Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін, оның ішінде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері белгіленетін индикаторлардың ең аз тізбесін әзірлеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 19 шiлдедегі № 257 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 21 шiлдеде № 23615 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 37-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері белгіленетін индикаторлардың ең аз тізбесі бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 145 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10869 болып тіркелген);

      2) "Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 26 ақпандағы № 145 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 19 мамырдағы № 111 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20717 болып тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
С. Брекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
2021 жылғы 19 шілдедегі
№ 257 бұйрығына
1-қосымша

Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 37-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу процесін регламенттейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) қоршаған табиғи орта сапасын нормалау – шаруашылық қызметтің тұрақты дамуы жағдайында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыруды қамтамасыз ететін халықтың экологиялық қауіпсіздігіне, гендік қорды сақтауға кепілдік беретін әсер етудің жол берілетін шекті нормаларын белгілеу;

      2) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері – қоршаған ортаның жекелеген құрамдастары жай-күйінің сандық және сапалық сипаттамаларының және қоршаған ортаны қорғау және белгілі бір уақыт кезеңінде қол жеткізуге қажетті қалдықтарды тиімді басқару жөніндегі шаралардың қамтамасыз етілу деңгейін сипаттайтын өзге де көрсеткіштердің жиынтығы;

      3) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі шаралар кешені – орындалуы қоршаған ортаға антропогендік әсер ету деңгейін кезең-кезеңімен төмендетуді және қоршаған орта сапасының нормативтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар;

      4) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізудің мониторингі – қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі шаралар кешенінің орындалу барысын мерзімді зертханалық және талдамалық бақылау жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыру;

      5) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстарға тапсырыс беруші (бұдан әрі – Тапсырыс беруші) – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумақтарын дамыту бағдарламасын іске асыру кезеңінде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлейтін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы;

      6) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстарды орындаушы (бұдан әрі – Орындаушы) – Тапсырыс беруші белгілейтін біліктілік талаптарына сәйкес қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеуді жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      7) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасы – Орындаушы дайындаған, қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін айқындау жөніндегі талдамалық, далалық және зертханалық зерттеулердің нәтижелерін қамтитын материалдар жиынтығы;

      8) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын түзету – қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу, қоршаған орта сапасының жаңа нысаналы көрсеткіштерін енгізу немесе қоршаған орта сапасының нормативтерін өзгерту қажеттілігі кезінде Тапсырыс берушінің бастамасы бойынша жүргізілетін жұмыстар кешені;

      9) техникалық емес сипаттағы түйіндеме – қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері жобасының материалдарының қысқаша мазмұны;

      10) қоршаған ортаның басым ластағыштары – жоғары уыттылықпен, жинақталу қабілетімен және тұрақтылығымен сипатталатын белгілі бір аймақтар үшін ең қауіпті ластаушы заттардың тізімі.

      3. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасы қоғамдық пікірді ескере отырып, экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоршаған ортаны қорғау, қоршаған ортаға әсерді және онымен байланысты осы әсердің әлеуметтік, экономикалық және өзге де салдарларын болғызбау және азайту саласындағы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумақтарын дамыту бағдарламасын әзірлеу құралы болып табылады.

      4. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген жекелеген аумақтар үшін белгіленеді және қоршаған ортаның сапасын біртіндеп жақсарту қажеттілігін ескере отырып, қоршаған ортаның нормаланатын параметрлерінің белгілі бір уақыт кезеңіне арналған шекті деңгейін реттейді.

      5. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне тұтастай және кезең-кезеңмен қол жеткізуге; сандық және сапалық параметрлердің сипаттамаларына; бақылануы мен тексерілуіне қатысты міндетті талаптар қойылады.

      6. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу кезінде Тапсырыс беруші мен Орындаушы "Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және осы Қағидаларға сәйкес толық, дұрыс және өзекті бастапқы ақпаратты, өлшеу құралдары мен әдістерін, есептеу, бағалау әдістерін пайдалануды қамтамасыз етеді.

      7. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу үшін жергілікті атқарушы органдар, орталық мемлекеттік органдар немесе олардың аумақтық бөлімшелері Тапсырыс берушінің және Орындаушының сұрау салуы бойынша олардың иелігіндегі ақпаратты "Ақпаратқа кіру, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияны бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ұсынады.

      8. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері жобасының мазмұны:

      1) қоршаған ортаның ағымдағы жай-күйі, шаруашылық және өзге де қызметтің қоршаған ортаға әсерінің сипаты мен ауқымы, оны іске асырудың баламалары, осы әсердің экологиялық және олармен байланысты әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарларын бағалау және олардың маңыздылығы, әсерлерді барынша азайту мүмкіндігі туралы ақпарат;

      2) жедел шешуді талап ететін аумақтардың өзекті экологиялық проблемаларын анықтау жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, орталық мемлекеттік органдардың немесе олардың аумақтық бөлімшелерінің және жұртшылықтың ұсынымдары;

      3) талдамалық, зертханалық және далалық зерттеулерді жүргізе отырып, қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін таңдаудың ғылыми негіздемесі;

      4) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізудің мониторингінің бағдарламасы;

      5) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі шаралар кешені;

      6) техникалық емес сипаттағы түйіндеме;

      7) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын мүдделі жергілікті атқарушы органдармен, орталық мемлекеттік органдармен немесе олардың аумақтық бөлімшелерімен келісу;

      8) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар хаттамасы;

      9) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері жобасының мемлекеттік экологиялық сараптамасы;

      10) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін бекіту туралы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті өкілді органы шешімінің жобасы.

      9. Әзірленген қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілуге жатады және оларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті өкілді органдары бекітеді.

      10. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейінде белгіленеді

      11. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары әрбір бес жылдық кезеңге арналған қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлейді.

      12. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі материалдарға әртүрлі экологиялық, әлеуметтік және экономикалық факторлардың өзара байланысын ескере отырып орындалған зерттеулердің ғылыми негізділігі, анықтығы және нәтижелерін көрсету талаптары қойылады

2-тарау. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеудің негізгі қағидаттары

      13. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеудің негізгі қағидаттары:

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумақтарын дамыту бағдарламасы бекітілгенге дейін қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу;

      2) шаруашылық және өзге де қызмет нәтижесінде қоршаған ортаға ықтимал теріс әсерлердің және олармен байланысты әлеуметтік, экономикалық және өзге де салдардың алдын алу немесе оларды азайту;

      3) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу және оларға қол жеткізу мониторингі кезінде жұртшылықтың қатысуын қамтамасыз ету;

      4) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу кезінде пайдаланылатын ақпараттың ғылыми негізділігі, анықтығы және толықтығы.

3-тарау. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу кезеңдері және жобалау құжаттамасының құрамы

      14. Бірінші кезең мыналарды қамтиды:

      1) материалдарды жинау мен талдауды, алдын ала бағалауды жүргізуді және аумақтардың неғұрлым өзекті экологиялық проблемаларын анықтай отырып, қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстардың бағдарламасын жасауды;

      2) мүдделі жұртшылықтың ескертулері мен ұсыныстарын жарияланғаннан күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде ұсыну үшін Орындаушымен қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстар бағдарламасын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында (баспа және электрондық, Тапсырыс берушінің ресми интернет-ресурстарында орналастыруды қоса алғанда) жариялауды (таратуды);

      3) мүдделі жергілікті атқарушы органдарға, орталық мемлекеттік органдарға немесе олардың аумақтық бөлімшелеріне қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстар бағдарламасын ұсынуды;

      4) жергілікті атқарушы органдардан, орталық мемлекеттік органдардан немесе олардың аумақтық бөлімшелерінен және жұртшылықтан келіп түскен ескертулерді, ұсыныстар мен ақпаратты талдауды және есепке алуды және талқылау аяқталған күннен бастап 5 жұмыс күні өткен соң келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді қабылдауды немесе қабылдамауды негіздей отырып, жұмыстардың түпкілікті бағдарламасын Тапсырыс берушінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) Тапсырыс берушінің қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстар бағдарламасын бекітуді;

      6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстар бағдарламасын келісуді.

      Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстар бағдарламасы мыналарды қамтиды:

      Тапсырыс беруші мен Орындаушының атауы және мекенжайларын;

      қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу мерзімдерін;

      қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу кезіндегі негізгі міндеттерді;

      қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеудің негізгі әдістерін, оның ішінде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар өткізу жоспарын;

      қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері жобасының болжамды құрамын және қысқаша мазмұнын.

      Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыстардың бағдарламасы қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеудің бүкіл уақыты ішінде жұртшылық үшін қолжетімді.

      15. Екінші кезең мыналарды қамтиды:

      1) материалдарды жинау және талдау; далалық және зертханалық жұмыстар негізінде қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуді;

      2) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 7-тармағының 28) тармақшасына, токсикологиялық деректер базаларына, эпидемиологиялық зерттеулер материалдарына сәйкес жүргізілетін адам денсаулығы мен бағалы экологиялық жүйелер үшін қатерді бағалауды;

      3) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізудің мониторингінің бағдарламасын әзірлеуді;

      4) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуді.

      16. Үшінші кезең мыналарды қамтиды:

      1) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар өткізу туралы хабарламаны дайындауды және мүдделі жергілікті атқарушы органдарға, орталық мемлекеттік органдарға немесе олардың аумақтық бөлімшелеріне жіберуді;

      2) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар өткізуді;

      3) жергілікті атқарушы органдардан, орталық мемлекеттік органдардан немесе олардың аумақтық бөлімшелерінен және жұртшылықтан келіп түскен ескертулерді, ұсыныстарды және ақпаратты талдау және есепке алуды;

      4) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің түпкілікті жобасын дайындауды;

      5) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасына мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүргізуді;

      6) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін бекіту бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті өкілді органы шешімінің жобасын әзірлеуді.

      17. Әрбір облыс үшін әзірленетін және бекітілетін қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері тұтас облыс үшін де, облыс шегіндегі мына аумақтар:

      1) аудандар;

      2) халық саны 100 000 адамнан асатын елді мекендер;

      3) өздерінің шегінде қоршаған орта жай-күйінің мониторингі нәтижелері бойынша сапаның экологиялық нормативтерінің бұзылуы анықталған өзге де елді мекендер;

      4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;

      5) өздерінің шегінде қоршаған орта жай-күйінің мониторингі нәтижелері бойынша сапаның экологиялық нормативтерінің бұзылуы анықталған өзге де аумақтар (акваториялар) үшін де тиісті көрсеткіштерді қамтиды.

      18. Тапсырыс беруші мен Орындаушы жұртшылықтың қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын әзірлеу жөніндегі материалдармен танысуға және өздерінің ескертулері мен ұсыныстарын ұсынуға мүмкіндік береді.

      19. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасын түзетуді жүргізуге қойылатын талаптар осы Қағидалардың 3-18-тармақтарына сәйкес қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасына қатысты қойылатын талаптарға ұқсас.

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің м.а.
2021 жылғы 19 шілдедегі
№ 257 бұйрығына
2-қосымша

Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері белгіленетін индикаторлардың ең аз тізбесі

      1. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері белгіленетін индикаторлардың ең аз тізбесіне міндетті түрде:

      1) атмосфералық ауаның сапасы;

      2) жерүсті және жерасты суларының сапасы;

      3) жердің және топырақтың сапасы;

      4) әрбір жеке өңірдің климаты мен топырақ жағдайлары ескеріле отырып, ормандардың және жасыл екпелердің жиынтық алаңдары;

      5) жердің тозуын және шөлейттенуін қысқарту;

      6) ластағыш заттардың түрлері бойынша шығарындылардың жиынтық көлемі;

      7) ластағыш заттардың түрлері бойынша және әрбір жеке су объектісі мен бассейні бойынша төгінділердің жиынтық көлемі;

      8) коммуналдық қалдықтардың түрлері бойынша – оларды бөлек жинау, қайта пайдалануға дайындау, қайта өңдеу, кәдеге жарату және жою (құрту және (немесе) көму) үлесі;

      9) парниктік газдардың шығарылуын қысқартудың жиынтық көлемі енгізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады