлігін (темекі өнімдерінің тұтынушылық немесе топтық қаптамасын) бірегей сәйкестендіретін символдық бірізділік;
19) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесі – тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау және айналым процесінде оларды одан әрі қадағалау процестерін ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында Оператор әзірлеген ақпараттық жүйе;
20) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы (бұдан әрі – Оператор) – "Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалауының бірыңғай операторын айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 3 наурыздағы № 95 қаулысына сәйкес құрылған, Тауарлардың ұлттық каталогын әзірлеуді, жүргізуді және өзектендіруді қоса алғанда, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесін әзірлеуді, әкімшілендіруді, сүйемелдеуді және пайдалануда қолдауды және Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-2-бабымен айқындаған өзге де функцияларды жүзеге асыратын заңды тұлға;
21) тексеру коды – тауарды сәйкестендіру кодын криптографиялық өзгерту нәтижесінде Оператор қалыптастыратын және сәйкестендіру кодын бұрмалауды анықтауға мүмкіндік беретін символдардың дәйектілігі;
22) темекі өнімдері – шегу, сору, шайнау, иіскеу немесе тұтынудың өзге де тәсілдері үшін, оның ішінде СЭҚ ТН 2402209000, 2403999009, 2402201000, 2402900000, 2402100000, 2403110000, 2403191000, 3824999209 кодтары бойынша темекіні қыздыруға арналған жүйенің немесе кез келген өзге де аспаптың көмегімен пайдаланатындай етіп дайындалған шикізат ретінде темекі жапырағынан және (немесе) темекі өсімдігінің басқа да бөліктерінен толық немесе ішінара жасалған өнімдер;
23) темекі өнімдерін айналымнан шығару – "Бақылау-касса машиналарын қолданудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы №208 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16508 болып тіркелген) (бұдан әрі – бұйрық) сәйкес тіркелген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасы арқылы таңбаланған темекі өнімдерін жеке тұлғаға жеке тұтыну үшін өткізу (сату), темекі өнімдерін алып қою (тәркілеу), кәдеге жарату, бүлдіру, жою, қайтарымсыз жоғалту, кері қайтарып алу, темекі өнімдерінің одан әрі айналымын тоқтатуды көздейтін, өз мұқтажы үшін пайдалану;
24) темекі өнімдерін сәйкестендіру құралы – темекі өнімдерінің тұтыну және топтық қаптамаларына салу үшін осы Қағидалардың 6-тарауында көзделген талаптарға сәйкес қалыптастырылатын екі өлшемді матрицалық штрих-код түрінде ұсынылған, машина оқитын нысанда темекі өнімдерін таңбалау коды;
25) темекі өнімдерінің айналымына қатысушылар (бұдан әрі – айналымға қатысушы) – Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын, темекі өнімдерін айналымға енгізуді, айналымын және (немесе) айналымнан шығаруды жүзеге асыратын, заңды тұлғалар немесе дара кәсіпкерлер ретінде тіркелген жеке тұлғалар;
26) темекі өнімдерінің көліктік қаптамасы – темекі өнімдерін тасымалдау кезінде оны зақымданудан қорғау мақсатында сақтау және тасымалдау үшін пайдаланылатын және дербес көлік бірлігін құрайтын тұтыну және (немесе) топтық қаптамада қапталған, темекі өнімдерін біріктіретін қаптама. Көліктік қаптама мөлшері (көлемі) кіші көліктік қаптаманы қамтуы мүмкін;
27) темекі өнімдерінің топтық қаптамасы – тұтыну қаптамасының белгілі бір санын біріктіретін, қаптама;
28) темекі өнімдерінің тұтыну қаптамасы – темекі өнімдерін тұтынушы сатып алатын темекі өнімдері ең аз бірлігі;
29) ТТҚ АЖ-да қатысушылардың тізілімі – ТТҚ АЖ-да тіркелген айналымның қатысушылары болып табылатын тұлғалардың тізбесі;
30) фискалды деректер операторы – "Жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді жедел режимде беруді қамтамасыз ететін заңды тұлғаны айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 205 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16468 болып тіркелген) сәйкес айқындалған заңды тұлға";
31) электрондық өзара іс-қимыл интерфейсі – айналымға қатысушылардың бағдарламалық-аппараттық құралдары мен ТТҚ АЖ өзара іс-қимыл тәсілдерінің сипаттамасы;
32) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының тұрақтылығын растайтын электрондық цифрлық таңбалар жиынтығы;
33) ASCII – (American standard code for information interchange) – баспа және баспалық емес символдарға сандық кодтар сәйкес келетін ақпаратты кодтау әдісі;
34) DataMatrix – мәтін немесе басқа түрдегі деректерді кодтауға арналған, төртбұрыш немесе шаршы түріндегі топта орналастырылған, шаршы немесе шеңбер нысанында салынған, қара-ақ элементтер немесе түрлі жарықтық дәрежедегі элементтерді білдіретін екі өлшемді матрицалық штрих код;
35) DataMatrix ЕСС200 – қателерді болдырмау және зақымданған ақпаратты қалпына келтіру технологиясын пайдаланатын, DataMatrix нұсқасы. ECC200 код 30 пайызға дейін зақымданған жағдайда, кодталған ақпараттың барлық дәйектілігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Екі өлшемді штрих кодтың бұл нұсқасында қатенің болу жиілігі сканерленген таңбаның 10 миллионының 1-еуінен де аз;
36) GS1 – логистикалық бірліктерді есепке алуды стандарттау және штрих кодтау саласындағы халықаралық ұйым;
37) GS1-128 – кәсіпорындар арасында жүк туралы ақпаратты беруге арналған GS1 стандарттау жөніндегі жаһандық ұйымның штрих кодының форматы;
38) GS1-DataMatrix – стандартталған GS1 DataMatrix екі өлшемді матрицалық штрих кодын іске асыру;
39) GTIN (Global Trade Item Number) – GS1 жүйесінің стандарттарында белгіленген қағидаларға сәйкес, оны әлемдік экономикалық кеңістікте бір мәнді сәйкестендіру мақсатында GS1 ұлттық (өңірлік) ұйымы тауарлар тобына беретін жаһандық сәйкестендіру нөмірі. ТТҚ АЖ тауардың коды ретінде пайдаланылады.";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Таңбалауға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №568 қаулысына (бұдан әрі – Қаулы) сәйкес белгіленген таңбалауды енгізу күніне таңбаланбаған темекі өнімдерінің қалдықтарын айналымға қатысушылар таңбалау енгізілген күннен бастап күнтізбелік бір жыл ішінде өткізуі тиіс.";
5-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) таңбалау кодтарын алу, таңбалау кодтарын пайдалану туралы мәліметтерді беру бөлігінде, сондай-ақ сәйкестендіру құралдарын енгізу, жарамсыз ету (болған жағдайда) және агрегациялау туралы ақпаратты, сондай-ақ ЭЦҚ қойылған ТТҚ АЖ таңбаланған темекі өнімдерінің айналымы туралы мәліметтерді кейін ТТҚ АЖ-ға жібере отырып, темекі өнімдерінің тұтыну және топтық қаптамаларына сәйкестендіру құралдарын енгізу туралы мәліметтерді Операторға автоматты түрде беруді қамтамасыз ететін БАК байланыс арналары бойынша ТТҚ АЖ-ға қосулы болуы.
Бұл ретте Қаулымен белгіленген таңбалауды енгізген мерзімге дейін Оператор айналымға қатысушылардан ТТҚ АЖ-мен ақпараттық өзара іс-қимылға дайындығы туралы электрондық хабарлама алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен кеш емес мерзімде айналымға қатысушылардың БАК-пен ТТҚ АЖ ақпараттық өзара іс-қимылын тестілеуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.";
мынадай мазмұндағы 8-1-тармақпен толықтырылсын:
"8-1. БАК-тің ТТҚ АЖ-ға байланыс арналары бойынша қосулы болмаған және (немесе) ТТҚ АЖ-мен интеграция болмаған кезде, айналымға қатысушы мәліметтерді ТТҚ АЖ жеке кабинеті арқылы ұсынады.";
9, 10, 11 және 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Таңбаланған темекі өнімдерін өндіру және (немесе) олардың айналымы жөніндегі қызметті жүзеге асырған күннен бастап өндірушілер мен импорттаушылар:
1) өзін тіркеуді, сондай-ақ темекі өнімдерін айналымға енгізумен және (немесе) олардың айналымымен байланысты қызметті жүзеге асыру қажеттілігі туындаған күннен бастап, осы Қағидаларда көзделген талаптарға сәйкес ТТҚ АЖ-да сәйкестендіру құралдарымен таңбалануға жататын темекі өнімдерін тіркеуді жүзеге асырады;
2) Операторға ТТҚ АЖ-да тіркелген күннен бастап күнтізбелік 21 (жиырма бір) күн ішінде, орнатуға және ТБС-ға қол жеткізуді алуға (өндірушілер үшін) немесе Оператордың инфрақұрылымында орнатылған ТБС-ға қашықтықтан қол жеткізуді (импорттаушылар үшін) беруге арналған электронды хабарламаны жолдайды.
Бұл ретте Оператор көрсетілген хабарлама келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 2 (екі) күн ішінде ТБС-ға қол жеткізуді ұсынады;
3) ТТҚ АЖ-да тіркелген күннен бастап күнтізбелік 21 (жиырма бір) күн ішінде, таңбалау кодтарын алу және таңбалау кодтарын пайдалану туралы мәліметтерді жіберу бөлігінде ТТҚ АЖ-мен ақпараттық өзара іс-қимылға БАК-тің дайын болуын қамтамасыз етеді және Оператордың интернет-ресурсында жарияланған электрондық өзара іс-қимыл интерфейстерінің сипаттамасына сәйкес Операторға осындай ақпараттық өзара іс-қимылды тестілеуден өтуге электрондық хабарлама жібереді;
4) Оператордың интернет-ресурсында жарияланған электрондық өзара іс-қимыл интерфейсіне қойылатын талаптарға сәйкес осындай ақпараттық өзара іс-қимылға БАК дайын болған күннен бастап күнтізбелік 2 (екі) ай ішінде ТТҚ АЖ-мен БАК ақпараттық өзара іс-қимыл тестілеуінен өтеді;
5) нақты уақыт режимінде осы Қағидаларда көзделген талаптарға сәйкес темекі өнімдерін таңбалау, сондай-ақ айналымға енгізу, олардың айналымы және айналымнан шығару туралы мәліметтерді ТТҚ АЖ-ға енгізеді.
10. Таңбаланған темекі өнімдерінің айналымы жөніндегі қызметті жүзеге асырған күннен бастап темекі өнімдерін көтерме сатуды жүзеге асыратын айналымға қатысушылар:
1) темекі өнімдерін өндірушілерден және (немесе) импорттаушылардан сатып алумен байланысты қызметті жүзеге асыру қажеттілігі немесе осындай өнімдердің айналымымен байланысты қызметті жүзеге асыру қажеттілігі туындаған күннен бастап осы Қағидаларда көзделген талаптарға сәйкес ТТҚ АЖ-да өзінің тіркелуін жүзеге асырады;
2) ТТҚ АЖ-да тіркелген күннен бастап күнтізбелік 21 (жиырма бір) күн ішінде Оператордың интернет-ресурсында жарияланған электрондық өзара іс-қимыл интерфейсіне қойылатын талаптарға сәйкес ТТҚ АЖ-мен ақпараттық өзара іс-қимылға БАК-нің дайын болуын қамтамасыз етеді;
3) нақты уақыт режимінде осы Қағидаларда көзделген талаптарға сәйкес темекі өнімдерінің айналымы және (немесе) оларды айналымнан шығару туралы мәліметтерді ТТҚ АЖ-ға енгізеді.
11. Таңбаланған темекі өнімдерін бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асырған күннен бастап темекі өнімдерін бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын айналымға қатысушылар:
1) темекі өнімдерін бөлшек саудада өткізумен байланысты қызметті жүзеге асыру қажеттілігі туындаған күннен бастап ТТҚ АЖ-да өзін тіркеуді жүзеге асырады;
2) ТТҚ АЖ-да тіркелген күннен бастап күнтізбелік 21 (жиырма бір) күн ішінде Оператордың интернет-ресурсында жарияланған электрондық өзара іс-қимыл интерфейсіне қойылатын талаптарға сәйкес ТТҚ АЖ-мен ақпараттық өзара іс-қимылға БАК-нің (болған кезде) дайын болуын қамтамасыз етеді;
3) ТТҚ АЖ-да тіркелген күннен бастап күнтізбелік 21 (жиырма бір) күн ішінде DataMatrix екі өлшемді кодын оқу мүмкіндігіне сәйкестендіру құралдарын сканерлеу және тану құралдарын тексеруді жүргізеді;
4) осы Қағидаларда көзделген талаптарға сәйкес осы Қағидалардың 57-тармағында көрсетілгеннен өзгеше себептер бойынша темекі өнімдерін айналымнан шығару туралы мәліметтерді ТТҚ АЖ-ға енгізеді.
12. Айналымға қатысушыларды ТТҚ АЖ-да тіркеуді және оларға жеке кабинетке қол жеткізуді Оператор бірінші басшының немесе жеке кәсіпкердің ЭЦҚ қойылған мынадай мәліметтерді ұсынуы негізінде жүзеге асырылады:
1) ЖСН немесе БСН;
2) ұйымның атауы;
3) бірінші басшының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
4) айналымға қатысушының электрондық поштасының мекенжайы;
5) байланыс телефон нөмірі.";
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"15. ТТҚ АЖ функционалына қол жеткізу үшін айналымға қатысушы ЭЦҚ арқылы жеке кабинетте авторланады және қосымша мәліметтер ұсынады:
1) айналымға қатысушының типі (өндіруші, импорттаушы, көтерме сауда және (немесе) бөлшек сауда ұйымы);
2) өндірістік алаңдар туралы мәліметтер (қатысушы типі үшін – өндіруші, импорттаушы).
Айналымға қатысушы айналымға қатысушының атынан мәліметтерді ТТҚ АЖ-ға беруге және сұратуға құқығы бар уәкілетті тұлғалар туралы ақпаратты қосады.
Мұндай құқық берілген уәкілетті тұлғалар ЭЦҚ арқылы жеке кабинетте авторланады.";
17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"17. ТТҚ АЖ-да темекі өнімдерін тіркеу үшін айналымға қатысушы ТТҚ АЖ-да кем дегенде мынадай мәліметтерді:
1) өтініш берушінің ЖСН немесе БСН;
2) темекі өнімінің түрін;
3) тауар кодын (GTIN);
4) сауда атауын;
5) өндірген елді;
6) ЕАЭО СЭҚ ТН кодын;
7) темекі өнімдері қаптамасының типі;
8) тұтыну қаптамасындағы өнім бірлігінің саны;
9) тұтыну қаптамасындағы өнімнің өлшем бірлігін;
10) топтық қаптамадағы тұтыну қаптамасының санын (топтық қаптамалар үшін);
11) тауардың тұтынушылық сипаттамасын;
12) рұқсат беру қағаздары туралы мәліметтерді (болған кезде) көрсетеді.
18. Айналымға қатысушыға мынадай:
1) тауардың осындай кодымен (GTIN) темекі өнімдері ТТҚ АЖ-да тіркелген;
2) GS1 Kazakhstan ақпараттық ресурсының деректері бойынша тауар кодын (GTIN) айналымға қатысушы пайдалануға жатпаған;
3) GS1 ақпараттық ресурсының деректері бойынша тауардың коды (GTIN) жоқ болған жағдайларда темекі өнімдерін ТТҚ АЖ-да тіркеуден бас тартылады.";
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Темекі өнімдерін сәйкестендіру құралы ЕСС-200 және АSCII кодтау қателерін түзету әдісін қолданумен темекі өнімдерінің тұтыну (ал ол болмаған кезде материалдық жеткізгіш) және топтық қаптамасына екі өлшемді матрицалық штрих код түрінде салынады.";
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"22. Темекі өнімдерінің топтық қаптамасын сәйкестендіру құралы үш деректер тобы қамтылған таңбалау кодын қамтиды, оның ішінде алғашқы екі деректер тобын топтық қаптаманы сәйкестендіру коды, сондай-ақ темекі өнімдерін өндірушінің қалауы бойынша енгізілетін қосымша деректер топтарының ерікті саны құрайды. Деректер топтары GS1 халықаралық стандарттарында көзделген мынадай атрибуттармен сәйкестендіріледі:
деректердің бірінші тобы 01 қолдану кодымен сәйкестендіріледі және 14 (он төрт) цифрдан тұратын топтық қаптаманың тауар кодын (GTIN) қамтиды;
деректердің екінші тобы 21 қолдану кодымен сәйкестендіріледі және жеті символдан тұратын топтық қаптаманың жеке сериялық нөмірін қамтиды;
деректердің үшінші тобы 93 қолдану кодымен сәйкестендіріледі және сегіз символдан тұратын тексеру кодын қамтиды.
Топтық қаптаманы сәйкестендіру құралы GS1-DataMatrix форматында екі өлшемді штрих код түрінде ұсынылады.";
26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"26. Темекі өнімдерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалауды қамтамасыз ету үшін айналымға қатысушы Операторға ТТҚ АЖ арқылы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша таңбалау кодтарын алуға сұрау салуды (бұдан әрі – сұрау салу) жолдайды.
Таңбалау кодтарын беруден мынадай:
1) айналымға қатысушы ТТҚ АЖ-да тіркелмеген;
2) ұсынылған сәйкестендіру коды бұрын ТТҚ АЖ-да тіркелген;
3) тауар коды тауарлар тізілімінде тіркелмеген;
4) тауар коды "Темекі өнімдері" тауар тобына сәйкес келмеген жағдайларда бас тартылады.";
32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"32. СЭҚ ТН 2402209000, 2403999009 кодтары бойынша темекі өнімдерінің тұтыну қаптамасына сәйкестендіру құралдарын салу сәйкестендіру құралдарын тұтыну қаптамасынан бөлуге және басқа ақпаратпен жабуға жол бермейтін тікелей басып шығару әдісімен жүзеге асырылады.
СЭҚ ТН 2402209000, 2403999009 кодтары бойынша сәйкестендіру құралдарын мөлдір орау пленкасына немесе қандай да бір сыртқы орау материалына салуға жол берілмейді.
Бұл ретте сәйкестендіру құралы техникалық реттеу туралы заңнаманың талаптарына сәйкес тұтыну қаптамасына салынған ақпараттың тұтастығы бұзылмайтындай етіп орналастырылады.
СЭҚ ТН 2402201000, 2402900000, 2402100000, 2403110000, 2403191000, 3824999209 кодтары бойынша сәйкестендіру құралдарын мөлдір орау пленкасының немесе қандай да бір сыртқы орау материалының үстінен материалдық жеткізгішке салуға жол беріледі.
Сәйкестендіру құралдарын темекі өнімдерінің топтық қаптамасына салу материалдық жеткізгішке жүзеге асырылады.";
39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"39. 1 (бір) есепті кезең шеңберінде (ай) тікелей басып шығару әдісі қолданылып барлық өндірілген темекі өнімдері бойынша тұтыну және топтық қаптамаларды агрегаттаудың орташа тиімділігі 99 пайыздан төмен емес.
Бұл ретте сәйкестендіру коды туралы мәліметтердің топтық қаптаманың ішінде екі агрегатталған тұтыну қаптамасынан аспайтын және көліктік қаптаманың ішінде екі топтық қаптамадан аспайтын болуына жол беріледі.
Бұл жағдайда агрегаттауды жүзеге асырған айналымға қатысушы агрегаттау күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде агрегаттау кезінде ТТҚ АЖ-ға берілмеген тұтыну қаптамасын сәйкестендіру кодтары немесе топтық қаптаманы сәйкестендіру кодтары туралы мәліметтерді ТТҚ АЖ-ға береді.
Бұл ретте Оператор көрсетілген сәйкестендіру кодтары туралы мәліметтерді ТТҚ АЖ сәйкестендіру құралдарының тізіліміне уақытша қадағаланбайтыны туралы түрінде енгізеді.";
41-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) ЕАЭО мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан темекі өнімдерін әкелу кезінде – ЕАЭО мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасына темекі өнімдерін әкелу туралы хабарламада ТТҚ АЖ-ға жіберу нәтижелері бойынша кеден органдарының көрсетілген өнімдерді ішкі тұтыну үшін шығаруы Қазақстан Республикасының аумағында айналымға енгізу болып табылады.";
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"42. ЕАЭО мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасына темекі өнімдерін әкелуді жүзеге асыратын айналымға қатысушылар осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ЕАЭО мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасына темекі өнімдерін әкелу туралы хабарламаны қалыптастырады, оған ЭЦҚ-мен қол қояды және тіркеу нөмірін алу үшін ТТҚ АЖ-ға жібереді.
Әкелінген тауарды есепке алу фактісі бойынша айналымға қатысушы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан Қазақстан Республикасына тауарларды әкелу туралы хабарламада бұрын өзі мәлімдеген сәйкестендіру кодтарын растау туралы мәліметтерді ТТҚ АЖ-ға жібереді.";
45-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"45. Қаулымен белгіленген сәйкестендіру құралдарымен темекі өнімдерін таңбалау енгізілген күннен кейін Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген және (немесе) әкелінген темекі өнімдерінің айналымына оларды өткізу туралы мәліметтер ТТҚ АЖ-ға берілген жағдайда ғана жол беріледі.";
48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"48. Темекі өнімдерін қабылдауды айналымға қатысушы ЭЦҚ-мен қол қоятын және ТТҚ АЖ-ға берілетін тауарды нақты қабылдау жүзеге асырылған күннен кейінгі күннен кешіктірмей Қабылдау/беру актісі бойынша жүзеге асырады.";
55-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"55. Темекі өнімдерін бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын айналымға қатысушы бұйрыққа сәйкес тіркелген, өзінде орнатылған бақылау-касса машинасымен ұштасқан, сатылатын өнімнің қаптамасына техникалық құралдармен басылған сәйкестендіру құралын сканерлеу және тану арқылы оларды айналымнан шығаруды оларды ТТҚ АЖ-ға қабылдағаны туралы мәліметтер расталған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Тауарға түсірілген сәйкестендіру құралындағы сәйкестендіру коды туралы мәліметтер бақылау-касса машинасы қалыптастыратын "кассалық чек" фискалдық құжатына енгізіледі және Фискалдық деректер операторына беріледі.";
67-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"67. Айналымға қатысушылар ТТҚ АЖ-ға жіберетін мәліметтерге айналымға қатысушының не айналымға қатысушының атынан уәкілетті тұлғаның мынадай:
бұйрыққа сәйкес фискалдық құжаттар құрамында электрондық нысанда айналымға қатысушылар беретін темекі өнімдерін бөлшек саудада сату туралы;
айналымға қатысушының темекі өнімдерін өндіру орындарында орнатылған ТБС пайдалана отырып, электрондық нысанда беретін мәліметтерін беру жағдайларын қоспағанда, ЭЦҚ-мен қол қойылады.";
69-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"69. ТТҚ АЖ-да қабылдаған барлық құжаттар мен мәліметтер ТТҚ АЖ-да көрсетілуі тиіс.";
75-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"75. Темекі өнімдерінің айналымын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Оператор ТТҚ АЖ-да мынадай:
1) айналымға қатысушылар туралы;
2) таңбалауға жататын темекі өнімдері туралы;
3) темекі өнімдеріне салынған сәйкестендіру құралдары туралы;
4) осы тауарларды тұтынушылар анықтаған таңбалау туралы талаптарының бұзылуы туралы;
5) айналымға қатысушылар берген сәйкестендіру кодтары туралы;
6) таңбаланған темекі өнімдерінің айналымы және оларды айналымнан шығару туралы мәліметтердің болуын қамтамасыз етеді.".
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Қаржы министрі | Е. Жамаубаев |