Аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылау жүргізудің үлгілік қағидаларын, оның ішінде аудиторлық және кәсіби ұйымдарды тексеру өлшемшарттарын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 16 маусымдағы № 574 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 17 маусымда № 23080 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 06.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 9-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған Аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылау жүргізудің үлгілік қағидаларын, оның ішінде аудиторлық және кәсіби ұйымдарды тексеру өлшемшарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2021 жылғы 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2021 жылғы 16 маусымдағы
№ 574 Бұйрығымен бекітілген

Аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылау жүргізудің үлгілік қағидалары, оның ішінде аудиторлық және кәсіби ұйымдарды тексеру өлшемшарттары

1 тарау. Жалпы қағидалар

      1. Аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылау жүргізудің үлгілік қағидалары, оның ішінде аудиторлық және кәсіби ұйымдарды тексеру өлшемшарттары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар), "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 9-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылау жүргізудің тәртібін, оның ішінде аудиторлық және кәсіби ұйымдарды тексеру өлшемшарттарын айқындайды.

      2. Осы Үлгілік қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бақылаушы – сыртқы сапа бақылауын жүргізу үшін аудиторлар арасынан кәсіби ұйымның жұмыс органы және (немесе) кәсіби ұйымның сапасын бақылау комитеті және (немесе) атқарушы басқару органы тағайындайтын, міндетті аудит жүргізу саласында кәсіби тәжірибесі бар тұлға;

      2) кәсіби кеңестің сапаны сыртқы бақылау объектілері – бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржаларының ресми тізіміне енгізілген немесе енгізу жоспарланған эмитенттерге, сондай-ақ қаржы ұйымдарына (қызметін қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларды және айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда) аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдар, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар (кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретіндерден басқа);

      3) сыртқы сапаны бақылау – аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың аудит стандарттарын, Әдеп кодексін және Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасының талаптарын сақталуына арналған сапаны бақылау және кәсіби кеңестің сапасын сыртқы бақылау объектілеріне қатысты сапаны бақылау комитеті және (немесе) кәсіби ұйымдар кәсіби кеңестің сапасын сыртқы бақылау объектілері болып табылмайтын аудиторлық ұйымдарға қатысты жүзеге асыратын тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 28.08.2023 № 905 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Сапаға сыртқы бақылау келесі түрлерге бөлінеді:

      1) жоспарлы;

      2) жоспардан тыс.

      4. Сапаға жоспардан тыс сыртқы бақылау жүргізіледі:

      1) аудиторлардың, аудиторлық ұйымдардың және кәсіптік ұйымдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) өтініш кәсіби кеңес немесе кәсіби ұйыммен алған жағдайда;

      2) аудиторлар және (немесе) аудиторлық ұйымдар жұмысының нәтижелерімен келіспеген жағдайда;

      3) кәсіби кеңестің сапаны сыртқы бақылау объектілерінің бастамасы бойынша;

      4) аудиторлардың, аудиторлық ұйымдардың және кәсіптік ұйымдардың қызметіне байланысты келіп түскен өтініштерге сәйкес уәкілетті органның бастамасы бойынша.

      Аудиторлардың, аудиторлық ұйымдардың және кәсіптік ұйымдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану бойынша сапаға жоспардан тыс сыртқы бақылау жүргізу туралы шешім өтініште жазылған нақты деректер қаралғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде шығарылады.

      5. Әрбір аудиторлық ұйым бойынша жоспарлы және (немесе) жоспардан тыс сапаға сыртқы бақылау жүргізу мерзімдерін сапаны бақылау комитеті және (немесе) тиісті кәсіби ұйым бекітілген ішкі жоспарға сәйкес айқындайды. Бұл ретте сапаны бақылау комитетінің және кәсіби ұйымның сапаға сыртқы бақылау жүргізу мерзімі 10 (он) жұмыс күнінен аспайды, ал сапаны сыртқы бақылау нәтижелері бойынша бағалауды айқындау үшін – 2 (екі) айдан аспайды. Уәкілетті орган сұрау салған жағдайда сапаға сыртқы бақылау жүргізу мерзімі 7 (жеті) жұмыс күнінен аспайды, ал сапаны сыртқы бақылау нәтижелері бойынша бағалауды айқындау үшін – 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайды.

      5-1. Жоспарлы сыртқы сапа бақылауына жататын кезең алдыңғы сыртқы сапа бақылауының нәтижелері туралы қорытынды күнінен бастап есептеледі және 3 (үш) жылдан аспауға тиіс. Сыртқы сапа бақылауынан өту нәтижелері туралы қорытындының ресімдеу күні – бағалауды айқындау сыртқы сапа бақылау қорытындысының күні болып саналады.

      Ескерту. Өлшемшарттар 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 28.08.2023 № 905 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2 тарау. Аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылау жүргізудің үлгілік қағидалары

      6. Аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылау жүргізу тәртібі:

      1) сапаға сыртқы бақылау рәсімдерін ұйымдастыру бойынша мәселелерді;

      2) сапаға сыртқы бақылау рәсіміне қатысқан бақылаушының не басқа адамдарды шеттетудің (өздігінен бас тартудың) негізі;

      3) сапаға сыртқы бақылауды жүргізудің бағдарламасы мен кезеңдерін;

      4) онда құрылтайшы және құқық белгілеуші құжаттар, лицензиялар, аудиторлардың біліктілік куәліктері, аудиторлардың біліктілігін арттыру бойынша құжаттар, кадрлық құрам жөніндегі құжаттар, аудит сапасына сыртқы бақылау жөніндегі ішкі құжаттар, орындалған аудиторлық тапсырмалар бойынша жұмыс құжаттары қамтылатын аудиторлық ұйымның сапасына сыртқы бақылауды жүргізуге жататын құжаттарының тізбесін;

      5) сапаға сыртқы бақылауға жататын аудит бойынша жобаларды іріктеу, сондай-ақ мүдделер қақтығысын болдырмайтын бақылаушыларды іріктеу өлшемшарттары (тәуелсіздікті қамтамасыз ету);

      6) аудиторлық қызмет көрсету шартын орындауға аудиторлық ұйым жолдаған ресурстардың жеткіліктілігі;

      7) аудиторлық ұйымның сапасына ішкі бақылау жүйесін, "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңының, "Қаржылық емес сектор үшін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 28 қыркүйектегі № 926 бұйрығының талаптарын сақталуын" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 21300 болып тіркелген), сондай-ақ аудиторлық қызмет туралы заңнама талаптарының сақталуын тексеру мәселелерін;

      8) жекелеген аудиторлық тапсырмалардың сапасын сыртқы бақылау мәселелері;

      9) сапаны бақылау комитеті мен кәсіби ұйым сапаға сыртқы бақылау жүргізу барысында қол жеткізген ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар;

      10) бақылаушылардың есептілігі мен аудиторлық ұйымның сапаға сыртқы бақылаудан өту нәтижелерін ресімдеуді;

      11) аудиторлық ұйымның сапаны сыртқы бақылаудан өту нәтижелерін іске асыруы жөніндегі шараларды қамтиды.

      7. Аудиторлық ұйымдардың және олардың клиенттерінің мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылауды жүргізудің тәртібі:

      1) аудиторлық ұйымның өз клиенттерін оларда сапаға бақылау жүргізілетіні туралы сапаға бақылау жүргізілгенге дейін кемінде 30 күнтізбелік күн бұрын жазбаша хабарлама жіберу, уәкілетті орган сапаны жоспардан тыс бақылау жүргізу үшін жүгінген жағдайда өз клиенттеріне кемінде күнтізбелік 5 (бес) күн бұрын жазбаша хабарлама жіберуді;

      2) аудиторлық ұйымның жұмыс сапасына сыртқы тексеру жүргізу мерзімі, бақылаушылардың кандидатуралары бойынша сапаны бақылау комитетіне және (немесе) кәсіби ұйымға уәжделген қарсылықтарын ұсынуды;

      3) аудиторлық ұйымның тексеру нәтижелері туралы сапаны бақылау комитетінің және (немесе) кәсіптік ұйымның алдын ала қорытындысын сапаны сыртқы бақылау аяқталғаннан кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде алуды;

      4) аудиторлық ұйымның тексеру нәтижелері туралы алдын ала қорытынды бойынша анықталған кемшіліктерге жазбаша түсініктемелер беруді;

      5) аудиторлық ұйымның тексеру нәтижелері туралы сапаны бақылау комитетінің және (немесе) кәсіптік ұйымның қорытындысын сапаны сыртқы бақылау аяқталғаннан кейін 15 (он бес) жұмыс күні ішінде алуды;

      6) аудиторлық ұйымның сапаны бақылау комитетінің және (немесе) кәсіптік ұйымның қорытындысына апелляциялық тәртіппен шағымдануы, оның ішінде шағым/апелляция беру мерзімдері сыртқы сапа бақылау қорытындысын алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде;

      7) аудиторлық ұйымның аудит жөніндегі қызметтердің сапасына сыртқы бақылауды уақтылы және толық жүргізу үшін бақылаушыларға жағдай жасауы;

      8) аудиторлық ұйымның сапаны бақылау комитеті мен кәсіби ұйымның бақылаушыларына қажетті құжаттар мен ақпараттарды (аудитор үшін – сапаға сыртқы бақылау жүргізу кезінде қатысуы) толық көлемде, уақтылы беруге жан-жақты көмек көрсету мақсатында сапаға сыртқы бақылауды жүргізу кезіне аудиторлық ұйымның жауапты адамын (аудиторды) тағайындау;

      9) аудиторлық ұйымның жұмыстың сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттар мен ақпараттарды, қажет болған жағдайда сапаны бақылау комитеті мен кәсіби ұйымның бақылаушыларының ауызша және жазбаша сұратулары бойынша толық түсініктемелер мен түсіндірмелерді толық көлемде ұсыну;

      10) жүргізілген сапаға сыртқы бақылау нәтижелері бойынша аудиторлық ұйым "4" бағасынан төмен баға алған жағдайда сапаны бақылау комитетіне және (немесе) кәсіби ұйымға кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар жоспарын, сондай-ақ оны орындау бойынша есептерді екі ай ішінде ұсынуды қамтиды.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 28.08.2023 № 905 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Жүргізілген сапаға сыртқы бақылау нәтижелері бойынша сапаға сыртқы бақылауды жүргізу тәртібінде Қағидалар қосымшасына сәйкес аудиторлық ұйымның аудит бойынша қызметін бағалау өлшемі және бағаның анықталатын цифрлық баламасы көзделген.

      9. Жүргізілген сапаға сыртқы бақылау нәтижесінде айқындалған аудиторлық ұйымның бағасы кәсіби кеңестің және кәсіби ұйымның сайтында жарияланады.

      10. Сапаға жүргізілген сыртқы бақылаудың нәтижелері бойынша аудиторлық ұйымдардың "2" бағасын бірнеше рет (екі рет) алуы уәкілетті органды хабардар ете отырып, аудиторлық ұйымды кәсіби ұйымнан шығаруға негіз болып табылады.

      11. Сапаға жүргізілген сыртқы бақылаудың нәтижелері бойынша аудиторлық ұйымдардың "3" бағасын бірнеше рет (екі рет) алуы, сондай-ақ осы үлгілік қағиданың 7-тармағының 10)-тармақшасына сәйкес растайтын құжаттарды қоса бере отырып, кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуы бойынша есепті ұсынбауы, сапаны бақылау комитетінің және (немесе) кәсіби ұйымның аудиторлық ұйымды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы өтінішпен кәсіби кеңестің немесе кәсіби ұйымның тиісті комитетіне жүгінуі үшін негіз болып табылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 28.08.2023 № 905 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Сапаға сыртқы бақылауды жүргізу тәртібінде, кәсіби ұйымға кіру туралы өтініш берген аудиторлық ұйым бұдан бұрын сапаға сыртқы бақылаудың нәтижелері бойынша Халықаралық аудит стандарттарын мен Әдеп кодексін бұзуға жол бергені үшін осы немесе басқа кәсіби ұйымнан шығарылған болса, онда оның құжаттарын сапаны бақылау комитетімен және (немесе) кәсіби ұйыммен алдын ала тексеріс жүргізу мәселелері көзделген.

3 тарау. Аудиторлық және кәсіби ұйымдарды тексеру өлшемшарттары

      13. Аудиторлық және кәсіби ұйымдарға тексеру жүргізу үшін келесідей өлшемшарттарының бірі:

      1) сапаға сыртқы бақылаудың алдыңғы тексерулерінің нәтижелері;

      2) уәкілетті органның және (немесе) кәсіби кеңестің тексеру нәтижелері;

      3) Әдеп кодексін сақтамауы;

      4) өтініштердің (шағымдардың) болуы;

      5) мемлекеттік органдардан және (немесе) басқа да көздерден алынған Халықаралық аудит стандарттары, әдеп Кодексі және Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасы талаптарының бұзылуы туралы ақпарат болуы ескеріледі.

  Аудиторлық ұйымдардың
сапасына
сыртқы бақылау жүргізудің
үлгілік қағидалары,
оның ішінде аудиторлық және
кәсіби
ұйымдарды тексеру
өлшемшарттарына
қосымша


р/р

Бағалауды тұжырымдау

Баға

1.

Аудиторлық ұйымның қызметі аудиттің сапасын қажетті деңгейде қамтамасыз ету үшін жеткілікті және Халықаралық аудит стандарттарының және Әдеп кодексінің талаптарын сақталуына бағытталған

5

2.

Аудиторлық ұйым барлық маңызды аспектілерде Халықаралық аудит стандарттарының және Әдеп кодексінің талаптарын қолданады

4

3.

Аудиторлық ұйымға аудиторлық қызметтерді сапалы қамтамасыз ету үшін, анықталған кемшіліктерге байланысты, парасатты ұйымдық реформалар өткізу қажет. Анықталған кемшіліктер Халықаралық аудит стандарттары және Әдеп кодексі талаптарының толық сақталмауы туралы айтуға мүмкіндік береді

3

4.

Аудиторлық ұйым Халықаралық аудит стандарттарының және Әдеп кодексінің талаптарын бұзды

2


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады