"Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 30 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 14 шілдедегі № 451 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 16 шілдеде № 23560 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 30 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10368 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық саясат департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
Н. Ермекбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуратурасы


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мемлекеттік күзет қызметі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2021 жылғы 14 шілдедегі
№ 451 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2015 жылғы 21 қаңтардағы
№ 30 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын (бұдан әрі – Қарулы Күштер) қаруландыруға бұрын қаруландыруда тұрмаған қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін (бұдан әрі – ҚӘТ), сондай-ақ жаңғыртылған ҚӘТ үлгілерін қабылдау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ведомствоішілік кеңесші орган – Қарулы Күштерді қаруландыруға ҚӘТ-ны қабылдау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін жұмыс органы;

      2) корабльдер, катерлер мен кемелер үшін бас үлгі – техникалық сипаттамаларын арттыру, өндіріс құнын төмендету және осы сериядағы келесі бұйымдарды (кешендерді) пайдалану мақсатында тәжірибелік әскери пайдалану барысында құрылымын пысықтауды және техникалық құжаттамаға өзгерістер енгізуді болжайтын жаңадан әзірленген немесе түзетілген құжаттама бойынша жасалған, жасап шығару және монтаждау циклі ұзақ ұсақ сериялы өндірістің бірінші күрделі бұйымы (кешені);

      3) ҚӘТ үлгісі – оны өндіріске қою және (немесе) мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігі туралы шешім қабылдау мақсатында оның сынау арқылы берілген техникалық талаптарға немесе тәжірибелік-конструкторлық жұмысқа (бұдан әрі – ТКЖ) тактикалық-техникалық тапсырмаға (бұдан әрі – ТТТ) сәйкес келуін тексеру үшін жаңадан әзірленген немесе толық пысықталған (жаңғырту мақсатында) тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыс құжаттамасы бойынша жасалған әскери мақсаттағы өнімнің жаңа немесе жаңғыртылған үлгісі (корабльдер, катерлер мен кемелер үшін басты үлгі);

      4) сарапшы – осы салада құзыреті төмен басқа адамдар қарайтын немесе шешетін мәселелер бойынша оған білікті қорытындылар немесе пікірлер жүргізуге мүмкіндік беретін, белгілі бір салада арнайы білімі мен жұмыс тәжірибесі бар маман;

      5) тәжірибелік әскери пайдалану – ҚӘТ-ны шектеулі мерзім ішінде шынайы әскери жағдайларда пайдалану (мақсаты бойынша қолдану, тасымалдау, сақтау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу) ерекшеліктерін айқындау мақсатында оны әртүрлі климаттық жағдайларда арнайы ұйымдастырылған пайдалану.

      3. Қарулы Күштер осы Қағидаларға сәйкес қаруландыруға қабылданған ҚӘТ-мен жарақтандырылады.

      4. ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау ҚӘТ тәжірибелік әскери пайдаланудың оң нәтижелеріне қол жеткізген жағдайда ведомствоішілік кеңесші органның шешімі негізінде жүзеге асырылады.

      Тәжірибелік әскери пайдалану Қарулы Күштердің полигондарында және мекемелерінде жүргізіледі, оны Қарулы Күштер немесе ҚӘТ-ны өндірушілер тараптардың келісілген шешімі бойынша жүзеге асырады.

      5. Ведомствоішілік кеңесші орган туралы құрам мен ереже мемлекеттік органдар бірінші басшыларының бұйрықтарымен бекітіледі.

      6. ҚӘТ қаруландыруға мынадай тәртіппен қабылданады:

      1) ҚӘТ-ға қажеттілікті және оған қойылатын техникалық талаптарды айқындау;

      2) нарықты мониторингтеу;

      3) ұсыныстарды сараптамалық талдау;

      4) ведомствоішілік кеңесші органның отырысында ұсыныстарды қарау;

      5) ҚӘТ-ға тәжірибелік әскери пайдалану жүргізу;

      6) ведомствоішілік кеңесші органның отырысында тәжірибелік әскери пайдалану нәтижелерін және ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау жөніндегі ұсыныстарды қарау;

      7) ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау.

      Қарулы Күштерді қаруландыруға құралдарды, жүйелерді, кешендерді, жедел қамтамасыз ету түрлері мен байланыс құралдарының құрылғыларын қабылдау тәртібі осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. ҚӘТ-ға қажеттілікті және оған қойылатын техникалық талаптарды айқындау

      7. Қажеттілікті әскер түрі, тегі, әскери құралым, құрылымдық бөлімше (бұдан әрі – тапсырыс беруші бөлімше) айқындайды, оның мүддесінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 554 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Әскери доктринасына және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкес қалыптастырылған Қарулы Күштер құрылысының перспективалық бағыттарын талдауды, ҚӘТ дамытудың әлемдік үрдістерін, қолда бар ҚӘТ мүмкіндіктерін және қойылған міндеттерді негізге ала отырып, ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау жоспарлануда.

      8. Талдау негізінде тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы әскерлерді ҚӘТ-мен жарақтандыру жөніндегі негізгі техникалық талаптар мен ұсыныстарды қалыптастырады, олар жетекшілік ететін бастықтармен және жабдықталым органдарымен келісілгеннен кейін Қарулы Күштердің басшылығына баяндалады.

      9. ҚӘТ-ға қойылатын техникалық талаптар нақтыланады және Қарулы Күштердің тиісті жабдықталым органдарымен және құрылымдық бөлімшелерімен қайта келісіледі.

3-тарау. Нарықты мониторингтеу

      10. ҚӘТ-ны алу мүмкіндігін нақтылау және Қарулы Күштердің мамандары үшін көрнекі көрсетуді жүргізу мақсатында тапсырыс беруші бөлімше олардан техникалық және коммерциялық ұсыныстар алу үшін қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органға, отандық және шетелдік ҚӘТ өндірушілерге техникалық талаптары бар тиісті сұрау салу, сондай-ақ ҚӘТ-ны көрнекі көрсетуді жүргізу мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы шешім жолдайды.

      11. Өндірушілерден техникалық және коммерциялық ұсыныстар алынғаннан кейін оларға салыстырмалы талдау жүргізіледі. Егер жекелеген өндірушілердің техникалық ұсыныстары ҚӘТ-ға қойылатын техникалық талаптарға сәйкес келсе, бірақ оның негізгі параметрлерін жақсартса, бастапқы техникалық талаптарға өзгерістер енгізуге жол беріледі. ҚӘТ-ға қойылатын нақтыланған техникалық талаптар бұдан бұрын жауап алынған өндірушілерге, олардың жаңа немесе нақтыланған техникалық және коммерциялық ұсыныстарды беруі үшін қайта жолданады, сондай-ақ өтеусіз негізде сынаулар және тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу үшін ҚӘТ-ны беру мүмкіндігі нақтыланады.

      12. Өндірушілер ұсынған ұсыныстар ҚӘТ-ға қойылатын техникалық талаптарға сәйкес келмеген кезде тапсырыс беруші бөлімше мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) өндірушілердің мүмкіндіктерін ескере отырып, ҚӘТ-ға қойылатын техникалық талаптарды нақтылайды және оларға тиісті сұрау салуды қайта жолдайды;

      2) Қазақстан Республикасының ғылым, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы заңнамасына сәйкес ғылыми-зерттеу (бұдан әрі – ҒЗЖ) және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелері бойынша ҚӘТ-ны алу жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.

      13. Нарықты мониторингтеу нәтижелері бойынша ҚӘТ алу тәртібі айқындалады және түпкілікті техникалық талаптар, ал ҒЗЖ немесе ТКЖ жүргізілген жағдайда ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ қалыптастырылады.

4-тарау. Ұсыныстарды сараптамалық талдау

      14. ҚӘТ-ға (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ) қойылатын техникалық талаптарға және өндірушілердің ұсыныстарына сараптамалық талдау жүргізу үшін тапсырыс беруші бөлімшелер тиісті басшыларының бұйрықтарымен сараптау комиссиясының құрамы мен ол туралы ереже бекітіледі.

      15. Сараптау комиссиясының құрамына комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары, комиссия мүшелері (кемінде үш адам) кіреді. Сараптау комиссиясына тек зерттелетін саладағы білікті мамандар енгізіледі.

      16. Сараптау комиссиясы жұмыс барысында техникалық талаптардың (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ) негізділігін қарайды және өндірушілердің ұсыныстарына салыстырмалы бағалау жүргізеді.

      ҚӘТ өндірушілердің ұсыныстарын бағалау кезінде қосымша мынадай өлшемшарттар бағаланады:

      1) сериялық өндірістің болуы (корабльдер, кемелер мен катерлер үшін бас үлгіден басқа);

      2) бір және одан көп елде қаруландыруға қабылдау (корабльдер, кемелер мен катерлер үшін бас үлгіден және отандық шығарылған ҚӘТ-дан басқа);

      3) Қазақстан Республикасындағы жағдайларға ұқсас климаттық жағдайларда пайдалану;

      4) Қазақстан Республикасы қабылдаған ұлттық әскери стандарттарға немесе мемлекетаралық стандарттарға сәйкес келуі;

      5) ҚӘТ-ны бірегейлендіру және оның қаруландыруда тұрған ҚӘТ-мен үйлесімділігі;

      6) өндірісті жергіліктендіру;

      7) ҚӘТ-ға кейіннен регламенттелген техникалық қызмет көрсету тәртібі.

      17. Сараптау комиссиясының қорытындысында техникалық талаптардың (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ) негізділігі және өндірушілер ұсыныстарының, ҚӘТ-ны алу тәртібі, оның саны мен құрамы бойынша тапсырыс беруші бөлімше ұсыныстарының сәйкес келу дәрежесі бойынша тұжырымдар көрсетіледі. ҚӘТ-ның саны, құрамы және тәжірибелік әскери пайдалану жүргізудің жоспарланып отырған мерзімі жауынгерлік, пайдалану, сапалық параметрлерін жан-жақты бағалау мүмкіндігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ экономикалық тұрғыдан мақсатқа сәйкестігін ескере отырып айқындалады.

5-тарау. Ведомствоішілік кеңесші органның отырысында ұсыныстарды қарау

      18. Сараптау комиссиясының қорытындысы негізінде тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ведомствоішілік кеңесші органның төрағасына ведомствоішілік кеңесші органның отырысында ҚӘТ-ға қойылатын техникалық талаптарды (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ) және оны сатып алу жөніндегі ұсыныстарды қарау туралы сұрау салу жолдайды.

      19. Сұрау салу оң қаралған кезде тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ведомствоішілік кеңесші органның отырыстарын дайындауға және өткізуге жауапты құрылымдық бөлімшеге ведомствоішілік кеңесші орган мүшелерінің олармен алдын ала танысуы үшін қажетті материалдар (баяндаулар, сараптау комиссиясының қорытындысы, анықтамалық және таныстыру материалдары) жолдайды.

      20. Ведомствоішілік кеңесші органның отырысы барысында тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ҚӘТ-ға (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ) қажеттілікті және оған қойылатын техникалық талаптарды, нарықты мониторингтеу туралы есепті, ҚӘТ-ны алу шарттарын, сараптау комиссиясының қорытындысын, ҚӘТ-ны алу тәртібі, оның саны, құрамы бойынша ұсыныстарды және тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізудің жоспарланып отырған мерзімдері туралы баяндайды.

      21. Баяндауды тыңдағаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері оны талқылауға көшеді, оның барысында өз ұсыныстарын береді. Даулы мәселелер болған кезде басқа да шақырылған мамандардың пікірлері тыңдалады. Талқылау аяқталғаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері келіп түскен ұсыныстар бойынша дауыс беруге көшеді.

      22. Келіп түскен ұсыныстарға байланысты ведомствоішілік кеңесші орган тиісті негіздемелері бар мынадай шешімдер қабылдайды:

      1) тапсырыс беруші бөлімшенің ұсыныстарын мақұлдау;

      2) тапсырыс беруші бөлімшенің ұсыныстарын қабылдамау.

      23. Ұсыныстар мақұлданған кезде тапсырыс беруші бөлімше белгіленген тәртіппен ҚӘТ-ны алу үшін әрекет етуді жүзеге асырады (өтеусіз негізде беру немесе сатып алу арқылы), ал ТКЖ жүргізген жағдайда қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органға ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға бекітілген ТТТ-ны жолдайды.

      24. Ұсыныстар қабылданбаған кезде тапсырыс беруші бөлімше ведомствоішілік кеңесші органның шешімін орындау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады, техникалық талаптарды (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ) нақтылайды және ведомствоішілік кеңесші органның отырысын өткізуге сұрау салуды қайта жолдайды.

6-тарау. ҚӘТ-ға тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу

      25. Тәжірибелік әскери пайдалану мемлекеттік орган бірінші басшысының (Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметі үшін – мемлекеттік орган бірінші басшысының немесе оның бұйрық шығаруға уәкілетті орынбасарының) бұйрығы негізінде жүргізіледі, онда жүргізу мақсаты, мерзімдері (кемінде күнтізбелік 10 күн, бірақ 1 жылдан аспайтын), оны жүргізуге жауапты әскери бөлім немесе мекеме, қажетті нұсқаулар айқындалады.

      26. Әскери бөлімде немесе мекемеде ҚӘТ-ны пайдалану кезінде ерекшеліктерін бағалау үшін командирдің (бастықтың) бұйрығымен комиссия құрылады, ҚӘТ пайдалануға енгізіледі және жауапты лауазымды адамдарға бекітіліп беріледі.

      27. Тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу барысында ҚӘТ-ның пайдалану сипаттамалары (материалдық құралдардың шығыс нормалары, негізгі элементтер мен жүйелердің сенімділігі, қалпына келтіру уақыты), техникалық құжаттаманың толықтығы, қажетті мәселелер нақтыланады.

      28. Тәжірибелік әскери пайдалану барысында туындайтын ақаулықтар (істен шығулар) ҚӘТ-ны жеткізуге шарттың талаптарына немесе тараптар келісімінің шарттарына сәйкес жойылады. Бұл ретте тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу мерзімдерін ұзартуға рұқсат етіледі.

      29. Комиссия тәжірибелік әскери пайдалану нәтижелерін актімен ресімдейді, ол пайдалану барысында ҚӘТ-ны бағалауды, ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдаудың мақсатқа сәйкестігі туралы тұжырымдарды және кейінгі ҚӘТ-ға қойылатын техникалық талаптарға (ТКЖ-ға ТТТ) өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды (бар болған кезде) қамтиды.

      30. Әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) бекіткен акт тапсырыс беруші бөлімшеге жолданады.

      31. Өндірушіден өтеусіз негізде алынған ҚӘТ өндірушіге қайтарылады.

7-тарау. ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау

      32. ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану нәтижелерін алғаннан және алынған материалдарды талдағаннан кейін тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ведомствоішілік кеңесші органның төрағасына тәжірибелік әскери пайдалану нәтижелерін және ведомствоішілік кеңесші органның отырысында ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау жөніндегі ұсыныстарды қарау туралы сұрау салуды жолдайды.

      33. Сұрау салу оң қаралған кезде ведомствоішілік кеңесші органның отырыстарын дайындауға және өткізуге жауапты құрылымдық бөлімшеге ведомствоішілік кеңесші орган мүшелерінің олармен алдын ала танысуы үшін қажетті материалдар (баяндаулар, сынау және тәжірибелік әскери пайдалану нәтижелері, анықтамалық және таныстыру материалдары) жолданады.

      34. Ведомствоішілік кеңесші органның отырысы барысында тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы сынау және тәжірибелік әскери пайдалану нәтижелерін, техникалық талаптарға (ТКЖ-ға ТТТ) енгізуді талап ететін өзгерістер тізбесін (бар болған кезде) және ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдаудың мақсатқа сәйкестігі туралы ұсыныстарды баяндайды.

      35. Баяндауды тыңдағаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері оны талқылауға көшеді, оның барысында өз ұсыныстарын береді. Даулы мәселелер болған кезде басқа да шақырылған мамандардың пікірлері тыңдалады. Талқылау аяқталғаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері келіп түскен ұсыныстар бойынша дауыс беруге көшеді.

      36. Келіп түскен ұсыныстарға байланысты ведомствоішілік кеңесші орган мынадай шешімдер қабылдайды:

      1) Қарулы Күштерді қаруландыруға ҚӘТ-ны ағымдағы техникалық талаптармен (ТКЖ-ға ТТТ) қабылдау;

      2) Қарулы Күштерді қаруландыруға ҚӘТ-ны нақтыланған техникалық талаптармен (ТКЖ-ға ТТТ) қабылдау;

      3) Қарулы Күштерді қаруландыруға ҚӘТ-ны қабылдамау;

      4) ҚӘТ-ны қосымша тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізу;

      5) ҚӘТ-ның қолданылу циклі (жұмыс істеу мерзімі) аяқталғанға дейін оны пайдалану;

      6) ҚӘТ-ны Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 29 қарашадағы № 896 қаулысымен бекітілген Қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы қағидаларына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 6 қарашадағы № 832 қаулысымен бекітілген Пайдаланылмайтын мүлікті беру, өткізу, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу, сондай-ақ пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларына сәйкес пайдалану.

      37. Ведомствоішілік кеңесші органның шешімдеріне сәйкес мемлекеттік орган бірінші басшысының тиісті бұйрықтары шығарылады.

      38. Ведомствоішілік кеңесші органның отырысында қарағаннан кейін тәжірибелік әскери пайдалануды жүргізбей, Қарулы Күштерді қаруландыруға:

      1) Қарулы Күштерге өтеусіз негізде шет мемлекеттер мен әріптестер, халықаралық ұйымдар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен квазимемлекеттік сектор субъектілері тұрақты пайдалануға берген;

      2) Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер қаруландыруға (жарақтандыруға, жабдықтауға) қабылдаған;

      3) арнайы мақсаттағы бөлімдер мен бөлімшелерге арналған ҚӘТ қабылданады.

      39. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштерінен басқа, Қарулы Күштерді қаруландыруға қабылданған ҚӘТ (корабльдер, катерлер мен кемелер үшін негізгі үлгі), құралдар, жүйелер, кешендер, жедел қамтамасыз ету түрлерінің құрылғылары мен байланыс құралдары туралы деректер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің уәкілетті құрылымдық бөлімшесі арқылы "Қару-жарақ пен әскери техника кадастры" электрондық деректер банкіне енгізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады